8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сүннет - Бидғат / Тәсбих тарту бидғат па?

Тәсбих тарту бидғат па?

Сұрақ: Электронды санағышпен тәсбих тарту, зікір ету бидғат па?

Жауап: Санау ғибадат емес, әдет болып табылады. Түйеге міну зауаид сүннет болып табылады. Машинаға, ұшаққа міну әдет болып, сүннетке қайшы емес. Осы сияқты механикалық және электроникалық құралдармен тәсбих тарту да бидғат емес. Тек, бұл құралдарды адамдардың арасында қолдану адамдардың көңілін аударады. Рияға, фитнаға себеп болуы мүмкін, өз-өзін көрсету сияқты мақтануға алып баруы мүмкін. Осы тұрғыдан ондай құралдармен тәсбихті қалтада немесе ешкім жоқ жерде тарту керек. Кәдімгі тәспілермен де, электроникалық тәспілермен де тәсбих тарту бидғат емес. Ибни Абидин хазреттері былай дейді:

Расулуллаһ алейһиссалам бір әйелдің тәсбихтерді дәндермен санап жатқанын көрген, бірақ тиым салмаған. Бұл, тәсбихтерді таспен, дәнмен және тәспімен санаудың жаиз екенін көрсетуде. Дәлелі мынау: Әбу Даудтың, Тирмизидің, Нәсаидың, Ибни Хиббанның және Хакимнің Саид бин Әби Уаққастан (радиаллаһу анһ) риуаят еткен хадис шәрифте Расулуллаһ бір әйелдің дәнмен немесе ұсақ тастармен тәсбих тартқанын көрсе де тиым алмағанын білдіруде. (Рәддул Мухтар)

Пайғамбарымыз алейһиссалам істің негізін білдіретін. Мысалы «Азанды жоғары жерде оқыңдар» деп бұйырған. Осы үшін мұнарада азан оқу сүннетке қайшы деп айтылмайды. Тәсбихті құрма дәнімен, жиде дәнімен немесе ұсақ тастармен санау сүннетке қайшы емес. Бір ғалымның басынан өткен оқиғасы мұны жақсы ашықтайды:

«Мектепте ұстаз болып жүргенімде бір оқушы «Ұстаз, соғыста өлген мұсылман шәһид бола ма?» деп сұрады. «Иә, болады» деп жауап бердім. «Пайғамбарымыз бұны айтқан ба?» деп сұрады. «Иә» дедім. «Теңізде тұншыққан, ұшақтан, тікұшақтан құлап өлген мұсылман да шәһид бола ма?» деп сұрады. «Иә, шәһид болады» деп жауап бердім. «Пайғамбарымыз бұларды да білдірген бе?» деді оқушы. «Иә, білдірген» дедім. Сонда оқушы «Ұстаз, пайғамбардың уақытында ұшақ пен тікұшақ бар ма еді?» деді. «Пайғамбарымыз Жамиул кәлим еді, яғни көп нәрсені бір сөйлеммен, бір сөзбен білдіретін. Пайғамбарымыз “Биіктен құлаған адам шәһит болады” деген.» дедім. Оқушы «Енді түсіндім» деді.»

Демек, аттан құласын, мұнарадан құласын, аспалы жолдан құласын биіктен құласа болды, шәһит болады. Пайғамбарымыздың уақытында мұнара мен аспалы жол жоқ еді делінбейді.