2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Асхаби кирам" кітабы / МӘКТУБАТТЫҢ ЕКІНШІ ТОМЫ, ОН БЕСІНШІ ХАТЫ

МӘКТУБАТТЫҢ ЕКІНШІ ТОМЫ, ОН БЕСІНШІ ХАТЫ

Имам Раббани (қуддиса сиррух) хазрет айтқан, Самана қаласының мүбәрәк және құрметті ғалымдарының, қазыларының, қызметкерлерінің бұл хатыммен мазасын алуыма себеп – қалаларыңыздың имамы құрбан айт хұтбасын оқығанда хуләфа-и рашидиннің, яғни Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) төрт халифасының (радиаллаһу та'ала анһум) есімдерін атамағаны және намаздан кейін бір топ жамағат оған осыны айтқан кезде «ұмыттым» немесе «шатастым» дегендей сөзбен кешірім сұрамай, «Есімдері аталмаса не бопты?» деп қырсыққаны туралы хабар алдым. Халықтың алдыңғы қатарлы азаматтары бұл жағдайға бейжай қарап, мән бермегенін және сол ынсапсыз имамға ұрыспағанын естідім. Шумақ:

Обал, бір емес, жүздеген обал болсын!

Иә! Хуләфа-и рашидиннің (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) есімдерін оқу хұтбаның шарты болмаса да, әһли сүннет уәл жамағаттың белгісі. Яғни ажырататын белгісі, нышаны. Мұны біле тұра, қырсығып тек қана көңілі бұзылған адам оқығысы келмейді. Егер қырсығып әдейі айтпаған болса, хадис шәрифке қалай жауап береді екен, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Кімде-кім қай ұлтқа ұқсауға тырысса, ол солардан болады!» деген. Ол адам «Күмән тудыратын, күдік оятатын жерлерден және сондай нәрселерден сақтаныңдар!» деген аяти кариманың қаупінен өзін қалай құтқармақ? Егер шәйхайн хазреттерінің, яғни Әбу Бәкір мен Омардың (радиаллаһу анһума) үстемдіктеріне сенбесе, әһли сүннеттен айрылған, шии болған саналады. Егер Осман мен Әлиді (радиаллаһу анһума) жақсы көру қажет екеніне сенбесе, тағы тура жолдан адасқан саналады. Тура жолдан шыққан бұл имамды Кишмирлік деп ойладым. Бұл ластықты Кишмирдің адасушыларынан жұқтырған болса керек.

Ол адам мынаны біліп алсын, шәйхайнның (радиаллаһу та'ала анһума) бұл үмбеттің ең үстемі екеніне асхаби кирам мен табиин изамның барлығы сенген және барлық жолмен осыны мәлімдеген. Мұны ғұламалардың көбі бізге хабар берді. Олардың бірі Имам Мұхаммед Шафии (рахимә-һуллаһу та'ала). Ақидада мазһабымыздың екі имамдарының бірі Әбул Хасан әл-Ашаридың (рахимә һуллаһу та'ала) айтуынша, бұл үмбеттің ең үстемі Әбу Бәкір, одан кейін Омар (радиаллаһу анһума) екені анық. Имам Әли (радиаллаһу анһ) халифа кезінде оны жақсы көретін бір топ адамның арасында «Біліңдер, бұл үмбеттің ең үстемі Әбу Бәкір, одан кейін Омар (радиаллаһу анһума)» дегенін Имам Зәһәби (рахметуллаһи алейһ) айтқан. Және «Мұны Имам Әлиден (радиаллаһу анһ) естіген сексеннен астам кісі бізге хабар берді деп олардың көбінің есімдерін де хабар берген. Аллаһу та'ала рафизилердің жазасын берсін, олар мұны білмейді» дейді. Аллаһу та'аланың кітабы Құран кәрімнен кейін ислам дініндегі ең құнды кітап «Бұхари-и шәриф»-те Имам Мұхаммед Бұхаридың (рахимәһуллаһу та'ала) айтуынша, Имам Әли айтқан: «Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кейін бұл үмбеттің ең жақсысы, үстемі Әбу Бәкір, одан кейін Омар (радиаллаһу анһума). Олардан кейін басқалар». Баласы Мұхаммед бин Ханафия «Ол сізсіз» деген кезде «Мен мұсылмандардың бірімін» деген.

Имам Әлиден және асхаби кирам (радиаллаһу анһум) мен табиин-и изамның ұлыларының көбінен осы секілді хабарлар келген әрі барлық жаққа тараған. Осылай бола тұра сенбеу я надандық, я қырсықтық. Ол ынсапсыз имамға айту керек, бізге пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларының (радиаллаһу анһум) бәрін жақсы көру және ешбірін ренжітпеу әмір етілді. Хазреті Осман мен хазреті Әли (радиаллаһу анһума) де сахабалар. Олардың ұлыларынан. Олар пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) күйеу балалары.

Олай болса, оларды жақсы көру, тіпті қатты жақсы көру керек. Аллаһу та'ала Құран кәрімде айтады: «Ей, сүйікті пайғамбарым (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Оларға айт: ислам дініне шақырғаным, мәңгілік бақыттың жолын көрсеткенім үшін сендерден тек бір нәрсе ғана талап етемін. Ол туыстарымды, менің жақындарымды жақсы көрулерің». Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Аллаһу та'аладан қорқыңдар, Аллаһу та'аладан қорқыңдар да, сахабаларымды (радиаллаһу анһум) ренжітпеңдер! Менен кейін оларға ашулы болмаңдар, дұшпандық жасамаңдар! Оларды жақсы көргендер мен үшін жақсы көреді. Оларға дұшпандық жасағандар да мен үшін дұшпан болады. Оларды ренжіткендер мені ренжіткен болады. Ал мені ренжіткендер Аллаһу та'аланы ренжітеді. Ал Аллаһу та'ала оны ренжіткенді азаптайды».

Исламның басталуынан осы күнге дейін мұндай нашар иісті гүлдердің Үндістанда шыққаны байқалмаған. Бұл нашар әрекеттен Самана қаласының халқының бәрін айыпты деп санауға болады. Бәлкім бүкіл Үндістан сенімді ақтамады. Заманымыздың патшасы (Аллаһу та'ала дін дұшпандарына қарсы оған жәрдем берсін) әһли сүннет сенімінде және ханафи мазһабында. Осындай сұлтанның дәуірінде мұндай бидғат шығаруға қалай батылы барды? Бәлкім оның бұл әрекеті мемлекетке қарсы шығу, үкіметке қарсы шығу деген сөз. Сонымен қатар, негізгі таңқалдыратын жайт – ол қаланың құрметті тұрғындарының, алдыңғы қатарлы мұсылмандарының бұл оқиғаға немқұрайлы қарап, ештеңе айтпауы.

«Маида» сүресінде яһудилер мен христиандарды жазғырған алпыс үшінші аяти каримасында: «Олар өтірік айтқанда, пара алғанда, өсім жегенде ғалымдар мен тақуалар неліктен оларға бөгет болмайды? Осыларды істегенде көріп тұрып бұған тыйым салмау әлбетте өте нашар және өте жаман» және жетпіс тоғызыншы аяти каримасында: «Кейбірлері күнә істегенде басқалары көріп бұған бөгет болмайтын еді. Мұны тыюға шамалары жете тұра үндемеуі әлбетте өте жаман» делінген.

Мұсылмандықты бұзуды қалайтындарға Аллаһу та'аланың бұйрықтарын ұят және нашар қылып көрсетіп, харамдарға, дінсіздікке мода, заманауилық дегендей атаулар беріп, мұсылман балаларын алдауға тырысатындарға қарсы үндемеу осы дін дұшпандарының батылдығын арттырады. Бұл пиғылдарын іске асырып, ислам жараланады. Мұсылмандардың осы немқұрайлығының кесірінен бе, ислам дұшпандары мұсылман балаларын айқын түрде дінсіз қылуға, өздері құрған, өздері ұстанатын жолға жетелеуге тырысуда. Қасқырдай жайпап, қозыларды отардан бір-екеуден шығарып алып, құртып жатыр. Сіздерді көп қинағым келмеген еді. Бірақ осы хабарды алған кезімде төбе шашым тік тұрды. Ашуым келіп, осы жазулар қаламымнан шықты.

Кешірім сұраймын. Аллаһу та'ала сіздерге және тура жолды ұстанушыларға әрі Мұхаммед Мұстафаның (алейһи уә алә алиһиссалауату уәттәслимату уәттахияту уәлбәрәкәт) жолымен жүргендерге саламаттық берсін! Әмин.

Ахмед Фаруқи

 

Аллаһу та'ала әрдайым бар. Ешқашан жоқ болмайды. Барлық нәрсені Ол бар қылуда. Жаратқандарын әр уақытта бар қылып ұстап тұр. Ауруларға шипа беруші, адамдар мен жануарларға ризық беруші, аштарды тойдырушы, өлтіруші, ғайыптарды білуші, барлық нәрсені көруші, естуші, барлық нәрсеге күші жетуші тек қана Ол. Ол ішіп-жемейді, әкесі, анасы, баласы, ұқсасы жоқ. Оның затында және сипаттарында мүлде өзгеріс болмайды. Бұл сипаттар Оған тән. Бұларды «Улухият сипаттары» деп атайды. Адамдар, дәрілер, машиналар, қарулар ештеңе жарата алмайды. Бұлар Оның жаратуына себеп, құрал болуда. Ол себептерге және ешбір затқа мұқтаж емес. Жаратылыстардың кез келген бірінде, мысалы адамда, жануарда, күнде, жұлдыздарда улухият сипаттарының бірі бар екеніне сенуге «Ширк» делінеді. Осылай сенген адамды «Мүшрик» деп атайды. Осылай екеніне сенген затты Аллаһу та'алаға «Серік – ортақ» қылған болады. Бұл затқа немесе мүсініне, суретіне, қабіріне қарата жалбарыну, тілек сұрау, тағзым ету оған «Ғибадат жасау – пұтқа табыну» болады. Ол зат «Пұт» болады. Осындай заттар бар жерлерді «Пұтхана» дейді. Улухият (құдайлық) сипаты бар екеніне сенбей, Аллаһу та'аланың сүйікті құлы болғандықтан немесе адамдарға, мемлекетке қызметі тигені, жақсылық жасағаны үшін оған, суретіне және қабіріне құрмет көрсету пұтқа табыну болып саналмайды. Бұлай істеген адам мүшрик болмайды. Иса алейһиссалам аспанға шығарылғаннан кейін Оның пайғамбар екеніне сенгендер қиямет күні оларға шапағат етуі үшін оның суреттеріне, мүсіндеріне тағзым етті. Бұл құрметтері оған табыну, оны пұтқа айналдыру болмады. Бірақ Римдағы мүшриктер исауи болған кезде және Платонның «Тринити – үш тәңір» пәлсәпасы тараған соң оның бойында улухият (құдайлық) сипаты бар екеніне сенгендер шықты. «Ол Аллаһтың баласы немесе үш құдайдың бірі» дейтіндер көбейді. Осылай жайылған ширк Изник мәжілісінде ресми дінге айналды. Бұл мүшриктер «Христиан» деп аталды. Оның суреттеріне, мүсіндеріне және «Салиб – крест» деп аталатын екі түзу шыбыққа табынуда. Шіркеулерінің бәрі пұтхана. Шіркеуге, аязмаға барып, поптан дұға, шипа сұраған мұсылман мүшрик болады. Мүшрик кәпірлердің ең жаманынан да жаман. Ол сойған малды жеуге болмайды. Қызын некеге алуға болмайды. Исауилер мен яһудилердің бәрі Мұхаммед алейһиссаламға сенбегендіктен «Кәпір» болды. Бұл кәпірлердің мүшрик еместері «Әһли кітап» (кітап иелері) деп аталды. Олардың сойған малын жеуге болады. Қыздарымен некелесуге болады.

Құран кәрім яһудилердің және мүшриктердің мұсылмандарға дұшпан болғанын хабар беруде. Олар өтіріктерімен, қулықтарымен және қу жоспарларымен ислам дінін іштен құлатуға тырысуда. Бұл істі әуелі яһудилер үшінші халифа Осман (радиаллаһу анһ) дәуірінде бастады. Кейін христиандар кірісті. Асхаби кирамның жолында болған «Әһли сүннет» немесе «Сүнни» деп аталатын шынайы мұсылмандарға қарсы «Шии» және «Уаһһаби» ағымдарын шығарды. Шиилік асхаби кирамға қарсы дұшпандық деген сөз. «Сахабалар Әлиге дұшпан болды» дейді. Алайда Құран кәрім асхаби кирамның бір-бірін аса жақсы көргенін және бәрінің жәннатқа кіретінін хабар беруде. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) да «Асхаби кирамның барлығын жақсы көріңдер және олардың жолында болыңдар!» және «Сахабаларым аспандағы жұлдыздар секілді. Қайбіріне ерсеңдер, тура жолды табасыңдар!» деді. Хазреті Әлиді қатты жақсы көретін мұсылманды «Алеуи» деп атайды. Сүнни мұсылмандар асхаби кирамның бәрін жақсы көргендіктен, шынайы алеуилер. Пайғамбарымыз асхаби кирамның дұшпандарын «Рафизи» деп атады. Рафизилердің тозаққа түсетінін хабар берді. Шиилер мұсылмандарды алдау үшін өздерін алеуи деп атайды. Олар алеуи болғанда хазреті Әлидің жолында болар еді. Хазреті Әли асхаби кирамның бәрін жақсы көретін еді. Хазреті Әбу Бәкірдің халифа тағайындалғанын естігенде бірден растап қолдады. Қызы Умму Гүлсүмді хазреті Омарға беріп, өзіне күйеу бала қылды. Имам Раббани (рахметуллаһи алейһ) парсы және араб тілдеріндегі «Мәктубат» кітабының бірінші томының және мұның «Мәктубат аудармасы» атты түрік тіліндегі аудармасының сексенінші хатына және екі жүз алпыс үшінші бетіне қараңыз!

 

Имам Раббани хазрет «Мәктубат» кітабының 1-ші томы, 275-ші хатында былай дейді:

Сіздің бұл ниғметке бөленуіңіз ислам білімдерін үйрету және фиқһ үкімдерін тарату арқылы болған. Ол жақтарға надандық орнығып, бидғаттар тараған еді. Аллаһу та'ала сүйіктілеріне деген сүйіспеншілікті сізге нәсіп етті. Ислам дінін таратуға сізді себепші қылды. Олай болса, дін білімдерін үйретуге және фиқһ үкімдерін таратуға қолыңыздан келгенше тырысыңыз. Бұл екеуі бүкіл бақыттылықтың басы, өрлеудің құралы және құтылудың себебі. Көп күш салыңыз! Дін ғалымы ретінде ортаға шығыңыз! Ол жақтағыларға әмри маруф пен нәхи-й мүнкәр жасап, тура жолды көрсетіңіз! «Музәммил» сүресінің он тоғызыншы аятында: «Раббысының разылығын алғысы келгендерге бұл әлбетте насихат» делінген.