9 - Рамазан, 1445 жыл.
     19 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / КЕЙБІР САХАБАЛАР (алейһимурридуан) ТУРАЛЫ БӨЛІМ

КЕЙБІР САХАБАЛАР (алейһимурридуан) ТУРАЛЫ БӨЛІМ

САИД БИН ЗӘЙД (радиаллаһу анһ)

Саид бин Зәйд ибн Амр бин Фудайл – ашәрә-и мубәшшәрәнің бірі. Яғни Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жәннатпен сүйіншілеген он сахабаның бірі. [Хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) қарындасы Фатиманың (радиаллаһу анһа) күйеуі еді. 51 жасында қайтыс болды]. Риуаят етілуі бойынша, бір әйел біраз сахабалар отырған жерге келіп, «Саид бин Зәйд (радиаллаһу анһ) менің жерімді алып, ол жерге ғимарат тұрғызды. Оған айтыңдар, жерімді қайтарсын. Әйтпесе Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мешітіне барып, оған шағым жасаймын» деді. Сахабалар әйелдің бұл сөзін Саид бин Зәйдке (радиаллаһу анһ) жеткізді. Саид: «Хазреті Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) естідім, «Кімде-кім өз хақысы болмаған бір қарыс жерді алса, Аллаһу та'ала оны жеті қабат жерден қуады» деген еді» деді. Бірақ бұл хадис шәрифті «Китаби Мәшарикте» Саид бин Зәйдтен былай риуаят етілгенін көрдім: «Кімде-кім зұлымдықпен бір қарыс жер алса, қиямет күні ол адам жеті қабат жердің түбіне батқанша ол жер мойнында тұрады».

Саид бин Зәйд (радиаллаһу анһ) әйелдің айтқандарын жеткізген сахабаға «Ол әйелге айт, өзінікі деп санаған жерді алсын» деді. Кейін ол былай дұға етті: «Аллаһым! Егер ол әйел өтірік айтып, маған жала жапқан болса, оның көзін көр қыл! Көздері көрмей өлсін!». Естігендер бұл сөзді әлгі әйелге жеткізді. Әйел Саид бин Зәйдтің үйін бұзып, өзіне үй тұрғыза бастады. Көп уақыт өтпей көзі көрмей қалды. Түндері қызметшісін оятып, оның қолынан ұстап баратын жеріне баратын болды. Бір түні қызметшісін оята алмады. Жалғыз өзі далаға шықты. Далада құдыққа түсіп кетті. Таңертең құдықта өлі жатқан денесі табылды.

 

АББАД БИН БӘШИР ЖӘНЕ УСӘЙД БИН ХУДАЙР (радиаллаһу анһума)

Әнәс (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Аббад бин Бәшир ансари және Усәйд бин Худайр ансари өте қараңғы бір түні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында отырған еді. Сыртқа шыққан кездерінде олардың бірінің аса таяғынан жарық шықты. Соның жарығымен қайтты. Екеуі екі жаққа айрылған кезде екеуінің де аса таяқтарынан жарық шықты. Әрқайсысы өз аса таяғынан шыққан жарықпен жүрді.

 

АММАР БИН ЯСЕР (радиаллаһу анһума)

Әмир-ул мүминин хазреті Әли (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Сапарда жолда едік. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Аммарды (радиаллаһу анһ) су әкелуге жіберді. Шайтан қара нәсілді құл кейіпінде оның су алуына бөгет болды. Аммар (радиаллаһу анһ) шайтанды ұстап, жерге жықты. Шайтан «Мені жібер, саған бөгет болмаймын» деді. Жібергенінде қайтадан бөгет болды. Аммар (радиаллаһу анһ) оны ұстап, қайтадан құлатты. Ол «Мені жібер, саған бөгет болмаймын» деді. Бұл жолы сөзінде тұрды. Аммар (радиаллаһу анһ) су алды. Ол әлі Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келмей тұрып Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Шайтан қара құл кейіпіне еніп, Аммардың су алуына бөгет болды, дегенмен Аллаһу та'ала Аммарға жеңіс берді» деді. Мұны Аммарға айтып бердік. Ол «Қара құлдың шайтан екенін білгенімде оны өлтірер едім. Бірақ мұрнын тістегім келген еді, сасық иіс сезіп, оны жібере салдым» деді».

 

АЛӘ БИН ХАДРӘМИ (радиаллаһу анһ)

Мұхажир сахаба. Бахрейнде Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әкімі еді. Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Ешкімде көрмеген үш ғажайып хәлді Алә бин Хадрәмиде (радиаллаһу анһ) көрдім. Біріншісі, теңіз жағалауына барған болатынбыз. Бізге «Аллаһу та'аланың есімін айтып теңізге түсіңдер» деді. Біз Аллаһу та'аланың есімін атап теңізге түстік. Түйелеріміздің табанынан басқа еш жеріміз суланбады. Екіншісі, теңізден өтіп, құрғақ жерге жеткенімізде қатты шөлдедік. Суымыз жоқ еді. Алә бин Хадрәмиге (радиаллаһу анһ) айттық. Екі рәкат намаз оқып, дұға етті. Бірден үстімізде үлкендігі қалқандай бұлт пайда болды. Ол бұлттан жаңбыр жауғаны сонша, бәріміз суға қанып іштік әрі ыдыстарымызды толтырып алдық. Үшіншісі, Алә бин Хадрәми (радиаллаһу анһ) қайтыс болғанда жаназа намазын оқып жерледік. Қабірінің үстіне кесек қойған болатынбыз. Кейіннен кебінінің бауын шешуді ұмытқанымыз есіме түсті. Соны шешу үшін кесектерді алып, қабірін аштық. Оны қабірдің ішінен таппай қалдық».

Риуаят етілуі бойынша, Басрада біреудің құлағына кішкентай тас кіріп, тұрып қалған болатын. Күні бойы содан қиналып, түнде де ұйықтай алмайтын. Сахабалардың (алейһимурридуан) бірінен ол мұның шарасын сұрады. Ол Алә бин Хадрәмидің (радиаллаһу анһ) дұғасын оқуға кеңес беріп, «Ол бұл дұғаны теңізде де, шөлде де оқитын» деді. Адам «Аллаһу та'ала саған қамқор болсын, ол қандай дұға?» деп сұрады. «Ол мына дұға» деп үйретті: «Йа, Әли, йа, Азыйм, йа, Халим, йа, Алим». Әлгі адам бұл дұғаны оқығанда құлағындағы тас ұшып шығып, дауыс шығарып қарсы дуалға соғылды.

 

ӘБУ ӘМАМА БАХИЛИ (радиаллаһу анһ)

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Шамда қайтыс болған соңғы сахабасы. [«Асхаби кирам» кітабының 252-ші бетіне қараңыз]. Одан былай риуаят етілген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мені бір қауымды исламға шақыруға жіберді. Ол қауым дінге шақыруымды қабылдамады. Шөлдеген болатынмын, олардан су сұрадым. Олар су бермей қойды да, «Шөлден өлгеніңше саған су бермейміз» деді. Жүн киімім бар еді, соны басыма қойып, күннің астында жатып ұйықтадым. Түсімде бір адам қолында шыны стақанмен сусын әкелді. Ешкім ондай әдемі стақан көрген емес және сондай тәтті сусын ішпеген. Оны маған берді, алып іштім. Біткен кезде оянып кеттім. Уаллаһи, ол шәрбәтті ішкен соң мүлде шөлдемедім және қарным ашпады».

Күңінен (қызметшісінен) былай риуаят етілген: «Әбу Әмама (радиаллаһу анһ) садақа беруді өте жақсы көретін. Қолына түскен алтын, күміс және тағамдарды садақа қылып беру үшін жинап, кедей келген кезде оған беретін. Бір күні кедей біреу келді. Үйінде үш динары бар еді. Біреуін сол кедейге берді. Тағы бір кедей келді, біреуін оған берді. Кейін тағы бір кедей келді. Қалған бір динарды оған берді. Мен «Үйде өзімізге ештеңе қалмады» дедім. Кейін ол көрпеге жатып ұйықтады. Бесін уақытында азан айтылғанда оны ояттым. Ол мешітке кетті. Ораза ұстағандықтан, кешке оған тамақ дайындау мақсатында біраз қарыз алдым. Кешке тамағын дайындап бердім, шырақ жақтым. Түсте жатқан жерінен динарлар көрдім. Санасам, үш жүз динар екен. Ішімнен «Осы динарлары бар деп, осыған сеніп садақа берген болар» деп ойладым. Құптан намазынан кейін ол үйге келді. Дайындаған тамағымды көргенде Аллаһу та'алаға шүкір етіп, маған қарап күлімдеді. Тамағын жеген соң оған динарларды әкеліп бердім. «Мынаны осында қалдырып кетіпсіз» дедім. «Ойпырмай, бұл не тағы?» деп айқайлап жіберді. «Білмеймін, осында тауып алдым» деп едім, одан сайын айқайлай бастады».

 

ХАЛИД БИН УӘЛИД (радиаллаһу анһ)

Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) туралы сөз қозғалды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ол Аллаһу та'аланың қылыштарының бірі. Оны кәпірлерге қарсы шығарған» деді».

Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) халифа кезінде Халид бин Уәлидті (радиаллаһу анһ) Хира тарапына жіберді. Хира халқы Абдулмәсиһ есімді біреуді оған елші ретінде жіберді. Сыйлық ретінде әсерін бір сағатта көрсететін біраз у жіберді. Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) елшіден «Бұл не?» деп сұрағанда «Бір сағат ішінде әсер ететін у» деп жауап берді. Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) ол уды уысына қойды да, «Бисмиллаһи уә биллаһи Раббиссамаи уәл арди. Бисмиллаһилләзи лә йәдурру мә асмиһи даун» дұғасын оқып, уды ішті. Ешқандай зияны тимеді. Елші Абдулмәсиһ қауымына қайтып, «Онымен бейбіт келісімге келіңдер. Өйткені ол бір сағат ішінде әсер ететін уды ішті, еш зияны тимеді. Ондайды олардан басқа ешкім істей алмайды» деді.

Риуаят етілуі бойынша, Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) әскерінің арасында жүргенде бір адамның шарап торсығын әкелгенін көрді. «Бұл не?» деп сұрады. Ол адам «Сірке суы» деп жауап берді. Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) «Йа, Раббым! Мұны сірке суы қыл» деп дұға етті. Әлгі адам шарап торсығын достарына апарды. Ішкен кезде сірке екенін білді. Олар «Не мынау, не әкелгенсің?» деп наразы болды. Әлгі адам «Мен шарап әкеле жатқан едім, жолда әмірлеріңді көрдім. Менен «Бұл не?» деп сұрады, «Сірке суы» деп жауап бердім. Ол үш рет «Аллаһым, мұны сірке суына айналдыр» деп дұға етті. Аллаһу та'ала оның дұғасын қабыл еткен екен» деп айтып берді.

 

АБДУЛЛАҺ БИН ОМАР БИН ХАТТАБ (радиаллаһу та'ала анһума)

Әмир-ул мүминин хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) ең үлкен ұлы. Балиғат жасына толмай тұрып Меккеде иман келтіріп, әкесімен бірге Мәдинаға хижрет етті. Ғалым және тақуа сахабалардың қатарында еді. Ол мың құл азат еткен болатын.

Меккеде қажылық кезінде Жәмрә тасы лақтырылып жатқанда халықтың қарбаласы кезінде аяғының екі саусағының арасына бір нәрсе кірді. Сол жара болып, ісіп кетті де, сол себепті Меккеде хижреттің жетпіс үш немесе жетпіс төртінші жылы сексен төрт жасында қайтыс болды.

Былай риуаят етілген: «Бір сапарда ол халықтың жиналғанын көріп, себебін сұрады. «Мұнда арыстан бар, халықтың жолдан өтуіне бөгет болып жатыр» деген жауап алды. Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу анһ) жерге түсіп, арыстанға қарай жүрді. Арыстанды қолымен итерді. Ал бір риуаят бойынша, арыстанға бір шапалақ беріп, жолдан қуды. Кейін: «Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) естідім: «Егер адамдар өздеріне бәле болған ештеңеден қорықпай, тек қана Аллаһу та'аладан қорықса, оларға ештеңе бәле болмас еді» деген еді» деді.

 

АБДУЛЛАҺ ИБН АББАС (радиаллаһу анһума)

Сахабалардың (алейһимурридуан) имамдарының, үлкен ғұламаларының бірі. Хашимұлдары хижреттен үш жыл бұрын қоршауда қалған Шаб ауылында дүниеге келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болғанында Абдуллаһ ибн Аббас (радиаллаһу анһ) он үш жасар еді. Екі рет Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), екі рет Жәбрейіл алейһиссаламды көргенін және Расулуллаһ оған Аллаһу та'ала хикмет беруін тілеп дұға еткенін айтқан. Хижреттің алпыс сегізінші жылы жетпіс бір жасында Таифта қайтыс болды.

Мәймун Михран былай айтып берген: «Таифта Абдуллаһ бин Аббастың (радиаллаһу анһума) жаназасына қатыстым. Жаназа намазын оқу үшін ол табытқа қойылды. Бір ақ құс келіп, кебінінің ішіне кіріп, жоғалып кетті. Ол құсты қанша іздесе де табылмады. Жерлеп, қабірді жапқан соң бір дауыс естідім. Кім сөйлегенін көрмеген едім. «Ей, мойынсұнғыш нәпіс, сен Оған, Ол да саған разы болып, салих құлдарымның арасына кіре ғой, жәннатыма кір» деген [«Фәжр» сүресінің 27-30] аяти карималарын оқыған еді».

Риуаят етілуі бойынша, Абдуллаһ ибн Аббас (радиаллаһу анһума) бір күні мешітке бара жатқанда жолда бір әйелді көріп қалды. Ішінен ол әйелге көңілі ауды. Осыған орай «Йа, Раббым, маған көзімді ниғмет ретінде бердің. Бірақ мұның маған бәле болуынан қорқамын. Көзімді көрмейтін қыла гөр» деп дұға етті. Мүбәрәк көздері жабылды, көрмей қалды. Бауырының ұлы оны мешітке апарып, тіректің түбіне құбылаға қаратып отырғызатын еді. Кейін ол бала ойнауға кететін. Бір нәрсе қажет болғанда сол балаға хабар жіберіп шақырып алатын. Бір күні бала ойынға беріліп, келмей қалды. Айналаны ластайды деп ойлап, «Йа, Раббым, көзімді ниғмет ретінде бердің. Бәле болатынынан қорыққаным үшін көрмеуін сұрадым, көзімді жаптың. Ал енді киімімнің және мешіттің ластануынан қорқамын» деді. Көзі ашылып, көре бастады. Үйіне барды. Мұны айтып берген адам «Мен оның көретін кезін де, көрмейтін кезін де көрдім» деген.

 

ИМРАН БИН ХАСИН (радиаллаһу анһ)

Хижреттің елу үшінші жылы Басрада қайтыс болды. Ибн Сирин (рахметуллаһи алейһ) «Басрада сахабалардан Имран бин Хасиннен (радиаллаһу анһ) жасы үлкен ешкім жоқ» деген. Отыз жыл бойы іші ауырып қиналды. Жақындары отпен күйдіріп емдейік дегенге келіспеді. Қайтыс болуынан екі жыл бұрын келісіп, жазылып кетті. Кейін «Бұрын нұр көретінмін. Дауыстар еститінмін. Періштелер маған сәлем беретін. Отпен күйдіру емін қабылдаған соң бұлар жоқ болды» деді. Көп истиғфар айтып өкінді. Аллаһу та'аланың бұларды қайта нәсіп еткенін Мутриф бин Абдуллаһқа айтқан екен.

 

ХАМЗА БИН АМР ӘСЛӘМИ (радиаллаһу анһ)

Риуаят етілуі бойынша, Хамза бин Амр Әсләми (радиаллаһу анһ) сапарлардың бірінде Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге еді. Өте қараңғы түндердің бірінде түйелер үркіп, үстіндегі бүкіл заттар жерге түсті. Хамза бин Амр Әсләмидің (радиаллаһу анһ) саусақтары шам секілді жарық шығарды. Соның арқасында олар жерге түскен заттардың барлығын тауып, түйелерге жүктеді.

 

САЛМАН ФАРИСИ (радиаллаһу анһ)

Ол исфәхандық еді. Күнясі Абдуллаһ. Әмир-ул мүминин Омар (радиаллаһу анһ) оны Мәдаинға әкім етіп тағайындады. Ол әмир-ул мүминин Османның (радиаллаһу анһ) халифалығы кезінде қайтыс болды. Сияр ғалымдары Салман Фарисидің (радиаллаһу анһ) ұзақ өмір сүргенін және хазреті Исаның (алейһиссалам) уасиына жеткенін, екі жүз елу жыл немесе одан көп өмір сүргенін айтқан. Әнәс (радиаллаһу анһ) былай риуаят еткен: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хадис шәрифте: «Сабықтар (әуелгілер) төрт адам. Арабтың сабықы, алғашқысы менмін. Румның сабықы Суһәйб. Парсының сабықы Салман. Хабәштің сабықы Билал» деген». Басқа хадис шәрифте: «Салман бізден, ол әһли бәйттен» деген.

Былай риуаят етілген: «Салман Фарисидің (радиаллаһу анһ) қайтыс болуы жақындағанда ол жұбайына біраз миск берді де: «Мынаны суға салып, басымның айналасына шаш, адам және жын болмағандар қасыма келеді» деген болатын. Әйелі «Айтқанындай істедім, кейін сыртқа шығып кеттім. Іштен «Әссәләму алейкум, йа, Расулуллаһтың иесі, досы» деген дауыс естідім. Ішке кіргенімде қайтыс болған екен. Төсегінде ұйықтағандай жатқан еді» деп айтып берген».

Саид бин Мусәйиб (рахметуллаһи та'ала алейһ) Абдуллаһ бин Салманнан (радиаллаһу анһ) риуаят етіп былай айтып берген: «Салман Фариси (радиаллаһу анһ) маған «Ей, бауырым, қайбіріміз бұрын қайтыс болсақ, сол өзін тірі қалғанына көрсетсін» деді. Мен «Бұл мүмкін бе?» деп сұрадым. Ол «Иә, мүмкін. Өйткені мұсылманның рухы денесінен айрылғанда қалаған жеріне бара алады. Кәпірдің рухы сижжинде қамаулы» деп жауап берді. Салман Фариси (радиаллаһу анһ) қайтыс болды. Бір күні түскі ұйқымда түсімде Салман Фарисидің (радиаллаһу анһ) келгенін көрдім. Маған сәлем берді. Сәлеміне жауап бердім де, «Барған жерің қандай екен?» деп сұрадым. «Жақсы. Тәуекел ет (Аллаһқа жүгін), тәуекел неткен жақсы нәрсе» деді және мұны үш рет қайталады».

 

ТҮФӘЙЛ БИН АМР ДУСИ (радиаллаһу анһ)

Ол өзі былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығын жариялаған кезде мен Меккеге бардым. Құрайш мүшриктерінің кейбірлері маған келіп, «Ей, Түфәйл, біздің қаламызға келдің. Арамыздан Мұхаммед (алейһиссалам) шығып, қауымымыздың арасына іріткі салды. Оның сөздері сиқырдай әсер етеді. Ағалы-інілі, ерлі-зайыпты, бәрін бір-бірінен айырып жатыр. Бұл сөздерді сенің қауымың естуінен қорқамыз. Онымен сөйлесуші болма, оған барып, сөздерін тыңдама» деді. Жамандағаны сонша, онымен мүлде сөйлеспейін, сөздерін тыңдамайын деп шештім. Мәсжиди харамға кіргенде Оның сөздерін тыңдамау үшін құлақтарыма мақта тығып жүрдім. Бір күні таңертең Мәсжиди харамға кірдім. Іште Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қағбаға жақын жерде намаз оқып жатқан екен. Оған жақын жерге отырдым. Аллаһу та'аланың қалауы болса керек, Расулуллаһтың сөздерін естідім. Өте керемет сөздер еді. Ішімнен «Мен ақынмын және зерек адаммын. Жақсы-жаман сөзді ажырата аламын. Оның қасына барайын. Егер жақсы сөйлесе қабылдаймын» деп ойладым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үйіне қарай кетті. Мен оның артынан жүрдім. Үйіне кіргенде мен де артынан кірдім. «Ей, Мұхаммед (алейһиссалам)! Қауымыңыз сіздің сөздеріңізді естуден мені сонша қорқытты, естіп қоймау үшін құлағыма мақта тыққан едім. Аллаһу та'аланың қалауымен сіздің көркем сөздеріңізді естідім. Маған бәрін айтып беріңіз» дедім. Ол маған исламды түсіндірді және Құран кәрім оқыды. Уаллаһи, одан әдемі сөз естіген емеспін. Калима-и шаһадатты айтып, мұсылман болдым. Кейін «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Қауымыма менің сөзім өтеді. Қауымыма барып, исламға шақыруды қалаймын. Дұға етіңіз, Аллаһу та'ала маған ғажайып берсін, сол белгі қауымымды исламға шақырғанда маған көмектессін» деп өтіндім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Йа, Раббым, бұған бір дәлел, ғажайып бер» деп дұға етті. Кейін мен қауымыма қарай жолға шықтым. Оларға жақындаған кезде екі көзімнің арасында шам секілді нұр жарқырай бастады. Жан-жаққа жарық шашып тұрған еді. «Аллаһым, бұл белгіні жүзімнен басқа жерге өткіз. Әйтпесе, қауымым бұл жағдайды көріп, бұл өзгеріс оның жүзіне тән, біздің дінімізден айрылғаны үшін болды деп ойлауынан қорқамын» деп дұға еттім. Ол нұр қамшымның ұшына өтті. Асулы шам секілді жарық беріп тұрған еді. Қауымымның арасына кіріп, оларды исламға шақырдым, иман келтірмеген аз-ақ адам қалған еді. Кейін Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайттым. «Йа, Расулаллаһ! Қауымыма қарғыс айтыңыз. Өйткені өте көп зина жасайды» дедім. Ол «Аллаһым, Дус қауымына хидаят (тура жол) бер» деп дұға етті. Маған «Қауымыңа қайтып бар, оларды исламға шақыр» деп бұйырды. Барып, қауымымды исламға шақыруды жалғастырдым.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинаға хижрет еткенде Бәдр, Ухуд және Хандәк соғыстары орын алды. Бір топ мұсылман болып, Хайбәр соғысында Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жәрдемге бардық. Меккені жаулап алғанша Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасында болдым. Мекке алынған соң Ол мені Зилкәфәйн атты пұтты құлатуға жіберді. Барып, сол пұтты құлаттым. Одан кейін қайтыс болуына дейін Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге болдым».

Былай риуаят етілген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болған соң арабтардан діннен шыққандар болды. Түфәйл бин Амр (радиаллаһу анһ) бір топ мұсылманмен Ямама тарапына жиһадқа аттанды. Жолда түс көрді. Түсін достарына былай айтып берді: «Шашымды тақырлап алып тастады, аузымнан бір құс шығып ұшып кетті. Бір әйел мені көріп, алып, ішіне салды. Балам мені әбден іздеді, таба алмады». Достары бұл түсіне «Қайыры бар болар, иншаллаһ» десті. Өзі «Мен бұл түсімді былай жордым» деп «Шашымды тақырлауы бұл соғыста басымнан айрылатынымды, шәһид болатынымды көрсетеді. Аузымнан шыққан құс – рухым. Мені ішіне салған әйел – жер жүзі. Баламның мені әбден іздеп, таба алмауы – оның бұл соғыста шәһид болуды қатты қалап, шәһид бола алмауын көрсетеді» деп жорыды».

Түфәйл бин Амр (радиаллаһу анһ) Ямама соғысында шәһид болды. Ұлы Амр көп жарақат алды. Бірақ кейіннен жазылып кетті. Хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) халифалығы кезінде Йәрмукте ол да шәһид болды.

 

СӘФИНА (радиаллаһу та'ала анһ)

Зәужәт-и мутаһһарадан (пайғамбарымыздың пәк жұбайларынан) Үмму Сәләмәнің (радиаллаһу анһа) құлы еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өмір сүрген уақыт бойы Расулуллаһқа қызмет ету шартымен оны азат етті. Сәфина (радиаллаһу анһ) Үмму Сәләмәге (радиаллаһу анһа): «Егер сіз маған бұл шартты қоймасаңыз да, мен өмірім бойы Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қызмет ететін едім» деген. Он жыл қызмет еткені хабар берілген. Есімін сұрағандарға «Атымды айтпаймын. Маған Расулуллаһ Сәфина есімін қойған» дейтін. Одан Сәфина есімі не себепті қойылғанын сұрағандарға былай айтып берген: «Бір күні Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және сахабалармен бірге сапарға шыққан болатынбыз. Өзіндегі заттар ауыр болса керек, маған «Алашаңды жерге төсе» деп бұйырды. Сөйтіп бүкіл заттарын сол алашаға қойды. Кейін маған «Осыларды алып жүр, сен Сәфинасың (кемесің)» деді. Ол күні маған бір түйенің жүгін жүктеген болатын. Санағанда жеті жүк шыққан еді. Маған мүлде ауыр болмады».

Өзі былай айтып берген: «Бір күні кемеге мінген едім. Теңіздің толқынынан кеме бөлшектеніп кетті. Бір тақтайға жармасып, жан сақтадым. Толқындар мені бір орманның жағасына шығарды. Ол жақта арыстан бар еді. Мен «Ей, Әбул Харис (арыстан)! Мен Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) құлы Сәфинамын» дедім. Арыстан басын жерге иіп, кейін маған келіп үйкелді. Кейін маған жол көрсетті. Жолға шыққан кезімізде бір дауыстар шығарды. Менімен қоштасып жатыр деп түсіндім».

 

ХАССАН БИН САБИТ (радиаллаһу та'ала анһ)

Риуаят етілуі бойынша, Ал-и Жәфнәден болған Жәбәлә-и Ғассани діннен шығып, Рум кайзеріне барған болатын. Хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) елшісі арқылы Хассан бин Сабитке (радиаллаһу анһ) сыйлықтар жолдады. Хассан бин Сабит хазреті Омарға келіп, ішке кіріп сәлем берді. «Ей, мүминдердің әмірі! Мен Ал-и Жәфнәнің сыйлықтарының иісін сезіп тұрмын» деді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) «Иә, Жәбәлә-и Ғассани саған сыйлық жіберген екен» деді. Бұл оқиғаны риуаят еткен адам: «Хассан бин Сабиттың мән-жайдан еш хабары болмастан, тек иісінен ғана Ал-и Жәфнәнің сыйлықтары екенін түсінгеніне таңырқадым, еш ұмытпаймын» деген.

 

АМР БИН МУРРАТИЛ ЖУҺӘНИ (радиаллаһу та'ала анһ)

Мұсылман болған соң ол қауымына барып, оларды исламға шақыру үшін Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) рұқсат сұрады. Сөйтіп қауымына барып, оларды исламға шақырды. Қауымынан бір кісіден басқа бәрі мұсылман болды. Иман келтірмеген адам: «Ей, Амр! Аллаһ өміріңді саған у қылсын. Біздің пұттарымызды тастап, ата-бабамыздың дінінен шығуымызды қалайсың» деді. Амр (радиаллаһу анһ) оған «Екеуімізден қайбіріміз өтірік айтсақ, Аллаһ оның өмірін у қылсын» деді. Әлгі адамның ерні мен аузы ыдырап, ағып кетті. Жеген тамағының дәмін сезбейтін болды. Кейін көзі көрмей қалды, тілі тұтылды, осындай күйде өлді.

 

ИХБАН (радиаллаһу та'ала анһ)

Қайтыс боларында «Мені екі бөлік киіммен кебіндеңдер» деп өсиет айтты. Қайтыс болғанында ол екі киім және бір көйлекпен кебінделіп жерленді. Таңертең адамдар ол көйлекті киімдердің үстіне тасталған ағаштың үстінен көрді. «Бұл оның көйлегі ме, әлде басқа біреудікі ме?» деп ойланды. Ол көйлекті тіккен тігіншіні тауып, одан сұрады. Тігінші ант етіп, «Бұл көйлек Ихбан (радиаллаһу анһ) жерленген кезде киілген көйлек» деді.

 

ӘБУ КУРСАФА (радиаллаһу та'ала анһ)

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Әбу Курсафаға (радиаллаһу анһ) бір киім кигізген еді. Халық оған дұға сұрап келетін, ол оларға дұға етіп, Аллаһу та'аладан берекет тілейтін. Келушілер ол дұғаның әсерін өздерінде байқайтын еді.

Әбу Курсафа (радиаллаһу анһ) Асқаландық еді. Курсафаның ұлы рум аймағына соғысқа аттанған болатын. Күнде таң намазының уақытында Асқаланнан «Ей, Курсафа, намаз, намаз» деп ұлына айқайлайтын. Ұлы Курсафа рум аймағынан «Иә, әкешім» деп жауап беретін. Достары «Сен күнде осылай кімге жауап бересің?» деп сұрағанында «Әкем мені намазға оятады» дейтін.

Әбу Курсафа (радиаллаһу анһ) былай риуаят еткен: «Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) естідім, кімде-кім жатудан бұрын төсегіне келіп, «Табарака» сүресін оқып, кейін төрт рет «Аллаһумма Раббул Хилли уәл-Харам уә Раббул Бәләдил харам уә Раббул мәшарил харам би кулли аятин әнзәлтәнә фи шәһри рамазана бәллиғ рухи Мухаммадин минни тахиятән уә сәләмә» деп дұға етсе, Аллаһу та'ала екі періште жібереді, ол сәлемді Расулуллаһқа жеткізеді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Менен де пәленше ұлы түгеншеге сәлем айтыңдар, Аллаһтың рахметі мен берекеті оған жаусын» дейді».

 

ӘНӘС БИН МАЛИК АНСАРИ (радиаллаһу та'ала анһ)

Күнясі Әбу Хамза. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) он жыл қызмет етті. Расулуллаһ Мәдинаға хижрет еткенде Әнәс бин Малик он жасында еді. Сахабалардан (алейһимурридуан) Басрада қайтыс болғандардың соңғысы. Жаназасында денесін Мұхаммед бин Сирин (рахимәһуллаһ) жуындырды.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Әнәс бин Маликтың мал-мүлкінің және бала-шағасының көп болуын, өмірінің ұзақ болуын және кешірілуін тілеп дұға етті. Өзі былай айтқан: «Құрма ағаштарым жылына екі рет құрма салатын. Тоқсан сегіз немесе жүз балам болды. [«Саадати Әбәдия» кітабының 1035-ші бетінде, 2-ші том, 17-ші хатында жазылғаны бойынша, Абдуллаһ ибн Зубәйр (радиаллаһу анһума) халифа кезде оба ауруы тарады. Әнәс бин Маликтың (радиаллаһу анһ) сол кезде сексен үш баласы көз жұмды]. Соншалықты ұзақ өмір сүрдім, маған «өмір» деген лақап ат берілді. Дұғаның төртінші тілегіндегі кешірілуге де қатты үміттенемін». Тоқсан тоғыз, жүз, жүз үш немесе жүз жеті жасында қайтыс болғаны риуаят етілген.

Риуаят етілуі бойынша, Әнәс бин Маликтың (радиаллаһу анһ) егістігінде жұмыс істейтін адам алқаптың қурап кеткенін, суару қажет екенін айтты. Ол дәрет алып, екі рәкат намаз оқыды да, дұға етті. Бір бұлт келіп, егістіктің үстін қаптады. Жаз күндері еді. Егістікке көп жауын жауғаны сонша, барлық жер суарылды. Кейін ол қызметшісін: «Жаңбыр қайда жауғанын көріп кел» деп жіберді. Қызмешті барып, көріп келді де, «Жаңбыр сіздің егістігіңіздің сыртына шықпаған екен» деп хабар берді.

 

СӘБИТ БИН ҚАЙС (радиаллаһу та'ала анһ)

Сәбит бин Қайс (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Бір соғыс майданына шыққан болатынбыз. Жаудың тыңшыларын көріп, қаша бастадық. Арамыздағы бір досымыздың атының аяғы шалынып, ол жерге жамбасымен құлады. Жамбасы сынып, сүйектері құрманың сүйектеріндей бөлшектенген еді. Оны бір атқа мінгізбекші болдық, бірақ іске асыра алмадық. Ол «Мені өлтіріңдер» деді. Амалсыздықтан оны сол жерде тастап кеттік. Бір күн және бір түн жол жүрдік. Бір қарасақ, әлгі досымыз артымыздан жетіп алған екен. Аяғы толықтай жазылған еді. Бір жыл уақыт өткендей жазылған еді. Ол адам өзі бізге былай айтып берді: «Ақ атқа мінген бір адам қасыма келді. Қолымен жамбасымды сипады және маған «Егер теріс бұрылса, оларға айт: Аллаһ маған жеткілікті. Одан өзге тәңір жоқ, тек Оған ғана жүгінемін. Ол Арштың Раббысы» деген «Тәубе» сүресінің 129-шы аяти каримасын оқы» деді. Мен оқыдым, жамбасым жазылып кетті».

 

ТӘМИМ ДАРИ (радиаллаһу та'ала анһ)

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Тәбук» соғысынан қайтқанда Тәмим Дари Дарииннен келген жамағатпен бірге мұсылман болған еді.

Риуаят бойынша, хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) халифалығы кезінде Мәдинада Хуррада өрт шықты. Хазреті Омар Тәмим Дариға келіп, «Жүр, өрт шыққан жерге барайық» деді. Ол «Йа, әмир-әл мүминин! Мен кіммін соншама» десе де, хазреті Омар (радиаллаһу анһ) айтқанынан қайтпады. Сонда ол онымен бірге өрт шыққан жерге барды. Бұл оқиғаны айтып берген адам былай деген: «Мен де олардың артынан бардым. Тәмим Дари (радиаллаһу анһ) қолымен отқа ишара етті. Оттың алауы бәсеңбеп, кішірейіп, басылғанда қолын түсірді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) мұны көріп: «Көрген адам көрмеген адамдай емес» деген еді». [Ол бір рәкат намазда Құран кәрімді хатым еткен төрт адамның бірі].

 

ЗӘЙД БИН ХАРИЖА (радиаллаһу та'ала анһ)

Нуман бин Бәшир (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Зәйд бин Харижа (радиаллаһу анһ) Мәдинаның бақуат адамдарының бірі еді. Тамағында ауру пайда болып, бесін мен екінді уақыты арасында қайтыс болды. Оны жатқызып, үстін жауып қойдым. Кейін мешітке барып, екінді мен ақшам намаздарын оқыдым. Біреу келіп, маған «Тұр, Зәйд бин Харижа қайтыс болғаннан кейін де сөйлеп жатыр» деді. Дереу оған бардым. Айналасына ансар сахабалардан жамағат жиналған екен. Мен олармен отырдым. Ол сөйлеп жатқан немесе оның аузымен біреу сөйлеген еді. Оның: «Омар (радиаллаһу анһ) қауымының ұлы тұлғасы еді. Аллаһ жолында оған келген қиындық пен ауырпалықтардан қорықпады және тайсалмады. Күштілердің әлсіздерді басынуына жол бермеді» дегенін естідім. Кейін хазреті Осман (радиаллаһу анһ) туралы айтып, халифалығының соңғы дәуірінде шығатын фитна мен бүлік туралы сөз қозғады. Кейін жәннат пен тозақ туралы және ол жақтағылардың жағдайлары туралы біраз нәрселер айтты, кейін тоқтады. Сол жерде отырғандардан мен келгенге дейін не айтқаны туралы сұрадым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) туралы хабар бергенін айтты».

 

КҮҢ ЗАИДА (радиаллаһу та'ала анһа)

Хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) күңі. Риуаят етілуі бойынша, бір күні Заида (радиаллаһу анһа) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп, сәлем берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ей, Заида, неліктен маған сирек келесің? Сенің хәлің жақсы, мен сені жақсы көремін» деді. Ол «Йа, Расулаллаһ! Бүгін басымнан ғажайып оқиға өтті. Сол себепті алдыңызға келдім» деді. «Ол қандай оқиға?» деп сұрағанда былай айтып берді: «Таңертең отын жинауға шыққан едім. Бір құшақ отын жинап, байладым да, бір тастың үстіне қойдым. Сол кезде жер мен көк арасында атты әскер көрдім. Маған сәлем берді де, «Сәйидіңе, пайғамбарыңа сәлем айт, жәннаттың қарауылы Ридуан сүйінші хабар айтты де, Оның үмбеті үш топ болып жәннатқа кіреді. Бір топ есепсіз кіреді. Бір топтың есебі оңай өтеді. Ал бір топ Оның шапағатымен кіреді деп айт» деді. Осыны айтқан соң аспанға көтеріліп кетті. Жер мен көк арасында маған ілтипатпен қарады.

Жинаған отынымды әрең көтергенімді көргенде «Ей, Заида, отынды тастың үстіне қой» деді де, тасқа «Мына отынды Заидамен бірге Омардың (радиаллаһу анһ) үйіне апар» деді. Тас әрекет етіп, отынды хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) үйінің алдына дейін әкелді». Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) орнынан тұрып, онымен бірге хазреті Омарға барды. Тастың келіп кеткен іздерін байқады да, «Аллаһу та'алаға шүкір, мен тірі кезімде Ридуан үмбетімнің кешірілетінін сүйіншіледі және үмбетімнен бір әйелді Мәриәмнің (радиаллаһу анһа) дәрежесіне көтерді» деді.

 

АНСАРДАН БІР ӘЙЕЛ САХАБА (радиаллаһу та'ала анһа)

Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Ансар сахабалардан бір жігіт ауырып қалды. Көңілін сұрап бардық. Оның өте кәрі және көзі көрмейтін анасы бар еді. Біз бөлмеде отырғанда жігіт қайтыс болды. Бетін жаптық та, анасына «Аллаһу та'ала осы қиындық себебімен сізге сауап және сабыр берсін» дедік. Ол «Балам қайтыс болды ма?» деп сұрады. Біз «Иә, қайтыс болды» деп жауаптадық. Ол «Йа, Раббым! Сенің және пайғамбарыңның жолында екенімді білесің. Қиналған кезімде көмектесетін тек қана сенсің. Бүгінгі қиыншылықты басымнан алып таста!» деп дұға етті. Біз әлі сыртқа шықпаған едік. Қарасақ, өлген жігіт тіріліп, бетіне жабылған жамылғыны алып тастады да, орнынан тұрды. Бәріміз бірге тамақ жедік».