Мені Әбу Шубә хазретке апарыңдар!Фақиһ Әбу Шубә хазрет Шафии мазһабының фиқһ ғалымы. Йеменде өмір сүрген. 676 (м.1277) жылы қайтыс болды. Заманының алдыңғы қатарлы танымал ғалымдарынан фиқһ және басқа да ғылымдарды үйренді. Ал одан өте көп адам білім алды. Көп кереметтері байқалды. Жүнди хабар берген: Күндердің бірінде күндегідей дәріс алу үшін оған барған болатынмын. Дәріс өтетін мешіттің есігіне келгенімде іште бір топ адамның ұстазыммен сөйлескенін естідім. Алдында адамдар бар екен деп ойлап ішке кірмедім. Біраз күтіп тұрдым. Іштегі дауыстар басылған соң сыртта күтіп тұрғанымды білдіру үшін жөтеліп дауыс шығардым. Ұстазым «Кім бар?» деп сұрағанда есімімді айтып «Қызметшіңіз пәленше» дедім. «Кір!» деген соң ішке кірдім, ұстазымның қасында ешкім жоқ екенін көрдім. «Ұстазым, бағана сізбен біреулердің сөйлескенін, сізге сұрақ қойғанын, сіздің жауап бергеніңізді естіген едім, сізге қонақ келді деп ойладым. Бірақ мұнда сізден басқа ешкім жоқ екен, мұның хикметі не?» деп сұрадым. Бұл сұрағыма ұстазым таңқалып «Сен ол әңгімені естідің бе?» деді. «Иә» деп едім, «Алдыма жын тайпасынан шәкірт бауырларыңнан бір топ келген еді. Менен біраз мәселелерін сұрады. Мен сұрақтарына жауап бердім. Кейін олар кетіп қалды» деп жауап берді. Шәмс-ул Бүләйкани – мемлекеттік қызметтегі алдыңғы қатарлы адамдардың бірі еді. Бір кездері ол өте қатты ауырып қалды. Ауруы асқынғаны соншалық, өмір сүретініне үміт қалмаған еді. Түні бойы ауырып шыққан Бүләйкани таңертең жазылған, денсаулығы түзелген күйде оянды. Дереу жолға шығатындай дайындала бастады. Жанұясына және достарына «Фақиһ Әбу Шубә хазретке барғым келеді» деді. Кейін қасындағы адамға сүйеніп, оның көмегімен орнынан тұрды да, фақиһ хазретке жолға шықты. Алдына барған соң фақиһ Әбу Шубә оның қал-жағдайын сұрады. Ол былай айтып берді: «Ұстазым! Кеше түнде түсімде көкемнің ұлын көрдім. Оның қайтыс болғанына біраз уақыт өткен болатын. Маған келді. Екеуіміз мешітіңіздің есік алдына келдік. Мен ішке кіріп, сізге сәлем бердім және көкемнің ұлына айтқандарымды хабарладым. Ол сыртта мені күтіп тұрған еді. Сіз мына терезеге жақындап, сыртта күтіп тұрған көкемнің ұлына «Ей, пәленше! Ішке кір! Өйткені көкеңнің ұлы сенімен бармайды» дедіңіз. Сіз осыны айтқан соң мен оянып кеттім. Ешқандай ауруым қалмаған еді. Ұстазым! Жазылып, денсаулығымның түзелуі сіздің берекетіңізбен болғанын түсіндім» деді. |