2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Сәйид Мазхар Жаны Жанан

Мазхар Жаны Жанан хазреттері әулиелердің ұлыларынан. Өзі сәйид. Силсилә-и алийаның жиырма жетіншісі.

Есімі Шәмсәддин Хабибуллаһ. Әкесі Мырза Жан. Оның есіміне байланыстырылып Жаны Жанан атанған. 1701 жылы туылды. 1781 жылы шәһид етілді. Тегі алдыңғы қатарлы мемлекет адамдарынан болып, Тимурия сұлтандарына жақындықтары бар. Әкесі Мирза Жан мансап пен абыройды тастап, кедейлік пен қанағатты таңдады. Мал-мүлкін Аллаһ үшін кедейлерге таратты. Қызының некесіне ажыратқан жиырма бес мың рубия мөлшеріндегі алтынды бір досының қатты қиналып жүргенін естіп, толықтай оған сыйлап жіберді. Әкесі елінде мейірімімен, көркем мінезімен, адамгершілігінің үстемдігімен танылған тұлға еді.

Мазхар Жаны Жанан хазреттері Зеректігі мен ой қырағылығын, тез ұғып алатындығын байқаған ұстаздары оның үстем жаратылысқа ие екендігін айтатын. Әкесі оның тәлім-тәрбие алуына, ілім үйренуіне аса мән берді. Кіші жастарынан бастап марифет үйренуді және түрлі жетістіктерге жетуді бастады. Қадірлі өмірін балалық шағынан бастап өте жақсы бағалады. Ілім және марифетпен қатар тағы түрлі кәсіптер үйренді. Өзі былай айтып берген: «Бала кезімде Ибраһим алейһиссаламды түсімде көріп, көп ілтипат пен сый-сияпатқа бөлендім. Бала кезімде хазреті Әбу Бәкірді есіме алып, ойласам, мүбәрәк бейнесі көз алдыма шығатын еді. Руханиятын өз көзіммен көретін едім. Маған көп ілтипат көрсететін еді.»

Тағы былай айтып берген:

«Балалық шағым еді. Бір адам әкеммен әңгімелесіп тұрған. Имам Раббани хазреттері туралы сөйлесті. Мен сол сәтте Имам Раббани хазреттерінің руханиятын көрдім. Маған сол жерден тұруыма ишара етті. Бұл жағдайды әкеме айтқанымда маған: "Түсінікті болды, сен олардың жолынан пайдаланасың" деді. Аллаһу та'ала менің табиғатыма сүннети сәнияны ұстану қасиетін орналастырған.»

Білім алғанын былай айтып берген:

«Парсы тілін және басқа кейбір білімдерді әкемнен, Құран кәрімді, тәжуид және қыраат білімін Қари Абдуррасулдан, ақли және нақли білімдерді заманымыздың ғалымдарынан үйрендім. Қажы Мұхаммед Әфдалдан тәфсир және хадис ілімдерін үйрендім. Он бес жасар кезімде білім алған ұстазым Қажы Мұхаммед Әфдал маған бір тақия сыйлады. Соның берекетімен зейінім ашылды. Ешбір нәрсені оқып үйренуде қиындық көрмедім. Білім алуды аяқтағаннан кейін белгілі бір уақыт шәкірттерге дәріс бердім. Он алты жасымда әкем қайтыс болды. Қайтыс болардың алдында былай өсиет етті: "Бүкіл уақытыңды кәмілдікке, жетілуге және үстем дәрежелерге қолжетізуге жұмса. Құнды өміріңді бос нәрселермен өткізбе."

Әкемнің өсиеті бойынша білім алуды және үйренген біліміммен амал етуді жалғастырдым. Бір түні түсімде бір әулие кісіні көрдім. Қабірінен тұрып, қасыма келді де, қалпағын басыма қойды. Бұл түстен кейін көңілімде атақ-даңққа, мансапқа деген қалау еш қалмады. Тасаууфта даму қалауы артты. Бір кезінде түсімде ғайыптан бір дауыс "Біздің сенімен атқаратын ісіміз бар. Адамдардың хидаятқа қауышуы және оларды хидаятқа қауыштыратын жолдың таралуы сенің себебіңмен болады!" деді. Бұл түсті де көргенде тасаууфқа бет бұрып, батын (ішкі әлем) байланысына қолжеткізу қалауым айқындалды. Бұл мақсатыма жету үшін Сәйид Нұр Мұхаммед Бадаюниге бардым. Мүбәрәк жүзін көргенімде оның марифет иесі екенін аңғардым. Сүннет-и сәнияға аса байланған, діннің әмірлеріне толық бағынған, үстем мінезді кісі еді. Сұхбаты көңілге шаттық беріп, ынтаны күшейтетін. Жақсы түсінгенім, іздеушілер мақсаттарына оның алдында қауышатын, өлген жүрек (көңіл) оның қарамағында тіріліп, тазаратын еді. Осы жерде Хаққа қауышу оңай келетін. Мені шәкірт қылып қабылдауын сұрағанымда, истихарасыз шәкірт қабыл етпейтін болса да, мені дереу қабылдады. Фәйздері берекетті, әсерлі болғаны соншалық, бір тәуәжжуһімен шәкіртінің жүрегі зікір ете бастайтын. Оған шәкірт болып, фәйздеріне қауышқанымда көңілім айықты. Көп ілтипатына қауыштым.

Қысқа уақытта Нұр Мұхаммед Бадаюни хазреттерінің сұхбатында жетілдім. Тасаууф халдеріне қарқ болдым. Мен Аллаһқа деген махаббаттың қаптап алуынан, жәзбәнің көптігінен ұйқыны, демалуды, ішіп-жеуді тәрк еткен едім. Адамдардан алыстап, жалғыз өзім жүруді бастадым. Қатты қарным ашқан кезде ағаш жапырақтарын жеген едім. Уақытым тек есімнен танған күйде және мүрақаба халінде өтетін. Негізгі мақсатқа қауышуды осылай күттім. Ақыр соңында сондай жағдайға келдім, «Раббыңды көріп тұрғандай ғибадат ет» хадис шәрифінде көзделген қасиетке жеттім. Махвият (өзін қадірсіз деп білу), фәна және бәқа халдеріне қауыштым. Әулиелер баяндаған мақсатқа, тәуһидтің сырына көтерілдім.

Нұр Мұхаммед Бадаюни менің халдеріме қарап, маған кішіпейілділікпен үлкен сүйіспеншілік және сияпат танытты. Бір күні екеуіміз қарама-қарсы отырған кезімізде «Екі күн қарама-қарсы келіпті, бірінің нұрынан екіншісі көрінбейді. Егер шәкірттерді тәрбиелеуге бет бұрсаң, әлем нұрланады» деді. Тағы бір күні маған «Сенде Аллаһу та'алаға және Расулына деген сүйіспеншілік жоғары дәрежеде. Біздің жолымыз сенің тәуәжжуһтеріңмен жайылады. Саған Шәмсәддин Хабибуллаһ есімі берілді» деді де, шәкірттерінің бір бөлігінің жетілуін маған тапсырды.

Ұстазым Сәйид Нұр Мұхаммед Бадаюнидің сұхбатына қатысуды төрт жыл бойы жалғастырдым. Кейін ол маған ижазат (диплом) берді. Маған Әһли сүннет сенімінде болуымды, сүннет-и сәнияны ұстануымды және бидғаттардан сақтануымды өсиет етті.

Ұстазы Сәйид Нұр Мұхаммедтің қайтыс болғанынан кейін адамдарды жетілдіруді және дұрыс жолды уағыздауды бастады. Дәрістеріне, сұхбаттарына ғалымдар, әмірлер, әулиелер және халық қатысып, одан фәйз алды. Мир Мүслиман, Сәнауллаһ Пани-пути, Ғұлам Каки, Сәйид Алимуллаһ, Сәйид Абдуллаһ Деһлеуи сияқты үлкен ғалымдар, әулиелер жетілдірді.

Мазһар Жаны Жанан хазреттері айтқан:

«Аллаһу та'ала бізге ең зерек ақылды, дұрыс және нақты көзқарасты нәсіп етті. Сұлтандық істерін басқару және мемлекеттік тәртіп тұрғысында бәріне лайықты келетін ең жақсы тәсілді үйренген едім. Осы себептен заманның атақты мемлекет адамдары, алатын қару-жарақтары және басқа маңызды мәселелерді бізден сұрап, бізден алған жауапқа қарай әрекет ететін еді.»

Тағы былай айтып берген:

«Қадірлі әкемнің берекетті тәрбиесімен жетілгеннен кейін менде сондай бір хал пайда болды, бір көргеннен әр адамның кім екенін және көңіліндегісін түсініп қоятынмын. Жүрген жолымның нұрымен адамдардың бақыт немесе пәлекет (жәннат немесе тозақ) адамы екенін маңдайынан оқитынмын.»

Нәууаб Хан Фирузженк Мазһар Жаны Жанан хазреттерін қыстың қатты суық бір күнінде ескі бір киіммен жүргенін көрді. Бұл жағдайын көріп жылады. Қасындағы адамдардың біріне «Біз қандай бетбақ адамдармыз, әулиелерімізден болған кісі сыйлық қабылдамайды және біз оған қызмет ету абыройына жете алмай жүрміз» деді. Бұл жағдайға орай Мазхар Жаны Жанан хазреттері «Біз байлардан ештеңе қабыл етпеуге, ештеңе алмауға шешім қабылдадық, шешімімізді бұзбаймыз. Өмір атты күніміз батайын деп жатыр, өмірдің бітуіне аз қалды. Қазірге дейін қабыл етпедік» деді. Кейін Нәууаб Хан Фирузженк отыз мың рубия ақша сыйламақшы болды. Оны қабыл етпеді де: «Біз сіздің байлығыңызды қолданбаймыз, оны кедейлерге таратыңыз» деді.

Тағы ауған қолбасшыларының бірі үш жүз алтын жіберген еді. Оны да қабылдамай: «Сыйлықты қабылдау қаншалықты қажет болса да, міндетті түрде қабылдау керектігіне қатысты ешқандай әмір жоқ. Бізге өз шәкірттеріміз ықыласпен, мұқияттылықпен, харам араласпауы үшін аса мән беріп дайындаған сыйлықтарын алып келеді, тіпті соларды да қабылдамаймыз. Ал мансаптылар мен байлардың сыйлаған нәрселерін толықтай халалдан дайындалғаны күмәнді болғандарды мүлдем қабылдамаймыз. Онда адамдардың ақылары желінген. Қиямет күні оның есебін беру қиын. Имам Тирмизидің Әбу Бәрзадан жеткізіп жазған хадис шәрифінде пайғамбарымыз алейһиссалам айтады: "Қиямет күні әркім төрт сұраққа жауап бермегенше есептен құтыла алмайды: Өмірін қалай өткізді? Ілімімен қалай амал етті? Мал-мүлкін қайдан, қалай тапты және қайда жұмсады? Денесін қайда шаршатты, жүдетті?" Сондықтан өте мұқият болу керек» деді.

Мазхар Жаны Жананға тағы мемлекет адамдарының бірі Үндістанның әйгілі жемісі болған мангодан біршамасын сыйлық қылып жіберген және қабылдауы үшін көп жалынған еді. Осыған орай екі дана манго алып, қалғанын қайтарған және «Бұл пақырдың көңілі бұларды қабылдауды қаламайды» деген. Біраздан соң алдына бір бақша егесі келіп «Пәлен әмір сізге жіберген манголарды бізден зұлымдықпен тартып алып, сізге сыйлады» деді. Осыған орай ол мазлұмның ақысы қайтарылып, қорғалуын айтты. Кейін «Субханаллаһ, ол әкелген бұл жеміс біздің батынымызға зиянды болды» деді. Осы жағдайдан кейін заттары күмәнді болған адамдардың сыйлықтарын еш қабылдамады. Тағы осы жағдайға байланысты: «Тамақтың ең зияндысы – табыстары күмәнді болған байлардың берген астары. Тіпті кедейлердің берген асы да күмәнді. Өйткені олар да осы тамақты дайындау үшін табыстары күмәнді болған байлардан қарыз алады» деді.

Мазхар Жаны Жанан хазреттері осы жайында былай деген: «Желінген азықтар адамды жетістікке жеткізуі, жақсы амалдар мен ғибадаттың нұрын арттыруы қажет. Байлыққа қарағанда кедейлікті таңдау керек, сабыр мен қанағатты таңдау қажет. Бағынушылық пен разылықты мінезге айналдыру керек. Расулуллаһтың «Аллаһым! Ал-и Мұхаммедтің (Мұхаммед алейһиссаламның жанұясының) ризығын жеткілікті болатындай қыла гөр!» деген дұғасына сай қылып адамға қажетті болған нәрселерді жеткілікті шамада сұрау қажет.

Асхаби кирам да осылай дұға ететін еді. Ысырапқа түсіретіндей бай, қиыншылыққа түсіп, қарызға кіріп кететіндей кедей болмау керек. Құлшылық міндеттерді орындап, өлімді дайын болып күту керек, көңілді басқа қалауларға байламау қажет. Өлім – Аллаһтың сыйлығы. Аллаһу та'алаға қауышу және Расулуллаһ алейһиссаламның дидарын, мүбәрәк жүзін көру деген сөз.

Мазхар Жаны Жанан хазреттері ұстаздарына үлкен сүйіспеншілікпен және ықыласпен байланған еді. Әсіресе Имам Раббани хазреттеріне ерекше сүйіспеншілігі бар еді. «Неге қолжеткізген болсам да, бәріне ұстаздарыма деген сүйіспеншілігім себебімен қолжеткіздім., Аллаһу та'аланың разылығына қауыштыратындай құлдың амалдары не бопты?! Бірақ Аллаһу та'аланың разылығына қауышқан және сүйікті құлдарын жақсы көру, оларға деген сүйіспеншіліктің болуы Аллаһу та'аланың разылығына қауыштыратын ең күшті құрал» деді.

Мазхар Жаны Жанан хазреттері былай айтып берген:

«Бір күні дүниенің әшекейі және әлемнің саруары болған пайғамбарымызды түсімде көрдім. Бір-бірімізге тақалып жатқан едік. Жақын жатқанымыз соншалық, Оның мүбәрәк тынысы бетіме келіп жатты. Бір кезде шөлдедім. Сәрһәнд ұлысының балалары, яғни Имам Раббани хазреттерінің балалары да сол жерде еді. Расулуллаһ олардың біріне су әкелуін бұйырды. Пақыр «Йа, Расулаллаһ, олар менің пірімнің балалары» дедім. «Олар біздің сөзімізді тыңдайды» деді. Олардың бірі тұрып, су алып келді. Шөлімді қандырғанша іштім. Кейін «Йа, Расулаллаһ, Мүжәддид-и әлф-и сани туралы не айтасыз?» деп сұрадым. «Үмбетімде ол сияқты ешкім жоқ» деді. «Йа, Расулаллаһ! Имам Раббани хазреттерінің Мәктубат кітабы мүбәрәк назарыңыздан өтті ме?» деп сұрап едім, «Егер одан есіңде қалған бір нәрсе бар болса, оқы!» деді. Мен Имам Раббани хазреттерінің кейбір хаттарында өткен Аллаһу та'ала туралы: «Ол уәра-ул-уәра, кейін тағы уәра-ул-уәра, яғни Аллаһу та'ала өтелердің өтесі. Ақыл нені ойласа және нені елестетсе, бәрібір Ол емес» дегенін оқыдым. Расулуллаһ мұны қатты ұнатып, «Тағы да оқы!» деді, мен тағы оқыдым. Бұл тіркестерді өте жақсы айтылған деп білді. Бұл жағдай ұзақ жалғасты.

Мен көрген осы түсімде Расулуллаһтың мүбәрәк тынысы мен сұхбатының берекетімен өзімді толықтай нұр мен бақытқа бөлендім. Ояу кезде қолжеткізген нәрселерден әлдеқайда берекетті болған осы түстің берекетімен қанша күн бойы қарным да ашпады, шөлдемедім де.»

Мазхар Жаны Жанан хазреттері шәһид ретінде қайтыс болды. Қайтыс болуынан бірнеше күн бұрын бұл фәни дүниеден кету уақытының келгенін және Аллаһу та'алаға қауышатындықтан, өзгеше ғашықтық пен ынтада еді. Сол күндері ғибадат пен жақсы амалдарын арттырған еді. Бір жағынан шәкірттері мен сүйгендері ағын болып сұхбатына келді. Сұхбаттары ерекше өткен еді. Сұхбатында жиналғандар жүзден астам болып, берекеттер мен фәйздерге қауышқан еді. Қайтыс болуы жақындаған күндері шәкірттерінен Молда Нәсим ауылына барып келуге рұқсат сұрағанында бұл шәкіртіне «Бұдан кейін сенімен көріспеуіміз де мүмкін» деді. Осы сөздерімен қайтыс болатынына белгі берген еді. Мұны естіген шәкірттері жылай бастап, көз жастарын тоқтата алмады. Қайтыс болуы жақындаған күндерде шәкірттерінен Молда Абдурраззаққа жазған бір хатында: «Өмірім сексен жылдан асты. Ажалым жақындады. Бізге қайыр тілеп дұға ет» деп жазды. Сол кездері басқа шәкірттеріне жазған хаттарында да дәл осылай белгі берген еді.

Тағы да қайтыс болуы жақындаған күндердің бірінде қауышқан ниғметтерін айтып, шүкір етіп былай деді: «Көңілімнен не өткен болса, қай ниғметке қауышқым келсе, Аллаһу та'ала олардың бәрін маған нәсіп етті. Мені Исламның ақиқатымен абыройландырды және көп білім нәсіп етті. Салих амалмен бағыттады. Әулиелердің тасаууф жолында айтқан нәрселерінің барлығын беріп кәшф, тасарруф және керемет нәсіп етті. Мені дүниелікке берілуден және дүниелікке берілгендерден аулақ қылды. Бірақ Аллаһу та'алаға жақындауда жоғары дәреже болған шәһидтік мәртебесіне қауыша алмадым. Ұстаздарымның, мүршидтерімнің көбі шәһидтік шәрбетін ішу абыройына ие болды. Дәл қазір мен қартайдым, денем әлсіреп кетті. Жиһад ететін және осылайша шәһид болатын күш-қуатым қалмады. Өлімді жақсы көрмейтіндерге, қаламайтындарға таңқалуға болады. Өлім – Аллаһу та'алаға қауыштыратын себепші.»

Мазхар Жаны Жанан хазреттері осылайша шәһидтік дәрежесіне қауышуды қатты қалайтынын айтты. Өмірінің соңғы күндерін сүріп жатқанда алдына келіп кетушілердің саны әлдеқайда артты. 1781 жылының мухаррам айының жетісінде, сәрсенбі түні есігінің алдына көп адам жиналды. Олардың арасында үш кісі табандылықпен ішке кіруді қалады. Ақыр соңында рұқсат алып ішке кірді. Олар монғол және мәжуси еді. Алдына кіргенде «Мазхар Жаны Жанан сенсің бе?» деп сұрады. Мазхар Жаны Жанан хазреттері «Иә, менмін» деді. Сөйтсе олар Мазхар Жаны Жанан хазреттерін өлтіруге келген екен. Араларынан біреуі қастандық жасап, пышақтай бастады. Пышақтаған жері жүрегіне жақын жерге тура келіп, ауыр жараланып жерге құлады.

Жағдайдан хабардар болған Нәууаб Нәжәф Хан таңертең оған кәпір дәрігер жолдады. Дәрігерге «Тез барып мүбәрәк кісіні емде, оған қастандық жасағандар ұсталып жазалансын» деді. Кәпір дәрігер барып Мазхар Жаны Жанан хазреттерінің жарасын тексеріп, кері қайтып, әдейі Нәууаб Нәжәф Ханға «Жазылып кетеді, басқа дәрігер жіберудің қажеті жоқ» деді. Мазхар Жаны Жанан хазреттері осы жаралы күйінде тағы үш күн өмір сүрді. Жараларынан қан тоқтамай ақты. Үшінші күні жұма еді. Түскі уақытта қолдарын жайып Фатиха сүресін оқыды. Екінді уақытында «Күннің бітуіне қанша уақыт бар?» деп сұрады. Оған «Әлі төрт сағат бар» деп жауап берді. Ол күн әрі жұма, әрі Ашура күні еді. Кеш болғанда үш рет терең тыныс алып, шәһид болып өмірден озды.

Мазхар Жаны Жанан хазреттері Ислам дінінің таралуы және адамдардың шынайы бақытқа қолжеткізуі үшін өте маңызды қызметтер жасады. Әрқайсысы үстем, дара-дара гауһардай қадірлі тұлғалар жетілдіріп шығарды және оларды адамдарға дұрыс жолды көрсетумен міндеттеді. Шәкірттері де жүрген жерлерінде адамдарға Исламды үйретіп, имандарының шынайы болуын жүзеге асырды. Осылайша, әрқайсысы жүрген жерінде Ислам дінін ұстануды, көркем мінездің таралуын және адамдардың бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болуын іске асырды. Оларды танып, жақсы көрген адамдар олар арқылы таза өмір сүру және бақытқа қауышу абыройын иеленді.

Мазхар Жаны Жанан хазреттері айтқан:

Кімде-кім дүниелікке берілгендермен араласса, сұхбаттың берекеттері мен тасаууфтың нұрларына қауыша алмайды! Егер дүниелікке берілгендермен қажеттілік шамасында араласса және таза ниетімен, батыни байланысын сақтап араларында жүрсе зияны жоқ.»

«Дүние – малғұн, дүниедегі нәрселерден Аллаһ үшін жасалмағандары да малғұн. Аллаһу та'алаға деген сүйіспеншілік пен дүниелікке деген сүйіспеншілік бір жерде бола алмайды. Аллаһу та'аланың разылығына қауышу үшін масиуаны, яғни Аллаһу та'аладан басқа барлық нәрсені, бүкіл мақсаттарды тастау қажет.»

Мазхар Жаны Жанан хазреттерінің достарына және шәкірттеріне айтқан насихаттары мынадай:

«Тақуалық пен уәраның, харамдар мен күмәнді нәрселерден сақтанудың жолы – Расулуллаһ алейһиссаламға толықтай бағыну және Оның айтқандарын шың көңілмен қабылдау. Өз жағдайларыңды Әһли сүннетте көрсетілген негіздермен салыстырыңдар. Егер жағдайларың Әһли сүннетте көрсетілген негіздерге, яғни діннің бұйрықтарына сай болса, жақсы. Сай болмаса, онда жаман. Дүние мен ахирет бақытына қолжеткізу үшін Әһли сүннет уәл жамағат сенімінде болу керек.»

 

Дүниенің пайдасы өте аз

Мазхар Жаны Жанан хазреттері кәміл дәрежеде зухд және тәуекел иесі еді. Дүниеліктен және дүниелікке берілгендерден аса сақтанатын еді. Оған берілмекші болған сыйлықтарды қабыл алмайтын. Қабыл еткені өте сирек болатын. Сол заманның патшасы Мұхаммед Шах уәзірі Камаруддин Хан арқылы Мырза Жаны Жананға хабар жіберіп, былай деді: «Аллаһу та'ала бізге сондай мүлік берді, ойына не келсе де, бәрін сыйлық қылып жібереміз, сұраса болды.» Мазхар Жаны Жанан хазреттері бұл ұсынысқа былай жауаптады: «Аллаһу та'ала Құран кәрімде «...Оларға айт, дүниенің пайдасы өте аз...» (Ниса 77) деп, әлемнің жеті континетіндегі мал-мүліктің аз нәрсе екенін айтты. Аз нәрсе болған осы жеті континенттің бірі Үндістан болып, ол сенің қолыңда. Оның қадірі қандай? Ал әулиелердің қамқорлығының негізі – одан аулақ болу.»

Тағы да сол жердің мемлекет адамдарының бірі Мазхар Жаны Жанан хазреттеріне бір медресе соғып берді және барлық дәруиштердің қажеттіліктерін өтейтінін айтып, қабыл алуын өтінді. Бірақ Мазхар Жаны Жанан хазреттері қабыл етпей, «Біз үшін барлық жер бірдей. Аллаһу та'аланың алдында әркімнің ризығы ажыратылған. Уақыты келгенде бәрі өз ризықтарын алады. Дәруиштердің қазынасы сабыр мен қанағат, сол жеткілікті» деді.

 

Шынайы ем

Мазхар Жаны Жанан хазреттерінің сексен жеті хаты мен айтылған сөздері «Калимат-и Тайибат» деп аталатын кітапта бар. Хаттарының бірі:

«Бауырым, қазіргі заманның шәкірттерінің әлсіздігі, әулиеден кәшф пен керемет сұрағаны және бірінші ғасырды көз алдында ұстамағаны туралы жазған хатыңыз келді. Басқа шайхтарға қызығушылығы бар адамдарды, ақымақтарды шәкірт қылудың қажеті жоқ екенін біліңіз. Ақылды және ықыласты адамдардан осы жолға талабы барларды қабылдау керек. Мұңаймаңыз. Аллаһу та'ала шынайы билеуші. «Али Имран» сүресінің 31-аятында: «Ей, хабибім! Оларға айт, егер Аллаһты жақсы көрсеңдер, маған бағыныңдар. Аллаһ та сендерді жақсы көреді» деп бұйырылуы барлық жолдардағы шәкірттердің мақсаты болған Аллаһу та'аланың сүйіспеншілігі және разылығын алуды пайғамбарымыз алейһиссаламға бағынышты болуға байланысты етті. Ол маман дәрігер құлдарды ғапілдік және күнә ауруларынан құтқару үшін дәрі мен емдәм орнындағы бұйрықтар мен тыйымдарды жіберді. Осы емді сақтап, қажетті дәрілерді қабылдаған, емдәм сақтаған адам денсаулық пен шипа табады. Ал бұдан қашқан кісі өзіне зиян келтіріп, денсаулығын бұзған болады.

Бұл емнің көрінісі және ақиқаты бар. Көрінісімен қарапайым мұсылмандар амал етеді. Бұл сенімді түзеткеннен кейін дінге сай амал етіп, бұйрықтар мен тыйымдарды ұстану арқылы жүзеге асады. Оның марапаты – жәннаттың ниғметтері мен тозақтан құтылу. Ал ақиқаты таңдаулыларға тән болып, жүректердің нұрлануы, жарқырауы және нәпістердің тәрбиеленуі, тазалануы болып табылады. Мұнда айтылған көрініспен қатар, риязат пен мүжаһадаларда да бар. Бұл жерде қолжеткізілетін нәрселер – тәжәлли мен кәшфтер. Көрініске иман және ислам, ал ақиқатқа ихсан делінеді. Расында хадис шәрифте: «Ихсан – Раббына Оны көріп тұрғандай ғибадат ету деген сөз» делінген. Ақиқатсыз көрініс тері ауруларына ем іздегенде жараның үстіне жағылатын жақпамай мен дәрілер сияқты. Жараны жазады, әлбетте пайдасыз емес. Ал ақиқаттың көрініссіз еш пайдасы жоқ. Бәлкім, ол ақиқат емес, мәкри илаһи. Бұдан Аллаһу та'алаға сыйынамыз.

Ақиқат – тазалау, яғни ауру, бактериялы, бұзылған нәрселерді шығарып тастау сияқты. Өйткені, орнында қалса, тағы ауру тудыруы мүмкін. Толықтай саулыққа қолжеткізу, толықтай шипа табу осы екі емнің бірге атқарылуы арқылы іске асады. Бұл, түсіндірмей-ақ, пайғамбарымыздың емінің сахабалардың табиғаттарында қалай саулық пен шипа беріп әсер еткені оңайлықпен аңғарыла алады. Ол ем мен дәрі Аллаһу та'аланы қатты жақсы көру, бүкіл қайсарлығымен Расулуллаһқа бағыну, жақсы амалдар мен ғибадаттардан ләззат алу және күнәларды жаман санап, жиіркенуден басқа ештеңе емес екені ақиқат. Бұл оларға жүректің бақыттылығы және нәпістердің тазалануы әсерін тигізетін. Расулуллаһтың берекетті сұхбаты және Ислам діні емінің қолданылуы арқылы осы дәрежелерге өте қысқа мерзімде, бәлкім бір сәтте қолжеткізетін еді. Олар кейінгі уақыттарда айтылған зауық пен жүрек ләззаттарынан артық көрініс пен ақиқатқа аса мән беріп, ақиқатты қорғайтын көріністі сақтап, кәшф пен кереметті аса маңызды санамады. Оларды кәмілдіктің, жетілудің қажеттілігі және шарты деп санамады.

Олай болса, толықтай саулыққа қолжеткізгісі келетін үміткер Расулуллаһтың сүннетін ұстануды, риязат пен мүжаһадалардан үстем және соған қатысты нұр мен берекеттерді бүкіл фәйздерден абзал деп білуі керек. Барлық зауық пен жүрек ләззаттарына, көңіл жинақылығы мен тұрақты тыныштық қасында маңызды деп санамауы керек және осы негіз бен ақиқаттардың қолжеткізілуіне себеп болған әулиені Расулуллаһтың өкілі деп білуі керек, оған шын көңілімен қызмет етіп, осы жолда кішкентай балалар сияқты қолға түскен кәмпит сияқты нәрселерге, тәтті болса да, алданбауы керек.

Фиқһ білімдерін үйретіңіз. Фиқһсыз дін болмайды. Әһли сүннет сенімін үйретуге, таратуға аса мән беріңіз. Бар күшіңізбен Аллаһу та'аланың сүйіктісі болған пайғамбарымызға бағынуға тырысыңыз. Өйткені Аллаһу та'ала сүйіктісіне бағынғандарды қатты жақсы көреді.» (21 хат)