7 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     10 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Фиқһ ғалымдарының дәрежелері

Фиқһ ғалымдарының дәрежелері

Сұрақ: Құран кәрімнен үкім шығаратын мүжтәһид ғалымдардың барлығы бірдей ме, әлде олардың белгілі бір дәрежелері бар ма?

Жауап: Бұл туралы «Ибн Абидин», «Мәжмуа-и Зухдия» және «Уақфунният» кітаптарында былай делінген:

«Фиқһ ғалымдарының жеті тобы, жеті дәрежесі бар. Ең үлкен дәрежесі – ахками исламияда (Ислам үкімдерінде) мүжтәһид болғандар. Олар мутлақ мүжтәһид деп аталады. Төрт мазһаб имамдары осындай ғалымдарға жатады.

Екінші топ, мазһабтағы мүжтәһид атанған үлкен ғалымдар. Имам Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед Шайбани және Имам Ағзам хазреттерінің басқа шәкірттері осы топқа жатады. Олар Имам Ағзам Әбу Ханифа хазреттері қойған тәсілдер мен қағидалар бойынша дәлелдерден үкім шығарады.

Үшінші топ, мәселелерде мүжтәһид болған ғалымдар. Олар енді шыққан мәселелердің үкімдерін табады. Олардың тапқан үкімдері алғашқы екі топтағылардың үкімдеріне сай болуы керек. Хассаф, Тахауи, Кәрхи, Шәмс-ул-әймма Халуани, Шәмс-ул-әймма Сәрахси, Паздауи, Қадихан және т.б. үлкен ғалымдар үшінші топтағы мүжтәһидтерге жатады. Олардан кейінгі топтардағы ғалымдар мүжтәһид емес, олар муқаллид.

Төртінші топтағы Асхаб-и тахриж деп аталатын ғалымдар ижтиһад жасай алмайды. Олар мужмәл, қысқа айтылып, екі түрлі түсінілетін үкімдерді айқындап, бір мағынасын таңдайды. Әбу Бәкір Ахмед Рази осындай ғалымдарға жатады.

Фиқһ ғалымдарының бесінші тобы – Асхаби тәржих. Олар келген әр түрлі хабарлар арасынан сахих, абзал болғандарын таңдайды. «Қудури» және «Хидая» кітаптарының авторы Бурханеддин Мәрғинани осындай ғалымдарға жатады.

Алтыншы топ Асхаби тәмйиз деп аталып, дұрыс үкімдерді әлсіз болғандарынан, захир (айқын) хабарларды надир (сирек) хабарлардан ажырататын муқаллид ғалымдар. «Кәнз», «Мухтар», «Ихтияр», «Уиқая» және «Мәжма-ул-бахрейн» кітаптарының авторлары осындай ғалымдарға жатады. Олардың кітаптарында заиф (әлсіз) риуаяттар жоқ.

Жетінші топ – жоғарыда аталған қызметтерді жасай алмайтын, бірақ алдыңғы топтағы ғалымдардың кітаптарынан білімді дұрыс жеткізе алатын, оларды хабарлайтын муқаллидтер. «Тахтауи», «Ибн Абидин» және «Дуррул мухтар» авторы осындай ғалымдарға жататындығы «Мәжмуа-и Зухдия» кітабында жазулы.

Алтыншы топтағы ғалымдар қияметке дейін бар болады, ақиқатты қатеден ажыратады. «Үмбетімнен хақты ұстанатын ғалымдар қияметке дейін бар болады» хадис шәрифі осыны хабар беруде.»