12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   


Шақыру хаттары

Билеушілерге жіберілген хаттар… Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Худәйбийадан оралғаннан кейін Исламның бүкіл әлемге таралуын, адамдардың тозақ азабынан құтылып, шынайы бақытқа қауышқанын қалады. Өйткені, ол бүкіл жаратылысқа рақымдылық ретінде жіберілген еді. Сол себептен де айналадағы билеушілерге елшілер жіберіп, Исламға шақыруды ойлады. Дыхие Кәлбиді (радиаллаһу анһ) Визанитияға, Амр бин Умәййәні (радиаллаһу анһ) Хабашстанға, Хатиб бин Әбу Бәлтәаны (радиаллаһу анһ) Мысыр әміршісіне елші етіп жіберді. Сондай-ақ, осындай тапсырмамен Салит бин Амрды (радиаллаһу анһ) Йәмамәға, Шужа бин Уәхбті (радиаллаһу анһ) Ғассанға, Абдуллаһ бин Хузафәні (радиаллаһу анһ) Иран билеушісіне жіберді. Бұл елшілер сахабалардың ең таңдаулылары болатын. Келбеттілері, сөзге шешендері болатын. Әр билеушіге бөлек-бөлек Исламға шақыру хаттары жазылды. Пайғамбарымыз хаттардың астына жүзігінің бетінде үш қатар болып «Аллаһу та’аланың Расулы Мұхаммед алейһиссалам» деп жазылған мөрін басты. Билеушілерге жіберілетін елшілер таңертең ұйқыдан тұрғанда пайғамбарымыздың мұғжизасымен баратын елдерінің тілін білетін адамдар болып оянды.

Хабашстанға баратын Амр бин Умәййә Нәжаши Әсхамәдан одан бұрын ол жерге хижрет еткен сахабалардың Мәдинаға қайтарылуын да сұранатын еді.

 

Амр бин Умәййә (радиаллаһу анһ) қысқа уақытта Хабашстанға барып, патша Нәжаши Әсхамәнің алдына барды. Нәжаши тағынан түсіп, хатты үлкен құрметпен қолына алды. Сүйіп, жүзіне, көзіне сүрткеннен кейін ашып оқыды:

Бисмилләһиррахманиррахим!

Аллаһу та’аланың расулы Мұхаммед алейһиссаламнан Хабаш патшасы Нәжаши Әсхамәға!

Тура жолды ұстанған адамға сәлем! Ей әмірші! Саулықта болуыңды тілеп, саған берген ниғметтеріне байланысты Аллаһу та’алаға шүкіршілік етемін. Одан басқа илаһ жоқ. Ол Мәлик (барлық ғаламда биліктің иесі тек Ол ғана), Сәлам (құлдарын барлық қауіптерден қорғаушы), Мүмин (қауіпсіздік орнатушы), Мүхәймин (барлық нәрсені бақылап, қорғаушы).

Иса (алейһиссалам) - Аллаһу та’аланың өте таза, намысты, әр түрлі дүниелік істерден тартынған Мәриямға берген рухы мен сөзі. Осылайша, ол Исаға жүкті болды. Аллаһу та’ала Адам алейһиссаламды құдіретімен қалай жаратса, Исаны да солай жаратқан.

Ей, әмірші! Мен сені теңдесі, серігі жоқ Аллаһу та’алаға иман келтіруге, Оған ғибадат жасауға және маған бағынуға, Аллаһу та’аланың маған жібергендеріне сенуге шақырамын. Өйткені, мен Аллаһу та’аланың осыларды уағыздауға міндетті расулымын.

Енді мен саған керекті уағызды айтып, дүние мен ақырет бақытын насихаттадым. Насихатымды қабылдаңыз. Тура жолға түскендерге сәлем!»

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хатын әдеппен, ұйып тыңдаған әмірші Әсхамә дереу «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһү уә Расулуһү»- деп, шахадат кәлимасын айтып, мұсылман болды. Сосын «Ант етемін, Ол  әһли кітап болған яһудилер мен христиандардың күтіп жүрген, келетіні бұрынғы пайғамбарлар тарапынан хабарлаған пайғамбар болып табылады.

Егер оған баратын мүмкіндігім болғанда міндетті түрде барып, оған қызмет етер едім»,- деді. Хатты құрметпен бір қорапқа салып, «Бұл хаттар бұл жерде тұрғанда Хабаштан қайыр мен береке кетпейді»,- деді.

Пайғамбарымыз Нәжашиге екі хат жіберген болатын. Нәжаши Әсхамә басқа хатта көрсетілген бұйрықтарды орындап, пайғамбарымыздың әйелі Үммү Хабиба (радиаллаһу анһа) мен сол жердегі сахабаларды кемелерге мінгізіп, көптеген сыйлықтар беріп, Мәдинаға жіберді. Жауап ретінде жіберген хатында өзінің иман келтіргенін жазған еді.

Хазіреті Дыхие Кәлбиге Византия императорын Исламға шақыру жүктелген болатын. Хатты Бусрадағы Ғассан билеушісі Хариске береді, ал ол билеуші Гераклиусқа жіберетін еді.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) шақыру хатын үлкен құрметпен алған хазіреті Дыхие тез арада Бусраға барды. Хариспен кездесіп, жағдайды айтты. Харис Дыхиенің (радиаллаһу анһ) қасына әлі мұсылман болмаған Ади бин Хатәмді қосып беріп, ол кезде Құдыста болған Гераклиусқа жіберді. Екеуі Құдысқа барып, императорға жолығу үшін келгендерін білдіргенде императордың адамдары оған «Әміршімізге барған кезіңде басыңды төмен иіп жүресің, жақындаған кезде жерге жатып, сәжде жасайсың. Сәждеден тұруыңа рұқсат бермейінше басыңды көтермейсің»,- деді. Бұл сөздер хазіреті Дыхиеге (радиаллаһу анһ) ауыр келіп, оларға: «Біз, мұсылмандар Аллаһу та’аладан басқа ешкімге сәжде жасамаймыз. Және де адамның адамға сәжде жасауы оның жаратылысына теріс келеді»- деді. Осы кезде императордың адамдары «Олай болса император сенің әкелген хатыңды ешқашан қабылдамайды және сені алдынан қуып шығады» деді. Хазіреті Дыхие (радиаллаһу анһ): «Біздің пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам басқа адамның өзіне сәжде жасамақ түгілі сәл иілуіне де рұқсат бермейді. Оған жолыққысы келген адам құл болса да оған ілтипатпен қарайды. Алдына шақырып, тілегін тыңдайды, көңілін аулап, мәселесін шешеді. Сондықтан да Оған бағынғандардың барлығы азат, қадірлі»- деді. Бұл сөздерді тыңдағандардың бірі: «Ақыры императорға сәжде жасамайтын болсаң, онда міндетіңді атқаруыңа басқа жол көрсетейін. Императордың сарайының алдында демалатын бір жері бар. Күнде түстен кейін сол аулаға шығып жүреді. Сол жерде бір мінбе бар. Оның үстінде бір жазу бар болса, алдымен соны алып оқиды, сосын демалады. Сен қазір барып, хатты сол мінбеге қой да сыртта күт. Хатты көрген соң сені шақыртады. Сол кезде тапсырмаңды орындарсың»- деді. Сөйтіп, хазіреті Дыхие хатты айтылған жерге қойды. Гераклиус хатты алып, арабша білетін тілмаш сұрады. Тілмәш Пайғамбарымыздың хатын оқи бастады. Хаттың ең басында «Бисмилләһиррахманиррахим! Аллаһу та’аланың Расулы Мұхаммед алейһиссаламнан Византиялықтардың көсемі Гераклиусқа» деп жазылған еді. Гераклиустың бауырының баласы Йәннак хаттың бұлай басталғанына қатты ашуланып, тілмәштың кеудесінен жұдырықпен салып қалады. Тілмәш жерге құлап, хат қолынан түсіп кетеді. Гераклиус Йәннакқа «неге бұлай жасадың?» деп сұрағанда ол: «Хатты көрмей тұрсың ба? Хатты сенің атыңнан бұрын өзінің атымен бастапты, әрі сенің әмірші екеніңді айтпай, «Византиялықтардың көсемі Гераклиус» депті. Неге «Әміршісі» деп жазбаған және неге алдымен сенің есіміңді жазбаған? Оның хатын бүгін оқымаймыз»- деді. Содан соң Гераклиус: «Уаллаһи, сен өте ақылсызсың немесе жындысың. Сенің мұндай екеніңді білмейтін едім. Мен әлі хатта не бар екенін көрместен жыртып тастағың келіп тұр ма? Ант етемін, егер Ол өзі айтқандай Аллаһтың елшісі болса, хатына менің атымнан бұрын өзінің атын жазуы және мені византиялықтардың көсемі деп айтуы өте орынды. Мен тек олардың иесімін, әміршілері емеспін»- деп, Йәннакты алдынан қуып шықты. Сосын христиандардың ең білгірі, басшысы және өзінің кеңесшісі болған Ускуф деген адамды шақыртты. Оған хатты оқытты. Хаттың арғы жағында былай жазылған еді: «Аллаһу та’аланың тура жолына түскендерге сәлем! (Ей, Византиялықтардың көсемі!) Сені Исламға шақырамын. Исламды қабылда, игілікте боласыңдар. Мұсылман бол, Аллаһу та’ала саған екі есе сый берсін. Егер жүзіңді теріс бұрсаң барлық христиандардың обалы саған. Оларға «Ей, кітап иелері! (яһудилер мен христиандар) Арамызда ортақ сөзге келіңдер. Ол Аллаһу та’аладан басқа ешнәрсеге табынбаймыз және ешкімді жаратушы Раббы деп танымаймыз» деп айт. Егер бұл сөзден теріс айналса «Куә болыңдар. Біз мұсылманбыз» деңдер» («Али Имран» сүресі, 64). Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хатын оқып жатқанда Гераклиустың маңдайынан тер сорғалаған еді. Хатты оқып біткен кезде «Сүлеймен алейһиссаламнан кейін мен осылай «Бисмилләһиррахманиррахим» деп басталатын хат көрген жоқпын» деді. Гераклиус Ускуфтан бұл туралы пікірін сұрағанда «Уаллаһи, Ол - Мұса мен Исаның (алейһимуссалам) бізге келетінін сүйіншілеген пайғамбар! Біз Оның келуін күтіп жүр едік»,- деді. Гераклиус: «Сен маған не істеуді ұсынасың?»- деп сұрады. Ускуф: «Оған бағынуыңды лайық деп санаймын»- деп жауап берді. Гераклиус: «Мен сенің айтқан нәрсеңді өте жақсы білемін. Бірақ, оған бағынып, мұсылман болуға күшім жетпейді. Өйткені, мен билігімнен айрыламын және адамдар мені өлтіреді»- деді. Осыған орай хазіреті Дыхие мен Ади бин Хатәмді шақыртты. Ади: «Ей, әмірші! Ұсақ малдары мен түйелері араптардан болған мына адам елінде болған таңқаларлық оқиға туралы айтады»- деді. Гераклиус: «Ол не?» деп сұрады. Хазіреті Дыхие (радиаллаһу анһ): «Арамыздан бір адам шықты. Өзінің пайғамбар екенін жариялады. Халықтың бір бөлігі оған бағынуда, бір бөлігі қарсы шығуда. Бізбен (сенгендермен) сенбегендердің арасында шайқастар болуда»- деді.

Осыдан соң Гераклиус пайғамбарымыз туралы сұрастыра бастады. Шам әкіміне бұйрық беріп, пайғамбарымыздың тегінен бір адамды табуды бұйырды. Сосын өзінің досы болған және ибрани тілін білетін Римдегі бір ғалымға хат жазып, бұл туралы сұрады. Римдегі досынан бұл адамның ақырзаман пайғамбары екенін білдірген хат келді. Шам әкімі саудаға барған бір құрайыш керуеніне жолықты. Олардың ішінде әлі мұсылман болмаған, құрайыштың басшысы Әбу Суфйан бар болатын. Әбу Суфйан былай дейді: «Біз Ғаззәде болған кезімізде Гераклиустың Шам әкімі бізге екпіндеп келіп, «Сендер мына Хижаздағы адамның тегіненсіңдер ме?» деп сұрады. «Иә» дедік. «Бізбен бірге императордың алдына барасыңдар» деді. Оларды Гераклиустың алдына алып барды. Ол кезде Гераклиус Құдыстағы бір шіркеуде болатын. Уәзірімен бірге отырып, басына тәжін киген еді. Гераклиус Әбу Суфйан мен қасындағы отыз шақты меккеліктерді осы жерде қабылдады.

          Тілмәш шақырып, оларға «араларыңда пайғамбар екенін айтқан адамға тек жағынан ең жақын кім бар?» деп сұрады. Әбу Суфйан «Мен» деп жауап берді. Гераклиус: «Туыстық жақындығың қандай?»- деп сұрады. Ол «Көкемнің баласы» деп жауап берді. Гераклиус оны қасына жақын шақырып, қалғандарын оның артына тұрғызды. Әбу Суфйан алғашында өтірік қосып сөйлегенімен, кейін Гераклиустың ескертуімен қорқып, өтірік айта алмады. Араларында мынадай әңгіме өтті. Гераклиус:

- Араларыңда одан бұрын пайғамбар екенін айтқан адам болды ма?

- Болған жоқ.

- Пайғамбар екенін айтқан адамның тегі қандай?

- Ол – дәуіріміздің ең тектісі. Тек жағынан ең таңдаулымыз.

- Оның аталарының бірі әмірші болған ба?

- Жоқ.

- Оған халықтың танымал адамдары бағынуда ма? Әлде кедейлер мен әлсіздер ме?

- Оған бағынғандар кедейлер, әлсіздер, жастар мен әйелдер. Үлкендер мен танымалдардан бағынғандар аз.

- Оған бағынушылар артуда ма әлде азаюда ма?

- Артуда.

- Оның дініне кіргеннен кейін ұнатпай немесе ашуланып шыққан адам бар ма?

- Жоқ.

- Пайғамбар екенін айтпастан бұрын ол өтірік айтқан ба?

- Жоқ.

- Ол пайғамбардың антын бұзған, сөзінде тұрмаған кезі болды ма?

- Жоқ. Бірақ біз біраз уақытқа соғыспай, келісім шарт жасастық. Бұл мерзім ішінде оның не істейтінін білмейміз.

- Ол сендерге нені бұйырады?

- Жалғыз Аллаһу та’алаға ғибадат жасауды, Оған ешнәрсені ортақ етіп қоспауды бұйырады. Ата-бабаларымыздың табынған нәрселеріне табынуға тыйым салады. Намаз оқуды, турашыл болуды, кедейлерге көмек беруді, харамдардан сақтануды, берген уәдеде тұруды, аманатқа қиянат жасамауды және туыстармен араласып тұруды бұйырады.

Шіркеуде осындай әңгіме болып, пайғамбарымыздың хаты оқылды. Гераклиус хатты сүйіп, көзіне сүртіп, басына қойған кезде гректердің арасында шулаған дауыстар шыға бастады. Император Әбу Суфйан мен қасындағы құрайыштықтарды сыртқа шығаруды бұйырды. Әлі мұсылман болмаған Әбу Суфйан бұл жерде ант етіп тұрып, пайғамбарымыздың табысқа қол жеткізетініне сенетінін айтқан еді. 

Хазіреті Дыхие (радиаллаһу анһ) Гераклиустың алдына барып, жағымды дауысымен «Ей, император! Мені саған Бусрадан бір адам (Харис) жіберді, ол сенен қайырлы. Аллаһу та’алаға ант етемін, мені оған жіберген адам (Расулуллаһ) болса  одан да, сенен де қайырлы. Сен менің сөздерімді кішіпейілділікпен тыңдап, айтылған насихаттарды қабылдауың керек. Өйткені, кішіпейілділік жасасаң насихаттарды ұғынасың. Насихаттарды қабылдамасаң ынсапты бола алмайсың!»- деді. Гераклиус «Жалғастыр» деген соң хазіреті Дыхие (радиаллаһу анһ): «Олай болса мен сені Иса алейһиссалам құлшылық еткен Аллаһу та’алаға иман келтіруге шақырамын. Мен сені бұрын Мұса алейһиссалам, одан кейін Иса алейһиссалам келетінін айтып сүйіншілеген үмми Пайғамбарға иман келтіруге шақырамын. Егер бұл мәселелерден хабарың бар болса, дүние мен ақырет бақытына ие болғың келсе, оларды көз алдыңа елестет. Әйтпесе, ақырет бақытынан қол үзіп, күпірлікте қаласың. Мынаны да жақсы біл, Раббың болған Аллаһу та’ала - залымдарды жоюшы және ниғметтерді өзгертуші»,- деді. Гераклиус: «Мен келген жазуды оқымай, ғалымдарымнан білмейтіндерімді сұрап білмей қоймаймын. Бұдан тек қайыр мен игілік көремін. Сен маған ойланып, ақиқатты тапқанға дейін уақыт бер»- деді. Гераклиус содан соң хазіреті Дыхиені қасына алдырып, бетпе-бет сөйлесті. Ішіндегісін ашып айтты: «Мен, сені жіберген адамның кітаптарда келетіндігі туралы айтылған ақырзаман пайғамбары екенін білемін. Бірақ, Оған бағынатын болсам гректер мені өлтіреді деп қорқамын. Сені олардың ең үлкен ғалымдары және менен де қатты құрметтейтін адамдары – Дагатырға жіберейін. Барлық христиандар соған бағынады. Егер ол иман келтірсе гректердің барлығы иман келтіреді. Мен де сол кезде жүрегімдегілерді және сенімімді ашық жариялаймын»- деді.

Содан соң Гераклиус бір хат жазып, хазіреті Дыхиеге (радиаллаһу анһ) беріп, Дагатырға жіберді. Расулуллаһ Дагатырға да хат жіберген болатын. Дагатыр хаттарды оқып, пайғамбарымыздың сипаттарын естіген кезде Оның хазіреті Мұса мен хазіреті Иса хабар берген ақырзаман пайғамбары екеніне күмән жоқ екенін айтып, иман келтірді. Үйіне барып, шықпай отырды. Әр жексенбіде айтатын уағыздарын айтуға үш апта шықпады. Христиандар «Дагатырға не болған, араптармен кездескеннен бері сыртқа шықпады? Оны көргіміз келеді»- деп айқайлады. Дагатыр үстіндегі қара түсті шіркеу киімін шешіп, ақ киім киді. Қолына таяғын ұстап, шіркеуге барды. Халықты жинағаннан кейін орнынан тұрып «Ей, христиандар! Біліңдер, бізге Ахмедтен (алейһиссалам) хат келді. Бізді хақ дінге шақырыпты. Мен анық білемін және сенемін, Ол – Аллаһу та’аланың шынайы расулы»- деді. Христиандар мұны естігенде Дагатырға бас салып, оны шәйіт етті. Хазіреті Дыхие (радиаллаһу анһ) келіп, жағдайды Гераклиусқа баяндады. Гераклиус: «Мен саған айтқан жоқпын ба? Дагатыр христиандардың алдында менен де құрметті және қадірлі. Егер халық  мұсылман болғанымды естісе, мені де солай өлтіреді»- деді.

Бұхаридің «Сахихінде» айтылған және Зүхридің жеткізген хабарында «Гераклиус Хумустағы сарайында гректердің үлкендерін шақыртып, есіктерді жаптырып, биіктеу жерге шығып, былай деді: «Ей, грек қауымы! Сендер бақытқа, тыныштыққа қауышуды және биліктеріңнің сақталып қалуын, хазіреті Исаның айтқанына бағынуды қалайсыңдар ма?» деді. Гректер «Ей, әміршіміз! Бұларға қол жеткізу үшін не істейік?» деп сұрады. Гераклиус: «Ей, грек халқы! Мен сендерді қайырлы бір іс үшін жинадым. Маған хазіреті Мұхаммедтің хаты келді. Мені Ислам дініне шақырды. Уаллаһи, Ол біз күтіп жүрген, келетіні кітаптарымызда жазылған, белгілері анық пайғамбар. Келіңдер, оған бағынып, дүние мен ақыретте игілікке ие болайық»,- деді. Бұған барлығы жаман сөздер айтып, дабырлап сыртқа шығу үшін есікке ұмтылды. Бірақ, есіктер жабық болғандықтан шыға алмады. Гераклиус гректердің бұл әрекетін көріп, Исламнан осыншама қашатындықтарын түсініп, өміріне қауіп төнеді деп қорқаннан «Ей, грек қауымы! Менің айтқан сөздерім сендердің өз діндеріңе қалай берілгендеріңді сынау үшін еді. Діндеріңе берілгендеріңді және мені қуандырған әрекеттеріңді өз көзіммен көрдім»- деді. Осыдан соң гректер Гераклиусқа сәжде етіп, есіктер ашылған соң шығып кетті.

Гераклиус хазіреті Дыхиені шақырып, болған жәйтті айтты. Құнды сыйлықтар берді. Сосын пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір хат жазды. Хатын, дайындаған сыйлықтарын хазіреті Дыхие (радиаллаһу анһ) арқылы пайғамбарымызға жіберді. Гераклиус мұсылман болуды қалаған, бірақ өмірі мен атағын жоғалтудан қорқып, иман келтірмеген болатын. Пайғамбарымызға жазған хатында «Хазіреті Иса сүйіншілеген Аллаһтың Расулы Мұхаммедке гректердің билеушісі Кайзерден! Елшің маған хатты алып келді. Мен сенің Аллаһтың хақ Расулы екеніңе куәлік етемін. Біз сенің атыңның Інжілде жазылғанын көрдік және хазіреті Иса сені бізге сүйіншіледі. Гректерді саған иман етуге шақырсам да олар келіспеді. Мені тыңдағанда бұл олар үшін қайырлы болар еді. Мен сенің қасыңда болып, саған қызмет етуді және аяқтарыңды жууды қалаймын»- деп жазылған еді.

Хазреті Дыхие (радиаллаһу анһ) Гераклиустан кетіп, Хисмаға барды. Жолда Жүзам аймағының Шәнар деген жерінде Хунәйд бин Успен оның баласы және адамдары хазіреті Дыхиені тонады.  Ескі киімдерінен басқа барлық нәрсесін алып қойды. Бұл жерде Дубәйб бин Рәфаә бин Зәйд пен оның тайпасы Исламды қабылдаған болатын. Дыхие (радиаллаһу анһ) оларға барып, болған жағдайды айтқан кезде олар Хунәйд бин Ус пен тайпасына барып, заттардың барлығын қайтарып алды. Содан соң Расулуллаһ Зәйд бин Харисті (радиаллаһу анһ) Хунәйд бин Ус пен оның адамдарына жіберді. Сол аймақтағылардың барлығы иман келтірді. Хазіреті Дыхие Мәдинаға барғанда үйіне соқпастан тіке пайғамбарымызға барды. Есігін қақты. Пайғамбарымыз «Кім бұл?»- деп сұрады. Дыхие «Дыхиетул-Кәлби» деді. Пайғамбарымыз «Ішке кір»-деді. Хазіреті Дыхие (радиаллаһу анһ) ішке кіріп, болған жайттарды айтып берді. Пайғамбарымызға Гераклиустың хатын оқыды: «Ол біраз уақыт әлі де сұлтандық құрады. Менің хатым оларда болған кезде олардың билігі де жалғасады»деді.

Гераклиус хатында пайғамбарымызға иман келтіргенін жазса да пайғамбарымыз «Өтірік айтады. Дінін тастаған жоқ»- деді. Гераклиус пайғамбарымыздың хатын жібек матаға орап, дөңгелек алтын құтының ішіне сақтап қойды. Гераклиустың үйі бұл хатты сақтап, оны сақтап қойғандарын басқалардан жасырды. Бұл хат олардың қолында болған кезде билікті ұстап тұратындықтарын айтып, соған сенетін. Шындығында да солай болған еді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Хатиб бин Әбу Бәлтәаны (радиаллаһу анһ) Мысыр билеушісіне жіберместен бұрын «Ей, сахабаларым! Сыйды Аллаһу та’аладан күту ниетімен мына хатты Мысыр билеушісіне кім апарады?»- деп сұрағанда хазіреті Хатиб орнынан атып тұрып, «Йа, Расулаллаһ! Мен апарамын» деді. Пайғамбарымыз: «Ей, Хатиб! Бұл қызметті Аллаһу та’ала саған құтты етсін!» деді.

Хатиб бин Әбу Бәлтәа (радиаллаһу анһ) хатты пайғамбарымыздан алып, қоштасып, үйіне барды. Жануарын дайындады. Жанұясымен қоштасып, жолға шықты. Мысыр билеушісі Муқауқыстың Александрияда екенін естіп, сарайына барды. Не үшін келгенін сұраған күзетші Хазіреті Хатибке үлкен құрмет көрсетті. Оны күткізбеді. Муқауқыс ол кезде кемеде адамдарымен сөйлесіп отырған болатын. Хазіреті Хатиб (радиаллаһу анһ) бір қайыққа мініп, Муқауқыстың отырған жеріне барып, пайғамбарымыздың хатын берді. Хатты Хатибтен (радиаллаһу анһ) алған Муқауқыс оны оқи бастайды:

«Бисмилләһиррахманиррахим!

Аллаһу та’аланың құлы және расулы Мұхаммедтен Қыбттың (көне Мысыр халқының) көсемі Муқауқысқа! Тура жолға қауышқандарға сәлем! Сені игілікте болуың үшін Исламға шақырамын. Мұсылман бол, игілік тауып, Аллаһу та’аланың екі есе сыйына бөлен. Егер теріс айналсаң бүкіл Кыбттың күнәсі сенің мойныңда. Ей, кітап иесі болған яһудилер мен христиандар! Арамызда ортақ болған сөзге келіңдер. Ол – «Аллаһу та’аладан басқа еш нәрсеге табынбаймыз және Оған еш нәрсені серік етіп қоспаймыз. Аллаһу та’аланы тастап, ішімізден ешкімді жаратушы құдай деп санамаймыз». Егер бұл сөзден теріс айналса «Куә болыңдар. Біз мұсылманбыз» деңдер». («Али Имран» сүресі, 64)

Пайғамбарымыздың хаты оқылғаннан кейін Муқауқыс хазіреті Хатибке «Қайырлысы болсын» деді. Мысыр билеушісі қолбасшыларын, мемлекет адамдарын жинап, Хатибпен сөйлесе бастады. Ол: «Білгім келген нәрселерді сұрап, осылар туралы сенімен сөйлесейік»- деді. Хазіреті Хатиб «Айт, сөйлесейік» дегенде Муқауқыс:

- Сені жіберген адам туралы айт. Ол пайғамбар ма?

- Иә, ол – пайғамбар.

- Ол хақ пайғамбар болса, неге өзін отанынан шығарып, басқа жерді паналауға мәжбүр еткен қауымына қарғыс айтпады?

- Сен Иса бин Мәриям алейһиссаламның пайғамбар екеніне сенеді емессің бе? Өз қауымы оны ұстап, өлтірмек болғанда ол қарғыс айтпады және Хақ та’ала оны әлемнің көгіне көтерді. Алайда, қауымының жойылуы үшін Аллаһу та’аладан қарғыс тілеуі керек емес пе еді? Ол олай жасамады.

- Өте жақсы жауап бердің. Шынында сен хикметке толы адамнан келген елшісің. Бүгін осында қон. Ертең саған жауабымды айтамын.

Хазіреті Хатиб (радиаллаһу анһ) хазіреті Мұса заманындағы перғауынды меңзеп, Муқауқысқа былай деді: Сенен бұрын бұл жерде бір билеуші болған. Ол халқына «Ең үлкен құдай менмін» деп, өзінің тәңір екенін айтқан. Аллаһу та’ала оны дүние мен ақырет азабымен жазалап, одан өш алды. Сен бұдан ғибрат ал да, басқаларға ғибрат болма!

- Біз үшін бір ғана дін бар. Біз бұл дінімізді одан да қайырлысы шықпайынша тастамаймыз.

- Сенің қайырлысы шықпайынша тастамайтыныңды айтқан дініңнен де қайырлы болған дін  – күмәнсіз Ислам. Біз сені Аллаһу та’аланың осы соңғы дініне, Исламға шақырамыз. Аллаһу та’ала дінін сонымен толықтырған, Оны адамдарға жеткілікті еткен және бұл анық. Бұл пайғамбар жалғыз сені емес, бүкіл адамзатты Ислам дініне шақырды. Оған ең көп дөрекі әрекет танытқандар құрайыштар, ең көп дұшпандық жасағандар яһудилер, ал христиандар ең жақын адамдары болды. Аллаһу та’алаға ант етемін, Мұса алейһиссаламның Иса алейһиссаламды сүйіншілеуі Иса алейһиссаламның Мұхаммед алейһиссаламды сүйіншілеуі сияқты. Осыған орай, біздің сені Құран кәрімге шақыруымыз сенің яһудилерді Інжілге шақырғаның сияқты. Әр пайғамбардың өзін түсініп, ұғынатын бір қауымға жіберілгені күмәнсіз. Және ол қауымының осы пайғамбарға бағынуы оған міндет болып жүктелген. Міне, сен де осы пайғамбарға жеткендердің бірісің. Біз сені осы жаңа дінге шақырамыз.

Хазіреті Хатибтің бұл сөздеріне Муқауқыс:

- Мен бұл пайғамбардың жағдайына қарадым. Бұйрықтары мен тыйымдарынан ақылға қайшы келетін еш нәрсе таппадым. Менің түсінгенімше ол сиқыршы, көріпкел және өтірікші емес. Одан кейбір пайғамбарлық белгілерін таптым. Жасырын нәрселерді жарыққа шығару – осы белгілердің бірі. Кейбір сырлардан хабар беру осы адам арқылы пайда болды. Біраз ойланайық деп уақыт сұрады.

Муқауқыс түнде Хатибті оятып, пайғамбарымыз туралы біраз нәрселер сұрағысы келетінін білдірді. Араларында мынадай әңгіме болды:

- Ол туралы сұрайтын нәрселеріме дұрыс жауап берсең үш нәрсе сұраймын.

- Қалағаныңды сұра. Мен саған әрқашан да шындықты айтамын.

- Мұхаммед адамдарды неге шақырады?

- Жалғыз Аллаһу та’алаға ғибадат етуге шақырады. Күніне бес уақыт намаз оқуды, рамазан айында ораза тұтуды, берген уәдеде тұруды бұйырады. Өлген малдың етін жеуге тыйым салады.

- Оның дене-бітімін сипаттап бер.

Хазіреті Хатиб біраз сипатын айтады, біразы айтылмай қалады. Муқауқыс:

- Айтпаған тағы біраз нәрселерің қалды. Оның көзінде аздаған қызылы, арқасында пайғамбарлық мөрі бар. Өзі меркепке (есек) мінеді, жүннен киім киеді, құрма мен еті аз тамаққа қанағат етеді. Оны көкелері немесе көкелерінің ұлдары қорғайды.

- Бұлар да оған тән сипаттар.

Муқауқыс Хатибтен пайғамбарымыз туралы қайтадан сұрады.

- Сүрме қолдана ма?

- Иә, айнаға қарап, шашын тарайды, сапарда айна мен сүрмесін, тарағын, мисуәғын тастамайды.

- Мен келетін бір пайғамбардың қалғанын білетінмін және оны Шамнан шығады деп ойлап жүр едім. Өйткені, бұрынғы пайғамбарлардың барлығы сол жерден шыққан еді. Шындығында соңғы пайғамбардың Арабстаннан, тарлық, жоқшылық елінен шығатынын да кітаптардан оқыған едім. Кітаптарда сипаттары жазылған пайғамбардың келу уақыты да осы уақыт екені күмәнсіз. Біз Оның сипатын кітаптан екі ағайынды қызды бір некеге біріктірмейтін, сыйлықты қабылдап, садақаны қабылдамайтын, кедейлермен бірге отыратын деп оқыған едік. Оған бағыну мәселесінде қыбтилер мені тыңдамайды. Мен билігімнен де айрыла алмаймын. Бұл мәселеде өте сараңмын. Ол пайғамбар елдерге үстем болады, өзінен кейін сахабалары осы жерлерге дейін келеді. Ең соңында осы жердегілерді жеңеді. Мен қыбтилерге бұл сөзімді білдіргім келмейді. Осыдан соң Муқауқыс арабша жаза алатын хатшысын шақырып, пайғамбарымыздың хатына былай деп жауап жаздырды:

«Абдуллаһтың баласы Мұхаммедке қыбтилердің көсемі Муқауқыстан!

Саған сәлем жаусын. Жіберген хатыңды оқыдым. Онда айтқан нәрсеңді және шақыруыңды түсіндім. Мен де бір пайғамбардың келетінін білетінмін. Бірақ, оны Шамнан шығады деп ойлаған едім. Елшіңді сыйлап-күттім. Саған қыбтилердің қасында қадірі жоғары болған екі күң мен киетін киімдер жібердім. Сондай-ақ, мінетін ұрғашы қашыр сыйладым».

Муқауқыс бұдан басқа ештеңе істемеді, мұсылман да болған жоқ. Хазіреті Хатибті Мысырда бес күн қонақ етті. Көп қошемет, құрмет көрсетті. Сосын «Енді еліңе, қожайыныңа қайт. Оған екі күң, екі мініс жануар, мың мысқал (бір мысқал 4,8 гр) алтын, жиырма мысырша безендірілген киім мен басқа да сыйлықтар жіберуді бұйырдым. Саған жүз динар және бес киім беруді бұйырдым. Енді жолың ашық, бірақ қыбтилер сенің аузыңнан бір сөз де естімейтін болсын»,- деді.

Муқауқыс пайғамбарымызға сонымен қатар бір мөлдір стақан, хош иісті бал, сәлде, мысырлық зығыр матасы, иіссулар, аса таяқ, ыдыста сүрме, гүл майы, тарақ, қайшы, мисуәк, айна, ине және жіп те беріп жіберді.

Муқауқыс Ислам елшісі Хатиб бин Әбу Бәлтәаның жанына қорғаушы әскерлер қосып жіберді. Арабстан жеріне аяқ басқан кезде Мәдинаға бара жатқан керуенге жолықты. Хатиб (радиаллаһу анһ) Муқауқыстың әскерлерін кері қайтарып, сол керуенге қосылды. Хатиб бин Әбу Бәлтәа (радиаллаһу анһ) сыйлықтармен Мәдинаға келіп, пайғамбарымыздың алдына барды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Муқауқыстың сыйлықтарын алды. Хатиб (радиаллаһу анһ) Муқауқыстың хатын беріп, сөздерін жеткізгенде пайғамбарымыз «Қандай жаман адам! Билігін қимады. Ал негізінде иман келтіруіне кедергі болған бұл билігі өзінде қалмайды»- деді. 

Муқауқыстың пайғамбарымызға сыйлық ретінде жіберген екі күңі Мария мен сіңлісі Шырын болатын. Хатиб бин Әбу Бәлтәа (радиаллаһу анһ) жолда оларға мұсылман болуды ұсынғанда олар қабыл етіп, мұсылман болған болатын. Пайғамбарымыз хазіреті Марияның мұсылман болғанына қатты қуанып, онымен некесін қидырды. Одан Ибраһим деген баласы болды. Шырынды (радиаллаһу анһа) сахабаларынан Нәби ақыны болған Хассан бин Сабитке (радиаллаһу анһ) берді. Асыл тұқымды ақ түске жақын сұрғылт түсті екі жануардың ішіндегі қашырға Дүлдүл, есекке Уфәйр немесе Яфур деп ат қойылды. Сол кезге дейін Арабстанда ақ қашыр кездеспеген еді. Мұсылмандардың көрген алғашқы ақ түсті қашыры Дүлдүл болды. Пайғамбарымыз сыйға берілген мөлдір стақанмен су ішетін.

Муқауқыс пайғамбарымыздың хатын құрметтеп ұстап, пілдің тісінен жасалған ыдысқа салып қойды. Ыдысты мөрлеп, күңдерінің біріне берді. Аталмыш бұл хат 1267 (м.1850) жылы Мысырдың Ахмин аймағында көне монастырдағы Қыбт кітаптарының арасында тұрған және оны Осман падишахы 96-халифа Сұлтан Абдулмажит хан сатып алып, Стамбул Топкапы сарайы Қасиетті аманаттар бөліміне қойылған.

Иран билеушісіне Абдуллаһ бин Хузафә (радиаллаһу анһ) жіберілген болатын. Хазіреті Абдуллаһ тәкаппар Иран патшасына пайғамбарымыздың хатын ұсынғанда оны оқу үшін хатшысына берді.

«Бисмилләһиррахманиррахим!

Аллаһу та’аланың расулы Мұхаммедтен  (алейһиссалам)  парсылардың көсемі Кисраға..» Хатшы осы жерге дейін оқыған кезде тәкаппар патшаның қаны басына шауып, ашуланып, хатты алып жыртып тастады. Хаттың пайғамбарымыздың атымен басталғанынан қатты ашуланған еді. Ислам елшісі Абдуллаһ бин Хузафәні (радиаллаһу анһ) алдынан қуғысы келген кезде хазіреті Абдуллаһ Кисра мен жанындағы жиналған отқа табынушыларға былай деді: «Ей, парсы халқы! Сендер пайғамбарларға сенбейсіңдер. Кітаптарды қабылдамайсыңдар. Мына топырақтарда санаулы күндеріңді өткізіп, түс сияқты өмірді сүріп жатырсыңдар!

Ей, Кисра! Сенен бұрын қаншама билеушілер осы таққа отырып, билік құрды. Аллаһу та’аланың бұйрығын орындағандар ақыретте табысқа жетіп, орындамағандар илаһи азапқа ұшырап, дүниеден көшті.

Ей, Кисра! Мына хат негізінде сен үшін үлкен ырыс еді. Оны менсінбедің. Аллаһу та’алаға ант етемін, сол менсінбеген дінің осы жерге келген кезде қашатын жер іздейсің». Сосын сарайдан шығып, ол жерден тез кетіп қалды. Мәдинаға барып, жағдайды пайғамбарымызға айтқанда «Аллаһым! Ол менің хатымды қалай паршаласа, сен де оны және мүлкін солай паршала»- деді.

Аллаһу та’ала Расулының дұғасын қабыл етіп, Кисраны өзінің баласы бір түнде қанжармен паршалап өлтіреді. Хазіреті Омар дәуірінде бүкіл Иран жері басып алынып, мұсылмандардың қолына өтті.

Шужа бин Уәхб Ғассан әміршісі Харис бин Әбу Шимрге жіберілген болатын. Шужа (радиаллаһу анһ) алдымен билеушінің есігінде тұратын күзетшімен сөйлесті. Оны Исламға шақырғанда ол қабыл етіп, пайғамбарымызға сәлемі мен құрметін білдірді. Еш күттірместен хазіреті Шужаны әміршісімен кездестірді. Харис бин Әбу Шимр хатты оқып, ашуланып жерге лақтырды. Хазіреті Шужа дереу Мәдинаға кері оралып, жағдайы пайғамбарымызға баяндады. Пайғамбарымыз хаттың жерге лақтырылғанына ашуланып «Сұлтандығы жоқ болсын!» деді. Қысқа уақыттан соң Харис бин Әбу Шимр өліп, елі бөлшектенді.

Салит бин Амр (радиаллаһу анһ) Йәмамә билеушісі Хәузә бин Әлиге жіберілген болатын. Хәузә христиан болатын. Пайғамбарымыз хатында былай деген еді:

«Бисмилләһиррахманиррахим!

Аллаһу та’аланың расулы Мұхаммедтен (алейһиссалам) Хәузә бин Әлиге!

Тура жолға түскендерге сәлем жолдаймын. (Ей, Хәузә!) Білесің, Ислам аттар мен түйелер бара алатын ең алыс жерлерге дейін таралады, барлық діндерді жеңеді. Сен де Исламды қабылда, сонда сен игілікте боласың. Мұсылман болсаң қол астыңдағы жерлерді басқаруды саған қалдырамын».

         Йәмамә билеушісі Хәузә бұл шақыруды қабылдаудан бас тартты. Билік пен дәреже оның көзін шел болып басқан еді. Сол себептен пайғамбарымыздың дұғасын алудай ұлы игіліктен құр қалған еді. Ислам елшісі Салит бин Амр (радиаллаһу анһ) рақымдылық етіп, «Ей, Йәмамә билеушісі Хәузә! Сен осы тайпаның үлкен адамысың. Сен үлкен деп санаған патшаларың өліп, топырақ болды.

Нағыз ұлылар болса - Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтанып, жұмаққа ие болған адамдар. Бұл қауым иман келтіру құрметіне ие болса, оларды өзіңнің қате сеніміңмен тура жолдарынан адастырма. Дұрысы, мен саған Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындауды, тыйымдарынан сақтануды ұсынамын. Аллаһу та’алаға иман етіп, бұйрықтарын орындасаң жұмаққа кіресің. Шайтанға бағынсаң тозақта қаласың.

Егер осы насихаттарды қабылдасаң, қорыққан нәрселеріңнен амандықта болып, үміт еткендеріңе қол жеткізесің. Егер насихаттарымды қабылдамасаң бұл жерде істейтін ешнәрсем қалған жоқ. Қалғанын сен білесің»,- деді.

Хәузә Ислам елшісінің бұл сөздерін де тыңдамады. Салит бин Амр (радиаллаһу анһ) енді Йәмамәде қалудың қажетсіз екенін түсініп, тез Мәдинаға қайтты. Пайғамбарымызға жағдайды айтты. Пайғамбарымыз бұл жағдайға ренжіді. Қысқа уақыттан кейін Хәузәнің өлгені туралы хабар келді. Сұлтандыққа деген құштарлығы тозақ шұңқыры болған қабірінде жойылды.

Осылайша, алты Ислам елшісі міндеттерін атқарып, үлкен мемлекеттерге Исламның бар екендігін хабарлаған болатын. Оларға шынайы бақытты хабарлап, қиямет күнінде «Біз естімедік» деулеріне жол бермеді. Хабаш билеушісі Әсхамә (радиаллаһу анһ) мұсылман болып, сахабаларды көру, пайғамбарымыздың дұғасын алу құрметіне ие болды. Грек императоры Гераклиус пен Мысыр сұлтаны Муқауқыс мұсылман болмады, бірақ келген хаттарға құрмет көрсетіп, пайғамбарымызға сыйлықтар жіберген болатын. Ғассан мен Иран билеушілері елшілерге жақсы қатынас жасамай, дұшпандықтарын айқын көрсеткен еді. Йәмамә билеушісі болса Ислам елшісіне жылы мәміле танытқан.