8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ИМАМ ХАСАН БИН ӘЛИ (радиаллаһу анһума)

ИМАМ ХАСАН БИН ӘЛИ (радиаллаһу анһума)

• Әмир-ул мүминин хазреті Хасан бин Әли (радиаллаһу анһума) – он екі имамның екіншісі. Күнясі Әбу Мұхаммед. Ал лақап аты Тақи және Сәйид. Хижреттің үшінші жылы Рамазан айының ортасында Мәдинада дүниеге келді. Есімін Жәбрейіл періште (алейһиссалам) жәннат жібек матасына орап, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сыйлық қылып әкелген.

Әсма бинти Умәйс (радиаллаһу анһа) былай айтып берген: «Хазреті Хасан мен хазреті Хусейн (радиаллаһу анһума) туылған кезде мен босандырған едім. Хазреті Хасан туылғанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келді. «Ұлымды әкел, йа, Әсма!» деді. Оны Расулуллаһқа бердім. Оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтты. Хазреті Әлиден (радиаллаһу анһ) «Ұлымның атын кім деп қойдың?» деп сұрады. Хазреті Әли «Йа, Расулаллаһ, оған есім беруде сіздің алдыңызға өте алмаймын» деп жауап берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мен де ұлыма есім беруде Раббымның алдына өте алмаймын» деді. Сол кезде бірден Жәбрейіл алейһиссалам келді. «Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та'ала саған сәлем айтты және Сенің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және Әлидің (радиаллаһу анһ) Мұса (алейһиссалам) мен Харун (алейһиссалам) сияқты болғандарыңды айтты. Ұлыңның атын Харунның (алейһиссалам) ұлының есіміндей қой. Оның аты Шәңбәр. Мағынасы арабшада Хасан болады» деді.

Бір жылдан кейін хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) туылғанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тағы келді. Хазреті Хусейнді (радиаллаһу анһ) Оған бердім. Оны жерге қойып жылай бастады. «Неге жыладыңыз, йа, Расулаллаһ?» деп сұрағанымда «Бұл ұлымды залым қауым шәһид етеді. Фатимаға айтпа» деді. Хазреті Әлиден (радиаллаһу анһ) «Ұлымның атын кім деп қойдың?» деп сұрады. Тағы хазреті Хасанның (радиаллаһу анһ) есімін қойған кездегідей әңгіме орын алды. Жәбрейіл алейһиссалам келді. «Йа, Мұхаммед (алейһиссалам), ұлыңа Харунның (алейһиссалам) екінші ұлының есімін бер, оның аты Шәңбәрра еді. Арабшада Хусейн болады» деді».

Хазреті Хусейін (радиаллаһу анһ) аяғынан кеудесіне дейін Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қатты ұқсайтын еді. Ал хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) кеудесінен басына дейін Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қатты ұқсайтын. Бір күні хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) хазреті Хасанды (радиаллаһу анһ) иығына дейін көтерді. Ант етіп «Әлиге (радиаллаһу анһ) емес, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ұқсайды» деді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) күлімдеді.

Хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) жиырма бес рет жаяу қажылыққа барды. Жастар оның атын қасында жетектеп жүретін еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні мінберге шықты. Хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) құшағында еді. Бір жамағатқа, бір хазреті Хасанға қарап: «Бұл менің ұлым Сәйид. Аллаһу та'ала жақында оның арашылығымен екі мұсылман әскерін татуластырады» деді. Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) хазреті Хасанның (радиаллаһу анһ) мұсылмандар арасында фитна шыққанын мүлде қаламайтынын, разы болмағанын, бар көңілімен фитна шықпағанын қалайтынын білетін еді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) шәһид болғанда хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) хазреті Хасанмен (радиаллаһу анһ) жасырын түрде келісім жасады. Егер оған бір нәрсе болса, одан кейін хазреті Хасанның (радиаллаһу анһ) халифа болуына келісіп алды. Хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) хұтбаға шығып, «Ей, мұсылмандар! Мен фитнаны мүлде жақтырмаймын! Бүгін Муауиямен (радиаллаһу анһ) бейбіт келісімге келдім. Халифалықты оған қалдырдым. Егер хаққы болса, хаққы оған келді. Егер халифалық менің хаққым болса, үммет-и Мұхаммедтің (алейһиссалам) амандығы, игілілігі үшін хаққымды оған сыйладым. Ей, Муауия (радиаллаһу анһ)! Аллаһу та'ала сенде білген қайырымың үшін немесе сенен көрген жамандық үшін сені әкім (халифа) қылды. Аллаһу та'ала [Әнбия сүресі 111-ші аятында] «...Бәлкім бұл жаза уәдесінің ұзағаны сендерге бәле және бір уақытқа дейін сендерге пайда келтіру үшін» деген» деді де, мінберден түсті. Сол жерде отырғандардың бірі хазреті Хасанға (радиаллаһу анһ) «Ей, мұсылмандардың масқарасы, Муауияға (радиаллаһу анһ) бағындың ба, мал-мүлікті оған қалдырдың ба?» деді. Хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) былай жауап берді: «Аллаһу та'ала Бәни Умәйя патшаларының билігін Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрсетті. Олардың бірінен соң бірі оның мінберіне шыққанын көргенде бұл Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ауыр келді. Сонда Аллаһу та'ала [Кәусар сүресінің 1-ші аятында] «Біз саған Кәусәрді бердік» және [Қадр сүресінің 1-ші, 3-ші аяттарында] «Біз Құранды саған Қадір түнінде түсірдік. Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аяттарды жіберді» деді. Мың айдың мағынасы Бәни Умәйяның билік мерзімі. Бәни Умәйя патшаларының билігі мың ай жалғасты. Бұл оқиғаны риуаят етуші: «Олардың билік құрған мерзімін есептедім. Сексен үш жыл, төрт ай болды» деген. Хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) халифалықты хазреті Муауияға қалдырғанда хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) «Ей, Әбу Мұхаммед! Халифалықты маған қалдыруың арқылы ешкім істей алмайтын жомарттық жасадың» деді.

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Бір түні Хасан бин Әли (радиаллаһу анһума) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында отырған еді. Расулуллаһ оны қатты жақсы көретін. Оған «Анаңа бара ғой» деді. «Мен апарайын» деп едім, Расулуллаһ «Жоқ, сен барма» деді. Сол кезде аспанда кенеттен найзағай жарқырады. Хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) сол найзағайдың жарығымен анасының үйіне жетіп алды».

• Хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) қажылық мезгілінде жаяу Меккеге бара жатқан еді. Мүбәрәк аяқтары ісіп кетті. Құлы «Аяғыңыздың ісігені қайтқанға дейін жануарға мініп барсаңыз» деді. Ол қабылдамай, «Алдағы тұрақ орнында бір қара адамды көресің. Онда біраз май бар. Сол майды одан сөз тартыспай сатып ал» деп бұйырды. Құлы «Ата-анам сізге пида болсын! Тұрақтаған жерлеріміздің ешбірінде ондай бір нәрсесі бар адам көрмедік қой, бұл жерде қалай болады?» деді. Бір тұраққа жетті. Ол жақта қара адам көрінді. «Айтқан адамым осы. Бар, одан май сатып ал, ақысын төле» деді. Құлы ол адамға барып, май сұрады. Ол адам «Майды кім үшін аласың?» деп сұрады. «Хасан бин Әли (радиаллаһу анһ) үшін аламын» дегенде қара адам «Мені оған апар, мен оның құлымын» деді. Әлгі адам хазреті Хасанның (радиаллаһу анһ) алдына келгенде «Мен сіздің құлыңызбын, ақша сұрамаймын, тек әйелімнің толғағы келді, дені сау және бақуат бала тууын тілеп дұға етіңіз» деді. Хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) оған «Үйіңе бар, Аллаһу та'ала саған қалағаныңдай ұл бала берді» деді. Әлгі адам үйіне барды және сап-сау ұл баланың дүниеге келгенін көрді.

• Хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) бір күні Зубәйрдің балаларының бірімен (радиаллаһу анһум) жолға шықты. Жолда қураған құрма бақшасына тұрақтады. Хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) үшін бір құрма ағашының түбіне көрпеше төселді. Хазреті Зубәйрдің ұлы «Мына ағаштарда құрма болып, жесек қой» деді. Хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) «Балғын құрма жегің келді ме?» деп сұрады. «Иә» деген соң хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) қол жайып дұға етті. Еріндері жыбырлап тұрды, бірақ не айтқаны түсініксіз еді. Сол кезде бір құрма ағашы кенеттен жасарып, жапырақ бітіп, балғын құрма салды. Ол жерде олармен бірге жүрген түйеші «Бұл сиқыр ғой» деді. Хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) «Бұл сиқыр емес. Пайғамбардың ұлының [немересінің] қабыл болған дұғасымен жүзеге асты» деді. Сол жердегілердің бәрі сол құрманы тойғанша жеді.

• Хазреті Хасанның (радиаллаһу анһ) оқиғалары, білімі, ғибадаты, жомарттығы, адамгершілігі және көптеген үстем қасиеттері, рақымдылығы көп жазылған және сахих риуаяттармен хабар берілген. Бұл жерде қысқаша жазылды.

Хазреті Хасанды (радиаллаһу анһ) улап шәһид еткен болатын. Қайтыс болатын кезінде хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) қасында еді. «Ей, бауырым, сені улаған адамды кім деп ойлайсың?» деп сұрады. Хазреті Хасан «Оны өлтіру үшін сұрадың ба?» деп сұрады. Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) «Иә» дегенде хазреті Хасан «Егер біреуден көретін болсам, Аллаһу та'ала оған бәрінен ауыр жазасын береді. Егер күдіктенген ешкімім болмаса, күнәсіз адамның мен үшін өлтірілгенін қаламаймын» деді. Оны әйелі Жадә улағаны мәлім. Қайтыс болуы хижреттің елуінші жылы рабиул әууәл айының алғашқы күндеріне тура келеді.