![]() ![]() АНЫҚТАМААсхаби кирамды жамандайтындар жиырма екі топқа бөлінген. Ең жаманы: «Аллаһ Әлидің ішінде. Әлиге табыну Оған табынумен тең» дейтіндер. Екінші топ бұларды жамандайды: «Әли Аллаһ бола ма? Ол адам. Бірақ адамдардың ең үстемі. Аллаһ Құран кәрімді оған жіберген. Жәбрейіл Мұхаммедке (алейһиссалам) жақтасып Оған әкелді. Мұхаммед (алейһиссалам) Әлидің хақысын жеді» детіндер. Үшінші топ бұларды жамандайтындар: «Бұлай болуы мүмкін бе? Біздің пайғамбарымыз Мұхаммед (алейһиссалам). Бірақ «Менен кейін Әли халифа болсын» деген. Асхаби кирам тыңдамай басқа үшеуін халифа қылды. Әлиді төртінші қылып қалдырды» дейтіндер. Басқа үш халифаға: «Әлидің хақысын жеді» деп дұшпандық етіп, асхаби кирамның барлығына «Оның хақысын бермеді» деп дұшпандық ететіндер. Бұлар «Өз хақысына ұмтылмады» деп Әлиге де (радиаллаһу анһ) қатты ашуланады. Бұл үш топтың барлығы кәпір болуда. Қалған топтар я кәпір, я бидғатшы болуда. Аллаһу та'ала бәріне хидаят берсін! Тура жолға түсуді нәсіп етсін! Қазіргі таңда Иранның көптеген ауылдарында және Иракта миллиондаған адамның санасы уланған, тура жолдан адасқан. Ол адасушылардың пікірі бойынша ең құнды кітап саналатын «Хусния» атты жүз беттік роман қолымызға түсті. Стамбұлда басылған бұл кітапта Харун Рашидтың сарайындағы Хусния есімді күң біреулермен сөйлескені туралы жазған екен. Мұның Мұртаза есімді бір парсылық яһуди тарапынан Иранда жазылғаны, парсы тілінен түрікшеге аударылғаны аңғарылуда. Аяти карималарға және хадис шәрифтерге қате мағына беріп, оқиғалар мен хикаяларды қате жеткізіп, асхаби кирамға (радиаллаһу та'ала анһум) және әһли сүннет ғалымдарына тиісуде, қайғылы хикаялар ойлап шығарып, сауатсыздарды алдауда. Мысалы: 1) «Имам Шафии Бағдатта еді. Әбу Юсуф қазы еді. Араларында үлкен дұшпандық бар еді» дейді. Ижтиһадтан хабары болмағандықтан, ижтиһадтағы бөлінуді дұшпандық деп санауда. 2) «Әбу Юсуф пен Шафии және Бағдат ғалымдары Хуснияға жауап бере алмады» дейді. Имам Шафиидың ұлылығын білмегендіктен, еш қысылмай осылай жазған. Алайда Фәридәддин Аттар (рахметуллаһи алейһ) «Тәзкирәт-ул әулия» кітабында былай жазған: Имам Мұхаммед Шафии (рахимә-һуллаһу та'ала) он үш жасында Харам шәрифте «Менен қалағандарыңызды сұраңыздар» дейтін. Он бес жасында фәтуа беретін. Сол заманның ең үлкен ғұламасы және үш жүз мың хадис жатқа білетін Имам Ахмед бин Ханбал (рахимә-һуллаһу та'ала) одан дәріс алуға келетін. Көп адам Имам Ахмедке «Осындай үлкен ғалым бола тұра өзің секілді жас жігіттің алдында қалай отырсың?» деп сұрағанда «Біздің жаттағандарымыздың мағынасын ол біледі. Егер оны көрмегенімде, білімнің есік аузында қалатын едім. Ол әлемге жарық шашатын күн, рухқа азық» дейтін. Бір ретінде: «Фиқһ есігі жабылған еді. Аллаһу та'ала бұл есікті құлдарына Шафии арқылы қайтадан ашты» деген. Бір ретінде: «Исламға қазір Шафииден көп қызмет ететін ешкімді білмеймін» деді. Имам Ахмед тағы айтқанындай, «Аллаһу та'ала әр жүз жыл сайын бір ғалым жаратады, менің дінімді баршаға ол арқылы үйретеді!» деген хадис шәрифтегі айтылған ғалым – Имам Шафии. [Бұл хадис шәриф ол ғалымдардың дар-ул исламда пайда болатынын хабар берген]. Суфян Сәури (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқан: «Шафиидың ақылы сол замандағы адамдардың жартысының ақыл жиынтығынан көп». Абдуллаһ Ансари (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқан: «Шафии мазһабын жақсы білмеймін. Бірақ Имам Шафииды қатты жақсы көремін. Өйткені қай мәртебеге қарасам да оны бәрінің алдында көремін». Имам Шафии бір күні дәріс беріп жатқанда орнынан бірнеше рет тұрып отырды. Себебін сұрағандарға: «Сәйид бала есік алдында ойнап жүрген еді. Алдымнан өткен сайын оған құрмет ретінде орнымнан тұрамын. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) немересін көріп, орнымнан тұрмау жаиз емес» деді. [Әр уақытта барлық жерде әрбір мұсылманның сәйидтерге құрмет көрсетуі қажет]. Хусния кітабын жазған адамның бұдан хабары болғанда «Имам Шафии әһли бәйттің дұшпаны еді» деп айтуға даты бармас еді. Рәби бин Хайсәм (рахимә-һуллаһу та'ала) айтады: «Түсімде Адам алейһиссаламның өлгенін көрдім. Заманымыздың ең үлкен ғалымы қайтыс болады деген дауыс естідім. Өйткені аяти каримада білімнің Адам алейһиссаламның ерекшелігі екені айтылған. Бірнеше күннен кейін Имам Шафии қайтыс болды». 3) «Хусния өз мазһабын жариялап, Расулуллаһтың әһли бәйтін жақсы көретінін мәлімдеп, сол ойын үгіттеп, сол үшін күресе бастады. Ғұламалардың жауап беруге шамасы жетпеді» деп жазуда. Әһли бәйттің және асхаби кирамның бәрінің сенімдері бірдей еді. Барлығы Құран кәрім мен хадис шәриф көрсеткен жолда еді. Расында Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Сахабаларым аспандағы жұлдыздар секілді. Қайбіріне ерсеңдер, тура жолмен жүрген боласыңдар!» деді. Сахабаларымның кейбірлері немесе тек қана әһли бәйтім жұлдыздар секілді демеді. Сахабаларым деп бәрінің бірдей сенімде екенін хабар берді. Ал олар өздерінің қате хикаяларына, бұзылған сенімдеріне «Әһли бәйти Расул мазһабы» деп еліміздегі мұсылмандарды алдауға тырысуда. Ол мәжіліске бір ғалым қатысқанда, ол күң масқара болып, аузын аша алмас еді. Ғалымдар жауап бере алмады деп әһли сүннет ғалымдарына тіл тигізуге тырысуда. 4) «Әлидің (радиаллаһу анһ) бала кезінде иман келтіргенін және баланың иманы қабыл болғанын өтірік дәлелдермен көрсетеді. Осы үшін халифалық оның хақысы деп ғалымдардың үнін өшірді» дейді. Әһли сүннетті хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) бала кезінде иман келтіргеніне сенбейтіндей қылып көрсетіп, әһли сүннет ғалымдарын масқара қылды дейді. Алайда әһли сүннет кітаптарының бәрі Имам Әлидің (радиаллаһу анһ) бала кезінде иман келтіргенін кеңінен баяндап, Аллаһтың арыстанын мақтап мадақтауда. 5) Бір бетінде «Әли Расулуллаһтан кейін барлық пайғамбарлардан үстем. Имам Расулуллаһтың мұрагері және сухуфтардың, Таураттың, Зәбурдың, Інжілдің және Фурқанның хафызы (жатқа білген). Ал Әбу Бәкір қырық жасында Лат пен Узза деген мүсіндерге ғибадат етуді тастап, исламға келген болса да, көп рет Расулуллаһқа қарсы шыққан және денесі, қаны шараппен азықтанған бола тұра, оның иманына жүгініп, пайғамбардың отбасынан күнәсіз пенделердің иманына жүгінуге болмайды дейсіңдер және жүректеріңде оларға деген дұшпандық, жек көрушілік сақтайсыңдар» деп әһли сүннетке тиісуде. Аллаһу та'ала Құран кәрімнің көптеген жерінде, мысалы «Әнам» сүресінің сексен алтыншы аятында «Пайғамбарлардың барлығының пайғамбар болмаған адамдардың барлығынан әлдеқайда үстем екенін» хабар берген. Хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) пайғамбарлардан жоғары екенін айту Құран кәрімге қарсы шығу болып, күпір саналады. Басқа сәмәуи кітаптар ұйқас болмауымен қатар ешкім оларды жатқа білмейтін еді. Расында Расулуллаһ та (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Таураттан сұралған үш сұраққа үш күн жауап бермей, Жәбрейіл алейһиссаламның жауап әкелуін күтті және үш күн қынжылды. Бүкіл мұсылмандар да қынжылды. Кейін «Кәһф» сүресі келіп, Тауратқа сай жауап берілді. Хазреті Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) бала кезінен Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) досы еді. Сол заманнан бері екеуі бір-бірін жақсы көріп, бірге өскен. Екеуінің де мүлде шарап ішпегені, пұтқа табынбағаны кітаптарда жазулы. Мысалы «Мәалил фәрәдж» атты кітапта жазылғанындай, Қазы Әбулхасан Әбу Хурайрадан (радиаллаһу анһ) хабар берген: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге отырған едік. Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Сіздің хақыңызға ант етемін, өмірімде ешқашан пұтқа табынбадым» деді. Сонда хазреті Омар «Неге Расулуллаһтың хаққына дедіңіз? Осыншама жыл надандық уақыт өткіздік» деп сұрады. Хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу та'ала анһ) жауап ретінде: «Әкем Әбу Кухафа мені мүсіндер тұрған жерге апарды. «Сені жаратқан, құтқарған осылар. Олардың алдына тұрып иіл» деді де, кетіп қалды. Мен пұтқа «Қарным аш. Маған жейтін бір нәрсе бер» дедім. Жауап бермеді. Су, киім сұрадым. Үн шықпады. «Саған тас лақтырамын. Шамаң жетсе ұрғызба» дедім. Дауыс шығармады. Тас лақтырдым, етпетінен құлады. Әкем келіп, құлатқанымды көріп таңқалды. Мені үйге апарды. Анам «Оған ештеңе айтпайық» деді». Әбу Бәкір сөзін аяқтағанда Расул алейһиссалам айтты: «Жәбрейіл алейһиссалам келіп, үш рет «Әбу Бәкір рас айтты» деді». Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) бүкіл байлығын, жанын, бала-шағасын, бәрін оған пида еткен еді. «Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) иманы бүкіл үмбетімнің иманының жиынтығынан да көп» деген хадис шәриф оның барлық сахабалардан үстем екенін көрсетуге жетеді. Алайда үстем екенін көрсететін тағы қаншама хадис шәриф бар. Олардың бірнешеуі дәлелдерімен бірге «Саадәти Әбәдия» кітабында жазылған. Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ешқашан қарсы шықпаған, ижтиһадтары да үнемі Оған сай болған. Тіпті Оның бір қателігін өзінің бүкіл ғибадаттарына ауыстырғысы келген. Әһли сүннет кітаптары әһли бәйтке деген сүйіспеншілікке, құрметке толы. «Жек көресіңдер, дұшпансыңдар» деуі бұл кітаптың әһли сүннетке қарсы қаншалықты төмен, опасыз жалаларға толы екенін көрсетеді. Әһли сүннет ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та'ала) жазған тәфсир және хадис кітаптарында хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) мақтайтын хабарлар соншалықты көп, олардың бірнешеуін естімеген мұсылман жоқ. Мысалы, Абдуллаһ ибн Аббас (радиаллаһу анһума) айтқан: «Расулуллаһтан естідім, «Әлиді жақсы көру оттың отынды өртегеніндей мұсылманның күнәларын жояды» деді». Оны жақсы көру, Оны және сөздерін дұрыстап үйреніп, сондай болуға тырысу деген сөз. 6) Бір бетте «Әһли сүннет жамандық пен қарсылық, күпірлік пен күнә Аллаһтың қазасы және тағдырымен болады, разылығымен емес дейді. Бұл сөздері қазының өзінің шығарған үкіміне разы болмауына ұқсайды. Бұл сөзді ұстанатындар өздерінің күпірліктерін білгендіктен, күпірді, кәпірлікті қаза мен тағдырға байланыстырып, өздерінің кінәларын жапқысы келді. Бұл болса Ібілістің жолы» дейді. Осылайша бұлар қаза мен тағдырға сенбейді. Имам Жафәр Садыққа да сенбеген болуда. Барлық нәрсені Аллаһу та'аланың жаратқандығын хабарлайтын аяти карималарды өзгертіп, өз ойлары бойынша мағына шығаруда. Алайда бұл аяти карималардың шынайы мағыналары «Байдауи» шәрһі болған Шәйхзада [Мұхаммед бин шәйх Мұстафа] тәфсирі ақыл иелеріне таңданыс тудыратындай түрде жазылған. Хусния: «Бес жасынан жиырма жасына дейін Имам Жафәр Садықтың (алейһиссалам) үйінде едім. Бұл білімнің бәрін одан алдым» деген екен. Күпірлігін, өтіріктерін баршаға сендіру үшін ұлы имамға да жала жапқан. Алайда Имам Жафәр Садықтың (радиаллаһу анһ) қаза мен тағдыр туралы айтқан cөздері «Мәктубат» кітабының 1-ші томы, 289-шы хатында ұзақ жазылған. Қалау мен разы болуды біріктіру үшін қазының өз үкіміне разы болмауы мухал деуі де қате пікір. Өйткені қазының дұрыс үкімдеріне разы болмауы әлбетте мухал. Өйткені разы болатынын айтқан. Бірақ қазы мәжбүрлеп немесе қателікпен шығарған үкіміне қатесін түсінгенде қалай разы болуы мүмкін? Қалау білдірген, үкім шығарған болса да разы бола алмайды. «Сиражия фәтуалары» кітабының авторы Сиражуддин Әли бин Осман Уши «Әмали» атты өте құнды қасидасының үшінші шумағында «Аллаһу та'аланың хаят сипаты бар [яғни тірі]. Барлығын, әр ісін қалайды, ежелде тағдырға жазады» дейді. Бұл қасиданы көптеген ғалым шәрһ еткен. Сәйид Ахмед Асым түрік тіліне аударып, шәрһ еткен кезінде: «Тағдыр – Аллаһу та'аланың келешекте болатын барлық нәрсені ежелден білуі деген сөз. Қаза – бұл білгендерін Ләуһ-ил махфузда көрсетуі» дейді. Кәшшаф кітабының шәрһ етушісі [Тайиби] «Кейбірлердің ойынша тағдыр жалпы әмір. Қаза бұлардың бір-бірден орындалуы. Мысалы [әр жанды өледі] дегені тағдыр. Әр жандының өлуі қаза» деді. «Тауали» кітабын шәрһ еткен Шәмсәддин Махмуд бин Абдуррахман Исфәхани айтқан: «Тағдыр барлық нәрсенің Ләуһ-ил махфузда жинақталып, қысқаша бар болуы. Ал қаза бір қойма бидайға ұқсайды. Қаза – өлшеп алып қолдану деген сөз. Тағдыр мен қаза сөздері бір-бірінің орнына қолданылуда. Тағдыр: «Ахмед өз қалауы және күшімен мұсылман болады. Киркор өз қалауымен, ұнатып күпірлікті таңдайды дегендей. Мұны көрсететін аяти карималар көп». Қаза мен тағдыр туралы «Саадәти Әбәдия» кітабында кеңірек мәлімет бар. Оны жақсылап оқығанда Хусния кітабын дайындаған яһудидің көз байлаушы секілді жасаған қате дәлелдері оңай аңғарылады. Тәфсир білетіндер бұл кітаптың аяти карималарға, ғылымға, ақылға сай келмейтін мағыналар бергенін бірден түсінеді, бірақ тәфсирден және жиырма негізгі ілімнен хабары жоқ сауатсыздар «жеңіп шықты, масқара қылды, ұялтып қойды, жауап бере алмады, не айтарын білмей қалды» секілді сөздерге алданып сенеді. Сондықтан осындай өтірік, қате кітаптарды, журналдар мен газеттерді мүлде оқымау керек. Бұларды оқымау өзін кәпір болудан құтқару деген сөз. 7) Бір жерінде: «Кезінде шәйх Бәһлул [Бәһлул Дана] айтқан еді: Ей, Әбу Ханифа! Сен адамда таңдау еркіндігі жоқ екенін айтасың. Есектер сенен ақылды және қадірлі. Өйткені өте алмайтын өзеніне қанша қинасаң да аяқ баспайды! Бұл сөзге Ибраһим Халид жауап бере алмады. Харун Рашид пен Яхия Бәрмәки күлді» дейді. Қадария ағымының бұл үмбеттің мәжусилері екенін хабар берген хадис шәрифті де жазып, «Күнә істеп, бұл іс Аллаһтан, ежелде жазылып қойған дейтіндер Қадария. Исламнан бұрын құрайш мүшриктері жәбри ағымында еді. Ислам бұл ағымды алып тастады, дегенмен әмир-ул мүминин хазреті Әли шәһид болғаннан кейін Муауия мен Язид алейһилланә заманында бұл ағым қайтадан шықты да, әһли сүннетке мирас ретінде қалды» деп жазған және жас баланың сөзі секілді ақылға да, нақылға да қонымсыз сөздермен, мысалдармен дәлелдеуге тырысқан. Әһли сүннет ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та'ала) адамда таңдау еркіндігі жоқ демеген. Жәбрия ағымының кәпір екенін айтқан. Бұл кітаптың мұндай ынсапсыз жалаларына тек әһли сүннет кітаптарын ешқашан оқып көрмеген надандар ғана сенеді. Қадария ағымы Мутәзила ағымының бір атауы. Шиилер де осы жолда екені осы кітаптан аңғарылып тұр. Қаза мен тағдырға сенбегені үшін адам қалағанын әлбетте істейді, жаратады дегендіктен Мутәзила ағымын «Қадария» деп те атайды. Яғни тағдырға сенбейтіндер қадария. Сенгендер әһли сүннет. Мұхаммед бин Абдулкәрим Шихристани «Миләл уә нихал» кітабында жазған: Мутәзила ағымының басшысы Уасил бин Ата және оның жолын ұстанушылар айтады: «Адам ықтияри, яғни қалаулы әрекеттерін өзі жаратады. Аллаһу та'ала құлдарына пайдалы іс жасауға мәжбүр. Жақсыларға сауап, жамандарға азап беруі керек. Аллаһ бір. Бөлек сипаттары бола алмайды. Құран – әріп, сөз және дыбыс. Ал бұлар жаратылыс, кейіннен жаратылған. Адам жақсы-жаман барлық істерін өзі жаратады. Аллаһу та'ала жамандықты, күнәларды, күпірді жаратады деу дұрыс емес. Бұл сөздер оны жамандау саналады. Өйткені зұлымдықты жаратқан – залым. Аллаһу та'ала залым емес» дейді. Бұлардың сөздері қате. Іс-әрекет иесі істі жаратушы емес, сол істі атқарушы. Адам жаратылыс болғанындай, күпірлігі, иманы, ғибадаты және қарсылығы да жаратылыс. «Саффат» сүресінің тоқсан алтыншы аяти каримасында: «Аллаһу та'ала сендерді жаратты және жасаған істеріңді де жаратуда» делінген. Әһли сүннет ғалымдарынан Имам Бәйдауи (рахметуллаһи алейһ) бұл аяттың тәфсирінде «жасаған істерің адамның әрекетімен, қимылымен болғандықтан, адамның ісі болады. Бірақ әрекетке күш-қуат беретін, іс атқаруға қажетті нәрселерді жарататын Аллаһу та'ала» деген. Қадария әркім өз ісінің жаратушысы дегендіктен, үмбеттің мәжусилері болған. Әһли сүннет жаратушы жалғыз дейді. Мәжусилер жаратушы екеу деді. Мәулана Халид Бағдади (рахимә-һуллаһу та'ала) араб тіліндегі «Иқд-ул жәуһари» кітабында ирада-и жузияны ұзақ баяндаған. Абдулхамид Харпути (рахметуллаһи алейһ) бұл кітапты шәрһ етіп, «Симт-ул абқари» деп атаған. Бұл шәрһ 1305 [м.1888] жылы Стамбұлда басылған. Мәулананың «Ирада-и жузия» рисаласы 1291 [м.1874] жылы білім министрі Сафуәт пашаның заманында «Рәшәхат» кітабының соңында литография жолымен Стамбұлда басылған. «Буғят-ул уажид» кітабының тоғызыншы хаты осы рисала. Бұл рисалада былай жазылған: Жер мен көкті жоқтан бар қылған, адамдар мен жануарларды және олардың әрекеттерін, істерін жаратқан Аллаһу та'алаға шүкір етемін. Аллаһу та'ала бір нәрсе жаратқысы келген кезде оған «Бол!» дейді, бірден бар болады. Мырзамыз, ұлы тұлғамыз, көшпенді және отырықшы халықтың ең жақсысы Мұхаммед алейһиссаламға, Оның отбасына, туыстарына және сахабаларына дұға, салаламаттық және жақсылық болсын! Ей, мұсылман! Аллаһу та'ала зейініңді ашсын! Тура жолда жүруіңді нәсіп етсін! Жақсылап біліп ал, мұсылмандардың барлық ағымдары, барлық топтары, тіпті пәлсәпашылар және басқа діндегілердің көбі «Жануарлардың әрекеттерінен басқа барлық болмысты, барлық нәрсені әрекет еттіретін, әсер ететін жалғыз бір құдірет бар, ол жалғыз Аллаһу та'ала» деген. Жануар мен адамның әрекеттерін де Ол жарататындығы күмәнсіз. Яғни әрі саналы болған [яғни еститін, ұғынатын] мысалы ауру, денсаулық, ұйқы, сергектік секілді, әрі санасыз түрде болған [өзі хабары болмайтын] мысалы өсу, азықтың қорытылуы секілді табиғи әрекеттерді, яғни қалауына байланысты болмаған әрекеттерді, барлығын Аллаһу та'ала жаратуда. Жануарлардың және адамдардың ықтияри әрекеттеріне, яғни өз қалауларымен жасаған әрекеттеріне келер болсақ, олардың пайда болуы әр түрлі түсіндірілген. Мысалы Жәбрия ағымы ықтияри әрекеттердің де тек қана Аллаһу та'аланың құдіретімен іске асатынын, мұнда құлдың ешқандай құдіреті жоқ екенін айтады. Ақидадағы имамдарымыздан Әбул Хасан Әли Әшари (рахимә-һуллаһу та'ала) да Аллаһу та'аланың құдіретімен болып, құлдың құдіреті араласпайтынын айтқан. Мутәзила ағымы болса тек қана құлдың құдіретімен және қалауымен болатынын, пәлсәпашылар да құлдың құдіретімен болатынын, құлдың мұны істеуге мәжбүр екенін айтуда. Харамәйн имамы атағымен танымал Абдулмәлик Жувәйни (радиаллаһу та'ала анһ) туралы да «осылай айтқан» дейтіндер бар болса да, бұл дұрыс емес. Ғалым, әулие Мұхаммед бин Юсуф Синнуси (рахимә-һуллаһу та'ала) «Уммул бәрахин» кітабында және Садәддин Тафтазани (рахимә-һуллаһу та'ала) [722-792 Самарқандта] «Шәрһи мәқасид» кітабында мұның дұрыс емес екенін анық жазған. Ақидадағы ғалымдарымыздан ұстаз Ибраһим бин Мұхаммед Исфәраини (рахимә-һуллаһу та'ала) болса «Істің пайда болуы әрі Аллаһу та'аланың, әрі құлдың құдіретінің әсерімен болады» дейді. Қазы Әбу Бәкір Бақиллани (рахимә-һуллаһу та'ала) «Істі атқаратын Аллаһу та'аланың құдіреті болып, құлдың құдіреті істің сипатына, жағдайына, жақсы немесе жаман болуына әсер етуде» дейді. Ақидадағы мазһабымыздың имамы Мұхаммед бин Махмұд Әбу Мансұр Матуридидің (рахимә-һуллаһу та'ала) да осылай айтқанын Кәмаладдин Мұхаммед Ибнулхумам (рахимә-һуллаһу та'ала) «Әлмусаяра» кітабында және Кәмаладдин Мұхаммед бин Әбу Шәриф құдси (рахимә-һуллаһу та'ала) «Әлмусамара фи шәрһил мусаяра» кітабында, Молда Фәнаридің немересі Хасан Чәләби бин Мұхаммед Шах (рахимә-һуллаһу та'ала) «Шәрһи мәуақиф» хашиясында, зерттеуші Гәләнбәуи (рахимә-һуллаһу та'ала) «Ақаид-уд дәууанийя» шәрһінде айтқан. Мәуланадан осыншалықты аударылды. Әһли сүннет ғалымдарынан Имам Биргиуи (рахимә-һуллаһу та'ала) түрік тіліндегі «Биргиуи өсиетнамасы» кітабында әһли сүннеттің Құран кәрімнен және хадис шәрифтерден түсінген дұрыс мағыналарын қысқа әрі анық күйде өте тамаша жазған. Қазызада шәрһінің жиырма төртінші бетінде былай жазылған: Аллаһу та'ала мүрид. Яғни Оның ирада (қалау) сипаты бар. Ол қалағанын істейді. Бар болуын қалаған затын бар қылады. Бар болуын қаламайтыны бар болмайды. Ешбір нәрсені орындау Оған қажет емес. Ешкім Оған мәжбүрлеп бір нәрсе істеткізе алмайды. Өйткені Аллаһу та'ала бәрінен үстем. Ешкім Оны жеңе алмайды. Ол әлсіз емес. Барлық нәрсе Оның қалауымен бар болуда. Иман, ақида секілді жақсылықтар және күпірлік, қарсылық секілді барлық жамандықтар Оның қалауымен бар болуда. Мутәзила ағымы: «Аллаһу та'ала жамандықтардың, күнәлардың жасалғанын қаламайды және жаратпайды. Бұларды адамдар мен шайтан жаратуда. Өйткені жамандықтарды жарату жамандық жасау болады. Ал Аллаһу та'ала ешқашан жамандық жасамайды» дейді. Әһли сүннет оларға былай жауап береді: «Жамандықтарды жарату жамандық жасау болмайды. Адамдардың жамандық істеуі жамандық болады». Мутәзила айтады: «Аллаһу та'ала жамандықтарды және күпірлікті қаласа, көздесе, адамдардың күпірлікке, жамандыққа разы болуы, бұларды ұнатуы қажет болар еді. Өйткені қазаға (тағдырға) разы болу керек». Әһли сүннет бұған былай жауап береді: «Күпірліктің өзі Аллаһу та'аланың қазасы, тағдыры емес. Мақзиі (пенде қалағаны үшін орындаған нәрсе). Қаза етуіне разы болу қажет. Бірақ мақзиге (пенденің қалауымен орындалғандарға) разы болу қажет емес. Аллаһу та'ала «Барлығын жаратамын және қалаймын. Күпірлікке разы емеспін» деген». Мутәзила «Аллаһу та'ала жамандық жасалуын қалағанда жамандық, күпірлік жасалғанда және Құдайға қарсы шыққанда сауап берілетін еді. Өйткені Аллаһу та'аланың қалағанын істеген болады. Қалағанын жасау Оның бұйрығын орындау деген сөз» дейді. Әһли сүннет: «Бағыну үшін, сауап алу үшін тек қана әмірлерді орындау қажет. Құдайдың қалауын орындау бағыну болмайды» деп жауап береді. Мутәзила ғалымдарынан Рәй қаласының қазысы Абдулжәббар Хамадани уәзір Сахиб бин Ибадтың бөлмесіне келді. Іште әһли сүннет ғұламасы Әбу Исхақ Исфәханиді (рахимә-һуллаһу та'ала) көргенде араларында мынадай диалог өтті: Абдулжәббар – Аллаһу та'ала жамандықтарды, күнәларды қаламайды және жаратпайды. Бұларды жаман адамдар мен шайтан жаратады. Әбу Исхақ – Жақсылық пен жамандықтың барлығын Аллаһу та'ала жаратады. Оның мүлкінде тек қана Оның қалағаны бар болады. Абдулжәббар – Раббымыз Өзіне қарсы шығуды тілей ме? Әбу Исхақ – Аллаһу та'ала күпірлікті және күнәларды тілемесе және жаратпаса, құлдар күшпен, мәжбүрлікпен Оған қарсы шыға ала ма? Құлдар ирада-и жузияларымен күпірлік, күнә, жамандық жасауды қалайды. Аллаһу та'ала да қаласа, олардың қалағанын жаратады. Абдулжәббар – Аллаһу та'ала адамға хидаят тілемесе, оның күпірлік, жамандық жасауын тағдырға жазып, қаза етіп жаратса, оған жақсылық жасаған бола ма, әлде жамандық па? Әбу Исхақ – Егер құлдың хақысын беруді қаламаса, жамандық болады. Бірақ өз хақысын алуды тілемесе жамандық болмайды. Түйірдей жақсылық жасағанға Ол марапатын береді. Ешкімнің жақсылығы жауапсыз қалмайды. Күпірліктен басқа жамандықтардың көбісін кешіреді. Күпірлікті қалауына келер болсақ, Аллаһу та'ала Алим (білім иесі, бәрін біледі). Алдағы уақытта болатындарды біледі. Ол Хаким, барлық нәрсенің ең жақсысын істейді. Қалаған құлын рақымына бөлеп, хидаят нәсіп етеді. Ол ештеңе істеуге мәжбүр емес. Расында Құран кәрімде, «Фатыр» сүресінің сегізінші аяти каримасында: «Қалаған адамдарын қисық, адасқан жолда қалдырады. Қалаған адамдарына хидаят береді. Тура, жақсы жолды көрсетеді» делінген. Яғни жақсылық пен жамандықты құлдардың қалауы, тілеуі арқылы жаратады. Құлдың қалауы жаратуға себепші, құрал. Мұсылмандар ирада-и жузияларымен иманды, бағынуды қалағанда Аллаһу та'ала да соны тілеп жаратады. Егер Аллаһу та'ала да қаламаса, ешкім мұсылман болмайтын, бағынбайтын еді. Кәпір күпірлігін және пасық күнә істеуін қалағанда Ол да қаласа жаратады. Егер қаламаса, ешкім кәпір, пасық бола алмайды. Тек құлдың қалауымен ғана бір нәрсе бар болып қалмайды. Аллаһу та'ала да қаласа бар болады. Аллаһу та'ала жамандықтарды да тілейді және жаратады. Бірақ оларды жақтырмайды, разы болмайды. Игіліктерді, жақсылықтарды әрі қалайды, әрі разы болады, ұнатады және жаратады. Аллаһу та'ала қаламайынша маса да қанатын қимылдата алмайды. Адамдар жасаған барлық жақсылықтар мен жамандықтар Оның қалауымен ғана орындалуда. Құлдар бір нәрсе істеуді қалаған кезде Ол қаламаса, ол іс орындалмайды. Ол да қаласа орындалады. Бар болуын қаламаған нәрсе бар болмайды. Бар болса, әлсіздік, шамасының жетпеуі болар еді Аллаһу та'аланың барлық нәрсеге күші жетеді. Қаласа барша адамдар мен жындар мұсылман болып бағынады. Қаласа бәрі кәпір болар еді. Сұрақ: Барлық нәрсе Оның қалауымен болады. Кәпірлердің күпірлігін қалаған екен. Олар бұл қалауға қарсы келе алмайды. Сондықтан олар мәжбүрлікпен кәпір болуда. Оларға иман келтіруге бұйрық беру орындалмайтын нәрсені қалау болады. Олардың иман келтіруін әмір еткен, онда неліктен иман келтіруін қаламайды? Бәріне иман келтіруді әмір еткен, бірақ неге бәрінің иман келтіруін қаламайды, тілемейді? Жауап: Аллаһу та'аладан жасаған нәрселерін ұнатпай олардың себебін сұрауға болмайды. Аллаһу та'ала алда болатын барлық нәрсені ежелде, шексіз бұрында білетін еді. Білімі болатын нәрселерге байланысты. Яғни қалай болатын болса, солай білген. Солай болатындықтан, солай білген. Әйтпесе солай білгені үшін солай болуға мәжбүр болмайды. Аллаһу та'аланың қалауы осы біліміне сай болуда. Құдірет және тәкуин сипаттары да қалауына сай болуда. Құлдарда ирада-и жузия, яғни таңдау, қалау еркіндігі бар. Бір нәрсе істеуді қалайды немесе қаламайды. Әһли сүннеттің екі имамынан Әбу Мансур Матуриди (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқанындай, ирада-и жузия жеке өзі болмыс емес. Сыртта бар емес. Құдрет-и илаһияға қатысы жоқ. Аллаһу та'ала пәленше адамның күнә істеуді қалайтынын ежелден білетін. Ол адам қалаған кезде Аллаһу та'ала да қалап жаратады. Күнә пайда болады. Құлдың қалауы Аллаһу та'аланың қазасына, тағдырына және жаратуына себеп болуда. |