12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ғибадаттардан ләззат алмайтын адам

Ғибадаттардан ләззат алмайтын адам

Әбуддәрда (радиаллаһу анһ) хазрет – ұлы сахабалардың бірі. Бір күні оған бір адам келіп, былай деді:

- Йа, Әбуддәрда! Менің үлкен ауруым бар. Соны емдеуге маған көмектесіңіз!

- Қандай ауру?

- Менің жүрегімде дүниелікке деген махаббат көп, дүние жүрегімді толықтай жаулап алғандай. Ғибадаттарымнан ешқандай ләззат, рахат ала алмаймын.

- Ей, адам! Сенің ауруың аурулардың ең үлкені. Мұны тездетіп емдеуің керек! Әйтпесе, Аллаһ сақтасын, иманыңды да жоғалтуың мүмкін! Саған айтар кеңесім мынау: жиі-жиі науқастарға барып көңілін сұра! Жаназа намаздарына қатыс! Қабірлерді зиярат ет! Осы үшеуін бұлжытпай орындайтын болсаң, ол аурудан құтыласың. Көңіліңдегі дүниелікке деген махаббат кетеді. Жүрегің нұрланып, көкірегің ояу болады.

Келген адам айтылған үш амалды біраз уақыт орындап жүрді, бірақ бойында ешқандай өзгеріс байқамады. Әлі сол баяғы күйде еді. Мұңайып қайта келіп былай деді:

- Йа, Әбуддәрда! Кеңестеріңізді бұлжытпай орындадым. Бірақ бойымда ешқандай өзгеріс байқамадым.

- Айтқанымдай науқастардың көңілін сұрап бардың ба, жаназаларға қатыстың ба, қабірлерді зиярат еттің бе?

- Иә, осы үшеуін тұрақты жасап жүрдім.

- Олай болса, сен жаназаға малдың өлігіне барғандай барған екенсің! Енді сөзімді жақсылап тыңда! Науқастың көңілін сұрап барғанда бір күні сен де ол сияқты әлсіз, жүдеп кеткен, төсек тартып қалған жағдайда болатыныңды ойла! Тіпті бір жұтым суды да өзің алып іше алмайсың, біреудің көмегімен ғана іше аласың! Осы ақиқаттардың барлығынан кейін не мақсатпен әлі дүниеге байланудасың? Өзің де көріп тұрсың, дүниедегі байлық адамның осы хәлге келуіне тосқауыл бола алмады. Науқастың қасында осыны ойла және ішіңдегі нәпсіңе: «Мынаның жағдайына қара, ғибрат ал! Сенің де соңың осы, сондықтан дүниені жақсы көруден бастарт!» деп айт!

Жаназа намазына барғаныңда «Бұл адамды дүниенің бүкіл ниғметтерінен айырды. Табыттың ішіне салып, далада қалдырды. Жақындары, бүкіл өмірін оларға арнаған сүйікті бала-шағасы оған сырттан қарап тұр.

Мазарға барғанда қабірде жатқандардың жағдайын ойла! Бір күні сен де олар секілді жатасың! Нәзік денең шіріп, құрт-құмырсқаға жем болады.

Осы үшеуін жасағанда осыларды ойлап, өзіңді олардың орнына қоятын болсаң, аз уақытта қауіпті ауруыңнан құтыласың!

Әлгі кісі бұл насихаттарды дәлме-дәл орындады. Айналасындағы адамдарға ғибратпен қарайтын болды. Көкірегі ояу, көреген болды. Дұрысты бұрыстан ажырататын болды. Бұдан кейін бүкіл өмірін ахиретті ойлап, соған дайындалумен өткізді.