12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   


Сурет салу

Сұрақ: Пайғамбарлардың, әулиелердің немесе кәпірлердің, яки жануарлардың суреттерін салу харам ба?

Жауап: Құрмет көрсету үшін болса да, мазақ ету үшін болса да, үлкен болса да, кіші болса да, адам не жануардың суретін салу және мүсінін жасау харам, үлкен күнә болып табылады. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Жандының суретін салған адамға қияметте "Салған суретіңе жан бер" деп азап етіледі.» (Мүслим)

«Дүниеде (зәруліксіз) жандының суретін салған адамға қияметте бұл суретке жан беруі айтылып, азап беріледі. Алайда ол бұл суретке жан бере алмайды.» (Нәсаи)

«Жандының суретін салған адам қияметте ең ауыр азап шегеді.» (Бұхари)

«Жандының суретін салып, Аллаһу та'аланың жаратқандарына ұқсатуға тырысқандар қияметте ең ауыр азапқа ұшырайды.» (Бұхари, Мүслим)

«Ей, Әли, пұттарды, суреттерді құрт.» (Мүслим)

«Қолдарыңа түскен жандының суреттерін жыртып, жойыңдар.» (Мүслим)

«Жандының суреті, жүніп және ит бар болған бөлмеге рахмет періштелері кірмейді.» (Әбу Дауд, Нәсаи, Ибн Хиббан)

«Ит және мүсін бар болған бөлмеге рахмет періштелері кірмейді.» (Мүслим)

«Жәбірейіл алейһиссалам: "Біз ит және суреті бар болған бөлмеге кірмейміз" деді.» (Бұхари, Табарани)

«Мені әлемдерге мейірімділік етіп жіберген Аллаһу та'ала сазды аспаптарды, надандық істерді және пұттарды жоқ қылуымды бұйырды.» (Әбу Нуайм)

«(Зәруліксіз) жандының суретін салғандардың орны тозақ. Ахиретте салынған суреттерге жан беріледі, олар суретті салғандарға тозақта азап береді.» (Бұхари, Мүслим)

«Расулуллаһ жандының суретін салатындарды лағнеттеді.» (Бұхари)

Исауи дініне Платон пәлсәпасы және Римдықтардың пұтқа табынушылығы араласып, адамдар суреттерде, мүсіндерде тәңірлік сипаттары (мәңгі бар болу, бүкіл қалауын жасай алу, өлтіру, тірілту, шипа беру, ғайыпты білу қасиеті) бар екеніне сенді. Осындай екеніне сенген суреттерге, мүсіндерге пұт деді. Бұлар Аллаһу та'алаға серік қылынған болады. Бұларды құрметтеуге табыну делінеді. Табыну ісіне де ширк делінеді.

 

Қажеттілікпен сурет салу жаиз

Беті жабық күйде сурет сақтау жаиз. Куәлік, төлқұжат және басқа да қажеттіліктермен суретке түсіріп, беті жабық күйде сақтауға болады.

Ислам діні адамдардың мазақ етілуіне, жандыларға табынуға және адамдарды ұятсыздыққа (бұзылуға) ұрынуына, ерлі-зайыптылардың бұзылуына себеп болатын адам суреттерін, мүсіндерін харам еткен. Жандылардың анатомиялық бөлшектерінің, өсімдіктердің және әр түрлі физика, химия, астрономия, архитектуралық суреттерін салуды халал еткен. Ғылымда, техникада қажетті суреттердің салынуын және бұлардан пайдалануды әмір еткен. Ислам діні, барлық нәрседегі секілді, суреттерді де пайдалы және зиянды деп екіге бөлген. Пайдалы болғандарын әмір еткен, зиянды болғандарына тыйым салған. (С.Әбәдийа)

 

Расулуллаһтың қабірінің суреті

Сұрақ: Пайғамбарымыздың қабірі деп таратылатын суреттер дұрыс па?

Жауап: Жоқ, дұрыс емес. Пайғамбарымыздың қабірі жақсы қорғалсын деп кесенесінің есігі қышпен жабылған, оны суретке түсіру мүмкін де емес. Тек қана сырттан зиярат етілетін жерден суретке түсіруге мүмкіндік бар. Расулуллаһтың қабірі немесе кесенесінің іші деп көрсетілген суреттер ойдан шығарылған. Хазреті Мәулананың Кониядағы қабірінің ескі бір суреті немесе басқа суреттер пайғамбарымыздың қабірінің суреті деп жаман ниетті немесе надан адамдар тарапынан халық арасында таратылуда.

 

Фотосурет және сурет

Сұрақ: Фотосуретке түсіру мен сурет салудың айырмашылығы бар ма?

Жауап: Иә, екеуі екі түрлі. Фотосуретке түсіру – айнадағы көріністі тоқтатып қою дегендей үкімде болып, бұған рұқсат етіледі. Бірақ адамның немесе жануардың суретін салу, бір зәрулік болмағанша, жаиз емес.

 

Фотограф кәсібі

Сұрақ: Фотограф кәсібі жаиз ба?

Жауап: Қолмен салынбағандықтан жаиз болып табылады. Харам суреттерді түсіруі жаиз болмайды.

 

Болжамды суреттер

Сұрақ: Пайғамбарлардың және сахабалардың, мысалы хазреті Омардың, хазреті Әлидің суреттерін болжамдап салу жаиз ба?

Жауап: Жоқ, жаиз емес.

 

Миниатюра

Сұрақ: Миниатюралық суреттер де сурет үкімінде ме?

Жауап: Иә.

 

Мүсін және сурет салу

Сұрақ: Ислам дінінен бұрынғы хақ діндерде жандының суретін және мүсінін салу жаиз ба еді?

Жауап: Иә, жаиз еді. Бір аяти кариманың мағынасы:

«Олар Сүлейманға қорғандардан, мүсіндерден, хауыздай (үлкен) легендерден, мықты қазандардан қалағанын жасайтын еді. Ей, Дауд жанұясы, шүкір етіңдер! Құлдарым арасында шүкір етушілер аз!» (Сәбә 13)

Бұл жерде аталған мүсіндер пайғамбарларға және ғалымдарға қатысты суреттер еді. Пайғамбарымыз бұл жөнінде «Олар араларынан салих адам қайтыс болғанда қабірі басына бір мешіт соғып, сол мешіттің ішіне сол суреттерді қоятын еді» деген. Олардың ғибадаттарын еске түсіріп, көбірек ғибадатқа берілсін деген мақсатпен осылай істейтін еді. Міне осы жайт сол заманда сурет салудың мубах болғанын көрсетуде. Мұхаммед алейһиссаламның діні арқылы бұл нәсіһ етілген (үкімі жойылған), жандының суретін және мүсінін жасауға тыйым салынған. (Қуртуби тәфсирі)

 

Сурет салу

Шәйһ-ул-ислам Мұстафа Сабри сурет салу жайында қысқаша былай деген:

Зәруліксіз жанды болмыстардың суреттерін салуға дініміз тыйым салған. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Ахиретте ең ауыр азапқа ұшырайтындар мыналар:

1) Бір пайғамбарды өлтіруші,

2) Бір пайғамбардың өлтіргені,

3) Ата-анасынан біреуін өлтіруші,

4) Жанды болмыстардың суретін салушылар,

5) Білімінен пайдаланбайтын ғалымдар.»

«Қиямет күнінде тозақтан қорқынышты бір мойын созылады. Бұл мойындағы бастың барлық жаққа қарап, қорқыныш тудыратын екі көзі, өте сезімтал екі құлағы және айтқан найзағайдай сөздерімен тыңдаушыларға үрей тудыратын сөйлеуі де бар. Ол былай дейді: Мен үш топ адамды азаптауға міндеттімін: 1) Қырсық жәбірлеушілер, 2) Ширкке түскендер, 3) Сурет салғандар.»

«Сурет салатындардың орны – тозақ. Ол жерде сурет салған адамның әр салған суретіне бір тұлға жаратылып, оны азаптайды.»

«Қияметте жанды сурет салғандарға "Салған суреттеріңе жан беріңдер" делінеді және олар азапқа ұшырайды.»

«Рахмет періштелері ит және сурет бар болған бөлмеге кірмейді.»

«Жандының суретін салған адамға сол суретке жан бергенге дейін азап беріледі.»

Түсініктеме: Әрине оның салған суретіне жан беруі түбегейлі мүмкін емес, азабы да мәңгі болуы керек. Бұл жерде мәңгі дегені – ұзақ мерзім деген сөз. (Мұсылман болса, жазасын шеккеннен кейін жәннатқа кіреді.)

«Қияметте ең ауыр азапқа ұшырайтын адам – Аллаһтың жарату сипатына еліктеген адам. Хақ та'ала айтады: "Менің жаратуымдай жаратуға тырысқан адам сияқты залым, шегін білмейтін басқа ешкім жоқ."»

Түсініктеме: «Ешбір суретші Хақ та'аланың жаратушылық сипатына еліктеу мақсатымен сурет салмайды. Осы тұрғыдан бұл хадис шәрифтің оларға қатысы жоқ» деп айтуға болмайды. Өйткені ешбір суретшінің Аллаһу та'аламен жарату жарысына кірісуге мүмкіндігі болмағанын пайғамбарымыз да біледі. Бірақ бұл әрекеті қандай ниетпен орындалса да, жарату деп түсініледі және сол дәрежеде жаратуға тырысқан болып саналады.

Өлі-тірі біреудің суретіне жылдар бойы адамдар табынса, ол сурет бұдан ештеңе түсінбейді. Қылмыскерлердің суретін салу немесе келешекте қылмыс істейтін болса, суреттерін сақтау зәрулік болғандықтан, «Зәруліктер күнәларды мубах қылады» қағидасы бойынша мұның күнәсі болмайды.

«Тарихи тұлғалар жасаған пайдалы қызметтердің ұмытылмауына себеп болатын суреттердің, мүсіндердің құрметпен еске алынуы және келешек ұрпақтанға үлгі болу үшін қойылуы пайдалы болады» деген пікір қате. Дініміз бұларға сурет тұрғысынан тыс, пайдасыз және бос шығын тұрғысынан да тыйым салады. Өйткені мүсіндердің орнына, одан да, сол сияқты ұлы тұлғалардың атынан қайырымдылықтар мен жақсылықтар жасалса, бәрі пайдасын көрер еді. Оның үстіне, сауабы, аталған адамдарға пайдалану тұрғысынан да, еске түсіру тұрғысынан да, құрметін орындау мақсаттары тұрғысынан да орындырақ, байыптырақ түрде пайда болады. Кейін өлілерден, тірілерден ешкімге титімдей пайдасы болмаған бұл рухсыз суреттердің, мүсіндердің ғибрат алатын көздерге шынайы бір пайдасы болмайды.

Хазреті Омар ға ешқандай ескерткіштің орнатылмаған болуы оның құнды еңбектеріне титімдей кемшілік келтірмейді. Пайғамбарымызға ескерткіш орнату құрмет емес, керісінше ең үлкен әдепсіздік болып табылады. Иса алейһиссаламның қабырғаларда бейнеленген суреттеріне қарап өкініш сезбеу мүмкін емес.

Хазреті Омар заманында жаулап алынған аймақтардан Кисра сарайында заттық құндылығы мен әсемдігі тұрғысынан бүгінде миллиондарға, бәлкім миллиардтарға сатыла алатын бір сәнді кілем ғаниметтер арасында алынған еді.  Халифа хазреті Омардың әмірімен сол құнды кілем қырқылып, кішкентай бөлшектер күйінде соғысқандарға таратылды. Бұл жағдайға қайран болатындар шығуы мүмкін. Алайда жақсылап ойлансақ, хазреті Омардың бұл мәселедегі шешімі өзіне жарасатын ұлылықтан туындаған. Өйткені жаңа бір дінге иеленген ұлтқа көбірек әйелдерге жарасатын шығынмен және әшекейге деген әуестікпен мазаламау мақсатында осылай істелуі керек еді. Дүниені қадірсіз деп санаған хазреті Омардың пікірінше, мұндай заттардың ешқандай маңызы жоқ. Егер осы сияқты асқан әсемдіктің бір басқарушыға пайдасы бар болғанда, Кисра мемлекетін қираудан қорғайтын еді.

Табиғаттың көрінісі болған ғажайып суреттер де (пейзаждар) адамзатқа тікелей қажет болған заттардан саналмайды. Бірақ осы сияқты суреттерге кейбір қалталы адамдар миллиондаған ақша беруден тартынбайды. Алайда бұл ақшаға көптеген кедейді қуантуға болады.

Жанды болмыстардың суретін салу және бұларды үйде сақтауға қойылған тыйымның хикметін пұтқа табынушылықтың алдын алу деп ойлайтындар бар. «Қазіргі таңда бұл суреттерге, мүсіндерге табынатындай ақымақтар қалмаған. Мен мүлдем суретке табынбаймын» деп, өз-өзіне фәтуа беретін білгішсымақтар бар. Бұл сөз «Ішкілікке тыйым салынуының себебі мас қылғандықтан. Мен мас болмайтындай шамада ішемін» деп айтуға ұқсайды. Барлық жағдайда қалай бұйырылған болса, солай бағынатын қызметші себебін іздейтін, түсінік беретін қызметшіден әлдеқайда жақсырақ болады.

Өте үлкен ғалымның ең сауатсыз және ең ақымақ бір қызметшісіне берген әмірлерін қызметшісі «Біздің қожайынымыздың мақсаты пәлен болса керек» деген сияқты мағыналар беріп орындауы өте қайғылы қателіктерді тудыруы мүмкін. Алайда Хақ та'ала немесе пайғамбарымыз бен біздің арамыздағы арақатынасты мысалда көрсетілген арақатынас және қашықтықпен салыстыруға келмейді. Сондықтан пәлен үкімнің себебі осындай деп үкім бере алмаймыз. Суреттің тыйым салынуының себебі де жоғарыда айтқандарымыз бен шектелмейді. Басқа әр түрлі себептері бар. Діни үкімдердің жасырын хикметтерін айқындауға кірісу біз сияқты әлсіздердің ісі емес. Ондай жоғары істерге араласу өз шегінен асу болып саналады.

 

Суреті бар газет және пакет

Сұрақ: С.Әбәдийа кітабында «Биік жерге сурет ілу харам болғанындай, әулиелердің суреттерін де жоғарыға ілу харам болып табылады» делінеді. Жалпы әкем оқыған газетін белден жоғары үстелдің үстіне қояды. Анам да жандының суреті бар пакетті ілгішке іліп қояды. Бұл әрекеттері харам ба?

Жауап: Суретті ілу мен пакетті ілу бір емес. Адамдардың суреттері жоғарыға құрмет үшін ілінеді. Газет немесе пакет құрмет үшін емес, аяқ астында кедергі болмасын деп жоғарыға алып қойылады. Пакетті іліп қойғандардың, газетті жерден алып, жоғары қойғандардың харам істегенін айту қате болады.

Суреттер жоғарыда болса да, жерде болса да, ол жерге рахмет періштелері кірмейді. Намаз оқығанда да суреттердің бетін жауып қою керек. Өйткені жандының суреті намаз оқып жатқан адамның басында, алдында, оң және сол жағында, қабырғаға салынған немесе матаға, қағазға салынып ілінген немесе қойылған болса, намаз мәкрух болады. Сурет намаз оқып жатқан адамның артындағы қабырғада және төбеде болса, мәкрух жеңілдейді. Жандының суреті аяқ басылатын, отыратын, сүйенетін нәрседе болса, намаз мәкрух болмайды. Бірақ мұндай бөлмеге рахмет періштелері кірмейді. Осы тұрғыдан газетті оқып болғаннан кейін суреттері көрінбейтіндей түрде беті жабылу керек, суретті ашық қалдырмау керек.