10 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     13 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Естен танғанша азаптау...

Естен танғанша азаптау...

Мүшриктер мұсылмандарды азаптап-қинағанда әйел немесе еркек деп бөліп қарамайтын. Алғашқы мұсылмандардың бірі және ешкімі жоқ Зиннирә ханым (радиаллаһу анһа) да бір күң болатын. Оның мұсылман болғанын білген мүшриктер оған да азап көрсетуден тайынбады. Зиннирә ханымды «Лат» пен «Узза» пұттарына табындыру үшін қинап, тұншыққанша буындырып, есінен танып қалғанша қинайтын еді. Соған қарамастан ол дінінен шықпады, олардың айтқандарын істемеді. Әсіресе, оны Әбу Жәһл қатты азаптайтын. Осыдан соң Зиннирәнің (радиаллаһу анһа) көздері көрмей қалды. Бір жолы Әбу Жәһл оған: «Көрдің бе? Лат пен Узза сенің көзіңді көр етті» дегенде Зиннирә ханым имандылығын көрсетіп: «Ей, Әбу Жәһл! Уаллаһи, бұл сенің айтқаныңдай емес. Лат пен Узза деп отырған пұттарың ешқандай іске жарамайды, өздеріне табынғандарды да, табынбағандарды да білмейді. Менің Раббымның көзімнің нұрын беруге және мені бұрынғы қалпыма келтіруге әрине құдыреті жетеді» деді.Әбу Жәһл хазіреті Зиннирәнің берік иманына қайран қалды. Аллаһу та’ала Зиннирәнің (радиаллаһу анһа) дұғасын қабыл етіп, көзі бұрынғысынан да жақсы көретін болды. Әбу Жәһл мен Құрайш мүшриктері бұл жағдайды көре тұра, қырсықтықтарында табан тіреп, иман келтірмеді. Жауап ретінде: «Бұл да пайғамбарларының сиқырларының бірі. Мұхаммедтің артынан ерген ақымақтарға таңданбайсың ба? Егер олардың жолы ақиқат және қайырлы болса, алдымен біз оған бағынар едік. Демек, бізден бұрын бір күң тапқан екен ғой дұрысты?» деді олар. Осы оқиғаға орай Аллаһу та’ала Ахкаф сүресінің 11-аятын түсірді. Мағынасында: «Ол кәпірлер иман келтіргендер туралы «Егер онда (Исламда) бір қайыр бар болса, бұл мәселеде олар (кедейлер, байғұстар) біздің алдымызға шығып, бізден бұрын оған ере алмас еді» деді. Алайда, олар онымен (Құран Кәрім мен мүміндер сияқты) тура жолға қауышпағандықтан (Құран Кәрімді теріске шығару үшін) «Бұл Құран Кәрім (Мұхаммедтің шығарған) ескі жалған нәрсе» дейді».

 

Дар-ул Әрқам

 

Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм мүшриктердің сахабаларға (радиаллаһу анһум) жасаған зұлымдықтары мен қастандықтарына қатты ренжитін. Исламның таралуы және үйретілуі үшін сенімді бір мекен қажет еді. Пайғамбарымыз мұндай қасиетті іске хазіреті Әрқамның үйін таңдады. Бұл үй Сафа қырының шығысында, тар бір көшеде және биіктеу бір жерде болатын. Бұл жерден Қағба анық көрінетін еді. Үйдің кіріп-шығатын жері өткен-кеткендерді бақылауға да қолайлы болатын. Сонымен қатар хазіреті Әрқам Меккенің алдыңғы қатарлы және беделді адамдарының бірі болатын. Расулуллаһ осы үйде сахабаларына исламды үйрететін. Жаңадан мұсылман  болатындар осы жерге келіп Исламды қабылдап, Расулуллаһтың көңілдерге дауа болған мүбәрәк сөздерін тыңдаумен берекеттенетін еді. Олар пайғамбарымызды басына құс қонып, оны ұшырып алмайын деген адамдай тыныш, үнсіз, беріле тыңдайтын. Мүбәрәк сөздерін біртіндеп, айтқанын-айтқанындай етіп жаттап алатын еді. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм  таңертеңнен кешке дейінгі уақытын хазіреті Әрқамның үйінде сахабаларын жетілдіруге арнайтын. Бұл жер мұсылмандардың алғашқы ордасы, яғни алғашқы «Дар-ул Ислам» еді. Алғашқы мұсылмандар осы жерге жиналып, мүшриктердің әр түрлі жамандықтарынан қорғанған болатын.

 

Аммар бин Ясәр (радиаллаһу анһума) әңгімелейді: «Дар-ул Әрқамға барып, Расулуллаһты көріп, мұсылман болуды қаладым. Есіктің алдында хазіреті Сухәйбті (радиаллаһу анһ) жолықтырдым. «Бұл жерде не істеп жүрсің?» деп сұрағанымда ол да маған осы сұрақты қойды. Мен: «Хазіреті Мұхаммедтің қасына барып, сөздерін тыңдап, мұсылман болғым келеді» дедім. Ол: «Мен де сол үшін келген едім» деді. Пайғамбарымызға екеуіміз бірге кірдік. Ол бізге Исламды түсіндірді. Біз қуана-қуана мұсылман болдық».

 

Аммар (радиаллаһу анһ) мұсылман екендігін ашықша айтудан тартынбайтын мүжаһидтердің бірі болатын. Дінінен қайтпау үшін ең ауыр қастандықтарға да шыдайтын. Мүшриктер оны жалғыз кездестіріп қалса «Рамда» елді мекеніне немесе Меккенің таулы-тасты жерлеріне апарып, зорлықпен киімдерін шешіп, темірден киім кигізіп, ыстық күннің астына қоятын. Оны осылайша қинайтын. Кейде арқасын отқа күйдіріп, ауыр азаптар шектіретін. Осылай әр қинағандарында оған: «Исламнан қайт!... Исламнан қайт!... Лат пен Уззаға табын да құтыл...» дейтін. Хазіреті Аммар осындай адам төзгісіз азаптарға сабыр етіп: «Раббым – Аллаһ, пайғамбарым – Мұхаммед алейһиссалам» деп, оларға қарсылық білдіретін. Мүшриктер одан сайын жынданып, кеудесіне ыстық тастарды қойып, кейде құдыққа тастап суға тұншықтыруға тырысатын. Аммар бин Ясәр (радиаллаһу анһума) пайғамбарымызға бір келгенінде: «Йа, Расулаллаһ! Мүшриктердің бізге көрсетіп жүрген азаптары шектен шығып барады» дейді. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уәсәлләм хазіреті Аммардың бұл халіне жаны ашып: «Сабыр етіңіз, ей Якзанның әкесі!» дейді де: «Йа, Раббым! Аммардың жанұясынан ешкімге тозақ азабын тартқызба» деп дұға етеді.