6 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     9 - Қазан, 2024 жыл.   


ИЖТИҺАД

Ижтиһад – күш-қуаты, шамасы жеткенше қиналып, тырысып, еңбектену деген сөз. Ижтиһадтың мақсаты – аяти карималардан және хадис шәрифтерден мағыналары анық түсінікті болмағандарды анық айтылған басқа ислам үкімдерімен салыстырып, ұқсатып, олардан жаңа үкім шығаруға тырысу, еңбектену деген сөз. Мысалы, ата-анаға бағынуды бұйырған аяти кариманың мағынасы: «Оларға «Уф, шаршадым» демеңдер!». Ұрып-соғу, балағаттау туралы ештеңе айтылмады. Аяти каримада тек бұлардың ең жеңілі болған «Уф» сөзі анық  айтылғанына қарағанда мүжтәһидтер ұрып-соғудың, балағаттаудың және қорлаудың әлбетте харам болатынына ижтиһад еткен. Тағы мысал, Құран кәрімде шарап ішуге тыйым салынған, басқа ішімдіктер айтылмаған. Шараптың харам болуының себебі «Хамр» сөзінен де түсінілгені бойынша, тахмир-и ақл, яғни ақылды бұзатыны, ақылды кетіргені үшін. Осы себепті мүжтәһидтер шараптың харам болуының себебі қандай да бір ішімдікте бар болса, оны харам деп ижтиһад еткен. Барлық мас қылатын нәрсенің харам болатынын әмір еткен. Аллаһу та'ала Құран кәрімде «Ижтиһад етіңдер!» деп әмір етеді. Көптеген аяти карималардан білімі терең жоғары дәрежелі ғалымдардың ижтиһад ету керектігі әмір етілгені аңғарылуда. Олай болса, біліктілігі, құзіреттілігі және білім деңгейі толық болғандардың, яғни мағыналары анық түсінілмейтін аяти карималар мен хадис шәрифтердің ішіндегі жасырулы үкімдер мен мәселелерді ой-өрісімен, қисынымен, дәлелімен түсіне алатындай күші мен шамасы барлардың ижтиһад етуі парыз.

Ижтиһад дәрежесіне лайық бола алу үшін көптеген шарттары бар. Әуелі араб тілін, жоғары ғылымдарды толық меңгерумен қатар Құран кәрімді толықтай жатқа білу, кейін аяти карималардың мағыналарының мақсатын, ишарасын, жасырын мағынасы мен бағытын білу, аяти карималардың түскен уақыттары мен себептерін, не үшін келгенін, күлли, жүзи екенін, насиһ, мәнсуһ екенін, муқаяд және мутлақ болғанын және осы секілді басқа да бағыттарын, қыраат-и сәба, ашәрадан, қыраат-и шаззәдан қалай мағына шығатынын білу, кутуби ситта және басқа хадис кітаптарындағы хадис шәрифтердің барлығын жатқа білу, әр хадистің қай кезде не үшін айтылғанын және шумул дәрежесін, қай хадистің өзгесінен бұрын немесе кейін келгенін, не мақсатта айтылғанын, қандай оқиғаға байланысты айтылғанын және кімдер тарапынан риуаят етілгенін, олардың әрқайсысының өмірбаянын білу, фиқһ білімінің усул және қағидаларын меңгеру, он екі білімді, аяти карималар мен хадис шәрифтердің белгілері мен ишараларын, сури және мағынауи тәфсирлерін түсініп ұғына алатындай ерекше зеректікке, иман нұрына және итминанға толы нұрлы жүрек пен ар-ожданға ие болу қажет. Бұл жоғары қасиеттер мен ерекшеліктер ижтиһад дәрежесінің қажетті шарттары. Бірақ осындай қасиеттерге ие, ақылдары үстем тұлғалар тек қана пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) асри саадатында және асхаби кирамның (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) дәуірінде, табиин мен тәбә-и табиин заманында бар болатын, сұхбат берекетімен жетілетін еді. Заман ауысып, асри саадаттан алыстаған сайын пікірлер, көзқарастар бұзылып, бидғаттар тарап, осындай үстем қасиетті тұлғалар әсте-әсте азайып, төртінші ғасырдан кейін бұл сипаттарға ие ғалым қалмаған. Осылай екендігі «Мизан-ул кубра», «Рәддул мухтар» және «Хадиқа» кітаптарында айқын жазылған.

«Фәтәбиру» аяти каримасының мағынасы: «Ей, ақыл иелері! Ақылдарың жетпеген мәселелерде соларды білетіндерге және егжей-тегжейіне толық жеткендерге еріңдер» деген сөз.

Ижтиһад дәрежесіне жеткен жоғары дәрежелі адамдар өз ижтиһадтары бойынша амал етуге мәжбүр. Басқа мүжтәһидтердің ижтиһадтарына ермейді. Тіпті пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәссәләм) замандарында да сахабалардың бірі өз пайғамбарына сай келмейтін ижтиһад шығарса, өз ижтиһады бойынша амал ететін еді. Бұл жерде бір сұрақ туындауы мүмкін. Пайғамбарлар да (алейһимуссалауату уәссәләм) ижтиһад ететін бе еді? Иә, олар да Аллаһу та'аланың анық білдірмеген бұйрықтарын анық білдірілген бұйрықтарымен салыстырып, ұқсатып ижтиһад ететін еді. Бірақ ижтиһадтарда қателесу, жаңылысу ықтималы бар болғандықтан, ижтиһадтарында қателессе, Аллаһу та'ала дереу Жәбрейіл алейһиссаламды жіберіп, қателерін уахи арқылы түзететін еді. Яғни пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәссәләм) ижтиһадтары қате күйінде қалмайтын. Мысалы, Бәдір соғысында түскен тұтқындарға қатысты пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кейбір сахабалармен бірге бір түрлі, Омар (радиаллаһу анһ) болса басқа түрлі ижтиһад еткен болатын. Кейін аяти карима келіп, Аллаһу та'ала Имам Омардың (радиаллаһу анһ) ижтиһидының дұрыс екенін білдірді. Осы секілді «Абәсә» сүресі де бір ижтиһад қатесін түзету үшін түскен болатын [Тәфсир-и Хусейн Кашифи]. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болған кездерінде сиясауыт пен қалам туралы бұйрықтарының түсінілуінде хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) ижтиһады да осындай еді, мұны алдағы жазбаларда айтатын боламыз.

Асхаби кирамнан кейін (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) әйгілі төрт имам және олардың мазһабтары бойынша ижтиһад еткен Имам Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед, Имам Зуфәр, Ибн Нужәйм, Имам Рафии, Имам Нәуәуи, Имам Ғазали және басқа да (рахимә-һумуллаһу та'ала) жоғары дәрежелі ғұламалар жетіліп шықты. Асри саадат алыстаған сайын хадис шәрифтерді риуаят еткен он екі тізбек, яғни хабар беру шежіресі артты. Хадис шәрифтердің қай шежіреден және қай адамдардан алынатыны ойлануды қажет ететін мәселеге айналды да, өте қиын, тіпті мүмкін емес дерлік болды. Осы себепті төртінші ғасырдан кейін ижтиһад ете алатындай ғұлама жетіліп шықпады. Бүкіл мұсылмандар осы төрт имамның біріне еріп, сол имамның мазһабын ұстануға мәжбүр болды.

Ислам дінін құлатуға тырысатындардың бір бөлігі соншалықты қу болса да, исламның егжей-тегжейін ұғына алмағандықтарынан, кітаптарында және конференцияларында «Ижтиһад есігі жабылды» сөзіне тиіседі. Бірақ отырған жерлерінен шығарған арақ иістерімен бірге шіріген және бос бастарынан ауыздарына келген сандырақ сөздері тыңдаушыларына күлкінішті болудан басқа ешқандай әсерін тигізбеді. Әлхамдулиллаһ, ислам аспанын жапқан қорқынышты мүртәдтік бұлттары қарайтып жатқан жастардың таза, мөлдір рух дариясы ақиқат күнінен шыққан бірен-саран сәулелерімен жарқырай бастауда.

Ижтиһад ғибадат болғандықтан, яғни Аллаһу та'аланың бұйрығы болғандықтан, ешбір мүжтәһид басқа мүжтәһидтің ижтиһадына қате дей алмайды. Өйткені, әр мүжтәһидтке өз ижтиһады хақ және дұрыс. Мысалы, Имам Шафии (рахимә-һуллаһу та'ала) ханафи мазһабында болмаса да, «Имам Ағзам Әбу Ханифаның (рахметуллаһи алейһ) рәй мен ижтиһадын жақтырмағанға Аллаһу та'ала лағнет етсін!», яғни «Мейірім етпесін» деген. Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед және басқа да имамдардың (рахимә-һумуллаһу та'ала) Имам Ағзамға сай келмейтін сөздері оны ұнатпау, қабылдамау деген сөз емес. Өз ижтиһадтарын білдіру деген сөз. Олар мұны білдіруге міндетті. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алыс елдерге жіберген асхаби кирамға қиын жағдайға тап болғанда аяти карималарға жүгінуін, ол жақтан таппаса, хадис шәрифтерге жүгінуін, ол жақта да таппаса, өз рәй мен ижтиһады бойынша амал етуін әмір еткен болатын. Өздерінен әлдеқайда жоғары білімді және жоғары пікірлі болса да, өзгелердің пікірі мен ижтиһадына ермеуін әмір етті.

Осы секілді, Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед те (рахимә-һумуллаһу та'ала) ұстаздары болған Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахметуллаһи алейһим) хазреттің пікірі мен рәйіне ермей, өз ижтиһадтары бойынша амал ететін еді. Алайда Имам Ағзамның (рахметуллаһи алейһ) білімі, пікірі олардан жоғары еді және хазрет олардың ұстазы еді.

Төрт мазһаб арасындағы ерекшеліктер де осыдан туындауда. Мысалы, ханафи мазһабында денеден қан шықса дәрет бұзылады, ал Имам Шафиидың ижтиһадында бұзылмайды. Шафии мазһабындағы адам қолы қанаған соң дәрет алмастан намаз оқыса, ешбір ханафи оған дәретсіз намаз оқыды дей алмайды. Өйткені ол ұстанатын мазһаб имамының ижтиһады сондай. Ханафи мазһабын ұстанатын адам бөтен әйелдің [некеге алуы мәңгі харам болған он сегіз әйелден басқасының] терісіне тигеннен кейін дәретін жаңартпай намаз оқыса, ешбір шафии да ол ханафидың дәретсіз намаз оқығанын айта алмайды. Олай болса, дәретте, намазда, некеде, мираста, өсиеттерде, талақта, қылмыстарда, сауда-саттықта және т.б. көптеген мәселелерде имамдарымыздың [яғни ең үлкен дін ғалымдарының] бір-біріне сай келмейтін сөздерінің бәрі олардың ижтиһадтары болып, ешқайсысы басқасының сөзіне қате, дұрыс емес демеген.

Асхаби кирам да (ридуануллаһи алейһим әжмаин) осылайша көптеген мәселелерде бір-біріне ермеген болса да, ешбірі өзгесінің ижтиһадына қате демеген, адасушылық, күнә деуді ойына да алмаған. Мысалы, Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) халифа кезінде мұсылман болуға шақыру үшін бір мүһтәдиді (хидаятқа ерген адамды) бір сахабаға қосып, бәйт-ул малдың (мемлекеттік қазынаның) қорғаушысы хазреті Омарға (радиаллаһу анһ) жіберді де, «Бұған зекет үлесін берсін!» деп бұйырды. Омар (радиаллаһу анһ) ол ақшаны бермеді. «Муәлләфә-и қулуб» атауы берілген осы секілді адамдарға зекет берілуі аяти каримада бұйырылған бола тұра неге бермегенін сұрағанда Имам Омар (радиаллаһу анһ) «Кәпірлердің жүректерін жұмсарту бұйрығы Аллаһу та'ала уәде еткен жеңіс басталудан бұрын, кәпірлер азғын болған кездері еді. Ал қазір мұсылмандар күшейіп, кәпірлер жеңіліп, әлсіз болған. Қазір кәпірлердің жүректерін мал-мүлікпен жұмсартуға қажеттілік қалмаған» деді. «Муәлләфә-и қулуб» деп аталатын кәпірлерге зекет беру бұйрығын нәсһ еткен, яғни үкімін тоқтатқан аяти кариманы және Муаз хадисын оқыды. Имам Омардың (радиаллаһу анһ) бұл ижтиһадының Әбу Бәкір Сыддықтың (радиаллаһу анһ) рәй мен ижтиһадына сай болмауы оның бұл бұйрығын жоққа шығару емес еді. Бәйт-ул малды [яғни мұсылмандардың ақшасы мен заттарын] қорғауға және басқаруға міндетті болғандықтан, ижтиһадын айтқан еді. Әбу Бәкір де (радиаллаһу анһ) бұл ижтиһады үшін оған ештеңе демеген еді. Тіпті ижтиһадын өзгертіп, асхаби кирамның барлығы хазреті Омар сияқты ижтиһад етті. Имам Раббани 2-ші том, отыз алтыншы (36) хатының соңында асхаби кирамның Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ижтиһадынан бөлінуіне мысал ретінде мынаны жазған:

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болуы жақындаған кезде «Маған қағаз беріңдер, сендерге бір нәрсе жазамын!» деді. Сол жерде отырғандардың бір бөлігі «Қағаз берейік» десті. Ал бір бөлігі «Бермейік» десті. Омар-ул Фаруқ (радиаллаһу анһ) осы топта еді, «Аллаһу та'аланың кітабы бізге жеткілікті» деді. Осы үшін оған тіл тигізіп, жамандайтындар бар. Мәселенің мән-жайын түсінсе, олай айтпас еді. Өйткені Фаруқ (радиаллаһу анһ) уахидың тоқтағанын, Жәбрейіл алейһиссаламның аспаннан хабар түсірмейтінін және рәй мен ижтиһадтан басқа жолмен үкім шығарылмайтынын білген еді. Сол мезетте Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жазатын нәрселері ижтиһадпен табылатын нәрселер болар еді. Аллаһу та'аланың «Ижтиһад жасаңдар!» бұйрығымен басқа мүжтәһидтер де оларды таба алар еді. Омар (радиаллаһу та'ала анһ) осыларды бірден ойлап, Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол қиын, ауыр жағдайында ренжіткісі, шаршатқысы келмеді. Басқалардың жасайтын ижтиһадтарын жеткілікті санап, «Бізге Құран кәрім жетеді» деді. Яғни «Мүжтәһидтердің қияс пен ижтиһад етуі үшін Құран кәрім жеткілікті» деді. Тек қана Құран кәрімді айтуынан аңғарылғаны бойынша, жағдайлардан және ишаралардан аңғарылғаны бойынша, жазылатын үкімнің ижтиһады хадис шәрифтерден шығарылмай, Құран кәрімнен шығарылатын нәрселер еді. Олай болса, хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) қағаз әкелуге бөгет болуы Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ауруының ауыртпалығы артқан, асқынған кезінде қинамау, шаршатпау үшін мейірімі мен қамқорлығынан еді. Онсыз да қағаз сұрауы бұйрық күйінде емес, басқалардың ижтиһад әурегершілігінен құтқару үшін жанашырлығынан еді. Өйткені бұйрық күйінде болса, әмірлерді хабар беру қажет болғандықтан, қағаз сұрауды маңызды санайды. Асхабының (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) бір сөзге келмеуімен бастартпас еді.

Сұрақ: Фаруқ (радиаллаһу анһ) ол кезде «Тоқтаңдар, сандырақтап жатыр ма екен, көрейік» деген еді. Неге олай айтты?

Жауап: Имам Раббани (қуддиса сиррух) бұған былай жауап берген: Фаруқ (радиаллаһу анһ) бәлкім ол сөз ауру асқынған кезде қаламай айтылды деп ойлады. «Жазамын» дегені осыған ишара. Өйткені Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өмірінде ештеңе жазбаған. Бұдан басқа «Менен кейін жолдан шықпаңдар!» деген еді. Алайда дін кемел болып, ниғмет толық болса және Аллаһу та'ала разы бола тұра, жолдан шығу қалай болмақ? Бұл толықтық пен кемелдікпен бірге жолдан шығатын болса, мұны тоқтату үшін сол мезетте не жазылуы мүмкін? Жиырма үш жылда жазылғанның тоқтата алмайтынындай адасушықтың алдын алатындай не жазылуы мүмкін? Фаруқ (радиаллаһу анһ) бұлардан түсінгені, бұл сөз пендешілікпен қалаусыз айтылған. Бір бөлігі «Сұрайық» деді. Екінші бөлігі «Сұрамайық, мазасын алмайық» деді және абыр-сабыр басталып кетті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Тұрыңдар, бір-бірлеріңмен сөз тартыспаңдар! Пайғамбардың алдында сөз тартысу жақсы емес» деді және одан кейін ондай нәрсе айтпады. Қалам мен қағаз сұрамады.

Асхаби кирамның (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) ижтиһадпен шығарылатын үкімдерде пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бөлінуі егер [Аллаһ сақтасын] құмарлықпен және қырсықтықпен болғанда, олар мүртәд болып, ислам дінінен шығар еді. Өйткені пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қарсы ең кішкентай әдепсіздіктің өзі күпірлік. Ондай нәрседен Аллаһу та'алаға сиынамыз. Алайда бұл бөлінулері «Фә'тәбиру» бұйрығына бағыну үшін еді. Өйткені ижтиһад дәрежесіне көтерілген адамның ижтиһадпен табылған үкімдерде өзгенің ижтиһадына еруі қателік және бұған тыйым салынған. Иә, Құран кәрімде және хадис шәрифтерде айқын айтылған үкімдерде ижтиһад болмайды. Бұл үкімдерге бағыну әр мұсылманға қажет.

Қысқасы, қорыта айтқанда, асхаби кирамның барлығы (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) көз бояушылықтан аулақ, біреуге жағуды ойламай, тек қана жүректерін, мінездерін тазалауға тырысатын еді. Көз бояушылыққа мән бермей, негізгісіне, ақиқатына мән беретін еді. Олардың ең бірінші ісі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұйрықтарын орындау, Оны ренжітуден сақтану еді. Олар ата-аналарын, бала-шағасын, жанұяларын пайғамбарымызға пида еткен еді. Оған деген имандары, ықыластары көп болғаны соншалық, мүбәрәк түкірігінің жерге түсуіне уақыт қалдырмай, шипалы судай ішетін еді. Шашын қидырған кезде мүбәрәк шашы мен сақалын жерге түсірмей таласып жинайтын, бір қылын өзімен бірге алып жүруді тәж бен тақтан құнды деп білетін. Алып Рим әскерін жыққан, қамалдарды, мемлекеттерді жаулаған Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) осы жетістіктерінің бәрін басында алып жүрген бір «Сақал шәрифтің» арқасында болғанын айтқан еді.

Атадан балаға жәдігер ретінде қалған бұл сақал шәрифтер мешіттерге тапсырылған. Қасиетті күндері зиярат етілуде. Асхаби кирамның (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) пайғамбарымызға деген иманы мен ықыласының көптігінен қан алдырғанда ішкендері мәлім. Өтіріктен және жаладан аулақ болған сол мүбәрәк адамдардан Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қарсы әдепке қайшы көрінген бір сөз шықса, бұған жақсы мағына беруге тырысу керек, сөзді емес, мақсатын ойлап, саламатқа жетуіміз қажет!

Сұрақ: Ахкам-и ижтиһадияда қате болу ықтималы бар болса, Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келген ахкам-и исламияның бәріне қалай жүгінуге болады?

Жауап: Пайғамбарлардың (алейһимуссалам) ахкам-и ижтиһадиялары кейіннен ахкам-и сәмауия болады. Яғни пайғамбарлардың (алейһимуссалам) қателескен күйінде қалуы жаиз емес. Ахкам-и ижтиһадияда мүжтәһидтер ижтиһад етіп, ерекшеліктер белгілі болған соң Аллаһу та'ала дұрыс үкімді білдіреді. Дұрысы белгілі болады. Олай болса, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тірі кезінде шығарылған ахкам-и ижтиһадияның бәрінде уахи келіп дұрыстары білдірілген, күмәнділері мүлде қалмаған. Демек, Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келген үкімдердің барлығы дұрыс. Бәрі нақты. Өйткені бәрі уахи арқылы білдірілген. Кейіннен уахи арқылы дұрысы білдірілетін бұл үкімдерде ижтиһад етуді әмір етудің мақсаты мүжтәһидтерге дәреже мен сауап беру үшін. Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кейін табылған ахкам-и ижтиһадия ондай нақты болмай, болжамды, күмәнді. Бұларды орындау қажет болса да, сенбеген адам кәпір болмайды. Бірақ бұлардан да бүкіл мүжтәһидтердің бір-біріне сай ижтиһадтарымен шығарылған үкімді жоққа шығарған адам кәпір болады.

Қысқасы, біз жүрегімізді әһли бәйтке деген құрметпен, сүйіспеншілікпен нұрландырып, асхаби кирамның барлығын, ешқайсысын ажыратпай ұлы және үстем деп білуіміз қажет (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин). Әрбірін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тағайындаған дәреже мен үстемдікте тануымыз керек! Араларындағы келіспеушіліктер мен соғыстарды жақсы ниеттен әрі жақсы себептерден туындағанына сеніп, ешбірінен кемшілік пен айып таппауымыз және айтпауымыз керек!

Имам Шафии мен Имам Ахмед (радиаллаһу анһума) айтқанындай, «Қолымыз ол қанға жұқпағаны секілді тілімізді де жұғудан қорғайық!». Олай болса, асхаби кирамның барлығы Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шәкірттері болғандықтан, таза және пәк деп білуіміз әрі қатты жақсы көру, құрметтеу қажет екеніне сенуіміз керек. Асхаби кирамның, табиин-и изамның, тәбә-и табииннің, мүжтәһидтердің, мүтәкәллимин, фуқаһа, мухаддисин, муфәссирин және осы үмбеттің бәрі осылай сенген.

Әһли сүннет уәл жамағат деген зумрә-и нажияның да мазһабы мен сенімдері осы тура жол. Бір адам бұл үмбеттің әулиелерінің бірінің бірнеше күн мәжілісіне қатысып, оның сұхбатымен жақсы мінездерін, ізгіліктерін алып пайдаланса, ол бүкіл әлем бойынша қадірлі бола тұра қалайша асхаби кирамның бір-бірінен бөлінуі мен соғысуы жаман пиғылды адамдардың өздеріне ұқсатып айтқанындай және кітаптарына жазғанындай жаман, нашар деп қабылдауға болады? Өйткені, асхаби кирам (алейһимурридуан) Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) аса жақсы көретін еді. Ол үшін жанын, мал-мүлкін, бала-шағасын, әйелін, ата-анасын, отанын тастап, пида ететін еді. Ұзақ уақыттан бері сұхбатына қатысып, барлық тұрғыда пайдаланған әрі пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мінезін өз бойына сіңірген, нашар мінездерден тазаланған, жүректері, нәпістері таза әрі пәк болған еді. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) асхаби кирам (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) туралы олай айту және солай ойлау мүлде рұқсат емес.

Олай айтатын және жазатын бейшаралардың білмейтіні, оларға дұшпандық етушілер тікелей пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дұшпандық еткен болады. Оларды айыпты деп білу арқылы пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айыпты қылып көрсеткен болады. Сондықтан да дініміздің ғұламалары «Пайғамбарымыздың (алейһиссалату уәссәләм) сахабаларын құрметтемеген, оларды айыпты деп білген адам Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) иман келтірмеген болады» деген.

Жәмәл және Сыффин оқиғалары оларды жамандауға себеп бола алмайды. Екі тараптағылар да күнә істемеді, бәлкім сауап алды. Өйткені хадис шәрифте айтылғанындай, ижтиһадта қателескен мүжтәһидке бір сауап, тура тапқанға екі немесе он сауап бар. Күмәнсіз бөліну жасырын мақсаттар мен дүниелік қалаулар үшін болмай, тек қана ижтиһадтардың бір-бірінен өзгешеленуі себебімен болған. Имам Мұхаммед Қуртубидың Тәзкирасының Мухтасарында Имам Абдулуаһһаб Шарани айтқан: «Муауия мен Әли (радиаллаһу анһума) арасындағы соғыс пен бөлінушілік ижтиһадтың ерекшеленуінен туындаған діни мәселе еді. Дүниелік қалауларына қолжеткізу үшін емес еді. Яғни ол туралы сөз қозғайтындай билік пен басшылық ынтасымен емес. Бәлкім дін үшін болғандықтан, жақсы және дұрыс еді». Имам Қуртуби мен Абдулуаһһаб Шарани бұл діннің ұлы ғұламалары. Тағы сол кітапта жазылғаны бойынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Бұдан кейін [яғни менен кейін] сахабаларымның арасында фитна шығып, соғыс болады. Аллаһу та'ала оларды менімен сұхбаттасуы себебімен кешіреді. Олардан кейін келген мұсылмандар арасында осы себептен шыққан фитнада ешкім кешірілмейді». Өйткені олар сахаба емес, яғни сұхбатқа қатыспаған. Адам дүниеде кімді жақсы көрсе, сонымен бірге тіріледі. Асхаби кирамның барлығы пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қатты жақсы көретін еді.

Тағы сол бетте жазылған хадис шәрифтен аңғарылатыны, асхаби кирам (алейһимурридуан) арасындағы соғыстарда өлген де, өлтірген де жәннаттық. Олардың барлығы ұлы мүжтәһид еді. Мүжтәһид өзінен жоғары тұрған мүжтәһидтің ижтиһадынан өзгеше ижтиһад етсе, өз ижтиһадымен амал етуі қажет. Біреудің ижтиһадына еруі рұқсат емес. Имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірттері Имам Әбу Юсуфтың, Имам Мұхаммедтің және де Имам Мұхаммед Шафиидың шәкірттері Әбу Сәур мен Музәнидің ұстаздарының рәйлеріне ермейтін қаншама ижтиһадтары бар. Олардың харам дегеніне халал, халал дегеніне харам деген. Оларды күнә істеді, қателесті деуге болмайды. Ешкім олай айтпаған. Өйткені олардың бөлінуі ижтиһад себебімен. Өздері де мүжтәһид. Асхаби кирамның әрқайсысы осындай мүжтәһид еді. Уахшиден (радиаллаһу анһ) хазреті Әбу Бәкірге (радиаллаһу анһ) дейін барлығы, хазреті Муауия да (радиаллаһу анһ) мүжтәһид еді. Әрбірі пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жүректеріне салған мүбәрәк назарына және дұғаларына кенелумен абыройланған. Мысалы, хазреті Муауия (радиаллаһу та'ала анһ) «Йа, Раббым! Оны хади және мәһди қыл!» деген дұғасына қауышқан. Хади – тура жолды тапқан, хидаятқа жеткен, ал мәһди – хидаятқа түсіруші деген сөз. Ойлап қарайтын болсақ, бұл дұға дүние мен ахиреттің ең жоғары дәрежесін көрсетеді. Күмәнданған адам пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дұғасының қабыл болмайтынын мәлімдеген болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалардың ұлыларын атаған кезде хазреті Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу та'ала анһ) туралы «Үмбетімнің ең мейірімдісі» дегеніндей, хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) туралы «Үмбетімнің ең жұмсақ мінездісі және ең жомарты» деген болатын. Жақсылап ойлану керек, бұл екі қадірлі мінездің және сипаттың дәрежесі қай биікке дейін көтеріледі?

Ибн Хажәр Мекки (рахимә-һуллаһу та'ала) «Татхир-ул жәнан» кітабының жиырма жетінші бетінде былай жазған: Абдуллаһ ибн Аббастың (радиаллаһу анһума) айтуы бойынша, Жәбрейіл (алейһиссалам) періште пайғамбарымызға (алейһиссалату уәссәләм) келді. «Йа, Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Муауияны (радиаллаһу анһ) саған кеңес беремін. Құран кәрімді жаздыруда оған сен, оған жүгін!» деді. Тағы сол бетінде жазылғаны бойынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні мүбәрәк жұбайы Умми Хабибаның (радиаллаһу анһ) бөлмесіне келді. Ол кезде хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) басын қыз бауыры Умми Хабибаның (радиаллаһу анһа) құшағына қойып, ұйықтап жатқан еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұл жағдайды көріп, «Йа, Умми Хабиба! Бауырыңды осыншалықты жақсы көресің бе?» деп сұрады. Ол «Иә, қатты жақсы көремін» деп еді, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Оны Аллаһу та'ала мен Расулы да жақсы көреді» деді.

Ол кітапта тағы жазылғаны бойынша, хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жақын туысқан болумен абыройланған. Өйткені оның қыз бауыры Умми Хабиба (радиаллаһу анһа) пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жұбайларының бірі еді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хадис шәрифінде айтқан: «Аллаһу та'ала маған сөз берді, қыздарын алған және қыздарымды берген отбасылар жәннатта менімен бірге болады».

Хазреті Муауияның (радиаллаһу анһ) ізгіліктерін баяндайтын хадис шәрифтердің бірінде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Муауияға (радиаллаһу анһ): «Сен патша болған кезіңде, яғни халифа болған кезіңде міндетіңді жақсы атқар!» деді. Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) айтқан: «Менің халифа болуға қалауым мен ынтам осы хадис шәрифті естіген кезімде басталды. Өйткені бұл хадис шәриф менің халифа болатынымды сүйіншілеген еді». Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Муауияның (радиаллаһу анһ) келешекте халифа болатынын хабар берген еді. Бұл хабар мұғжизаларының бірі. Муауия (радиаллаһу анһ) бұл хадис шәрифтің міндетті түрде орындалатынына сенгендіктен, халифа болатын уақытын күткен еді. Бірақ мұның нағыз уақыты әмир-ул мүминин Имам Әлидің (радиаллаһу анһ) қайтыс болуынан және Имам Хасанның (радиаллаһу анһ) халифалықтан бастартып, оған берген кезінен кейін еді. Муауия (радиаллаһу анһ) асығып, уақытынан бұрын Айша, Зубәйр және Талханың (радиаллаһу анһум) Имам Әлимен (радиаллаһу анһ) соғысуынан кейін осы қалауын орындағысы келді, осы жерде қателескен еді. Бірақ бұл қателігі ижтиһадтағы қателік болғандықтан, ештеңе айтуға болмайды.

Тағы сол кітапта жазылғаны бойынша, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Әбу Бәкір және Омармен (радиаллаһу анһума) ақылдасты. Екі рет «Пікірлеріңді маған айтыңдар!» деді. Олар «Аллаһу та'ала және Расулы (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жақсырақ біледі» деді. Кейін Муауияға (радиаллаһу анһ) хабар жолдады. Ол келген кезде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Араларыңда Муауия болсын. Өйткені ол сенімді адам» деді.

Басқа хадис шәрифте: «Йа, Раббым, Муауияға есеп-қисапты және жазуды білдір! Ислам мемлекеттерінде оған жоғары лауазым мен мансап бер! Әмірлердің орындалуын оңайлат! Оны азаптан қорға!» деп дұға етті. Имам Омар (радиаллаһу анһ) Муауияны (радиаллаһу анһ) мақтап, хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) Шамды алған кезде ол жаққа әкім қылған бауыры Язид қайтыс болғанда оны бауырының орнына әкім қылып тағайындады және халифа болған он жылы бойы қызметінен босатпады. Имам Осман және Имам Әли (радиаллаһу анһума) да халифа кезінде Муауияны (радиаллаһу анһ) Шам қаласының әкімі ретінде қалдырып, орнынан босатпады. Ол кезде көптеген аймақтар өз әкімдеріне шағымданып, наразы болған, бірақ Муауияны (радиаллаһу анһ) әрдайым бәрі жақсы көріп, ешкім оған шағым жасамаған.

София-и алияның ұлыларының және басшыларының бірі, ғаус-и ағзам сәйид Абдулқадир Гейлани (рахимә-һуллаһу та'ала) бүкіл мұсылмандарға дінді үйрету және сенімдерін түзету үшін жазған «Ғуният-ут талибин» кітабының бірінші бөлімінің елу төртінші бетінде Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әли мен Хасан (радиаллаһу анһум) халифалықтарын ұзақ баяндағаннан кейін былай жазған: «Имам Әли (радиаллаһу анһ) қайтыс болғанда Имам Хасан (радиаллаһу анһ) мұсылмандардың қаны ақпауы және бәрін қиыншылықтан сақтау үшін халифалықты бергісі келді де, Муауияға (радиаллаһу анһ) халифалықты тапсырды, оның әміріне бағынды. Сол күннен бастап Муауияның (радиаллаһу анһ) халифалығы хақ және сахих болды. Осы жолмен пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабар берген «Бұл менің балам сәйид, яғни ұлы. Аллаһу та'ала ол арқылы мұсылмандардың екі үлкен тобын татуластырады» хадис шәрифінің мағынасы орындалды. Имам Хасанның (радиаллаһу анһ) бағынуы арқылы Муауия (радиаллаһу анһ) исламға сай халифа болды, осылайша мұсылмандардың арасындағы түсініспеушілік тоқтады. Табиин, тәбә-и табиин және әлемдегі барша мұсылмандар Муауияны (радиаллаһу анһ) халифа ретінде таныды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Муауияға (радиаллаһу анһ) «Халифа болған кезіңде жұмсақ бол немесе жақсы басқар!» дегеніндей, басқа хадис шәрифте: «Ислам диірмені отыз бес немесе отыз жеті жыл жалғасады!» деген. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айналмалы дөңгелек (диірмен) деуінің себебі діндегі күшті және беріктікті хабарлау үшін еді. Бұл мерзімнің отыз жылы төрт халифа және Имам Хасанмен (радиаллаһу анһум) аяқталған соң қалған бес немесе алты немесе жеті жылы хазреті Муауияның (радиаллаһу анһ) халифалығы уақыты. Оның халифалығы он тоғыз жыл және бірнеше ай сүрді».

Ғуния кітабының түрік тіліндегі аудармасы бар, оқуға кеңес беріледі.

«Мират-и каинат» кітабының екінші том, үшінші бетінде былай жазылған: «Хазреті Муауияның (радиаллаһу анһ) әкесі Әбу Суфян, ал бесінші атасы Абду Мәнаф Расулуллаһтың да (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) атасы еді. Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) хижреттен он тоғыз жыл бұрын дүниеге келген. Әкесімен бірге Мекке жаулап алынған кезде иманға келген болатын. Ұзын бойлы, ақ жүзді, сымбатты және айбатты еді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Құран кәрімді жазған жазушыларының бірі болып, көп дұғасын алған. Халифа болатыны да оған сүйіншіленген болатын. Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) атына мініп, оны да артына мінгізген еді. Сөйлесіп бара жатқанда «Йа, Раббым! Оған көп білім мен жұмсақтық бер!» деп дұға еткен. Барлық тарих кітаптарының айтуы бойынша, ақылы, зеректігі, кешірімділігі, жомарттығы, басқаруы, жұмсақтығы өте жоғары болып, жұрттың аузында жүретін. Кешірімділігі мен жұмсақтығы туралы көптеген хикаялар бар, екі үлкен арап тілдегі кітап күйінде таралған. Арабстанда төрт кемеңгер жетіліп шыққан. Хазреті Муауия, Амр бин Ас, Муғира тәбни Шубә (радиаллаһу та'ала анһума) және Зияд бин Әбих. Ғалымдардың көбінің айтуынша, ол өте айбатты, ержүрек, қайсарлы, мейірімді болып, барлық тұрғыда басқарушы ретінде жаратылғандай. Тіпті хазреті Омар оны көргенде (радиаллаһу анһума) «Ол Иран шахы» дейтін. Бір нәрсе сұрап келген адамның қолын бос қайтармайтын, артығымен беретін еді. Амр бин Асты (радиаллаһу анһ) Мысырға әкім қылып тағайындап, екі жыл бойы Мысырдың барлық табысын оған берген еді.

Ағасы Язид Омар (радиаллаһу анһ) тарапынан Шамда әкім қылынғанда хижреттің жиырмасыншы жылы қайтыс болған, орнына оны уәкіл қылып тағайындаған. Халифа Омар (радиаллаһу анһ) оны бас әкім қылды. Хазреті Осман, Әли және Хасан (радиаллаһу анһум) оны қызметінен босатпады. Хижреттің қырық бірінші жылы исламға сай сахих халифа болды. Оған бүкіл ислам мемлекеттеріндегілер разы болып, ол жылға «амул жәмаа» атауы берілді. Халифа болғанда Африкадағы кәпірлерге қарсы жиһадты бастады. Бір жылдан кейін Абдуррахман есімді жауынгерді [қолбасшыны] Иранның шығысындағы Сижистанға [яғни Систанға], бір жылдан соң Суданға әскер жіберіп, ол жерлерді кәпірлерден алды. Қырық төртінші жылы Кабул қаласын, кейін Муһәлләб қолбасшылығындағы әскері Үндістан мен Самарқандты алды. Муһәлләб – кейіннен харижилермен көп соғысып, олардың жайылып кетуінің алдын алған үлкен қаһарман. Қырық бесінші жылы Африкия [яғни Тунис] алынды. 47-ші жылы Қытайда үлкен және ауыр соғыстар орын алып, көп шәһидтер болды, қырық сегізінші жылы Кипр аралына тікелей өзі соғысқа барып, жаулап алды.

Кипр аралы ұзақ уақыт бойы мұсылмандардың қолында қалды. «Ахлақ-и алаи» кітабының соңғы бөлімі, бесінші бетінде жазылған: «Кипр аралында асхаби кирамнан және табиин-и изамнан көп адамның қабірі бар. Әсіресе Әнәс бин Маликтың (радиаллаһу анһ) нағашы әпкесі Умми Хирам (радиаллаһу анһа) сол жақта жерленген». Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оның үйінде ұйықтаған еді. Күлімдеп оянды. «Йа, Расулаллаһ! Неге күлдіңіз?» деп сұрағанда «Йа, Умми Хирам! Үмбетімнен бір бөлігінің кемелерге мініп, кәпірлерге қарсы соғысқа баратынын көрдім!» деді. Умми Хирам «Йа, Расулаллаһ! Дұға етіңіз, мен де олардың қатарында болайын!» деп өтінді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Йа, Раббым! Оны да солардың қатарына қос!» деп дұға етті. Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) дәуірінде Умми Хирам күйеуімен бірге кемеге мініп, Кипрға аттанды. Кипрда аттан құлап шәһид болды. Кипрдың екінші жаулаушысы Мысыр Сұлтаны Әшрәф Татар 828 [м.1425] жылы жаулап алған. Үшінші жаулаушысы екінші Сұлтан Сәлим хан 978 [м.1570] жылы басып алған. Берлин келісімінен кейін 1295 [м.1878] жылы тек басқарылуы ғана Англияға берілген. Хазреті Муауия елуінші жылы баласы Язидті Стамбұлды жаулауға жіберді. Халид бин Зәйд Әбу Әйюб әл-Ансари да осы әскерде болып, көптеген сахабалармен (алейһимурридуан) бірге Стамбұлда шәһид болды. Византиядан жыл сайын салық алу шартымен бейбіт келісім жасады. Елу төртінші жылы Убайдуллаһ бин Зияд [Аббаси уәзірі Ибн Зияд басқа кісі] қолбасшылығындағы әскері Азияда Жәйхун өзенін түйелермен өтіп, Бұхара алынды. Азияда, Африкада әр сәтте ислам діні тарап жатты. Құдыс қаласын әуелі Омар (радиаллаһу анһ) алған болса да, кейіннен кәпірлердің қолына өткен болатын. Муауия (радиаллаһу анһ) қайтадан алды. Қысқасы, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Йа, Раббым! Муауияны барлық жерге билеуші қыл!» дұғасы орындалып, Африкадағы Кайриваннан Азиядағы Бұхараға дейін және Йеменнен Стамбұлға дейінгі бүкіл жерлерге ие болды. Бәрі оны жақсы көріп, құрметтейтін еді. Ислам жұртшылығы еркін және молшылықта өмір сүрді. Ол өте көрікті киініп, әдемі аттарға мініп, рахат өмір сүретін. Бірақ Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбаты мен қайырлы дұғаларының арқасында исламнан айрылмайтын еді. Күнә, зұлымдық жасап қоймауға аса мән беретін. Шамда хазреті Омар дәуірінде төрт жыл, хазреті Осман дәуірінде он екі жыл, хазреті Әли дәуірінде бес жыл, Хасанның халифалығында алты ай әкім болып, Хасан (радиаллаһу анһум) халифалықты тапсырғанда бүкіл ислам мемлекеттеріне шариғи және сахих түрде он тоғыз жыл халифа болды. Хижреттің алпысыншы жылы [60] ражаб айында, жетпіс тоғыз жасында қайтыс болды. Шам қаласына жерленді. Қайтыс болатын кезінде берекеттену үшін құрметпен сақтап жүрген Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк шашының бірнеше қылын және мүбәрәк тырнақтарын қайтыс болғанында аузы мен көзіне қоюын өсиет еткен болатын. Абдуррахман, Язид, Абдуллаһ есімді үш ұлы және Хинд, Рәмәлә, Сафия және Айша есімді төрт қызы болды». Мират-и каинат кітабының үзіндісі осында тәмәм болды.

Мысыр ғұламаларынан Имам Ахмед бин Мұхамед Шихабуддин Касталанидың (рахимә-һуллаһу та'ала) «Мәуаһиб-и ләдунния» кітабының ақын Махмұд Абдулбақидың (рахимә-һуллаһу та'ала) аудармасында жазылған: «Ибн Исхақтың айтуынша, Муауия (радиаллаһу анһ) Шамда жиырма жыл әкім, жиырма жыл халифа болған еді. Имам Ахмед бин Ханбалдың айтқанындай, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған дұға етіп, «Йа, Раббым! Муауияға білім бер және есеп-қисапты үйрет! Оны тозақтан қорға!» деді. Құран кәрімді жазу оған міндеттелгені мәлім».

Мұхаммед Шәмсәддин Сами «Камус-ул аләм» кітабында былай дейді: «Муауия (радиаллаһу анһ) асхаби кирамның ұлыларының бірі еді. Әкесі Әбу Суфян, бауыры Язид және анасы Хиндпен бірге Мекке алынған күні иманға келген еді. Өзі одан бұрын мұсылман болған, әкесінен қорқып жасырған болатын. Әкесі де, өзі де таза және дұрыс мұсылман болып, Хунәйн соғысында Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көз алдында соғысқан еді. Әбу Суфянның Таиф соғысында бір көзі көрмей қалып, хазреті Әбу Бәкір Сыддықтың халифалығы дәуірінде он үшінші жылы Йәрмук соғысында екінші көзі же шыққан болатын. Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жазушысы, хатшысы болу абыройын иеленген еді. Хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) Шамға әскер жібергенде ағасы Язидпен бірге Халид бин Уәлидтің (радиаллаһу анһ) басшылығында соғысқан еді. Хижреттің қырық бірінші [41] жылы Куфада халифалығына бәрі бағынып, жиырма жыл халифа болған. Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) өте ақылды, зерек, шешен, жылы және әсерлі сөйлейтін адам еді. Өте сабырлы, сыпайы, жомарт және қолы ашық еді. Шамда әкім кезінде халифа Омар (радиаллаһу анһ) римдықтарды таңқалдырған және әйгілі қарапайым киімімен Шамды қадірлендіргенде оның көрікті, әсем күйін көргенде «Ол Иран шахтары секілді» деген. Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) халифа кезінде ислам дінінің әлемге жайылуына және өркендеуіне көп қызмет етіп, көп елдерді алған. Дін ғұламаларымыз одан көп хадис шәриф алып кітаптарға жазған [бұл оның ұлылығын, сенімділігін көрсететін күшті дәлел]. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған берген көйлегіне орап, сақтап жүрген Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тырнақтарын да көзіне, аузына қойып, жерленуін өсиет еткен болатын». Камус-ул аләм кітабының жазбасы осында аяқталды.

«Мәжәллә» атты өте құнды кітапты дайындаумен ислам дініне үлкен қызметі тиген және ең дұрыс он екі томдық Османлы тарихын жазған Лофжалық атақты Ахмед Жевдет Паша (рахимә-һуллаһу та'ала) «Қысас-и Әнбия» кітабының жетінші бөлімі, жүз тоқсан екінші [192] бетінде былай дейді: Хижреттің алпысыншы жылы Муауия (радиаллаһу анһ) хұтба оқығаннан кейін «Ей, мұсылмандар! Сендерге билігім ұзақ жалғасты. Сендерді жалықтырдым. Мен де сендерден жалықтым. Сендерден айрылуды қалай бастадым. Сендер де менен айрылуды қалайтын болдыңдар. Бірақ, менен кейін сендерге менен жақсысы халифа болмайды. Шынында, маған дейінгілер де менен жақсы еді. Кімде-кім Аллаһу та'алаға қауышқысы келсе, Аллаһу та'ала да оған қауышуды жақсы көреді. Йа, Раббым! Саған қауышқым келеді. Сен де маған қауышуды қалай көр! Мені мүбәрәк және бақытты ет!» деді. Кейін ауырып қалды. Баласы Язидті алдына шақырып, оған: «Балам! Сені сапар кезуден құтқардым. Барлық ісіңді жеңілдеттім. Бәрін саған бағынышты еттім. Саған ешкімге нәсіп болмаған мал-мүлік қалдырып жатырмын! Хижаз халқына қара, сенің түбің солар. Саған келетіндердің ең құрметтілері. Ирак халқына да қара! Сенен бір қызметкерді босатуыңды күнде сұраса да, босат. Шам халқына да қара, олар сенің көмекшілерің. Жұмыстары біткенде оларды қайтадан Шамға апар. Өйткені басқа мемлекеттерде көп қалса, олардың мінезі бұзылады. Саған бәсекелес үш адам бар. Олардан Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу та'ала анһума) ғибадатқа берілген. Бәрі саған бағынған кезде ол да бағынады. Хусейн бин Әли (радиаллаһу та'ала анһума) жеңіл мінезді кісі. Куфалықтар оны саған қарсы қоюы мүмкін. Жеңген кезіңде оны кешір! Ол бізге туыс. Бізде оның көп хаққы бар. Ол Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) немересі. Абдуллаһ бин Зубәйр (радиаллаһу та'ала анһума) арыстандай. Одан өте сақ бол, қорған!».

Қайтыс болуына жақын кезде «Мен өлгенде жомарттық да бірге өледі. Көп адамның ихсан есігі жабылады. Сұраушылардың қолдары бос қалады» деді де, «Зи Тува ауылында бір құрайштық болып қалып, халифа болмағанымда ғой» деді. Ражаб айында қайтыс болды (радиаллаһу анһ). Ол ұзын бойлы, ақ реңді, айбатты, өте сабырлы және жұмсақ еді. Жұмсақтығы ауыздан ауызға тарайтын. Бір күні алдына бір адам келіп, өте ауыр және жаман сөйлесе де, еш жауап бермеген еді. «Осыған да сабыр етіп шыдайсыз ба?» делінген кезде «Біз мүлкімізге тиіспейтіндердің сөзіне мән бермейміз» деп халыққа берген сөз еркіндігін жанды мысалмен көрсеткен еді. Ислам жұртшылығында қоғамдық ұйымды ол құрған. Тіпті қалалар арасында поштаны құрған еді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) айтқан: «Хазреті Муауияның (радиаллаһу анһ) басқаруын жаман көрмеңдер! Оны жоғалтсаңдар, бастарыңның артынан шыққанын көресіңдер!».

Хазреті Әлимен (радиаллаһу анһ) соғысқандардан батылдығымен, зеректігімен танымал Амр бин Ас (радиаллаһу анһ) хижреттің қырық үшінші жылы ораза айт түні қайтыс болды. Сол түні жылаған болатын. Баласы Абдуллаһ «Неге жылайсыз? Өлімнен қорықтыңыз ба?» деп сұрағанында, «Жоқ, өлімнен қорықпаймын. Бірақ өлгеннен кейін басыма келетіндерден қорқамын. Өйткені үш түрлі өмір өткіздім. Әуелі кәпір едім. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бәрінен көп дұшпандық жасадым. Сол кезде өлгенімде міндетті түрде тозаққа түсер едім. Кейін Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ең көп ұялатын мен болдым. Сол кезде өлгенімде бәрі мені құттықтайтын еді. Исламмен қадірленді, қайырмен өлді деп, жәннатқа кірді деп білер еді. Одан кейін әкім болдым. Миллиондаған адамның хақысын, оларды басқаруды мойныма алдым. Қазір қандай жағдайда екенімді білмеймін. Өлгенімде мен үшін жыламаңдар! Жаназамды үнсіз шығарыңдар! Қабірімнің үстіне тас пен ағаш қоймаңдар!» деді. Тәубе етіп, истиғфар айтып қайтыс болды. Өзі Мысырдың жаулаушысы болып, хазреті Омар (радиаллаһу анһ) заманында төрт жыл, хазреті Осман (радиаллаһу анһ) заманында да төрт жыл, хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) заманында екі жыл Мысырдың әкімі болған еді (радиаллаһу анһ). Қысас-и Әнбияның жазбасы осы жерде тәмәм болды.

Хужжәтул ислам Имам Ғазали (рахимә-һуллаһу та'ала) парсы тіліндегі «Кимия-и саадат» кітабының «Жомарттық» бөлімінде, үш жүз отыз бірінші бетінде былай жазған: «Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) Мәдина қаласына келген еді. Көшеде кетіп бара жатқанында хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) артынан келіп «Қарызым бар, маған көмектес!» деді. Ол адамдарына бұйрық беріп, бір түйе жүгі алтын берді, сексен мың алтын еді».

Әли бин Әмруллаһ (рахимә-һуллаһу та'ала) «Ахлақ-и Алаи» кітабының «Исар» бөлімінде жазған: «Исар – өзіне қажет затты сабыр етіп, басқа біреуге беру деген сөз. Ислам жомарттарының ең атақтысы Абдуллаһ бин Жафәр Тайяр (радиаллаһу анһума) еді. Оны хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) қатты жақсы көретін. Жыл сайын оған он милион дирхам күміс айлық беретін. Ол ақшаның барлығын кедейлерге, мұқтаждарға, жетімдерге, жесір әйелдерге таратып, жыл аяғында өзі қарызданып қалатын. «Абдуллаһқа жыл сайын неліктен осыншалықты көп ақша беріп, мемлекеттің қазынасын босқа жұмсайсыз?» деп Муауия (радиаллаһу анһ) хазреттен сұралғанда «Мен ол мал-мүлікті Абдуллаһқа бермеймін. Мәдинаның кедейлеріне беремін. Қаласаңдар, өздерің тексеріп көріңдер!» деді. Адамдар тексеріп көргенде ол бәрін кедейлерге, жетімдерге беріп, өзі және отбасы үнемдеп өмір сүретінін көріп, мемлекеттің қазынасы орнымен жұмсалып жатқанын түсінді. Халифаның бұл шарасына, көрегендігіне және жомарттығына қайран болды».

«Асхаби кирам» (алейһимурридуан) кітапшасының басынан осы жеріне дейін дінде сөзі негізге алынатын ғұламалардың кітаптарынан біраз мәлімет қысқаша жазылды. Дін ғұламаларының бір ауыздан айтқан бұл ақиқаттары тұрғанда діннен хабары жоқ хуруфи мешіттерінен шыққан дүмшелердің сөздеріне және кейбір дәретсіз, намазсыз дәруиштердің жазбаларына мән бермеу керек! Әһли сүннет ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та'ала) кітаптарында жазылған ақида мен ғибадат жолдарын ұстанып, шексіз пәлекет пен өкінуден құтылуымыз қажет! Иә, исламды, ақида мен ғибадатты үйрену әрбір ер және қыз адамға парыз, қажет. Бірақ бұларды ішкілік орындарында, арнайы мақсаттармен жазылған және дін дұшпандарының кітаптарынан аударылған жазбалар мен сөздерден емес, мазһаб имамдарымыздың жеткізгендерінен үйренуіміз керек. Аталарымыздың жолынан айрылмаған жөн!

Базбіреулер «Ешбір мұсылман баласына Муауия есімін қоймаған. Бұл осы есімді және осы есім иесін ешкім жақсы көрмейтінінің белгісі» дейді. Бұл өте қате ой. Сауатсыз адамның өзі бұған күледі. Ұлы пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәттәслимат) Шит, Худ, Шуайб, Әляса секілді есімдері және Имам Әлидің (радиаллаһу анһ) немерелері және он екі имамдарымыздан Бақыр, Хасан Әскери есімдері, асхаби Бәдірден болып, жәннатпен сүйіншіленген үш жүз он үш кісіден болған Бәра, Әус, Ияс, Бухайр, Бәсбәсә, Тәмим, Саләбә, Сәкаф, Жәбр, Харис, Хатиб, Хариса, Хубаб, Харам, Хурәйс, Хасин, Харижа, Хаббаб, Хубәйд, Хырас, Хурәйм, Халлад, Хунәйс, Хуләйд, Хаууад, Хаули, Зукәйс, Рафи, Рәби, Рухайла, Рәфаа секілді және тағы басқа жазылмай қалған көптеген есімдерді бүгінде ешбір мұсылман қолданбағандықтан бұл есімдердің иелері болған пайғамбарлар (алеймуссалам) және асхаби кирамның ең ұлылары мен құрметтілерін ешкім жақсы көрмейді деуге бола ма? Алайда бұл есімдердің иелерінің барлығы хазреті Муауиядан (радиаллаһу анһ) әлдеқайда үстем екені және Аллаһу та'ала мен Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және барша мұсылмандардың сүйіктілері екендігі айдан анық. Хазреті Муауияны (радиаллаһу анһ) жақсы көрмеу, Оны танымау қауіпті сауатсыздық болып табылады. Бірақ, Оны жамандау, жастарды алдау үшін осындай нашар және күлкілі көзқарастар айту бұл надандықты және жаланы жария қылудан басқа ештеңеге жарамайды.

Хазреті Әлимен (радиаллаһу анһ) соғысқан асхаби кирамның (алейһимурридуан) бізге ешқандай жақындығы және ешқандай таныстығы жоқ. Тіпті бұл соғыстары бізді қынжылтады, мұңайтады. Бірақ пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалары болғандықтан, оларды жақсы көруіміз әмір етілді. Оларды ренжітуімізге, дұшпандық етуімізге тыйым салынды. Олай болса бәрін жақсы көруге мәжбүрміз. Оларды пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жақсы көргеніміз үшін жақсы көреміз. Оларға дұшпандық етуден және қорлаудан сақтанамыз. Өйткені оларды ренжіту және оларға дұшпан болу пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өтеді. Тек кімдікі дұрыс, кімдікі қате екенін айтамыз. Яғни хазреті Әмірдікі (радиаллаһу анһ) дұрыс еді. Оған қарсы шыққандар қателескен еді. Бұдан артық бір нәрсе айту дұрыс емес.

Исмаил Кәмаладдин Қарамани (рахимә-һуллаһу та'ала) «Шәрһ-и ақаид» кітабын түсіндірген кезде жазғанындай, Имам Әли (кәрәмәллаһу уәжһәһ) айтқан: «Бауырларымыз бізді тыңдамады. Олар кәпір емес. Күнә да істемеді. Өйткені олар діннен, исламнан түсінгендерін істеуде». Ижтиһадда қателесу айып емес және бұған ештеңе айтуға болмайды. Олардың сахаба екенін ойлап, бәрін жақсы деп білуіміз керек!

Аллаһу та'ала бәрімізді тура жолдан айырмасын! Дін ғұламаларының кітаптарынан хабары болмай, діннің құжаттарын, исламның дәлелдерін естімей дінін кейіннен пайда болған тарих кітаптарынан үйренгендерді және тек қиялмен, қырсықтықпен сөйлейтін-жазатындарды тыңдаудан, жазбаларын оқудан әрі оларға алданудан қорғасын! Әмин. Имандылар, иманды сезінгендер әһли сүннет ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та'ала) кітаптарынан алынған сөздер мен жазбаларға жүгінеді. Бұдан зауықтанады. Дін ғалымы көрініп жүрген надандардың сөздері мен жазбаларынан жиіркеніп қашады.

Имам Раббани (қуддиса сиррух) екінші томда, отыз алтыншы хаттың соңында айтқанындай, асхаби кирамның үстемдіктерін баяндайтын (ридуануллаһи алейһим әжмаин) хаттағы «Әһли бәйти Расулдың» (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мақтауымен аяқтайық:

Пайғамбарымыз (алейһи уә алә әлиһиссалауату уәссәләм) айтқан: «Әлиді (радиаллаһу анһ) жақсы көрген адам міндетті түрде мені жақсы көрген болады. Оған дұшпандық еткен адам міндетті түрде маған дұшпандық еткен болады. Оны ренжіткен адам міндетті түрде мені ренжітті. Ал мені ренжіткендер міндетті түрде Аллаһу та'аланы ренжіткен болады».

Хадис шәрифте былай делінеді: «Аллаһу та'ала маған төрт адамды жақсы көр деп әмір берді. Оларды өзі де жақсы көретінін айтты». «Олардың есімдерін бізге айтасыз ба?» деп сұралғанда «Әли олардың бірі, Әли олардың бірі, Әли олардың бірі, Әбу Зәр, Миқдад және Салман» деді. Хадис шәрифте: «Әлидің (радиаллаһу анһ) сұлу жүзіне, бәлкім мүбәрәк денесіне жақсы көріп қарау – ғибадат» деді. Бәра бин Азибтың (радиаллаһу анһ) айтуынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні отырған еді. «Йа, Раббым! Мен Хасанды жақсы көремін» (радиаллаһу анһ) деді.

Хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) айтқан, «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасында Имам Хасан бар еді. Бізге бір, Хасанға (радиаллаһу анһ) бір қарап: «Менің бұл ұлым сәйид, мырза. Үміт етемін, күтемін, Аллаһу та'ала ол арқылы мұсылмандардың екі тобының арасын жарастырады» деді. Яғни мұсылмандардың екі тобы татуласады».

Усама бин Зәйд (радиаллаһу анһ) айтқан: «Пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрдім. Хасан мен Хусейн (радиаллаһу анһума) мүбәрәк құшағында отырған еді. «Бұл екеуі менің ұлдарым және қызымның ұлдары. Йа, Раббым! Мен оларды жақсы көремін. Сен де жақсы көр әрі оларды жақсы көргендерді де жақсы көр!» деді».

Әнәс (радиаллаһу анһ) айтқан: «Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Әһли бәйттің (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) арасынан ең көп кімді жақсы көресіз?» деп сұралды. Ол «Хасан мен Хусейнді» (радиаллаһу анһума) деп жауап берді».

Хадис шәрифте айтылған: «Фатима (радиаллаһу анһа) менің бір бөлшегім. Оны ашуландырғандар мені ренжітеді». Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) айтқанындай, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Имам Әлиге (радиаллаһу анһ) қарап: «Фатима маған сенен де сүйікті. Сен маған одан да қадірлісің!» деді.

Хазреті Айшадан риуаят етілуі бойынша мұсылмандар пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сыйлық ұсынғысы келген кезде тек Айша Сыддықаның (радиаллаһу анһа) үйінде болған кезде ғана әкелетін және осы анамыздың арашылығы мен жетекшілігі арқылы пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) разылығын алуға тырысатын. Тағы Айшаның (радиаллаһу анһа) айтуынша, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) зәужат-и тахираты (жұбайлары) екіге бөлінген еді. Бір бөлігі мен, Хафса, Сафия, Сәудә, екінші бөлігі Умму Сәләмә және басқалары еді (радиаллаһу анһуннә). Бұл екінші топтағылар өз араларында келісіп, асхаби кирамның сыйлықтарын Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайда болса, сол жақа апаруды, тек Айша Сыддықаның үйіне баратын уақытын күтпеуін өтіну үшін Умму Сәләмәні пайғамбарымызға жіберген кезде «Маған қиыншылық бермеңдер. Маған уахи тек қана Айшаның (радиаллаһу анһа) киімімен жамылған кезде келеді» деді. Яғни «Басқа жұбайларымның төсегінде маған уахи келмеді. Тек қана Айшаның (радиаллаһу анһуннә) төсегінде келді» деді. Мұны естігенде Умму Сәләмә (радиаллаһу анһа) «Сізді бұдан кейін ренжітпеу антым болсын, тәубе еттім, йа, Расулаллаһ!» деді. Басқа уақытта тағы осы үшін Фатимат-уззәхраны (радиаллаһу анһа) жібергендерінде: «Ей, қызым! Неліктен менің сүйгенімді жақсы көрмейсің? Менің сүйіктім сенің де сүйіктің емес пе?» деді. Сонда Фатима (радиаллаһу анһа) «Иә» деп жауаптады. Сонда «Олай болса, сен де оны жақсы көр!» деді.

Тағы Айша Сыддықа (радиаллаһу анһа) айтқан: «Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Хадишаның (радиаллаһу анһа) есімін естіген сайын көңіліме тиетін еді. Сондай-ақ Оны көрмеген болатынмын. Оны қатты жақсы көргендіктен оның туысқандарына сыйлық жіберіп тұратын. Кейде қалжыңдап «Әлемде Хадишадан (радиаллаһу анһа) басқа әйел жоқ па?» дейтінмін. «Ол осындай-осындай еді! Ол сондай-сондай еді және одан менің балаларым бар еді!» дейтін еді».

Абдуллаһ бин Аббас (радиаллаһу анһума) айтқан: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Аббас менен және мен оданмын!» деген».

Хадис шәрифте айтылған: «Жанұям үшін мені ренжіткендерге ауыр азап бар!».

Әбу Хурайраның (радиаллаһу анһ) айтуынша, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Сендердің жақсыларың менен кейін әһли бәйтіме жақсылық жасайтындарың» деген». Имам Әлидің (радиаллаһу анһ) айтуынша, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Әһли бәйтіме жақсылық жасағандарға қиямет күні мен шапағат етемін!» деген. Тағы Имам Әлидің айтуынша, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Сырат көпірінен аяқтары таймай өтетіндер – әһли бәйтімді және сахабаларымды қатты жақсы көргендер» деген.

Йа, Раббым! Фатиманың (радиаллаһу анһа) және ұлдарының құрметі үшін бізге соңғы демде иманмен кетуді нәсіп ете көр! Расулуллаһтың отбасының (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) етегіне жабысуды бізге нәсіп ет, одан кейін дұғаларымызды қаласаң қабыл ет, қаласаң қабыл етпе!

Төмендегі жазба «Мақамат-и Мазхария» кітабындағы он жетінші хаттың аудармасы. Бұл кітапты Үндістандағы нағыз ислам ғұламаларынан үлкен әулие Абдуллаһ Деһлеуи жазған. Ол 1240 [м.1824] жылы Делһиде қайтыс болған. Ұстазы Мазһар Жаны Жананның қасында жерленген. Бұл кітап парсы тілінде жазылып, Мазһар Жаны Жананның өмірбаянын және жиырма төрт хатын баяндауда. Мазһар Жаны Жанан 1195 [м.1781] жылы сексен төрт жасында қайтыс болды. Делһиде өзі соқтырған мешітінің қасында жерленген (рахметуллаһи та'ала алейһима).

Әһли сүннет мазһабының ғалымдары асхаби кирам арасындағы соғыстарды олардың биік мәртебелеріне жарасатындай түрде баяндаған. Өйткені олар «Адамдардың ең қайырлылары – менімен бірге өмір сүргендер» деген хадис шәрифпен мақталған. Себебін түсіне алмаған бөлінулерін Аллаһу та'аланың біліміне қалдырған, бұл қайырлы дәуірдің таза адамдарына тіл тигізуден сақтанған. Қайырлы екендікдері айтылған алғашқы үш ғасырда жетіліп шыққан хадис және фиқһ ғалымдарының ешбірі асхаби кирамның дәуіріне өте жақын болса да және олардың жағдайларын өте жақсы білсе де әрі Әли Мұртазаға (радиаллаһу анһ) қарсы шыққандардың қателескенін білсе де, олардың ешбірін жамандауға болмайды деген. Иә, Шам және Бағдат әскерлері арасында бірнеше күн соғыс болды, дегенмен бұл жағдайлары ижтиһадтың өзгешелігінен еді. Бір-бірін кәпір білуден емес еді.

Бұл фитна әмир-ул мүминин Османның (радиаллаһу анһ) шәһид етілуімен басталды. Соғыс кезінде асхаби кирам үшке бөлінді. Бір бөлігі дұрыс жолмен халифа болған Әли (радиаллаһу анһ) хазреттің тарапында еді. Екінші бөлігі Шам әмірінің тарапында еді. Үшінші бөлігі екі тарапқа да қосылмады. Хадис ғалымдары және фиқһ ғылымының мүжтәһидтері асхаби кирамнан хадис шәрифтерді жинақтағанда үш топтағылардың бәріне тең қараған, бәрінің сөздерін құнды, дұрыс екеніне сенген. Үш топтың бірінде болғандарды кәпір немесе фасық деп білсе, олардың жеткізгендерін қабыл етпей, бұл хабарларды ижтиһад үшін, үкім шығару үшін дереккөз және дәлел қылмас еді. Бұл үш топтағылардың кез келген бірі жамандалса, ислам діні іштен құлайды. Ол ұлыларға тіл тигізбеу ислам дініне қызмет ету болады және Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбатын, мәжілістерін қадірлі санау болады. Егер «Расулуллаһтың туысқандарын қадірлеу керек» делінсе, иә, солай. Бірақ Расулуллаһтың туыстарының ешқайсысы оларға қарсы соғысқан сахабалардың ешқайсысына кәпір демеді. Иә, соғысқандар бір-бірін жақсы көрмеуі, бір-бірін жамандауы керек. Бірақ хадис шәрифтермен мақталған бұл қайырлы адамдар бір-бірін мүлде жамандамаған. Расулуллаһтың туыстарын жақсы көру барша мұсылмандарға уәжіп. Оларды ренжітуді қалау бұл сүйіспеншілікті бұзады.

Асхаби кирамның (алейһимурридуан) бір-бірімен соғысқаны туралы сөйлесу, мұны жазу дұрыс емес. Бұл жағдайға қынжылып, үндемеу керек. Шии деп аталған базбіреулер шектен шығып жатыр. Ойдан шығарылған хабарларға алданып, осы таза адамдарды өздері секілді деп ойлайды. Асхаби кирамға кәпір деуге дейін барып, шектен шығып жатыр. Алайда Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өмірбаянын, сөздерін бізге олар жеткізді. Өмірлерін Расулуллаһтың сұхбатында өткізген, Оның тәрбиесі және насихаттарымен әдептелген, жетілген, мал-мүлкі мен жандарын Оған пида еткен, Одан кейін де Оның дінін жаюға тырысқан адамдардың күпірден құтыла алмайтынын ойлауға бола ма? Аллаһу та'ала бұл қызметтерге, қайсарлыққа мейірім танытпаған ба? Оларға мейірім танытпаса, кейіннен келген біз секілді күнәһарлар қалайша кешірім мен қамқорлық күте аламыз? Өткен пайғамбарлардың және әулиелердің бірі қайтыс болғанда үмбетінің, жамағатының бәрінің кәпір болғаны және Оның ұрпағына, туыстарына дұшпан болғаны бұған дейін байқалған ба? Бұлай болса, Аллаһу та'аланың пайғамбар жіберуі бос, пайдасыз болар еді. Замандардың ең жақсысы ретінде сүйіншіленген заман замандардың ең жаманы болар еді. Ал адамдардың ең жақсылары ең жамандары болар еді.