9 - Рамазан, 1445 жыл.
     19 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ИМАМ ӘСКЕРИ ХАСАН БИН ӘЛИ (радиаллаһу анһ)

ИМАМ ӘСКЕРИ ХАСАН БИН ӘЛИ (радиаллаһу анһ)

Имам Хади Әли бин Мұхаммедтің (радиаллаһу анһум) ұлы. Он екі имамның он біріншісі. Есімі Хасан. Күнясі Әбу Мұхаммед, лақаптары Зәки, Халис және Сирадж. Әскери лақабымен танымал болған. Анасы күң болған, есімі Сәусән еді. Есімі басқа екенін айтқандар да болған, Имам Хади оған Хадис есімін берген.

Имам Әскери (радиаллаһу анһ) хижреттің екі жүз отыз бірінші жылы Мәдинада дүниеге келді. Туылған жылы хижри екі жүз отыз екі екендігі де айтылған. Хижреттің екі жүз алпысыншы жылы Серменрайда қайтыс болды. Қабірі әкесінің қабірінің қасында орналасқан. Оның кереметтері мен ғажайыптар сансыз көп.

Мұхаммед бин Әли бин Ибраһим бин Жафәр былай айтып берген: «Күнкөрісте қатты қиналып жүрген едік. Әкем бір күні маған: «Балам, Имам Әскери Хасан бин Әлиге (радиаллаһу анһ) барайық. Бәрі оның өте жомарт екенін айтып жүр. Оны көргенсің бе?» деді. Мен «Жоқ, көрген емеспін» дедім. Кейін Имам Әскери хазретке баруға жолға шықтық. Жолда әкем «Имам Әскери хазрет бізге бес жүз ақша берсе, екі жүз ақшаға киім, екі жүз ақшаға ұн және жүз ақшаға басқа қажеттіліктерімізді аламыз» деді. Мен «Маған үш жүз ақша берсе, жүзіне киім, жүзіне азық-түлік, жүзіне есек алып, Кухистан тарапына барамын» дедім. Имам Әскеридің (радиаллаһу анһ) есік алдына бардық. Әлі ешкімге ештеңе айтпай-ақ іштен бір қызметші шықты. «Әли бин Ибраһим және ұлы Мұхаммед ішке кірсін» деп бізді есімдерімізді атап шақырды. Біз ішке кіріп, Имам Әскери хазретке сәлем бердік. Ол әкемнен «Осы күнге дейін неге келмедің?» деп сұрады. Әкем «Мына күйіммен алдыңызға келуге ұялдым» деп жауап берді. Кейін сыртқа шыққанымызда артымыздан бір қызметші келіп, әкеме бір дорбашық берді де, «Мұнда бес жүз ақша бар» деді. Кейін тағы бір дорбашық маған берді. «Мұнда үш жүз ақша бар. Жүз ақша киімге, жүз ақша азық-түлікке, жүз ақша есек алуға. Бірақ Кухистанға барма, пәлен жерге бар» деді. Айтқан жеріне бардым. Сол күні үйлендім және екі мың динар ақшаға ие болдым».

• Бір адам былай айтып берді: «Әкем мал дәрігері еді. Имам Әскери хазреттің малына қарайтын. Халифа Мустәиннің қашыры бар еді. Үстіне міну былай тұрсын, малшылардың ешқайсысы оған ер-тоқым да сала алмайтын. Халифаның жақын достарының бірі «Ол қашырды Имам Әскери Хасан бин Әлиге (радиаллаһу анһ) апарсын. Я оны мінетіндей қылып үйретеді, я қашыр оны құртады» деді. Халифа Имам Әскери хазретті шақырды. Ол келіп, сарайдың ішіне кіргенде қашырды аулаға шығарды. Имам Әскери (радиаллаһу анһ) қашырға жақындап, мүбәрәк қолымен арқасын сипады. Қашыр терледі. Кейін халифа Мустәиннің қасына барды. Халифа оған құрмет көрсетіп, қасына отырғызды. Кейін «Мына қашырға тізгін тақ» деді. Имам Әскери хазрет әкеме «Мына қашырға тізгін тақ» деп бұйырды. Халифа «Оған тізгінді өзің тақ» деген соң басындағы сәлдесін шешіп қойып, қашырды тізгіндеді. Кейін орнына келіп отырды. Халифа «Қашырға ер-тоқым да сал» деді. Имам Әскери (радиаллаһу анһ) қайтадан әкеме «Қашырға ер-тоқым сал» дегенде халифа «Ер-тоқымды да сен сал» деді. Қайтадан орнынан тұрып, қашырға ер-тоқым салды. Халифа бұл жолы «Енді үстіне мініп көр» деді. Имам Әскери хазрет қашырға мініп, сарайдың ауласын кезді. Қашыр мүлде асауланбады. Кейін қашырдан түсті. Халифа «Мына қашыр қандай екен?» деп сұрағанда «Бұдан жақсысын көрген емеспін» деді. Халифа ол қашырды Имам Әскери хазретке сыйға тартты. Ол әкеме «Мынаны алып кет» деді. Әкем қашырды жетектеп алып кетті. Қашыр мүлде асауланбады».

• Бір адам былай айтып берген: «Имам Әскеридің (радиаллаһу анһ) алдына барып, кедей, мұқтаж екенімді айтып шағымдандым. Оның қолында қамшы бар еді. Сонымен жерді қазды. Без жүз динар құнында бір кесек алтын шығарып, маған берді».

• Тағы бір адам былай айтып берді: «Зынданда қамауда едім. Имам Әскери хазретке хат жазып, зынданның тар екенін, байланған шынжырымның ауыр екенін жазып шағымдандым. Күнкөрісімнің қиын екенін де жазғым келді, бірақ жазуға ұялдым. Хатыма жауап ретінде «Бүгін бесін намазын үйіңде оқисың» деп жазған еді. Сол күні түскі уақытта мені босатты және бесін намазын үйімде оқыдым. Кейіннен Имам Әскери хазреттің бір қызметшісі маған жүз динар және бір хат әкелген екен. Хатта «Бір қажеттілігің болса, бірден сұра, ұялма! Қалағаныңа Аллаһу та'аланың рұқсатымен жетесің» деп жазылған еді».

• Біреу былай айтып берді: «Имам Әскериге (радиаллаһу анһ) хат жазып, бір мәселені сұрадым. Сондай-ақ  безгек ауруының бір түрінің емін сұрамақшы едім, бірақ жазуды ұмытыппын. Маған жазған жауабында одан бөлек безгек ауруы туралы сұрамақшы болғанымды, бірақ ұмытқанымды жазып, «Ей, от, Ибраһимге салқын және зиянсыз бол» деген «Әнбия» сүресінің 69-шы аятын жазып, қызуы бар науқастың мойнына ілуімді бұйырған екен. Айтқанындай істедім. Науқас шипа тауып, жазылып кетті».

• Бір адам былай айтып берген: «Имам Әскеридің (радиаллаһу анһ) алдында отырған едім. Ішке сымбатты бір жігіт кірді. Ішімнен «Бұл кім екен?» деп ойлап отырдым. Имам Әскери (радиаллаһу анһ) «Бұл жігіт Умму Ғанимның ұлы. Бүкіл аталарым жүзіктерімен мөр басқан тастың иесі. Ол тасқа менің де мөр басуым үшін келді» деді. Кейін жігіттен тасты беруін сұрады. Жігіт тасты шығарып берген соң жүзігін тастың мөрсіз, тегіс жеріне басты. Мөр қойылды. Хасан бин Әли деп айқын жазылып тұрғанын көрдім. Әлгі жігіт шығып кеткен соң «Сіз әрдайым бұл жігітті көріп тұрасыз ба?» деп сұрадым. «Уаллаһи бұрыннан оны көруді қалап жүрген едім. Қазір өзі келіп, енді көріп тұрмын. Бұған дейін көрмегенмін» деді».

• Бір адам былай айтып берді: «Имам Әскериге (радиаллаһу анһ) хат жазып, мишкаттың мағынасын сұрадым. Жұбайым жүкті еді. Қайырлы дұға етуін және балаға есім беруін сұраған едім. Хатқа жауап ретінде «Мишкат – Мұхаммед алейһиссаламның мүбәрәк жүрегі» деп жазған еді. Жұбайым және балам туралы ештеңе жазбаған еді. Тек хаттың соңында «Аллаһу та'ала саған үлкен сауап және кейіннен перзент берсін» деп жазған еді. Балам өлі туылды. Одан кейініректе ұлды болдым».