12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   


Ысырап

Сұрақ:Ысырап деген не?

Жауап:Ысырап (исраф) мал-мүлікті діни тұрғыдан және муруәт (адамгершілік) тұрғысынан дұрыс болмаған жерлерге жұмсау деген сөз. Муруәт пайдалы болу, жақсылық жасау дегенді білдіреді. Дінге сай болмаған ысырап харам болып табылады. Муруәтке сай болмаған ысырап тәнзиһән мәкрух.

 

Ысырап мал-мүлікті жою, зая кетіру, пайдасыз халге түсіру, рәсуа ету, дінге және дүниеге пайдалы болмайтын түрде жұмсау деген сөз.

Хадис шәрифте: «Үнемдеген адам байиды, ысырап еткен адам кедейлеседі.» делінген. (Бәззар)

Ысыраппен сараңдықтың ортасына үнемділік немесе жомарттық делінеді. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Үнемдеген адам қиыншылық көрмейді.» (Табарани)

«Құтқаратын үш нәрсенің бірі – бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедейлікте де үнемдеушілік» (Бәйһақи)

«Үнемдеу тіршіліктің жартысы.» (Хатиб)

«Үнемдеп жарату күн көрістің жартысы» (Дәйләми)

«Күн көрісте үнемдеу, пайғамбарлықтың жиырмадан бірі» (Әбу Дауд)

«Қияметте барлық адамдар мына төрт сұраққа жауап бермейінше есептен құтыла алмайды:

1)Өмірін қалай өткізді?

2)Ілімімен қалай амал етті?

3)Мал-мүлкін қайдан қалай тапты және қайда жұмсады?

4)Денесін қайда шаршатты, қайда тоздырды?» (Тирмизи)

 

Ысырап сараңдықтан да жаман

Дінімізде әбес, қажетсіз нәрселерді істеу жаиз емес. Мәселен бостан-бос қағазды шимайлап отыру ысырап және әбестік. Мұнда бірнеше ысырап бар. Уақыт, еңбек, қуат, қағаз, қалам, сия. Бәрінен маңыздысы пайдалы нәрсемен шұғылданбау.

Егер дүниедегі барлық адамдардың босқа өткізген уақыты, қуаты және еңбегі есептелетін болса, дүниеде аштық және жоқшылық ішінде қиналып жатқан миллиондаған адамның мұқтаждығын кетіретін қажетті өнімдер өндіруге болар еді.

Ысыраптың көлемі қанша болса да зияны үлкен. Кіші деп саналған нәрселерді біріктірген кезде үлкен сандар шығады. “Көп түкірсе көл болады” деген мақалды білетін шығармыз. Минутына он тамшы су жіберетін краннан айына 170 литр су далаға кетеді екен.

Сәмәуи діндердің барлығында Аллаһу та’ала жаман мінездерден болған ысырапқа тыйым салған. Дініміздің бос, әбес, харам нәрселерге, ысырапқа тыйым салуының түбінде адамдардың бақыты, молшылығы, әділеті яғни барлығы бар.

Дінімізде сараңдықтың ысыраптан көбірек жамандалуы ысыраптың сараңдықтай жаман еместігін көрсетпейді. Сараңдықтың көбірек жамандалуы адамдардың мал-мүлік жинауға әуес болуынан. Ысыраптың жамандығын білдіру үшін Аллаһу та’ала былай бұйырған:

«Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпеңдер! Аллаһу та’ала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді.» (Араф 31)

«Ысырап етпе! Ысырап еткендер шайтанның бауырлары.» (Исра 26, 27)

«Ысырапшыларды опат қылдық» (Әнбийа 9)

«Мал-мүліктерін ысырап еткендерге ешнәрсе бермеңдер!» әмірімен ысырапшыларды жаман түрде сипаттап «Мал-мүліктеріңді сәфихтерге (зауқы, нәпсі үшін ақша шашатындарға) бермеңдер» деп бұйырылған. (Ниса 5)

 

Ысырап та етпеу керек, қысаңшылық та етпеу керек. Бұлардың ортасында болу керек. Бұған үнемділік делінеді. Жомарттық дегеніміз де мал-мүлкін үнемдеп қолдану деген сөз. Аллаһу та’ала: «Сараң болма, ысырап та етпе!» деп бұйырған. (Исра 29)

 

Жомарттарды мақтағанда: «Олар шығынданған кезде ысырап та етпейді, сараңдық та етпейді. Екеуінің арасында орта жолды тұтады.» (Фурқан 67)

 

Хадис шәрифте былай делінеді:

«Ішіп-жеңдер, киініңдер және садақа беріңдер. Бірақ ысырап және тәкаппарлықтан сақтаныңдар!» (Бұхари)

 

Ысыраптың зияндары – ысырап еткендердің шайтанға, перғауынға, хазреті Луттың жаман қауымына ұқсатылуы және Аллаһу та’аланың бұларды жақсы көрмеуі және бұларға сәфих деуі және ахыретте азап шегулері, дүниеде төмен, мұқтаж жағдайға түсулері және өкінулері.

 

Ысыраптың жаман болуының бірінші себебі мал-мүліктің қадірлі болуында. Мал-мүлік Аллаһу та’аланың берген ниғметі. Ахырет үшін көп сауап жинау, ғибадат ету мал-мүлік арқылы жүзеге асады. Дүниемен ахырет мал-мүлікпен көркейеді, оңай болады. Қажылық, жиһад сауаптары мал-мүлік арқылы алынады. Деннің саулығы, қуатты болуы ақшаға, мал-мүлікке сүйенеді. Өзгеге мұқтаж болудан қорғайтын да мал-мүлік. Садақа беру, туыстармен араласу, оларға қамқорлық жасау, кедейлерге көмектесу мал-мүліктің арқасында болатын дүние. Мешіттер, мектептер, ауруханалар, жолдар, су құбырлары, көпірлер салып адамдарға қызмет ету де мал-мүлікпен іске асады. Пайғамбарымыз «Адамдардың ең жақсысы пайдасы адамдарға ең көп тиетіні.» деген. (Кудаи)

 

Адамдарға көмектесу үшін еңбек етіп, ақша табу нәпіл ғибадат жасаудан да үлкен сауап. Жәннаттың биік дәрежелеріне мал-мүлікпен қол жеткізіледі. Мал-мүлік осыншалықты қадірлі болғаны үшін де ысырап ету жаман. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аллаһу та’ала бір құлына мал-мүлік және ілім берсе, бұл құл да харамдардан қашып, туыстарын қуантып, мүлкінен ақысы (үлесі) болғандарды біліп ақысын берсе, жәннаттың биік дәрежелеріне қауышады.» (Тирмизи)

«Мына екі нәрсенің біреуіне қауышқан адамға әуестенсең болады. Біріншісі Аллаһу та’аланың бір адамға Ислам ілімдерін ихсан етіп, ол да әрбір әрекетін соған сәйкес жасайды. Екіншісі Аллаһу та’ала біреуге көп мал-мүлік беріп, бұл адам да мал-мүлкін Аллаһу та’аланың разы болған, ұнатқан жерлеріне жұмсайды» (Мүслим)

«Жақсы адамға мал-мүліктің жақсысы өте керемет жарасады.» (Бәриқа)

 

Суфйан Сәури хазреттері: «Бұл заманда мал-мүлік адамның қаруы. Адам жанын, денсаулығын, дінін, абыройын мал-мүлкімен қорғайды» деген. Үлкен ниғмет болған мал-мүлікті ысырап ету болса, Аллаһу та’аланың ниғметін аяқ асты ету, қадірін білмеу, қолдан жіберу, яғни жақсылықты түсінбегендік, шүкір етпегендік болады. Бұл болса ниғметті берушінің жазғыруына және азап беруіне себеп болатын нәрсе. Ниғметтің қадірі білінбесе, орнымен қолданылмаса, шүкір етілмесе қолдан кетеді. Шүкір етілсе және орнымен қолданылса, қолда қалады және көбейе түседі. Өйткені Ибраһим сүресінің жетінші аяти кәримасында «Шүкір етсеңдер берген ниғметтермді арттырамын» деп бұйырылған.

 

Әртүрлі ысыраптар

Ысырап дегеніміз мал-мүлікті жою, зая кетіру, пайдасыз халге түсіру, дінге және дүниеге пайдалы болмайтын түрде жұмсау деген сөз. Мүлікті теңізге, құдыққа, отқа және қолдан кетуіне себеп болатын жерлерге тастау, оны жою деген сөз. Қолданылмайтын халге түсіру, сындыру, кесу, жемістерді, егінді жинамай шіріту, малдарды суықтан, ұрыдан қорғалатындай жерде ұстамау және суықтан, ыстықтан және аштықтан өлмейтіндей жем-суын бермеу, қарамау да жоюға жатады, бәрі де ысырап болады. Күнә істеу үшін және күнә істелуі үшін берілген мал-мүлік, ақшалар да ысырапқа жатады.

 

Егін және жемістерді жинағаннан кейін бұларды дұрыс сақтамай өздігінен бұзылуына, нәмденіп шіруіне немесе құрт-күйе секілді жәндіктердің жеуіне жол беру де ысырап болып табылады. Нан, ет, ірімшік секілді азықтардың, қарбыз, пияз секілді егін өнімдерінің, миіз, өрік, алма қақтары секілді кептірілген жемістердің, бидай, арпа секілді дақылдардың және киім-кешек, мата, кітап секілді заттардың осылай ысырап етіліп жатқаны көп көрілуде.

 

Дастархан және стол үстіне түскен нан және нан ұсақтарын жинамай тастау да ысырап. Бұл ұсақтарды жинап ит-мысыққа, тауыққа, малға, құстарға және құмырсқа секілді жәндіктерге беру ысырап болмайды. Тамақ пісірерде бұршақ, күріш, нохат секілді дақылдарды жуғанда төгу және төгілгендерді жинап алмай тастап жіберу де ысырап. Киім-кешек, аяқкиім секілді бұйымдарды дұрыс қолданбай, оларды ескірту, тез тоздыру, оларды жырту, жуған кезде кір жуғыш ұнтақты көп қолдану, электрді, газды босқа жағып қою да ысырап болып табылады.

 

Мал-мүлікті құнынан төмен сатып немесе жалға беріп және құнынан жоғары бағаға сатып алып алдану да ысырап болады. Мұндай сауда-саттыққа зәру (мәжбүр) болса немесе көмек беру, садақа секілді ниетпен бұлай істесе ысырап болмайды.

Қарны ашпай тұрып немесе тойғаннан кейін де артығымен жеу ысырапқа жатады. Бірақ қонақ ұялмасын деп үй иесінің тойғаннан кейін де жеуі және оразаны қиналмай тұту үшін сәре уақтында артығымен жеуі ысырап болмайды. Дәмді тағамдар жеу, бағалы, жаңа киімдер кию, үлкен ғимараттар салу және т.б. харам болмаған осы секілді нәрселер халалдан табылып, тәкаппарлық ету және мақтану үшін болмаса ысырап емес. Ахырет ниғметтерін мақсат еткен адамдарға, керектілерге қанағат етіп, артығын жақсылыққа жұмсауы жарасады.

 

Садақа беруде де ысырап бар. Хазреті Сабит бин Қайс бір мезетте 500 ағаштағы құрмалардың барлығын садақаға беріп үйі үшін ешнәрсе қалдырмағанында «Барлығын бермеңдер» деген аят түсті.

 

Қарызынан көп мал-мүлкі болмаған, бала-шағасы қиыншылыққа сабыр ете алмағанымен бұлардың қажеттілігін қамтамасыз ететін мал-мүлкінен артығы болмаған немесе қиыншылыққа төзе алмай тұрып, өзі мұқтаж адамның садақа беруі ысырап болады.  

 

Ысыраптың себептері

1)Сәфахат (босқа мал шашу, ақша жұмсауды білмеу): Көп адамдарды ысырапқа әдеттендіретін ауру. “Сәфих”-тық ақылдың аздығы және жеңілтектігі. Мұның терісіне “Рүшд” делінеді. Бұл ақылдың қуаттылығын білдіреді.

Аллаһу та’ала «Мал-мүліктеріңді сәфихтерге бермеңдер!» дегеннен кейін «Олардың халінде рүшд көрсеңдер, мал-мүліктеріңді беріңдер!» деген. (Ниса 5, 6)

Кейбіреулер сәфих болады. Еңбексіз келетін ақшаға дәніккен жаман достар тарапынан алданады. Сондықтан да жаман достардан аулақ жүруіміз әмір етілген. Кейбір байдың балалары осылайша ысырапқа әдеттеніп, сәфих болуда. Сәфахатқа, шашыла беруге дағдыландыратын тағы бір себеп айналасынан құрмет-іззет көру және мақтау алу.

2)Ысырапты және оның түрлерінің бірнешеуін білмеушілік: Ысырап екендігін білмей, тіпті жомарттық деп ойлап қажетсіз, зиянды жерлерге мал-мүліктің жұмсалуы.

3)Рия, көрсету, мақтану.

4)Селқостық, жалқаулық.

5)Ұялшақтық, жабырқаулық.

6)Діннің үкімдерін ұстанбау

 

  Ысыраптан құтылудың шарасы:

1)Ысыраптың зияндарын білу және бұларды ойлау.

2)Мал-мүлікті қажетсіз, босқа жаратпауға тырысу және сенімді адамына бұл жайтты түсіндіріп, мал-мүлкіне және шығындарын, жаратуларын қадағалауын, ысырап еткенін көргенде өзін ескертуін, тіпті тікелей араласып, алдын алуын өтінуі керек.

3)Ысырапқа себеп болатын нәрселерден қашу.

 

Сұрақ:Бағалы маталардан тігілген киімдерді кию ысырап және харам бола ма?

Жауап:Кейбір адамдар ысыраптың мәнісін білмегендері үшін мубах болған көптеген нәрселерге, сусындарға харам деп айтуда. Харамға халал, халалға харам деп айту өте қауіпті. Ысырап харам. Бірақ әркімнің жеке өз көзқарасымен, өз пікірімен “мына нәрселер ысырап болғаны үшін харам” деп айтуы өте қате. Дінде әркім өз көзқарасын ұстанатын болса, қанша адам бар болса, сонша дін пайда болады. Бұған дін емес, философия делінеді. Егер ислам ғұламаларының үкімдері нақыл етілетін болса, фәтуа берілген қаулы алынатын болса, тек бір ғана үкім шығады.

Мубах болған істерде ниет маңызды. Ниет жақсы болса сауап, жаман болса күнә болады. Бірақ харамдар жақсы ниетпен жасалса да харам болудан шықпайды. Шамасы жететін адамның бағалы матадан киім киюі жаиз. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Аллаһу та’аланың өзі жәмил (көрікті) және жамал иелерін (көріктілерді) жақсы көреді» (Мүслим)

 

“Бахр-ур-раиқ” кітабында былай делінеді:

«Жамал мен жасануды бір-бірімен шатастырмау керек! Жамал – денедегі, киімдегі ұсқынсыздықпен көріксіздікті кетіру, жұрт қатары болу және өзіне бұйырған дүниенің шүкірін орындау мақсатында ниғметтерін көрсету деген сөз. Аллаһу та’ала адамдардың жамал иесі болуын ұнатқан, ондайларды мақтаған. Жамал иесі болу үшін таза, жақсы киіну мубах. Бірақ өзгелердің алдында тәкаппарлану, мақтану үшін жақсы киіну харам болады»

 

Жұрт қатары жақсы киіну

Жамал – ұсқынсыздыққа, өзгелердің жиіркенуіне, мазақ етулеріне, қорлауына себеп болатын нәрселерді орындамау, бұларды жою деген сөз. Жасану (әшекейлену,сәндену) болса - басқаларды қызықтыратын, олардан үстемдік сезіндіретін және мақтанылатын нәрселерді жасау дегенді білдіреді. Жамал иесі болу үшін тұрғылықты жердің әдетінде болған нәрселерден харам болмаған ең жақсы киімді киіну керек. Хазреті Омар «Екі түрлі киімдерің болсын, бірі сәулетті болсын, екіншісі қарапайым болсын. Киімнің сәулетті және таза болуы адамның абыройынан» деген.

 

Ибн Омар хазреттері де “қандай киім киейін?” деп сұраған адамға «Төмен адамдардың мазағына, мәдениетті адамдардың сені кемсітуіне себеп болмайтындай киім ки» деп жауап берген. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Әдемі киініңдер, Аллаһу та’аланың сендерге берген ниғметтерінің белгісі үстілеріңде көрінсін.» (Нәсаи)

«Аллаһу та’ала бір құлына ниғмет бергенінде, әлгі ниғметтің пайдасын сол құлдың үстінде көрінуін жақсы көреді.» (Табарани)

 

Пайғамбарымыз бір рет ұсқынсыз киініп алған адамнан ақшаң, мал-мүлкің бар ма? деп сұрады. Ол адам өзіме жетіп артатын мал-мүлікім бар деп жауап берді. Сонда пайғамбарымыз оған: «Аллаһу та’ала саған бір мүлік бергенінде, бұл ниғметтің баршылығы сенің үсті-басыңда көрініп тұрсын» деді. (Нәсаи)

Хикмет бұлағы бір ғұлама былай дейді: «Сен сондай бір киім тауып ки, үстіңде тұрғанда сен оған емес, ол саған қызмет етсін!»

 

Өзін көрсету үшін киіну

Өзін көрсету және "міне менде бар" деген мақсатта жақсы, сәнді киіну харам болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Сәнденуден қашу иманнан» (Ибн Мажә)

«Аллаһу та’ала қарапайым киім киінген адамды жақсы көреді.» (Бәйһақи)

«Сән және мақтану үшін киген киімін үстінен шешпейінше Аллаһу та’ала оған мейірім етпейді.» (Табарани)

«Өзін көрсетіп тәкаппарлану және мақтану үшін, атақты кісілердің киімін киген адамды Аллаһу та’ала сол киімдерімен бірге отқа тастайды» (Рузәйн)

 

Көргеніміздей өзін көрсетіп мақтану үшін киіну харам, ал жамал үшін, мұсылмандықтың абыройына дақ түсірмеу үшін сәнді де таза киіну мубах.

Киім ескі болса да таза болуы керек. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Йа Айша, мына екі киімді жу, білмеймісің киімдер тәсбих етеді, кірленген кезде тәсбих етулері тоқтайды.» (Ибн Асакир)

 

Маңызды лауазымда отырған немесе маңызды бір кісінің алдына кіретін адамның сәулетті, таза киім киюі керек. Аллаһу та’аланың алдына шыққан кезде бұған бұдан да көбірек мән беру керек! «Әр намаз оқығанда сәнді, таза, жақсы көретін киімдеріңді киіңдер!» деген аяти кәримамен «Әдемі иіс қайғыны, әдемі, таза киім қасіретті азайтады» деген хадис шәрифке мойынсұнуға тырысу керек. Ескі болса да таза киім кию керек! (М. Раббани, Әдәб-үд-дунийа, Бостан)

 

Люкс өмір

Сұрақ: Мұқтаждар бар елде байлардың люкс өмір сүрулері, екі қабат үйлер салуы ысырап және харам емес пе?

Жауап: Зекетін кедейлерге берген және табысын маңдай терімен халалдан тапқан адамның екі-үш қабатты зәулім үйлер салдыруы харам емес. Халал және мүбәрәк. Жалқауланып жатып алу, еңбек етпей, кедей болу немесе тапқан табыстарын харам нәрселерге жұмсап, қарапайым үйшікте тұру да жақсы емес. Мұндай жалқаулардың және мал-мүлкін харамдарға ысырап еткендердің кесірінен неге енді еңбекқорлар кінәлі болсын! Зекетін бергендердің сарайларда, коттедждерде тұрулары, сәнді-сәулетті киінулері, ғылымның тапқан бүкіл жаңа технологияларынан пайдаланулары халал. Аллаһу та’ала «Берген ниғметтерімді қолданғандарды жақсы көремін» және «Еңбек еткенге беремін» деп бұйырған. Еңбек етіп табыс табу ғибадат. Бай болу күнә емес. Аллаһу та’ала шүкір еткен байларды жақсы көреді. Тек бай болғаны үшін өзін ұнатып, өзгелерден жоғары санау харам.

 

Хазреті Зубәйр саудагер еді. Мәдина, Басра, Куфа және Мысырда мал-мүліктері, кең аумақты жерлері және мың қызметшісі бар еді. Түскен пайдаларын кедейлерге тарататын, өлгенінде мұрагерлерінің әр біріне қырық мың дирхам күміс қалды.

 

Хазреті Талха да өте бай еді, күндік табысы мың алтын еді. Сәулетті киінетін, сәнді жүретін, жүзігінде өте бағалы жақұт тасы бар еді.

 

Абдуррахман бин Ауф хазреттері де ажырасқан әйеліне соңғы ауырғанында мирасының жиырма төрттен бір бөлігі берілуін айтқан еді. Оған 83 мың алтын берілді.

 

Хазреті Осман да бай саудагер еді. Тәбук соғысында он мың алтын және мал-мүлік артылған мың түйе беріп Расулуллаһ алейһиссаламның дұғасына қауышты.

Бұлардың төртеуі де “ашараи мубашшара”-дан (жәннатқа баратыны аттарымен аталып сүйіншіленген он кісінің арасынан) еді.

 

Бір замандар зекет, ғанимет және сауда-саттық себебімен Мәдинада кедей адам қалмаған еді. Пайғамбарлардан хазреті Ибраһим, хазреті Дауд және хазреті Сүлейман өте бай еді. Байлық ниғмет. Сахабалардың кедейлерінен көбі, байлар да біз секілді ғибадат етуден басқа, мал-мүліктерімен жақсы істер жасап көп сауап алуда деп шүкір етуші байларға қызығатын. Хадис шәрифте: «Ақыр заманда бай болу бақыт» делінген. (И. Рафии) 

 

Сынған нәрсе

 

Сұрақ: Үйде бір нәрсе сынса, бәленің алдын алады деп айтылып жатады. Өздігінен ешнәрсе сынбаса сындыру керек пе?

Жауап: Бәленің алдын алатыны рас, бірақ сындыру ысырап болады.

 

Сұрақ: Қыс күндерінде ванна біраз жылысын деп ыстық суды ағызып қоямыз. Және суды жапқан кезде, мәселен таң намазға тұрғанда ыстық су біраз ағызғаннан кейін келеді, ыстық су келгенге дейін су босқа ағып тұрады. Бұлар ысырап бола ма?

Жауап: Жоқ мұндай қажеттілік себебімен болғанда ысырап болмайды. Зауқ үшін болса ысырап болады. Ыстық су келуі үшін мәжбүр жағдайда ағызуға болады. Қажеттілік үшін, мәжбүр болған жағдайларда ысырап болмайды.