19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   


ДӘРЕТ БАБЫ

Дәреттің парыздары Ханафиде төрт, Маликиде жеті, Шафии мен Ханбалида алты. Ханафидегі дәреттің парыздары:

1) Бетті жуу.

2) Қолдарын шынтақтарымен бірге жуу.

3) Басының төрттен бір бөлігіне мәсіһ тарту.

4) Аяқтарын тобықтарымен бірге жуу.

Сондай-ақ дәрет төртке бөлінеді: парыз, уәжіп, сүннет, мәндуб.

Парыз болған төрт дәрет: Мусхафты (Құран кәрім кітабын) ұстау үшін, бес уақыт намазды оқу үшін, жаназа намазын оқу үшін және тиләует сәждесін жасау үшін дәрет алу.

Уәжіп болғаны: Зиярат тауафын жасау үшін дәрет алу.

Сүннет болғандары: Жаттанды түрде Құран оқу үшін, қабір зияраты үшін және ғұсылдың алдында дәрет алу.

Мәндуб болғаны: Ұйқыға жатарда, ұйқыдан тұрғанда және өтірік пен ғайбат айтқан кезде, шәһуеттенуге (қозуға) себеп болатын әуен тыңдағанда бұл нәрселерге тәубе мен истиғфар етіп, дәрет алу мәндуб болып табылады.

Сондай-ақ, ілім мәжілісіне барарда дәретпен бару және дәрет алғаннан кейін дәретсіз жаиз болмаған бір істі орындаған болса [мәселен намаз оқыған болса] дәрет бар кезде қайта дәрет алу мәндуб. Егер орындамаған болса, дәрет бар кезде дәрет алуы мәкрух болады.

 

Судың түрлері жайында

Сулардың төрт түрі бар: ма-и мутлақ, ма-и муқаййад, ма-и мәшқуқ, ма-и муста’мәл.

1) Ма-и мутлақ – жаңбыр суы, теңіз суы, бұлақ суы және құдық суы. Бұл сулар ластықты тазартады. Не істесең де жарамды.

2) Ма-и муқаййад – қауын-қарбыздың суы, өсімдік суы, гүлдің суы мен осыларға ұқсағандар.

Бұл сулар ластықты тазартады. Бірақ дәрет пен ғұсыл алу үшін қолданылмайды.

3) Ма-и мәшқуқ – есектің және анасы есек болған қашырдың ішкен суының артылғанына айтылады.Бұл сумен әрі дәрет, әрі ғұсыл алу жаиз. Қайбірін әуелі істесе де өз еркінде.

4) Ма-и муста’мәл – қолданылып, жерге түскен су ма, әлде денеден бөлінген су ма? Бұл жөнінде келіспеушілік бар. Негізге алынғаны – денеден бөлінген су. Және мұның өзінде үш қаулы бар. Имам Ағзамның “рахимә-һуллаһу та’ала” үкімі бойынша ауыр нәжіс. Имам Әбу Юсуфтың “рахимә-һуллаһу та’ала” үкімі бойынша жеңіл нәжіс. Имам Мұхаммедтің “рахимә-һуллаһу та’ала” үкімі бойынша таза. Негізге алынғаны да осы қаулы.

Дәреттің тоғыз вужуб шарты бар:

1) Мұсылман болу.

2) Балиғатқа толу.

3) Ақылды болу.

4) Дәретсіз болу.

5) Дәрет суының таза болуы.

6) Дәрет алуға шамасының (күшінің) жеткілікті болуы.

7) Хайзды болмау.

8) Нифас жағдайында болмау.

9) Әр намаз уақытының ішінде болу. [Бұл тоғызыншы пункт үзірлі адам үшін.]

 

Дәреттің сүннеттері

Жиырма бес түрі баяндалған.

1) «Әузу...»-ды айту.

2) «Бисмиллаһ»-ты айту.

3) Қолдарды (білектен төмен жағы) жуу.

4) Саусақтарының арасын жуу.

5) Ауызды шаю.

6) Мұрынды шаю.

7) Ниет ету. Ханафиде бетті жуған кезде ниет ету парыз емес, сүннет. Шафииде парыз. Маликиде қолдарды жуып жатқанда ниет ету парыз.

8) Құбылаға қарау.

9) Сақалдың арасын саусақтарымен тарамдау [егер қалың болса].

10) Сақалды мәсіһ ету.

11) Оң жақтан бастау.

12) Сол қолының кішкентай саусағымен оң аяқтың кішкентай саусағынан бастап, ретімен араларын хилалдау (жуу).

13) Басқа толығымен мәсіһ тарту.

14) Басынан артылған сумен құлақтарды және мойынды мәсіһ ету.

15) Тәртіпке мән беру.

16) Арасын үзбей, бірінен соң бірін жуу.

17) Басқа мәсіһ тартатын кезде алдынан бастау.

18) Мисуак қолдану.

19) Көздің айналасына және қастарға су тигізу.

20) Дәлк, жуылатын жерлерді ысқылау.

21) Дәретті биіктеу жерде тұрып алу.

22) Дәретте жуылатын мүшелерді үш реттен жуу.

23) Дәрет алып болған соң құмғанды толтыру.

24) Дәрет алып жатқанда дүниелік сөздер айтпау.

25) Әрдайым осындай ниетте болу.

 

Мисуак қолдану

Сондай-ақ, мисуак қолданудың он бес пайдасы бар. Бұл пайдалары«Сираж-ул уәһһадж»-дан алынып, төменде көрсетілді.

1) Өлер кезде калима-и шаһадат айтуға себеп болады.

2) Тіс еттерін бекемдейді.

3) Қақырықты кетіреді.

4) Өт жұмысын реттейді.

5) Ауыз қуысы ауруларын кетіреді.

6) Ауыздың жағымсыз иістерін кетіреді.

7) Аллаһу та’ала одан разы болады.

8) Бас тамырларын қуаттандырады.

9) Шайтан ренжиді.

10) Көздер нұрланады.

11) Игіліктері мен жақсылықтары артады.

12) Сүннетпен амал еткен болады.

13) Ауыз пәк, таза болады.

14) Фасих-ул-лисан, яғни ашық, көркем және мәнді сөйлейтін болады.

15) Мисуак қолданып оқылған екі рәкат намаздың сауабы жетпіс рәкат намаздың сауабынан да артық болады.

 

Дәреттің мүстаһабтары

Алтауы төменде:

1) Көңілмен жасалған ниетті тілмен айтпау.

2) Құлақты мәсіһ еткеннен кейін артылған сумен мойынды мәсіһ ету.

3) Аяқтарды құбылаға қарай созып жумау.

4) Мүмкін болса, дәреттен артылған суды құбылаға қарап, түрегеп тұрып ішу.

5) Дәреттен кейін шалбарына біраз су себу.

6) Пәк және таза сүлгімен сүртіну.

Ибн Абидин дәретті бұзатын нәрселерді баяндағанда былай деген: «Өз мазһабында мәкрух болмаған бір нәрсе, басқа мазһабта парыз болса, мұны жасау мүстаһаб болады.» Имам Раббани 286-шы хатында былай деген: «Малики мазһабында дәретте жуылатын мүшелерді ысқылау парыз болғандықтан, біздің де міндетті түрде ысқылауымыз қажет.» Ибн Абидин рижи талақты баяндаған кезінде былай деген: «Ханафи мазһабында болған адамның Малики мазһабын тақлид еткені жақсы. Өйткені, имам Малик Имам Ағзамның шәкірті сияқты. Бір мәселеде Ханафи мазһабында бір қаулы жоқ болған кезде, Ханафи ғалымдары Малики мазһабы бойынша пәтуа берген. Мазһабтар арасында Ханафиге ең жақын болғаны – Малики мазһабы.»

 

Дәреттің мәкрухтары

Он сегізі төменде:

1) Бетке суды қатты ұрып жуу.

2) Дәрет алатын суға үрлеу.

3) Үш реттен аз жуу.

4) Үш реттен артық жуу.

5) Дәрет алатын суға түкіру.

6) Суға сіңбіру.

7) Ғарғара жасағанда (тамақты шайғанда) тамағына су жіберіп қою.

8) Арқасын құбылаға қарату.

9) Көзді жұму.

10) Көзді үнемі ашып тұру.

11) Солдан бастау.

12) Оң қолмен сіңбіру.

13) Сол қолмен ауызды шаю.

14) Сол қолмен мұрынға су алу.

15) Аяқпен жерді ұру.

16) Күнге жылыған сумен дәрет алу.

17) Ма-и муста’мәл судан сақтанбау.

18) Дүниелік сөздер сөйлеу.

 

Дәретті бұзатын нәрселер

Бұл тұрғыда жиырма төрт жағдай баяндалған:

1) Арттан шығатын нәрселер.

2) Алдынан шығатын нәрселер.

3) Құрт және майда тас сияқты нәрселер алдынан немесе артынан шықса.

4) Клизма жасату.

5) Әйелдердің жынысық мүшелеріне құйылған дәрі кері ақса.

6) Бір адамның құлағына құйылған дәрі ауызынан шықса бұзады. [Құлағынан немесе мұрнынан шықса бұзбайды. (Хиндийа)]

7) Бір адамның зәр шығару жолына қойылған мақта суланып түскен болса [мақтаның бір бөлігі сыртта қалып, сыртқы бөлігі құрғақ болса, түспегенше бұзбайды.]

8) Мақта түссе немесе сыртта қалған бөлігі суланған болса.

9) Ауыз толтырып құсу. Қақыру, көп болса да бұзбайды. Ұйықтап жатқан адамның ауызынан аққан су сары болса да таза болып табылады.

10) Ауру себебімен көзден жастың ағуы бұзады. Жылаумен, пияз сияқты нәрселердің әсерімен ағатын болса бұзбайды.

11) Мұрыннан шыққан қан, ірің, сары су тесіктен сыртқа шықпаса да бұзады. Сіңбірік нәжіс емес. Бұзбайды.

12) Түкіргенде байқалған қан түкіріктен көп болса.

13) Бір нәрсені тістеген кезде, тістелген жерде қан болса, қан ауыз бен тіске тиген болса бұзылады. Тимеген болса бұзылмайды.

14) Бір жерінен қан шыққанын және аз болса да жайылғанын көрсе, Ханафиде бұзылады. Малики мен Шафииде бұзылмайды.

15) Сайға, төмен қарай түсіп бара жатқан жайдақ аттың үстінде ұйықтап қалса.

16) Дәрет алдым ба, алмадым ба деп күмәнданып, ойы дәретсіз екендігіне басым болса.

17) Еркек өз әйелімен жалаңаш күйде құшақтасса.

18) Дәретте жуылатын мүшелерінің бірін жууды ұмытса, қайсы екенін білмейтін болса.

19) Бір жеріндегі жарадан өздігінен немесе қысқан кезде ірің, қан және сары су сыртқа шықса.

20) Бір жерінде жарасы болып, ішіне сары су, қан, ірің сияқты нәжіс болған сұйықтықтар жиналған болып, сау жеріне немесе үстіндегі мақтаға, бинтке тиген болса бұзылады. Жарадан, сыздауықтан шыққан түссіз су дәретті бұзбайды делінді. Қотыр, шешек (экзема) ауруларына шалдыққандардың осы қаулыға ұюы жаиз болады.

21) Бір нәрсеге сүйеніп ұйықтаған адамның сүйенген нәрсесін алып қойғанда құлайтындай болса.

22) Руку мен сәждесі бар болған намаздарда өзі және жанындағылар еститіндей дауыспен күлу. Егер тек өзі есітетіндей дауыспен күлсе, тек намазы ғана бұзылады, дәреті бұзылмайды.

23) Қояншық ауруы ұстап қалса немесе талып қалса.

24) Құлақтан ірің, сары су, қан ақса және ғұсылда жуылуы қажет болған жерге дейін ақса.

 

Дәрет дұғалары

Дәрет алуды бастағанда: «Бисмилләһил-азыйм уәлхамдулиллаһи алә динил-исләми уә алә тәуфиқил-имани әлхамду лиллаһилләзи жә’аләл ма’ә тахуран уә жә’аләл-исламә нуран» дейді.

Ауызды шайғанда: «Аллаһуммәсқини мин хауди нәбийикә кә’сән лә әзмәу ба’дәһу әбәдән».

Мұрынды шайғанда: «Аллаһуммә арихни раихатәл жәннәти уәрзуқни мин нәимиха. Уәлә турихни райихатән-нари».

Бетті жуарда: «Аллаһумма бәйид уәжһи бинурикә йәума табйәдду вужуһу әулияикә уә лә тусәууид уәжһи бизунуби яумә тәсуәдду вужухи а’даикә».

Оң қолды жуарда: «Аллаһумма а’тини китаби биямини уә хасибни хисабән ясирән».

Сол қолды жуарда: «Аллаһуммә лә ту’тини китаби би шимәли уәлә мин уәра-и захри уәлә тухасибни хисәбән шәдидән».

Басты мәсіһ етіп жатқанда: «Аллаһуммә харрим ша’ри уә бәшәри аләннари уә әзылләни таһтә зилли Аршикә яумә лә зыллә иллә зыллукә».

Құлақты мәсіһ етіп жатқанда: «Аллаһумма әж’ални миналләзина ястәми’унәл-қаулә фә яттәби’унә ахсәнәһ».

Мойынға мәсіһ еткенде: «Аллаһумма а’тик рәқабәти минәннари уахфәз минәс-сәләсили уәл-ағләл».

Оң аяқты жуғанда: «Аллаһумма сәббит қадәмәййә аләссирати йәумә тәзиллу фиһил-ақдам».

Сол аяқты жуатын кезде: «Аллаһумма лә татруд қадәмәййә аләс-сырати йәума татруду куллу ақдами а’дайкә. Аллаһуммәж’ал са’йи мәшкуран уә зәнби мағфуран уә амәли мақбулән тижарати лән’тәбура».

Дәрет алып болғаннан кейін: «Аллаһуммәж’ални минаттаууабинә уәж’ални минәл-мутәтаххирина уәж’ални мин ибадикәс-салихинә уәж’ални минәлләзина лә хауфун алейһим уәлә һум уәхзәнун».

Одан кейін аспанға қарап: «Субханәкәллаһумма уә бихамдика әшһәду ән лә илаһә иллә әнтә уәхдәкә лә шәрика ләкә уә әннә Мухаммадән абдукә уә расулукә» деп оқылады.

Содан соң бір, екі немесе үш рет басында «Бисмилләһ» оқып, «Иннә әнзәлнә» сүресі оқылады.

Сондай-ақ, жақындарына, отбасы мен бала-шағасына қажет болған діни білімдерді үйрену және үйрету керек, қияметте әйелдерінен күйеулері жауапты болады.