10 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     13 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Өткен уақыт қайта оралмайды!..

Өткен уақыт қайта оралмайды!..

Өткізген жылдарымыз қаншалықты жақсы болса да, қайта оралмайды. Жастық шақты ойлап мұңайған қарт адам, тарихтағы керемет кезеңдерін еске алып қайғырған қоғам, ақыр соңында ол күндердің артқа қайтпайтынына көз жеткізеді. Өткенді кері қайтарып, одан қайта нәр алу ешкімнің қолынан келмеген, бұдан былай да келмейді...

Шынымен де, адамдар өткен уақыттың ащы және тәтті күндерін есіне алып, шарасыз екенін түсінеді және бұлардың бәрінің түс сияқты өтіп кеткенін сезеді. Мына хадис шәриф қандай тамаша түсіндірілген: «Адамдар ұйқыда, олар өлген кездерінде оянады.»

Имам Ғазали хазреттері былай деген: «Адам түс көріп жатып оның түс екенін білмейді, шын өмір деп ойлайды. Оянғанға дейін білмейді. Оянған кезде «Көргендерім түс екен ғой...» дейді.

Адам өлген кезде де дүниеде өткізген өмірінің түс екенін түсінеді. Осы себептен қиямет күнінде адамдар дүниеде өткізген өмірлерін өмір деп санамайды. Фәжр сүресінің 24-ші аяти каримасында бұған ишарат бар: «Ол былай дейді: Әттеген-ай, мен өміріме алдын ала дайындығымды жасағанымда ғой!»

Бұл аяти кариманы тәпсірлеген муфәссирлер (тәпсіршілер) мына жайтқа назарымызды аударуда: Аятта «Осындағы өміріме» демеген, тек «Өміріме» деген. Бұл да дүниедегі өмірдің «өмір деп саналмағанының» ең үлкен дәлелі.

Уақытты кері қайтару мүмкін емес, алайда одан ғибрат алу мүмкін. Ал өткен уақыт кері қайтса екен деп армандау бос қиялдан басқа нәрсе емес. Бір ақын «Қап, әттеген-ай, жастық шағымнан бір күн болса да кері қайтарылса ғой, қартаюдың басыма не әкелгенін оған айтып берсем ғой!..» – деген.

Жылдар күн сияқты өтуде және әр өткен күн бізді қабірге бір қадамға жақындатып жатыр. Әр түні төсекке жатудан бұрын сол күннің есебін жасауымыз қажет. Қателіктер мен айыптарымызды табуымыз керек. Егер күнімізді жақсы өткізген болсақ, келесі күнді одан да жақсы өткізуге тырысуымыз керек. Жаман өткен болса, тәубе етіп, ендігәрі қателік жасамауға бел байлауымыз керек.

Уақытты тоқтату мүмкін емес, уақыт жылдам өтіп жатыр. Уақыт – адамның қолындағы ең құнды зат. Ол әлемдегі ең қымбат асыл тастан да құнды. Жоғалған гауһар тасты қайта алуға болады, бірақ жоғалған уақытты кері қайтару мүмкін емес...

Әр адамға белгілі бір өмір берілген. Адам осы қысқа өмірінде бұл дүниесімен бірге қалған екі өмірдегі жағдайын жасауға мәжбүр: дүние өмірі, қабір өмірі және ахирет өмірі.

Бұлардың ең қысқасы – дүниедегі өмірі. Ең маңыздысы да осы өмір. Өйткені үш өмірінің тағдырын да осы өмірде жасағандарымен жасамағандары шешеді.

Жұмыс істеу, өзінің және қарамағындағылардың ризықтарын халалдан табу, кейін қаласа да, қаламаса да кіретін қабірін нұрландыруға, жайландыруға тырысу керек. Қабір өмірі дүние өмірінен де ұзақ. Біз дүниедегі үйімізді іждағатпен рахат өмір сүре алатындай жағдайға келтірмей тұрып ішіне көшіп кірмейміз. Кіретін болсақ, ішінде рахат жүре алмаймыз. Алайда дүниедегі үйімізде бір күн де қалуымыз нақты емес.

Оның үстіне бұл жердегі үйімізді қолайлы болмаса ауыстыруымызға болады. Басқа үйге көшіп кетуге әрдайым мүмкіндігіміз бар. Бірақ ана дүниедегі екінші үйіміз болатын мазарымызда «Маған бұл қабір ұнамады, бұл жер мені қысып жатыр, іші қараңғы, мені басқа қабірге апарыңдар» деп айтсақ, бізге кім құлақ асады?

Мәңгілік өмір сүретін ахиреттегі өміріміздің де жағдайын осы өмірде жасап алуымызға болады. Әлі қолда мүмкіндік бар кезде уақытымыздың қадірін білуіміз керек...