19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сауда-саттық / Таразымен қулық жасамау керек

Таразымен қулық жасамау керек

Сұрақ: Саудада өлшеу құралдарында, таразыда қулық жасауға, адамдарды алдауға дініміз тыйым салған ба?

Жауап: Бұл туралы «Кимия-и саадәт» кітабында былай делінеді:

Өлшегенде, таразыға тартқанда қулық жасамау, тура өлшеу керек. Құран кәрімде «Мутаффифин» сүресінің бірінші аятында: «Бергенде кем қылып, алғанда артығымен өлшегендерге ауыр азап беремін» делінген. Ғұламаларымыз үнемі алғандарын біраз кем, бергендерін біраз артығымен өлшейтін. «Осы аздаған айырмашылық тозақ пен біздің арамыздағы перде» дейтін. Мұны дәлме-дәл дұрыс өлшей алмаудан қорыққанынан істейтін. «Жеті қабат жер мен жеті қабат аспан аумағындай жәннатты бірнеше теңгеге сатқандар неткен ақымақ. Бірнеше арпа дәніне бола тозақ азабына душар болғандар неткен ақымақ» дейтін еді. Расулуллаһ алейһиссалам не сатып алса да ақшасын біраз артығымен беретін. Фудайл бин Ияд хазрет ұлының сатып алған тауарларының ақысы ретінде беретін алтындарының кірін тазалап отырғанын көріп: «Ей, ұлым! Бұл істеп отырған ісің саған екі нәпіл қажылықтан және екі умрадан да пайдалы» деді.

Ғұламаларымыз айтқанындай: «Пасықтардың ең жаманы – алғанда көп, сатқанда аз етіп өлшейтіндер. Матаны сатып алғанда бос ұстап, ал сатқанда тартып тұрып өлшейтіндер де сондай. Сүйегін әдеттегісінен көбірек салып жіберетін қасапшылар да сондай болады. Дәнді дақылдардың арасына топырақ араластырып сататындар да осыған жатады. Тауардың жақсысы мен жаманын араластырып, барлығы жақсы деп сататын саудагерлер де осыған кіреді. Бұлардың барлығын істеу харам болып табылады. Сауда-саттықта барлық адамның алдында адал (турашыл) болу уәжіп. Тіпті, өзі естігісі келмейтін сөзді өзгелерге де сөйлемеу керек. Осындай харамдардан құтылу үшін өзін дін бауырынан жоғары көрмеу керек. Мұны әркім істей алмайды. Сондықтан да Аллаһу та'ала «Бәрің тозаққа түсесіңдер!» деген. Бірақ әркім Аллаһу та'аладан қорыққанына қарай ол жақтан тез немесе кеш құтылады».