2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Ислам діні

Иса алейһиссалам сүйіншілеген жаңа дінді тарату үшін Аллаһу та’аланың таңдаған ұлы пайғамбары – Мұхаммед (алейһиссалату уәссәләм). Пайғамбардың қалай өскендігі, Оған алғашқы илаһи әмірдің қалай берілгендігі, Ислам дінін қалай тарата бастағандығы туралы мәлімет осы кітаптың «Мұсылмандық және Христиандық» және «Құран кәрім және қазіргі Тәурат пен Інжілдер» бөлімдерінде бар. Осы екі бөлімде айтылмаған мәселелерді қосудамыз.

Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) б.з. 571 жылы дүниеге келгеннен 43 жылдан кейін уағыздай бастаған Ислам діні яһуди және христиан діндерінің түзетілген, дұрыс емес бөлімдері алынып тасталып, толық илаһи және қисынды түрге енгізілген және ақылға қонбайтын, кейіннен адамдар тарапынан енгізген бөлімдері алынып тасталған, Аллаһу та’ала жіберген хақ дін болып табылады. Бұл діннің аты – «Ислам». Өйткені, бұл кітаптың басынан білдіргеніміздей, Адам алейһиссалам заманынан бері белгілі Ислам діні Мұса және Иса алейһимассаламнан кейін ең соңғы және ең толық кейіпінде Мұхаммед алейһиссаламға білдірілген. Адам алейһиссаламнан ең соңғы пайғамбар Мұхаммед алейһиссаламға дейінгі барлық пайғамбарлар уағыздаған діндердің негізі «Тәуһид» болып табылады. Яғни, бір Аллаһқа сену. Христиандардың кітаптарында жазылған басқа пайғамбарлардың өмірлері мен уағыздаған діндері зерттелетін болса, олардың да бастапқыда «Тәуһид» діні болғаны байқалады. Ал бұл «Тәслис Иса алейһиссаламның дініне кейіннен яһудилер мен римдіктер тарапынан енгізілген» деген сөзіміздің дәлелі.

Ислам дінінің кітабы – «Құран кәрім». Құран кәрім – нағыз Аллаһтың сөзі. Басқа діндердің кітаптарының уақыт өте келе өзгертіліп, ішіне адамдар тарапынан бөлімдер енгізілген, ал Құран кәрімнің алғаш түскен күнінен бастап қазірге дейін тап-таза күйінде сақталған, тіпті бір әрпі де өзгермеген. Ислам діні алып келген иман білімдері басқа пайғамбарлардың діндері білдірген иман білімдерімен бірдей. Яғни, «Тәухид», бір Аллаһқа сену болып табылады. Бірақ, басқа діндерге кейіннен қате сенімдер, қисынсыз, ақылға қонымсыз бөлімдер қосылып, көбісі «Мүшрик» болды.

Қазір бүкіл әлем Ислам діні туралы оң көзқараста. Алайда, орта ғасырда христиан дін адамдары не екенін білместен, тіпті Ислам туралы аздаған мәліметке де ие болмастан «шайтанның құрған діні» деп санап, жоғарыда да айтқанымыздай, ең үлкен христиан дін адамдары болған папалар мұсылмандарды жою үшін крест жорықтарын ұйымдастырған. Алайда, 18-ғасырдан кейін тарихшылар біртіндеп Ислам дініне еніп, Құран кәрімді өз тілдеріне аудара бастады. Бұл аудармалардың бір бөлігі фанат христиандар тарапынан жасалғаны үшін түпнұсқасына сай келмейді, дегенмен, ынсапты тарихшылар тарапынан жасалған дұрыс аудармалар да кездеседі. Бір жағынан мұсылмандар тарапынан жасалған Құран кәрім тәфсирлері де бар. Құран кәрімнің дұрыс аудармалары мен тәфсирлерін оқыған және Ислам дінін аз-көп түсінгендер Ислам дініне қайран қалған. Олардың ішінде Гете, Карлайл, Ламартин, Тагор сияқты бүкіл әлемге танымал әйгілі тұлғалар да бар. Олар Ислам дініне деген таңданыстарын мәлімдеуден тартынбаған. Олар туралы кітабымыздың «Мұсылмандық және христиандық» бөлімінде кеңірек мәлімет таба аласыз. Енді сіздерге сол бөлімде кездеспейтін және 1266 [м.1850] жылдан кейін Түркияға келген кейбір мемлекет адамдарының Ислам діні және пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам туралы жазғандарының бірнешеуін баяндаймыз.

1311-1316 [м.1898] жылдары аралығында Стамбулда Англия елшілігінің бірінші хатшысы болған Сэр Чарльз Элиот 1900 жылы басылған «Turkey in Europe – Еуропада Түркия» атты еңбегінің «Мұсылмандық діні» деген бөлімінде былай дейді: «Иса алейһиссаламның иелігі бұл дүние емес еді. Егер христиандық белгілі бір үкімет немесе ұйымға байланғанда, бұл дін жоғалып кетер еді. Ал, мұсылмандықта жағдай толығымен керісінше орын алғандығы байқалады. Мұхаммед алейһиссалам тек қана дін адамы емес, сонымен қатар үлкен көсем еді. Оны зиярат етіп келгендер папаға және цезарьге көрсетілетін құрметтердің бірігуі күйіндегі құрметті көрсететін. Мұхаммед алейһиссалам әрдайым ұқыпты мемлекет адамы болған, жасаған ғажайып істері мен бүкіл мұғжизаларына қарамастан, өзінің кішіпейіл адам екенін айтқан. Жеке өмірінде ешқандай қателігі жоқ.»

Кітаптың басқа бір жерінде: «Иса алейһиссалам өмір сүрген замандағы адамдардың жағдайын, жасаған қателіктерін, күнәларын ойлайтын болсақ, Інжілде бұларға тыйым салынбағандығы таң қалдырарлық жағдай. Інжіл тек сол күнә істерді жасамауға кеңес береді. Оларды істеген адамдарға қандай жаза берілетіндігі туралы еш айтылмайды. Ал Құран кәрім күнәларды, мысалы пұтқа табыну немесе туылған қыз сәбилерді тірідей көму сияқты істер үшін Аллаһтың қалай жазалайтынын айқын білдірген, осылайша Арабстанда сол кездері басым болған пұтқа табынушылық пен әдеттерді толығымен жойып, халыққа үлкен жақсылық жасаған» делінген.

Сэр Элиот жалғастырып: «Мұсылмандықтың тағы бір ең жақсы жағы – жергілікті халық пен шетелдіктерді бір-бірінен ажыратпаған. Мұсылмандықта Аллаһ пен құл арасында ешқандай құрал жоқ. Ислам діні христиандықтағы поптар сияқты арашыларды жойған.

Ислам дініні адамға үлкен мән береді. Мысалы, Исламға сенетіндердің ең жақсы үлгісі болған түрік әскері бұйрыққа жан-тәнімен бағынады. Өз бетінше, ешкімнен жәрдем сұрамай жұмыс істеуге қабілетті. Басқа халықтарда мұндай әскер жоқ дерлік. Түрік әскерінің тәртібі, басшыларына бағынуы, батылдығы оның мұсылман болуынан келіп шығады. Мұндай жақсы қасиеттерді оған мұсылмандық үйретуде. Мұсылмандық сонымен қатар «Зекет беру» арқылы адамдар арасында әлеуметтік теңдікті де құруда, көптеген пәлекеттерге себеп болатын бай-кедей айырмашылығын алып тастауға тырысуда. Бұл ұлы дін барлық адам түсіне алатындай өте қарапайым. Мұхаммед алейһиссаламның өмірін жан-жақты зерттегендер Оны құрметтейді және жақсы көреді» дейді.

Енді тағы бір адамның еңбегіне тоқталайық. Францияның Турин қаласында туылған тегі итальян Франция мемлекет қайраткері Генри А. Убисини біраз жыл Түркияда тұрып, 1267 [м.1851] жылы Парижде жарияланған «La Turquie Actuelle – Бүгінгі Түркия» атты еңбегінде Ислам діні туралы былай жазған:

«Ислам діні адамдарға мейірімділік пен түсіністікті бұйырады. Еуропаның «дінсіз» деп қуған бақытсыз адамдары сұлтанның қонағы болды, мұсылман түрік әлемінде өз отандарында көрмеген еркіндік пен қауіпсіздікте өмір сүрді. Бұл жерде барлық діннің өкілдері бірдей әділдік пен мейірімділік көрді. Түріктер мен мұсылмандарды жабайы деп атаған еуропалық адам олардан қонақжайлық пен адамгершілік сабағын алды. 16-ғасырда өмір сүрген бір жазушы "Мен Ислам мемлекеттерін араладым. Біз жабайы деп санайтын мұсылмандардың қалаларынан ешқандай зорлық-зомбылық та, қылмыс та көрген жоқпын. Олар әркімнің құқығын құрметтейді. Бейшараларға көмектеседі. Үлкен-кіші, христиан, яһуди, мұсылман, тіпті имансыз [мүшрик] болса да, барлығы бірдей әділдік пен мейірімділік көреді" деген. Мен де оған қосыламын» деп жазған.

Убисини кітабының тағы бір жерінде былай жазуда:

«Стамбулда мұсылмандар тұратын "Ыстанбул" деген бөлігінде жылына тек 1-2  рет қана полиция араласатын келеңсіз жағдай орын алады. Ал христиандар тұратын "Пера" [Бейоглу] деген жерде күніне жүздеген ұрлық, тонау, айла-шарғы және адам өлтіру оқиғалары орын алуда, адамдар бір-бірін алдап-арбауда, бірін-бірі  өлтіруде және бұл жер Еуропаның үлкен қалалары сияқты притон күйіне айналған. Стамбул жақта жүз мыңдаған мұсылман бейбітшілікте, намысымен өмір сүріп жатса, Перадағы шамамен 30 мың христиан бүкіл әлемге намыссыздықтың, арсыздықтың және шалағай адамдардың үлгісі болып көрінуде. Пера туралы итальяндар «Pera – dei sulirati il nido (Пера – қаңғыбастар ошағы)» деген өлең шығарған, бұл өлең сол жердегілердің аузынан түспейтін болған.»

Осы жерде пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) туралы бір дінсіздің не айтқаны туралы айтып өтейік. Тегі яһуди бір коммунист және марксист болған, ешқандай дінді білмейтін, барлық пайғамбарларды (алейһимуссалауату уәттәслимат) ауруға шалдыққан, көздеріне қиял көрінетін науқас адамдар деп санаған Максим Родинсон есімді кәпір осыдан аз уақыт бұрын жариялаған және 25 тілге аударылған «Мұхаммед» атты еңбегінде Құран кәрімнен алған көптеген аяттардың мағынасын өз түсінігі бойынша өзгерткенімен, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) туралы «Ой-өрісі және іс-әрекеттерімен әлемді тебіренткен бұл тұлға туралы негізінде өте аз білеміз. Бірақ, Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) басқа ешкімде кездеспейтін өзіне тән нұрымен жарқырағанын көруге болады. Айналасында жиналған адамдарды жарқыратқан да міне осы нұр. Мұны мойындауға мәжбүрміз. Мен де кітабымда осы нұрды көре алғанымша анықтауға тырыстым» деп айтуға мәжбүр болған.

Көрініп тұрғанындай, Еуропалық жазушылар да Ислам дінінің кәмілдігін қабылдауда, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) туралы мақтаулар айтуда, Құран кәрімді кәміл кітап ретінде тануда. Бірақ, бұл кітапты Аллаһ тарапынан жіберілмеген, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тарапынан жазылған, яғни Оған келген уахи емес, өз ойынан шығарылған, бірақ аса шыншыл болған Мұхаммед алейһиссалам бұлардың шынынмен де Аллаһу та’аладан келгеніне сенген деп есептейді. Бұл тарихшылардың бір бөлігі Мұхаммед алейһиссаламның оқуды, жазуды білгенін, кейбір христиан [немесе яһуди] дін адамдарынан діни білім алғанын айтады. Жоғарыда аты өткен коммунист Родинсон пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) туралы Құран кәрім айқын көрсеткен және мұсылмандар қолданған «Үмми» сөзінің «оқу-жазу үйренбеген» деген мағынаға емес, толығымен басқа мағынаға келетінін дәлелдеуге тырысқан. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дінбасы «Бахира»-дан ілім үйренгені туралы айтқан.

Бахира – христиан дінбасы болған. Кейбір деректер оның шын атының Георгий немесе Сергий болғандығын айтады. Бахира [немесе Бехира] арами тілінде «таңдаулы» деген мағынаға келеді, бұл дінбасының лақабы болса керек.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) 12 жасар кезінде бір күні Әбу Талибтің сауда үшін сапарға шығуға дайындалып жатқанын көрді. Өзін алып кеткісі келмегенін түсінген соң Әбу Талибке: «Бұл қалада мені кімге тастап кетіп барасың? Менің әкем де, жанашырым да жоқ!» деді. Бұл сөз Әбу Талибке қатты әсер етіп, өзімен бірге алып кетуге шешім қабылдады. Сауда керуені ұзақ жол жүргеннен кейін Бусрада христандардың бір монастырының қасына тоқтады. Бұл монастырда Бахира есімді бір дінбасы тұратын. Бұрын яһуди ғалымдарынан болып, кейіннен христиан болған бұл білімді дінбасыда қолдан қолға өтіп, сақталып келе жатқан бір кітап бар еді, сұрақтарға соған қарап жауап беретін. Құрайштың керуені бұған дейінгі жылдары осы жерден қаншама рет өтіп жүрсе де, оларға назар аудармайтын. Күнде таңертең манастырдың шатырына шығып, керуендер келетін жаққа қарап, бір нәрсе күтетін. Дінбасы Бахираның бұл жолы жағдайы ерекше болып, орнынан атып тұрды. Өйткені, Құрайш керуенін алыстан көргенде олармен бірге үстінде бір бұлттың келе жатқанын байқады. Бұл бұлт сүйікті пайғамбарымызға көлеңке түсіріп келе жатқан еді. Керуен тоқтағаннан кейін Бахира пайғамбарымыз көлеңкелеген ағаштың бұтақтарының оған қарай иілгенін де көрді. Қатты толқыды. Дереу дастархан жайғызды. Содан соң хабар жіберіп, Құрайш керуеніндегі адамдардың барлығын асқа шақырды. Керуендегілер пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заттарының қасына қалдырып, дінбасының жанына барды. Бахира келгендерге мұқият қарап: «Ей, Құрайштықтар, араларыңда тамаққа келмеген адам бар ма?» деп сұрады. Олар: «Иә, бір бала бар» деп жауаптады. Өйткені, Құрайштықтар келгенімен, бұлт әлі сол жерде тұрған еді. Мұны көріп, керуеннің қасында бір адамның қалғанын түсінген болатын. Бахира Оның да келуін табандылықпен сұрады. Келе сала Оған мұқият қарай бастады. Әбу Талибтен: «Бұл бала сенің тегіңнен бе?» деп сұрады. Әбу Талиб: «Ол менің балам» деген кезде Бахира: «Кітаптарда бұл баланың әкесінің тірі еместігі жазылған, Ол сенің балаң емес» деді. Бұл жолы Әбу Талиб: «Ол менің бауырымның баласы» деп жауаптады. Бахираның: «Әкесіне не болды?» деген сұрағына «Әкесі бұл туылмастан бұрын қайтыс болған» деп жауап берді. Бахира «Дұрыс айттың, анасына не болды?» деп сұрағанда «Ол да қайтыс болған» деп жауап берді. Бұл сөздерге «Дұрыс айттың» деген Бахира пайғамбарымызға қарап, «Пұттардың атымен ант ет» деді. Сүйікті пайғамбарымыз Бахираға: «Пұттардың атымен ант етуімді сұрама. Әлемде маған олардан асқан дұшпан жоқ. Мен оларды жек көремін» деді. Бахира содан соң «Аллаһу та’аланың атымен ант етесің бе?» деді. Кейін тағы көптеген сұрақтар қойып, жауаптарын алды. Бахираның алған жауаптары бұрын оқыған кітаптарына дәлме-дәл сәйкес келген еді. Кейін сүйікті пайғамбарымыздың мүбәрәк көздеріне қарап, Әбу Талибтен: «Мына қызарғандық оның көздерінде әрдайым тұрады ма?» деп сұрады. Ол: «Иә, кеткенін көрмедік» деді. Бахира бұл белгінің де сай келгенін көргеннен кейін көңілінде күмән қалмауы үшін пайғамбарлық мөрін көргісі келді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әдептілігінен арқасын ашқысы келмеді. Әбу Талиб: «Ей, көзімнің нұры! Бұл тілегін де орында» деген соң мүбәрәк арқасын ашты. Бахира «Пайғамбарлық мөрді» әбден көргенннен кейін тебіреніп сүйді. Көзінен жас ағып: «Мен куәлік етемін, сен Аллаһтың расулысың» деді. Дауысын көтеріп: «Міне, әлемдердің мырзасы... Міне, әлемдердің Раббысының Расулы... Міне, Аллаһу та’аланың әлемдерге рақымдылық ретінде жіберген ұлы пайғамбары...» деді. Сол жердегі құрайштықтар таң қалып «Мұхаммедтің (алейһиссалам) мына дінбасының алдында қадірі өте биік екен» десті. Бахира Әбу Талибке қарап: «Бұл пайғамбарлардың соңғысы және ең қадірлісі. Оның діні бүкіл жер бетіне таралады және ескі діндердің күшін жояды. Бұл баланы Шамға алып барма. Өйткені, Исраил ұлдары Оған дұшпан. Мүбәрәк тәніне зиян келтіреді деп қорқамын. Бұл туралы көп келісімдер болған» деді. Әбу Талиб «Бұл қандай келісім?» деп сұрағанда «Аллаһу та’ала бүкіл пайғамбарларға және ең соңғы рет Иса алейһиссаламға, үмбеттеріне ақырзаман пайғамбарының (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келетінін хабарлауды бұйырған» деді. Әбу Талиб Бахираның осы сөздерінен кейін Шамға барудан бас тартты. Заттарын Бусрада сатып, Меккеге қайтты. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Бахирамен жолығуы алғашқы және соңғы рет осы қысқа кездесуден тұрады, 12 жастағы баланың қысқа уақыт ішінде барлық діндер туралы білім алуы мүмкін емес.

Кейбір христиан тарихшылары пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Настура есімді бір дінбасыдан сабақ алғанын айтқанымен, [өздерінің де мойындағанындай] бұл туралы ешқандай дәлел жоқ және мұның да бір қысқа уақыттық кездесуден тұратындығы аңғарылады.

Өте ғажайып кітап болған Аллаһтың сөзі Құран кәрімді қалайша адам жазды деуге болады? Құран кәрім зерттелетін болса, онда сыры тек қазір шешілген табиғат заңдарының және тіршіліктің дамуының [мәселен, алғашқы өмірдің судан келгені, адам азықтарының тек аспаннан түскен заттардан пайда болғаны және т.б.] білдірілгенін, сонымен қатар тек қазіргі заманда ғана құруға күш салынып жатқан әлеуметтік, қоғамдық тәртіптің ең кәміл, ең қисынды түрде түсіндірілгенін, «зекет» бұйрығы арқылы ауқаттылық теңдігінің қамтамасыз етілгенін, ең жоғары ахлақ қағидалардың, ең кәміл ғибадат түрлерінің үйретілгенін көрудеміз. Бұлардың барлығының, өте зерек болса да, ешқандай кітап оқымаған адам тарапынан бұдан 1400 жыл бұрын білініп жазылуы мүмкін емес. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Құран кәрімнің аяттары келген кезде оларды Асхабына түсіндірген. Құран кәрімнің барлығының тәфсирін сахабаларына білдіргендігін Имам Суюти хабар беруде. Еуропалықтар енді Оның пайғамбарлығын да қабылдаса, олардың да мұсылман болатындығы және бақытқа қауышатындығы ақиқат. Біз күні келіп, олар хақ дінді таңдап, мәңгілік бақытқа қауышады деп үміттенеміз.