11 - Шәууал, 1445 жыл.
     20 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Мазһаб және Мазһабсыздық / Хадис ойлап шығарудың жазасы үлкен

Хадис ойлап шығарудың жазасы үлкен

Расулуллаһ алейһиссалам хадис ойлап шығарған және ойдан шығарылған хадисті келтірген адамды ауыр жазамен қорқытқан. Мысалы «Хадис ойлап шығарған адам тозақтағы орнына дайындалсын» хадис шәрифі діни кітаптарда бар. Осындай хадис болмаса да, қай Ислам ғалымы кітабына ойдан шығарылған хадис жазады? Мазһабсыздар «Ойдан шығарылған хадисті кітабында жазу не немқұрайлылылықтан, не ғапілдіктен, не сауатсыздықтан, не опасыздықтан туындайды» дейді. Бұл өте дұрыс. Ал Кутуби ситтада басқа хадис пен тәфсир кітаптарында немесе Ихияда ойдан шығарылған хадис бар делінсе, бұл үлкен ғұламалар немқұрайлылылықпен, ғапілдікпен, сауатсыздықпен немесе опасыздықпен айыпталған болмайды ма? Ол ғұламаларға қалайша осы айыптарды тағуға болады? Ислам ғалымы ойдан шығарылған хадисті кітабына жазады ма? Сауатсыздық делінсе, астағфируллаһ, Ислам ғалымы сауатсыз болса, онда кім ғалым болмақ? Ғапілдік те сондай. Олар ғапіл болса, біз қалайша ояу боламыз?

Мүжтәһид бір хадиске ойдан шығарылған деуі мүмкін, бұл сөзі де тек өзі үшін ғана өтеді. Бір мухаддис Ихияда ойдан шығарылған хадис бар деді деп біздің де бар деуіміз жаиз болмайды, бұл өз шегін білмеуден, надандықтан, тіпті опасыздықтан туындайтын сөз болады. Құран кәрімде «Ғалымдардан сұраңдар» делінген. Ал хадис шәрифте «Ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері», «Ғалым – Аллаһу та'ала сенім артқан адам» делінеді.

Аллаһу та'ала сенім артқан және олардан сұрауымызды бұйырған ғалымдар кімдер? Кутуби ситта авторлары немесе Хужжәт-ул Ислам Имам Ғазали хазреттері бұл ғалымдарға жатады ма? Расулуллаһ алейһиссаламның «Мұрагерлерім» деген ғалымдары бұлар болмаса, басқа кімдер? Абдух па? Шәуқани ма? Сәхауи ма, Қардауи ма? Ажлуни ма? Мазһаб имамдары немесе Имам Ғазали, Имам Раббани егер Расулуллаһтың мұрагерлері болмаса, онда басқа мұрагер көрсету мүмкін емес.

Мысырлық, Сириялық мазһабсыздар шығып, «Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарында ойдан шығарылған хадистер көп» дейді.

Мазһабсыздардың сөздері дәлел болады да, мазһаб имамдарының, Имам Ғазалидің, Имам Раббанидың сөздері неліктен дәлел болмайды. Мазһабсыздардың түсінгені дін болады да, осы ұлы ғұламалардың түсінгені неліктен дін болмауда? Олардан үйренген білімімізбен олардың өзін сұраққа тартамыз ба?

Бұл қандай логика, бұл қандай білім, бұл қандай әдеп? Дін дұшпандарына құрал болғандарға, олардың тұзақтарына түскендерге обал болсын.

Аллаһ сенім артқан, пайғамбардың мұрагері болған ғалымдарға сенбеген, Аллаһ сақтасын, оларды өтірік айтады немесе Құран кәрімге қайшы тоқыма хадис жеткізеді деп ойлау қандай үлкен қателік.

Біз Имам Ғазали хазреттерінің кітаптарынан бір хадис шәриф аламыз. Мазһабсыздар «Мұның Құранға сай ма, сай емес пе екеніне қара» дейді. Аллаһ сақтасын, Имам Ғазали хазреттері бір хадистің Құран кәрімге қайшы екенін біле алмаса, соншалықты сауатсыз болса, онда біз қалай білеміз? Немесе Ол «Бұл хадис Құран кәрімге қайшы емес» десе, біз қалайша ол хадистің қайшы бола алатынын ойлаймыз? Ислам ғалымдарының кітаптарында ойдан шығарылған хадистің бар бола алатынын ойлайтын надандар мен адасушыларға обал болсын!

Ажлуни немесе сол сияқты біреу бір хадиске ойдан шығарылған деген болса, мазһабсыздардың ойынша бұдан былай ол хадис ойдан шығарылған болып қалады. Бір жазушы Ибн Мажадағы бір хадис шәрифке қатысты «Үндістандық Мұхаммед Абдуррашид ән-Нумани хадис имамдарының көзқарасын білдіруде, бұл хадистің ойдан шығарылғанын айтуда» дейді. «Білім, Қытайда болса да, алыңдар» хадис шәрифіне қатысты түгелдей барлық мазһабсыздар тоқыма (ойдан шығарылған) дейді. Алайда хадис ғалымдарынан Имам Дәйләми, Имам Табарани, Имам Бәйһақи, Имам ибн Адий, Имам ибн Абдибәр сияқты хадис ғалымдары және Хужжәт-ул Ислам атағымен әйгілі болған Имам Ғазали хазреттері сахих екендігін білдіруде. Бұл ұлы имамдар жеткізген бұл хадис шәрифке тоқыма деген адамның тілі құриды. Ал Имам Суюти, Имам Бұхари сияқты бір ғалым бір хадиске тоқыма десе, бұл хадис тоқыма болып қалады ма? Тек сол мухаддистің үкімі бойынша ғана тоқыма болады, бірақ басқа ғалымдардың үкімі бойынша сахих болып қала береді.

 

Ойдан шығарылған хадис жеткізудің жауапкершілігі

Сұрақ: Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарында неліктен тоқыма хадис жоқ?

Жауап: Өйткені хадис ойлап шығарудың және тоқыма хадисті келтірудің жауапкершілігінің үлкендігін білгені үшін, Аллаһу та'аладан қатты қорққаны үшін, бір сөзбен айтқанда салих ғалым болғаны үшін олар кітаптарына ойдан шығарылған хадис жазбайды. «Тоқыма хадис» дегеніміз – бұл сөзді Аллаһтың Расулы айтты деп жала жабу деген сөз. Қатардағы мұсылманның да ойына да алмайтын бұл жаланы Әһли сүннет ғалымы жасай алады ма? Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Менен кейін келетін қауым сендерден хадистерімді сұрайды. Кім әдейілеп маған жала жапса, тозақтағы орнына дайындала берсін!» (Әбу Нуайм)

«Менен естіген аят пен хадисті уағыздаңдар! Бәни Исраилден білдіргендерімді де айтыңдар! Тек маған біліп тұрып өтірікпен жала жапқан адам тозақтағы орнына дайындалсын!» (Бұхари)

«Менен бір сөз жеткізген адам ақиқатты, дұрысты айтсын! Айтпаған сөзімді мен айтты деп жала жапқан адам отқа дайындалсын!» (Ибн Мажа, Хаким)

«Жала жабушылардың ең үлкені – айтпаған бір сөзімді маған айтты деп жала жауып жеткізген адам.» (Бәйһақи)

«Өтірік бір сөзді хадис деп риуаят еткен адам да өтірікші.» (Мүслим)

«Ойдан шығарылғанын біліп хадис деп риуаят еткен адам оны ойлап шығарған адам сияқты тозақтағы орнына дайындалсын!» (Бәззар)

«Айтпағанымды хадис деп білдірген адам тозақтағы орнына дайындалсын!» (Уқайли)

«Айтпаған сөзімді хадис ретінде білдірген немесе Құранды өз көзқарасымен тәфсир еткен адам тозақта азап шегеді.» (Тирмизи)

Осы хадис шәрифтерді білетін бір ғалымның кітабына тоқыма хадис енгізуі мүмкін бе? Ғалымды қоя беріңіз, қандай да бір мұсылман ойдан шығарылған бір сөзді хадис деп жеткізе алады ма, Аллаһтың Расулына осы жаланы жабуы, айтуы мүмкін бе? Мазһабсыздарға, миссионерлерге алданбау керек, Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарында тоқыма хадис бар деп ойламау керек. Аллаһу та'ала дінін тексіздерге қарсы осы мүбәрәк адамдар арқылы қорғайтынын, тарататынын ұмытпау керек.