17 - Шәууал, 1445 жыл.
     26 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Қиямет және Ахирет" кітабы / УАҺҺАБИЛІКТІҢ БАСТАЛУЫ ЖӘНЕ ЖАЙЫЛУЫ (5)

УАҺҺАБИЛІКТІҢ БАСТАЛУЫ ЖӘНЕ ЖАЙЫЛУЫ (5)

40) Ислам халифаларының жетпіс бесіншісі және Османлы мемлекеті патшаларының оныншысы сұлтан бірінші Сүлейман хан (рахметуллаһи алейһ) Мәдина қаласын қоршап тұрған қабырғаларды жаңартқан болатын. Қабырға өте берік жасалғандықтан, Мәдина қаласы екі жүз жетпіс төрт жыл бойы қарақшылардың шапқыншылығына ұшырамады. Қаладағы мұсылмандар еркін және бақытты өмір сүрді. Бірақ, 1222 [м.1807] жылдың алғашқы айларында Саудтың қолына өтті.

Сауд Меккені жаулағаннан және Британиядан келген алтындармен Мекке маңайындағы ауыл тұрғындарын сатып алғаннан кейін ауылдардан жинаған тонаушыларын Мәдина қаласына қарай жіберді. Олардың басында Бәдай және Нади есімді екі ағайындыны қолбасшы қылды. Олар жолда алдынан шыққан мұсылман ауылдарының бәрін тонап шықты. Көп жан алды. Бәдай және бауыры Нади Мәдина айналасындағы ауылдардың көбін талқандады. Заттарын тонады. Әһли сүннет ғалымдары (рахметуллаһи алейһим әжмаин) көрсеткен тура жолда болған мұсылмандарды қылыштан өткізді. Өртелген ауылдардың, өлтірілген мұсылмандардың көп болғаны соншалық, саны нақты белгілене алмады. Мәдина қаласының айналасындағы ауылдар өлімнен қорқып және тонаудан, қорлықтан құтылу үшін уаһһаби сенімдерін қабылдады. Саудқа құл болды. Сауд Салих бин Салих арқылы Мәдина қаласына хат жолдады.

Саудтың Мәдинадағы мұсылмандарға жазған хатының аудармасы мынадай:

«Қиямет күнінің иесінің атымен бастаймын. Мәдинаның ғалымдарына, қызметкерлеріне және саудагерлеріне хабарлаймын, дүниеде рахаттық пен бақытқа қолжеткізу тек қана хидаят (дұрыс жол) тапқандарға тиесілі. Ей, Мәдина халқы! Сендерді хақ дінге шақырамын. «Али Имран» сүресінің он тоғызыншы және сексен бесінші аяттарында: «Аллаһтың дұрыс деген діні – Ислам діні. Исламнан басқа дін ұстанғандардың діндері қабылданбайды. Олар ахирет күнінде зиянға ұшырайды!» делінген. Сендерге деген ойларымның, сезімдерімнің қандай екенін білгендеріңді қалаймын. Мәдина халқына деген сүйіспеншілігім мен жақындығым ерекше. Араларыңа келіп, Расулуллаһтың қаласында тұрғым келеді. Мені тыңдасаңдар, бұйрықтарыма бағынсаңдар, сендерге қиыншылық пен қорлық жасамаймын. Мекке қаласына кірген кезімде ол жақтағылар менен тек қана жақсылық көрді. Қайтадан мұсылман болуларыңды қалаймын. Бұйрықтарыма бағынсаңдар, шапқыншылықтан, өлімнен және зорлық-зомбылықтан өздеріңді құтқарған боласыңдар. Аллаһ сендерді қорғайды, мен де қорғаушыларың боламын. Бұл хатымды сенімді адамым Салих бин Салих арқылы сендерге жолдадым. Жақсылап оқыңдар. Сол арқылы шешім қабылдаңдар! Оның сөзі – менің сөзім.»

Салих бин Салих әкелген хат мәдиналықтарды қатты қорқытты. Оған дейін Таифқа көрсеткен қорлықтарын, әйелдерді, балаларды (рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин) қылыштан өткізгенін бірнеше күн бұрын естіген болатын. Төбе шаштары тік тұрды. Сауд бин Абдулазиздың хатына иә немесе жоқ деп жауап бере алмады. Жандарынан да, діндерінен де бастарта алмады.

Қарақшылардың көсемі Бәдай опасыз, хатқа жауап келмеген соң, Мәдинаның айлағы болған «Йәнбу» қаласына шабуылдады. Оны басып алғаннан кейін Мәдинаға келіп, қаланы қоршап алды. Сурун, Анберия есігіне қатты шабуылдады. Сол күні Шам қажылары Абдуллаһ пашаның қол астында келіп қалды. Қаланың қоршалғанын көргенде қажылар және олармен бірге болған әскер қарақшылармен соғыса бастады. Екі сағатқа созылған қанды шайқаста екі жүз шақты тозақтық қылыштан өтті. Қалғандары жан-жаққа қашып кетті.

Абдуллаһ паша қажылық міндетін атқарып болғанға дейін Мәдинадағы мұсылмандар бейқам жүрді. Бірақ, Шам қажылары Мәдинадан шығып, алыстағанда Бәдай опасызы қаланы қайтадан қоршады. Куба, Ауали және Құрбан деп аталатын жерлерді басып алды. Бұл жерлерге екі бекініс жасады. Қаланың тасымал жолдарын жапты. «Айн-и зәрка» деп аталатын су жолдарын бұзды. Осылайша мұсылмандарды аш және сусыз қалдырды.

МҰҒЖИЗА: Айн-и зәрка су жолдары бұзылып, қалада су қалмаған кезде Мәсжиди Нәбидегі «Бағча-тур-Расул» ішіндегі құдықтың суы көбейді. Ащылығы кетіп, жағымды болды. Соның арқасында қаладағы бүкіл мұсылмандар судан қиналмады. Оған дейін бұл құдықтың суы ащы болғандығы баршаға мәлім еді.

Қала айлар бойы қоршауда болды. Мәдинадағы мұсылмандар Шам қажылары келіп, бізді тағы құтқарар деген үмітпен қиыншылықтарға шыдады. Бірақ, Шам қажылары келгенде олардың әмірі Ибраһим паша төтеп беретіндей әскері болмағандықтан, қаланы оларға тапсырыңдар деді. Мәдинадағы мұсылмандар мұны естігенде Ибраһим пашаны Бәдаймен сөйлесіп келісті, мұсылмандарға қорлық жасамайтынына, зиян тигізбейтініне одан сөз алды деп ойлап қалды. Аудармасы төменде жазылған хат жазып, Мұхаммед Тайяр, Хасан Чавуш, Абдулқадир Иляс және Әли есімді төрт кісі арқылы Саудқа жолдады.

Хаттың аудармасы: Сендерге көрсету керек болған құрметімізді білдіріп, сәлемімізді жолдаймыз. Аллаһу та'ала разылығына лайықты болған амалдарымызға сәттілік берсін! Ей, шайх Сауд! Шам қажыларының әмірі болған Ибраһим паша осында келді. Қаланың Бәдай тарапынан қоршауға алынғанын, сусыз қалдырғанын және жолдарды бекіткенін көрді. Себебін сұрады. Бұл әрекеттердің сендердің бұйрықтарыңмен жасалғандығын түсінді. Біз сені Мәдина халқына жаман ниетте емес деп үміттенгеніміз үшін, бұл жаман, нашар әрекеттерден бейхабарсың деп ойладық. Басымызға келгендерді саған хабарлау үшін белсенділеріміз жиналдық. Бірауыздан келісіп, арамыздан ең жақсы, ең таза болған төрт кісіні таңдадық. Саған жібердік. Олардың бізді қуантатындай жауаппен кері оралатынын Аллаһу та'аладан тілеп дұға етудеміз.

Сауд хатты алғанда елшілерге дөрекі сөйледі. Мәдина халқына өте ашулы және дұшпан екендігін айтуға да ұялмады. Елшілер кешіруін сұрап көп жалынды. Оның кір аяқтарына жүгінді, дегенмен «Хақ дінімді қабылдамайтындарыңды, бұйрықтарымды орындамайтындарыңды, аштықтан, шөлден және қиыншылықтардан жүдеп, жылы сөзбен мені алдамақшы болғандарыңды, азаптан құтылу үшін жалбарынғандарыңды хатты оқыған кезде түсіндім. Менің талаптарымды орындаудан басқа сендерге құтылу жолы жоқ. Бұйрықтарымды қабылдағандай болып көрініп, қате сөздер мен әрекеттерің болса, сендерді де таифтықтар секілді азаптап, құртып жіберемін» деді. Мұсылмандарды мазһабтарын тастауға мәжбүрледі.

Саудтың Мәдинадан келген елшілерге қабылдатқан қате және адасқан сөздері «Тарих-и уаһһабиян» кітабында ұзақ жазылған.

Мәдиналық елшілер Саудтың бұйрықтарын амалсыздан қабылдағаннан кейін кері қайтты. Мәдиналықтар да әбден жадап-жүдегендіктен, суға батқан адамның жыланға жабысқанындай, басқа ештеңе айта алмады. Келісімнің жетінші бабы бойынша, Бәдайдың жетпіс адамына Мәдина қамалын тапсырды. Келісімнің бір бабы Мәдинадағы кесенелердің құлатылуы еді. Қорлықтан құтыла алу үшін келісімдегі бұйрықтарды амалсыздан орындады. Шарасыздықтан жасаса да, бұл әрекеттері жаман нәтижелерге жол ашты.

Стамбұлға көмек сұрап жазып жолдаған хаттарына ешқандай жауап келмеді. Мәдина халқы үш жыл бойы қорлықта қалды. Мұсылмандардың Стамбұлдан көмек келетініне үміт қалмағанда Саудқа хат жазды. Кешірім мен қамқорлық сұрап жалынды. Бұл хатты Хусейн Шәкір және Мұхаммед Сағайи есімді екі кісі арқылы Дәрийяға жолдады. Бірақ, Сауд мәдиналықтардың оған дейін Стамбұлдан көмек сұрағандығын естігендіктен, елшілерді қабылдамады. Үш жылдан бері қиыншылық пен қорлықта өмір сүріп жатқан мәдиналықтарды одан сайын қинап, азаптау үшін үлкен қарақшылар тобымен Мәдинаны жайпап өтті.

Арабстан шөліндегі барлық жабайылар мен ауылдық сауатсыздар Саудты Нәжд патшасы ретінде танитын. Ол опасыз ақымақ та жан-жаққа жолдайтын хаттарына «Имам-уд-Дәрийя-тил-мәждия уәл ахкам-идда’уатин Нәждия» (Құтты Дариа мен Наждтің дінге дағуат ету Басшысы) деп қол қоятын еді.

Сауд Мәдинаға кіргенде бірден кесенелердің құлатылуын, оларды тағы кесене шырақшыларына бұзғызуды бұйырды. Үш жыл бұрынғы келісімнің үшінші бабы бойынша, мұсылмандар көптеген құнды кесенелерді оған дейін бұзған, қабірлерді тегістеген болса да, үлкен және мүбәрәк деп білген бірнеше кесенеге тиісе алмаған болатын. Оларды да өз қызметшілері қайғырып жылап бұза бастады. Хазреті Хамзаның (радиаллаһу анһ) Ухудтағы кесенесінің қарауылы болған мұсылман өте кәрі болғандықтан, мұны істей алмайтынын айтқанда Сауд өз құлдарының арасынан бір жексұрынды кесенені құлатуға жіберді. Ол адам кесенені бұзу үшін күмбездің үстіне шыққанда жерге құлап өлгендіктен, опасыз Сауд хазреті Хамзаның кесенесін бұзудан бастартты. Бірақ, есігін жұлып тастады. Бұл бұйрығын орындатқызғаннан кейін «Мәнаха» алаңына құрғызған күрсіге (мінберге) шығып, сөз сөйледі. Мәдинадағы мұсылмандардың оған бағынғысы келмегенін, қорқыныштан мұнафиқ (екі жүзді) болғанын, бұрынғыдай мүшрик болып қала беруді қалайтынын айтты. Кейін қамалда жасырынғандардың да келіп мойынсұнуын, келмегендерге Таифқа көрсеткен зорлық-зомбылықты жасайтынын өте қопал сөздермен мәлімдеді.

Барша халықтың Мәнаха алаңына жиналуын көше аралап айқайлап хабар салынғандықтан және қамалдың есіктері жабылғандықтан, жұрт қорықты. Таифтықтар сияқты қинап өлтірілетіндіктерін түсінген еді. Адамдар балаларын сүйіп, әйелдерімен қош айтысып, Мәнаха алаңына жиналды. Еркектер бір тарапқа, әйелдер басқа тарапқа жиналып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк кесенесінің нұрлы күмбезіне қарап бас иген еді. Мәдина қаласында ол күнге дейін ондай қара күн болмаған еді. Сауд құтырып, мұсылмандарға бар қаһарын шашуда еді. Бірақ, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) берекетімен Аллаһу та'ала Мәдина қаласын қантөгістен қорғады. Сауд әдепке, ар-намысқа симайтын көп жаман сөздер мен балағаттар айтып, мұсылмандарды қорлағаннан кейін Мәдина қамалына қарақшыларын орналастырды. Ең сенімді адамы Хасан Чавуш есімді жексұрынды Мәдинаға әкім тағайындап, өзі Дәрийяға қайтты. Қажылық мезгілінде Меккеге барып, қажылық жасағаннан кейін, тағы Мәдинаға келді. Шам керуені Мәдинадан екі-үш күндік жолға алыстағанда Сауд қазылық ғимаратына келді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк кесенесінде және Мәсжид-и Нәбәуи қазынасындағы мың жылдан бері Ислам сұлтандары, Ислам қолбасшылары, Ислам өнерпаздары, Ислам ғалымдары тарапынан және бүкіл Ислам әлемінен таңдалып, құрметпен жіберілген өте қымбат сыйлықтарды, тарихи маңызы зор өнер туындыларын, алтынмен, гауһартастармен әшекейленген құнсыз жәдігерлерді, таңдаулы мусхаф (Құран кітабы) пен сирек кітаптарды тас жүрегі мен қара көңілі тайсалмастан тонатқызды. Бұл әдепсіздік пен опасыздықтан мұсылмандарға деген өшпенділігі басылмаған соң, аман қалған сахабалардың және шәһидтердің кесенелерін де құлатқызды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк бөлмесінің күмбезін де құлатқысы келгенімен, мұсылмандардың өксіп жылауы және жалбарынуының арқасында Шәбәкә-и саадат деген темір торды бұзып, тек қабырғаларын қалдырды. Мәдина қаласын қоршап тұрған қабырғаларды жөндеуді бұйырды. Мәдина халқын түгелдей Мәсжиди Нәбиге жинады. Мешіт есіктерін сырттан жауғызып, өзі мінберге шығып, былай деді:

«Ей, жамағат! Сендерге насихат айтуға және бұйрығыма бағыныңдар деп осында жинадым. Ей, Мәдина халқы! Міне бүгін діндерің толық болды. Енді мұсылман болдыңдар. Аллаһты қуанттыңдар. Бұдан былай ата-бабаларыңның қате діндеріне қызықпаңдар! Аллаһтың оларға қамқор болуын тілеп дұға етпеңдер! Олардың бәрі ширк жасап өлді. Олар мүшрик еді. Аллаһқа қалай ғибадат жасайтындарыңды, қалай дұға ететіндеріңді дін ғалымдарымызға берген кітаптарымда көрсеттім. Араларыңнан дін ғалымдарымның айтқандарына бағынбайтындарың шығатын болса, мал-мүліктерің мен иеліктерің, бала-шағаларың және әйелдерің, қандарың әскеріме халал болатынын біліңдер! Жігіттерім бәріңді шынжырмен байлап, қорлап өлтіреді. Пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кесенесі алдында, аталарың жасағандай, дұға мен сәлем айтып құрметпен тұруға уаһһабилік дінінде тыйым салынған. Кесененің алдында тұрмастан өтіп кету керек. Өтерде тек қана «Әссаламу алә Мухаммед» деп айтыңдар. Пайғамбарға деген құрмет, имамымыз Мұхаммед бин Абдулуаһһабтың ижтиһады (шығарған үкімі) бойынша, осынша болса, жеткілікті.»

Сауд осыларды және осыған ұқсас мұнда жазуға қолымыз бармайтын жаман және қопал сөздерін айтқаннан кейін Мәсжиди саадаттың есіктерін ашқызды. Абдуллаһ есімді ұлын Мәдинаға әкім етіп тағайындап, өзі Дәрийяға қайтты. Одан кейін Абдуллаһ бин Саудтың Мәдинадағы мұсылмандарға көрсетпеген жамандығы қалмады. Сауд Британияда әзірленген жоспарлардың барлығын британдық қарулар, алтындармен және алған бұйрықтарымен жүзеге асырды.