19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Достарды көбейту

Достарды көбейту

Сұрақ: Жора-жолдастар мен достарды көбейтудің зияны бар ма?

Жауап: Жақсы адамдардың көп болуы, әрине, жақсы. Дұшпандармен қақтығысқанда қуаттырақ болу, жұрт арасында абыройлы болу және қиналғанда қажеттілікті өтеуге көбірек көмек көру үшін достың көп болуы жақсырақ. Өйткені адамның қадірі мен абыройы достарының көптігінде.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Достарың көп болсын! Өйткені, Раббыларың – жомарт. Қияметте достарының арасындағы бір адамға азап беруге ұялады.» (Шира)

«Таныстарың көп болсын! Қияметте әрбірі шапағат етеді.» (Ибн Нәжжар)

Аллаһу та'ала хазреті Мұсаға уахи етті:

«Достарына хасед етпейтін (көре алмаушылық жасамайтын) адамның достары көбейеді.» (И.Ғазали)

Адамдардың әлсізі – достық құра алмаған, одан да әлсізі – достарын жоғалтқан адам. Достарды жоғалтпау үшін жомарт болу керек, сыйлық беру қажет. Хадис шәрифте: «Сыйлық берісу достықты арттырады» делінген. Достықтың жалғасуы үшін іс-әрекеттермен оны жақсы көретінін білдіру керек, сөзбен де айту керек. Өйткені пайғамбарымыз алейһиссалам: «Досын жақсы көрген адам оған "Сені Аллаһ разылығы үшін жақсы көремін!" деп айтсын!» деген.

Достың досымен дұшпан болмау немесе дұшпанымен дос болмау нағыз достық. Достың қатесін көріп, оған ескертпеу достыққа жараспайды. Хафыз Ширази «Достарға шын айту керек, дұшпандарды күлімдеген жүзбен және жылы сөзбен басқару керек» деген.

Жақсылармен достық құру құнды болса, жамандармен достық құру өте жаман. Бұл адамның дүниесін де, ахиретін де құртады. «Адамның діні досының діні сияқты. Олай болса, кіммен достық құрғандарыңа мән беріңдер!» мағынасындағы хадис шәрифті ұмытпау керек.

Хазреті Әли «Достарыңды көбейтіңдер! Олар сендер үшін дүние және ахирет капиталы» деген. Достық құрудың мақсаты жақсы адамдарды арттыру болу керек, санын көбейту болмау қажет. Өйткені, бір жақсы дос қайырсыз мың достан жақсы.

Достарды көбейтемін деп дұшпан тауып алмау керек. Хасан Басри хазреттері «Мың кісінің достығына бір кісінің дұшпандығын сатып алма!» деді. Шайтан адамға жаман дос арқылы күнә істеткізеді. Ақылды, білімді, жақсы мінезді, жомарт және күнәлардан сақтанатын адамдармен достық құру керек! Құран кәрімде: «Менің жолымда жүргендерге ер!» делінеді. Аллаһу та'ала Дауд алейһиссаламға «Мені жақсы көрмейтіндермен достық құрма! Олар – сенің дұшпаның. Жүрегіңді қарайтады және сені менен алыстатады» деген.

Достық жүгінің ауыр және әбігерлі болмауы, достар арасында туындайтын келіспеушілік пен алаусыздықтың аз болуы үшін достардың аз болуы жақсырақ. Кейбір ғалымдар достардың көп болуын жөн көрмей былай деген:

* Дос – от сияқты, азы пайда, көбі зиян.

* Досы көп болғанның алашағы да көп болады.

* Көптеген аурулар көп ішіп-жеуден туындайды. Дұшпан да достар арасынан шығады, басқа жерден келмейді. Олай болса, достарды көбейтпе! Әр түрлі көптік нәрселер бар, жиіркеніш пен өкініш әкеледі. Түрлі аздық бар, жағымды және жақсы келеді. Теңіз көп, бірақ суы ащы болғандықтан, шөлді қандырмайды. Жаңбыр суы аз, бірақ шөлді қандырады.

Іздестірместен, сынап көрместен достарды көбейткен адам кездейсоқ ауыр тастарды қажетсіз жүктеуге тырысқан ақымаққа ұқсайды. Іздестіруге және сынап көруге ерінбей, достық құрмақшы болған адамның қасиеттерін тексерген адам құнды тастарды, гауһарларды таңдаған адамға ұқсайды. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Ақылды адам ең жақсы досына да ықтиятты қарайды.» (Дәйләми)

«Досыңа көрсеткен құрметті ол саған көрсетпесе, онымен достық құруда пайда жоқ.» (Әл-Әскери)

 

Дұшпан табу

Сұрақ: Бір досым «Бұл заманда дос табуға тырыспа, бірақ дұшпан таппауға тырыс» деген мақал айтты. Сонда дос табу зиянды болғаны ма?

Жауап: Жоқ, олай емес. Бұл жерде дұшпан таппау керек екенінің маңызы айтылуда. Бір дұшпан табу мың дос табудан жаман деген мағынаны білдіруде. Маңыздырақ болғанын әуелі жасау керек. Мәжәлләда «Дәфи мәфасид жәлби мәнафиден абзал» делінген. Яғни зияннан қорғану пайда көруден бұрын келеді. Демек, әуелі зияннан құтылу керек. Зияннан құтылмай тұрып пайда тимейді. Дұшпанның зиян тигізуіне немесе жаңа дұшпан табуға мүмкіндік бермеу керек.