10 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     13 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ашуды жеңудің сауабы көп

Ашуды жеңудің сауабы көп

Мұсылманның тым ашушаң болуы дұрыс емес, тек кей жағдайларда ғана ашулану жақсы, тіпті бұйырылған. «Фәтиһ» сүресінде Раббымыз сахабаларды «Олар кәпірлерге ашуланады» деп мақтаған.

«Тәубе» сүресінің жетпіс төртінші аятында «Кәпірлерге қатал бол» деп бұйырылған.

Ислам дініне және мұсылмандарға дұшпан болып жүргендерге, тиісетіндерге қаталдық таныту керек. Олардың алдында қорқақ болуға рұқсат жоқ. Қашу Аллаһу та'аланың тағдырын өзгертпейді. Егер ажалыңыз келген болса, Әзірейіл періште (алейһиссалам) қайда болсаңыз да, сізді тауып алады.

Қорқақтар тек өздеріне ғана зиян тигізеді. Ал ашушаң адамдар өздеріне де, өзгелерге де зиян береді. Тым ашушаңдық адамды күпірге дейін жеткізеді. Хадис шәрифте: «Ашулану иманды бұзады» делінген.

Ашушаң адамның алдындағы кісінің де жауап қайтара алатынын ойлауы керек. Ашуланған адамның жүрегі бұзылады, осы бұзылғандық оның сыртқы көрінісіне де өтеді, жаман және қорқынышты күйге енеді.

Ашуды жеңу – үлкен сауап. Ондайларға жәннат сүйіншіленген. Аллаһу та'ала разылығы үшін ашуын жеңген және ашуландырған адамын кешірген кісі Раббымыздың разылығына бөленеді.

Иса алейһиссалам яһудилердің қасынан өтіп бара жатқанында олар оған жаман сөздер айтып сөге бастады, пайғамбар оларға жылы және сыпайы түрде жауап берді. Қасындағылар «Сізге жамандық жасады ғой, неліктен оларға жылы сөйледіңіз?» деп сұрағанында «Әркім ішінде не бар болса, соны шығарады» деп жауаптаған екен.

Ашулану, айқай-шу шығару рухқа зиян тигізгеніндей, денеге де өте зиянды. Сондықтан да дініміз дүниелік үшін ашуланбауды бұйырады. Хадис шәрифте: «Ашуы келген адам тұрған болса отырсын, ашуы басылмаса, қырымен жатсын» делінген.

Харам істеушіні көргенде ашулану діни қайраттан туындайды. Бірақ ашуланған кезде ақылдың және исламның шектеуінен шықпау қажет. Оған «кәпір, екі жүзді» дегендей ауыр сөздер айту харам болады. Күнә істеп жатқан адамды көрген кісінің оған «надан» немесе «ақымақ» деп айтуына рұқсат берілгенімен, жылы сөзбен, сыпайылықпен насихат айту жақсырақ болады.

Омар бин Абдулазиз хазрет әкімдерінің біріне жазған хатында мынадай насихат жолдаған екен: «Бір адамға ашуланған кезіңде оны бірден жазалауға кіріспе. Оны қама, ашуың басылғаннан кейін қылмысы шамасында жаза бер. Ашуға беріліп, қажетінен артық жаза беруден сақ бол!»

Дінді жаю, адамдарға пайдалы болу жылы сөйлеу арқылы мүмкін. Дөрекі сөйлеу, сөз таласу ренжісуге, ұрыс-керіске себеп болады. Сондықтан әрдайым жұмсақ мінезді және жылы жүзді болу, күлімдеп жүру керек.