АЛҒЫ СӨЗБисмиллаһпен бастайық бұл кітапты, Аллаһ аты ең жақсы сыйынарымыз. Ниғметтері шексіз мұхит сияқты, Аса қамқор, кешірімді Раббымыз!
Аллаһу та'ала жәннатты және тозақты әуелден жаратты. Екеуін де адамға және жынға толтыратынын ежелде қалап, мұны кітаптарында хабар берді. Адам алейһиссаламнан бері жәннатқа кіретін иманды, жақсы адамдар өткен, сондай-ақ, тозаққа жетелейтін жамандықтарды жасаған имансыз, ақылсыз, жаман адамдар да болған. Қияметке дейін де келе береді. Періштелердің саны адамдардан өлшеуге келмейтіндей көп болып, олардың барлығы иманды және бағынушы. Ал адамдардың әр дәуірде азы иманды, көбі имансыз, азғын, адамдар болды. Жақсы және жаман адамдар әрдайым бір-бірімен қақтығысып келген, жамандар бір-біріне де шабуылдаған, тарих бойынша қиналып, бақытсыз өмір сүрген. Имандылар имансыздарды тура жолға түсіру, иманға келтіріп, мәңгі бақытқа қауыштыру үшін адам баласын дүниеде және ахиретте бақытты өмір сүргізу үшін тырысқан. Ал имансыздар диктатураны ұстанып, кішкентай бір топ адамның асып-тасуы, зауық пен рахаттыққа қауышуы, нәпістерін, шәһуаттарын қандыруы үшін әлсіздерді, кішілерді қанаған. Жамандықтарын, зияндарын, пәлекеттерін жасыру үшін және адамдарды алдай алу үшін көркем мінез бен ізгілік, дұрыстық пен әділеттік өлшемдерін қойған пайғамбарларға (алейһимуссалам) және олар әкелген діндерге қастық қылған. Бұл қастандықтары кей ғасырларда қару-жарақ арқылы, өлімге жетелейтін соғыс күйінде орын алған, кейде өтірік үгіттер арқылы, фитна, бүлік шығарып, діндерді іштей бұзу, мұсылман елдерді іштей құлату түрінде орын алған. Аллаһу та'аланың бүкіл әлемдегі адамдар арасында барлық тұрғыда ең үстем, ең жақсы, ең қадірлі қылып жаратқан және бүкіл ұлттарға пайғамбар ретінде таңдап жіберген соңғы және ең үстем пайғамбар Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) құтылу, даму жолын көрсететін, заттық және мағыналық дамуда жол көрсететін жарқын дінін құлату үшін имансыздар, әдепсіздер, нәпістерінің құлы болған оңбағандар әр ғасырда крест жорықтарымен, зұлымдықпен, қорлықпен Оның дініне шабуылдаған, сонымен қатар мұсылман кейіпіне еніп, өтірік және қулыққа толы сөздерімен, жазбаларымен алдауға, бауырлардың арасына іріткі салып, іштен бұзуға тырысып, көп зиян тигізді. Бұл мақсаттарына қол жеткізді. Асхаби кирам (алейһимурридуан) дәуірінде-ақ өзінің мұсылман екенін айтып, «Абдуллаһ бин Сәбә» есімін алған йемендік яһуди мұсылмандар арасында алғаш рет фитна, бүлік шығарды. Жаман жол ашты. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларын жамандай бастады. Яһуди шығарған осы адасқан жол «Рафизилік» деп аталды. Қазір «Шиилік» деп аталуда. Кейіннен түрлі-түрлі дін дұшпандары мұсылман атын жамылып, тіпті дін ғалымы кейіпіне еніп, қате, адасқан жолдар шығарды. Миллиондаған мұсылманның тура жолдан адасуына себепші болды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үмбетінің басына келетін осы ауыр жағдайды хабар беріп, «Үмбетім жетпіс үш жолға бөлінеді. Олардың жетпіс екісі тура жолдан адасып, тозаққа түседі. Бір тобы менің және сахабаларымның жолында, тура жолда қалады» деді. Тура жолда қалған осы топ «Әһли сүннет» деп аталады. Бұл ағымдардың ең ескісі және жаманы рафизилік уақыт өте ақымақтар арасында тарап, имансыздар мұны мүмкіндік ретінде қолданып, жандандырып келді. Соңғы кездері бастырған бұрынғы яһудидің сандырағы болған «Хусния» кітабына және мешіттің алдында сауатсыз халыққа таратылып жатқан брошураларға және сөздеріне мән берілсе, кітаптың сөздері мен жазулары ешбір ғылыми негізге сүйенбейтіні, оқиғаларды өзгерткендігі, аяти карималар мен хадис шәрифтерге қате, бұрмаланған мағына бергендері байқалады. Сандырақ сөздеріне сендіру үшін бірнеше құнды кітаптардың атын жазып қойған. «Осы кітаптарда осылай жазылған» дейді. Бірақ сол құнды кітаптардан бір қатар жазу көрсете алмайды. Сауатсыздар әлгі кітаптардың атын естігенде бәрін дұрыс, шын деп ойлайды. Олардың қате, жаман жалалары және әһли сүннет ғалымдарының Құран кәріммен, хадис шәрифпен көрсеткен дұрыс сенімдері Абдулхаким Арваси хазреттің (рахметуллаһи алейһ) «Асхаби кирам» атты кітабында өте құнды дәйектермен түсіндірілген. Бұл кітапта есімі аталған танымал тұлғалардың өмірбаяндарын қадірлі оқырмандарымызға таныстыру үшін кітабымыздың соңында алфавиттік ретпен екі жүз алпыс бес адам туралы қажетті мәлімет бердік. «Асхаби кирам» кітабымыз алғаш рет 1982 жылы (түрік тілінде) басылды. Аллаһу та'ала мұсылмандардың бұл кітапты мұқият және ынсаппен оқып, тура жолды түсінуін нәсіп етсін! Әмин! Қазіргі таңда жер бетіндегі мұсылмандар үш топқа бөлінген. Бірінші топ – асхаби кирамның (ардақты сахабалардың) жолындағы шынайы мұсылмандар. Оларды «Әһли сүннет», «Сүнни» және «Фырқа-и нажия», яғни тозақтан құтылған топ деп атайды. Екінші топ – асхаби кирамға дұшпан болғандар. Оларды «Рафизи», «Шии» және «Фырқа-и даллә», яғни адасқан топ деп атайды. Үшіншісі – сүннилерге де, шиилерге де дұшпан болғандар. Оларды «Уаһһаби» және «Нәжди» деп атайды. Өйткені олар алғаш рет Арабстанның Нәжд қаласында пайда болған. Оларды «Фырқа-и малғунна» деп те атайды. Өйткені олардың мұсылмандарды мүшрик дейтіні «Қиямет және Ахирет» және «Саадәти Әбәдия» кітаптарында жазылған. Мұсылманға кәпір дейтіндерді пайғамбарымыз лағнеттеген. Мұсылмандарды осы үш топқа бөлгендер – яһудилер мен британдықтар. Қай топтан болса да, нәпсіне ерген және пиғылы бұзық адам тозаққа түседі. Әр мұсылман нәпсін тәзкия ету үшін, яғни жаратылысындағы күпірді және күнәларды тазалау үшін әрдайым көп «Лә илаһа иллаллаһ» оқуы және жүрегін тасфия ету, яғни нәпістен, шайтаннан, жаман достардан және зиянды бұзылған кітаптардан туындаған күпір мен күнәлардан құтылу үшін истиғфар оқуы керек. Яғни «Әстағфируллаһ» деп оқуы қажет. Истиғфар дұғасы: «Әстағфируллаһ әл-азыйм әлләзи лә илаһа илла һу әлхайял қайюмә уә әтубу иләйһ». Мағынасы: «Күнәларымды кешіре көр, ей, ұлы Аллаһым! Барлық нәрсені жоқтан бар қылған және әр сәтте бар қылып ұстап тұрған тек қана Сенсің! Сен әрдайым барсың!». Ислам дінін ұстанушының дұғалары міндетті түрде қабыл болады. Намаз оқымайтын және ашық-шашық әйелдерге, әурет жері ашық адамдарға қарайтын және харам ішіп-жейтін адамның исламды ұстанбайтыны аңғарылады. Оның дұғасы қабыл болмайды. Милади жыл 2023 ж. Хижри шәмси 1401 ж. Хижри қамари 1444 ж.
ДІН ДЕГЕН НЕ? Дүниеде пайдалы, жақсы нәрселер мен зиянды жаман нәрселер аралас. Пайдалы нәрсе істеген адам бақытқа кенеледі. Зиянды нәрсе істеген адам пәлекетке душар болып, үнемі қиналып жүреді. Аллаһу та'ала аса мейірімді болғандықтан, жақсы нәрселерді жаманынан ажырату үшін адамның бойында бір қуат жаратты. Ол қуатты «Ақыл» дейді. Ақылы дұрыс, таза адам үнемі жақсы нәрселерді істейді. Күнә істеушілердің ақылы бұзылады. Дұрысты бұрыстан ажырата алмай қалады. Адам жаман істермен айналысып, істері зиянды болады. Асхаби кирам мүлде күнә істемегендіктен, ақылдары дұрыс және қуатты еді. Сондықтан барлық істерінде жетістікке жетті. Дүниеде және ахиретте бақытқа кенелді. Адамдардың басым бөлігі ақылы ауру күйде қиналып өмір сүруде. Аллаһу та'ала мейірімділік танытып, бұл істі өзі оңғарды. Жақсы мен жаман істерді пайғамбарлары арқылы хабар беріп, жақсыларын жасаңдар деп әмір етті. Жаман істерге тыйым салды. Аллаһу та'аланың осы бұйрықтары мен тыйымдарын «Дін» деп атайды. Мұхаммед алейһиссалам әкелген дін «Ислам діні» деп аталады. Пайдалы нәрселерді үйренуді және істеуді қалағандар ислам дінін ұстануы, яғни мұсылман болуы қажет. Кейбір еуропалықтар ақылдарымен түсініп, исламның бұйрықтарын орындап, жетістікке жетіп жүр. Кәпірлер, ислам дұшпандары бұл жағдайды көріп, христиандар дамып кеткен дейді. Мұсылман атанып жүргендер исламды ұстанбағандықтан, үнемі сәтсіз болуда. Кәпірлер бұл жағдайды көріп, «Ислам діні дамуға, өрлеуге бөгет болады, ол керітартпалық діні» деп жар салуда. Алайда, кейбір еуропалықтар христиандықты ұстанбай, исламды ұстанған кезде дамуда, ал мұсылман атанып жүрген ақымақтар исламды ұстанбағандықтан артта қалуда. |