2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / 5) Полковник Дональд Роквел (американдық)

5) Полковник Дональд Роквел (американдық)

Исламды неліктен қабылдадым?

Мұсылмандықтың өте қисынды және қарапайым болуы, мешіттердің адамды өзіне тартатын жағымдылығы, бұл дін өкілдерінің өз діндеріне қатты мән беріп, сүйіспеншілікпен байлануы, бүкіл әлемдегі мұсылмандардың күніне бес рет бір мезгілде үлкен құрметпен, ықыласпен сәжде жығылуы маған көптен бері қатты әсер етіп жүрген еді. Бірақ бұлар менің мұсылман болуыма жеткілікті болмады. Мен тек Ислам дінін жақсылап зерттеп, одан көптеген жақсы, пайдалы нәрселер тапқаннан кейін барып мұсылман болдым. Өмірге қатты мән беру, сондай-ақ жылылықпен байлану (бұл Мұхаммед алейһиссаламның өз өмір салты), жұмыстарда ақылдасу, адамдарға әрдайым мейірімділікпен қарау, мұқтаждарға көмек беру, алғаш рет әйелдерге де мүлікке ие болу құқығын беру сияқты сол заманның шарты бойынша ең мәдени өзгерістер Мұхаммед алейһиссаламның қысқа әрі нұсқа сөздерімен керемет түсіндірілген. Сонымен қатар, Мұхаммед алейһиссалам: «Аллаһу та’алаға тәуекел ет, жүгін, бірақ түйеңді байлауды ұмытпа!» деген сөздерімен адамдарға Аллаһу та’аланың құлдарына әуелі барлық алдын алу шараларын атқаруды, қажетті шараларды орындауды, содан кейін ғана Аллаһу та’алаға тәуекел етуді бұйыратынын көрсетеді. Олай болса, еуропалықтардың айтқанындай Ислам діні ештеңе істеместен, барлық нәрсені Аллаһу та’аладан күтетін міскіндердің діні емес. Ислам діні баршаға алдымен қолынан келетін барлық нәрсені істеуді, содан соң Аллаһу та’алаға тәуекел етуді бұйырады.

Ислам дінінің басқа діндердегі адамдарға көрсететін әділеттілігі де маған үлкен әсерін тигізді. Мұхаммед алейһиссалам мұсылмандардың христиандар мен яһудилерге жақсы мәміледе болуын бұйырады. Ал Құран кәрім Адам алейһиссаламнан бастап, Мұса және Иса алейһимассаламның пайғамбарлығын қабылдайды. Бұл басқа ешбір дінде кездеспейтін үлкен адалдық, әділеттілік. Басқа дінге сенетіндер Ислам туралы ақылға сыймайтын жаман сөздер айтып жатса да, мұсылмандар оларға жақсы мәміле жасайды.

Ислам дінінің ең жақсы тұстарының бірі – өзін пұттардан толығымен тазартқан болуы. Христиандықта әлі күнге дейін суреттерге, мүсіндерге, белгілерге табынады, ал Исламда мұндай ештеңе жоқ. Бұл Исламның қаншалықты пәк, таза дін екендігін көрсетеді.

Аллаһу та’аланың расулы болған Мұхаммед алейһиссаламның сөздері мен үйреткен негіздері мүлдем өзгертілместен қазірге дейін жетіп келген. Ал, Аллаһтың сөзі болған Құран кәрім уахи болып келген қалпында сол күйі сақталған және Мұхаммед алейһиссаламның кезеңіндегі айқындығын еш жоғалтпаған. Христиандардың Иса алейһиссаламның дініне жасағаны сияқты, Ислам дініне көптеген жалған, бұзық сенімдер, аңыздар араласпаған.

Мені мұсылман болуға итермелеген себептердің соңғысы – Исламдағы бекемдік пен еркіндік күші болды. Исламда тек рухтың емес, дененің де таза болуы әмір етіледі. Тамақ жегенде асқазанды толтырып, тойып жемеу, жылына бір ай ораза тұту, барлық нәрсені өлшеммен істеу, бір нәрсе жұмсағанда не аз, не көп емес, өз мөлшерінде жұмсау керектігі сияқты. Бүгін ғана емес, ертең де барша адамдарға жол көрсететін негіздер адамдарға ең керемет тәрізде үйретіледі. Мен мұсылман елдердің барлығында болдым. Стамбулда, Шамда, Құдыста, Каирда, Алжирде, Фаста және т.б. мұсылман қалаларында барлық шынайы мұсылмандардың осы қағидаларға мән бергенін және сол себепті бақытты өмір сүрір жатқанын өз көзіммен көрдім. Олар Аллаһу та’аланың жолына түсу үшін суреттерге, мүсіндерге, шамдарға, өлеңге және соған ұқсас нәрселерге қажеттілік сезінбейді. Аллаһу та’аланың құлы екендіктерін сезінулері және өздерін Оған тапсырулары оларды ең үлкен рухани тыныштыққа, бақытқа, ләззатқа қауыштырды.

Ислам дініндегі еркіндік пен теңдік мәселесі мені әрдайым өзіне тартатын. Мұсылмандар арасында ең жоғары лауазымды адам мен ең кедей адам Аллаһу та’аланың алдында тең және бір-бірінің бауыры саналады. Мешітте адамдар бір қатарда тұрып ғибадат жасайды. Лауазымды адамдарға арналған арнайы орын болмайды.

Мұсылмандар Аллаһу та’ала мен құлы арасында арашы болмайтындығына сенеді. Мұсылмандықта ғибадат Аллаһу та’ала мен құл арасында жасалады. Күнәларының кешірілуі үшін дін адамдарына жүгінбейді. Әрбір мұсылман істеген ісіне тек өзі ғана жауапты.

Мұсылмандар арасындағы бауырмашылдық өмірімде маған көп көмектесті. Бұл дін бауырластығы мені мұсылмандыққа алып келген себептердің бірі. Қайда барсам да мұсылман бауырымның маған көмектесетінін және қайғымды бөлісетінін білемін. Дүниеде нәсілі, реңі, саяси көзқарасы әр түрлі болған мұсылмандар бір-біріне бауыр және өзара көмек беруді борыш деп санайды.

Міне, мені мұсылман еткен себептер – осылар. Бұдан артық себеп болуы мүмкін бе?