7 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     8 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Хазреті Талха бин Убәйдуллаһтың батырлығы

Хазреті Талха бин Убәйдуллаһтың батырлығы

Мүшріктер өте жақындап келген кезде пайғамбарымыз «Мыналарды кім қарсы алады, кім тоқтатады?» деді. Талха бин Убәйдуллаһ (радиаллаһу анһ) «Мен! Йа Расулаллаһ» деп алға шыққысы келді. Пайғамбарымыз «Сен сияқты тағы кім бар?» деді. Мәдиналық сахабалардың бірі «Мен» деп рұқсат сұрады. Пайғамбарымыз «Қане, сен шық» деп бұйырды. Ол алға шығып, мүшріктерге қарсы ұмтылды. Теңдессіз батырлық көрсетті. Бірнеше кәпірді өлтіргеннен кейін шәйіт болды.Пайғамбарымыз тағы да «Мыналарға кім қарсы тұрады?» деп сұрады. Бәрінен бұрын тағы да Талха (радиаллаһу анһ) шықты. Пайғамбарымыз «Сен сияқты тағы кім бар?» деп сұрағанда ансардан бір кісі «Мен, йа Расулаллаһ!» деді. Пайғамбарымыз оған «Қане, сен шық» деді. Ол да мүшріктермен шайқасып жүріп, шәйіт болды. Осылайша, сол кезде пайғамбарымыздың қасында болған барлық сахабалар шайқасып, шәйіт болды. Пайғамбарымыздың қасында Талха бин Убәйдуллаһтан (радиаллһу анһ) басқа ешкім қалмаған болатын. Хазіреті Талха пайғамбарымызға бір зиян келіп қалар деп қорқып, оны айнала жүгіріп, кәпірлермен шайқасып жүрді. Оның қылыш сілтеуі, бір мезгілде пайғамбарымыздың жан-жағынан келген жауға қарсы тұруы, садақ оғына, найзаға және қылышқа денесін қалқан етіп тосуы теңдессіз оқиға болатын. Хазіреті Талха айналып жүріп өзіне тиген қылыштарға мойымады. Мақсаты пайғамбарымызды қорғау, осы жолда басқа бауырлары сияқты шәйіт болу болатын. Денесінде жарақат алмаған жері қалмаған еді. Киімінен қаннан басқа ешнәрсе көрінбеді. Бірақ, ол осыған қарамастан төрт жаққа да үлгеріп жүрді. Сол кезде хазіреті Әбу Бәкір мен Са’д бин Әбу Уаққас пайғамбарымыздың қасына келіп жетті. Батырлардың батыры болған хазіреті Талха осы кезде көп қан жоғалтып жерге құлаған болатын. Барлық жерінен жарақат алған еді. Алпыс алты үлкен, сансыз көп ұсақ жаралары бар болатын. Пайғамбарымыз хазіреті Әбу Бәкірге дереу хазіреті Талхаға көмек беруді бұйырды. Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) хазіреті Талханың ес жинауы үшін бетіне су септі. Талха бин Убәйдуллаһ (радиаллаһу анһ) есін жияр-жимас «Йа, Әбу Бәкір! Расулуллаһ не істеп жатыр?» деп, өзінің пайғамбарымызға шын берілгенін көрсетті. Пайғамбарды жақсы көру, оның мүбәрәк денесі үшін жанын пида ету болса осыншалық болар еді. Хазіреті Әбу Бәкір «Расулуллаһ жақсы. Мені Ол жіберді» дегенде Талха (радиаллаһу анһ) рахаттанып дем алып, «Аллаһу та’алаға шексіз шүкірлер. Ол тірі болса қалған қиындықтар түк емес» деді. Сол кезде тағы да бірнеше сахаба келіп жеткен болатын. Пайғамбарымыз хазіреті Талханың жанына барды. Жаралы мүжахид пайғамбарымыздың тірі екенін көргенде қуанғанынан жылап жіберді. Пайғамбарымыз оның денесін сипап, қолын жайып, «Аллаһым! Оған шипа бер! Күш бер» деп дұға етті. Пайғамбарымыздың бір мұғжизасы ретінде хазіреті Талха сап-сау болып орнынан тұрып, жаумен соғыса бастады. Пайғамбарымыз ол үшін «Ухуд күні жер бетінде оң жағымда Жәбрейілден, сол жағымда Талха бин Убәйдуллаһтан басқа маған жақын адамның жоқ екенін көрдім. Жер бетінде жүрген жұмақтық адамды көргісі келген адам Талха бин Убәйдуллаһқа қарасын» деді.

Бүкіл майдан шебінде шайқас қызу жүріп жатқан болатын. Пайғамбарымыздың жанында Әбу Дужанә, ту ұстаушы Мусаб бин Умәйр, Талха бин Убәйдуллаһ, пайғамбарымызды қорғау үшін артқы саптан келіп жеткен Нәсиба ханым және бірнеше сахаба (радиаллаһу анһум) бар болатын. Мүшріктерге қарсы пайғамбарымызбен бірге соғысып жатқан болатын. Төбесінен тырнағына дейін қаруланып алған және сауыт пен дулыға киген мүшрік Абдуллаһ бин Хунәйд пайғамбарымызды көріп, атын тебінді. «Мен Зубәйрдің баласымын. Маған Мұхаммедті көрсетіңдер. Мен оны өлтіремін, не соның жанында өлемін» деп айқайлады. Атын пайғамбарымызға қарай бұрып келе жатқанда хазіреті Әбу Дужанә оның алдына тұрып, «Кел, қане. Мен пайғамбарымыздың мүбәрәк денесін өз денеммен қорғайтын адаммын. Мені өлтірмейінше оған жете алмайсың» деді. Аттың аяқтарын қылышпен ұрып, Абдуллаһ бин Хунәйдті жерге құлатты. Қылышын көтеріп, «Ал, мынау Харәшәнің ұлынан» деп, бір ұрып жерге құлатты. Оқиғаны көріп тұрған пайғамбарымыз «Аллаһым! Харәшәнің ұлына (Әбу Дужанәге) мен қалай разы болсам, Сен де солай разы бол» деп тіледі.

Мүшріктерден өте мерген садақшы болған Малик бин Зухәйр барлық жерден пайғамбарымызды іздеп, бір мүмкіндігін тауып, оны өлтіруді қалады. Пайғамбарымызға жақындап барып, садағын керіп, пайғамбарымыздың басын нысанаға алып оқ атты. Көзді ашып жұматындай уақыт болған жоқ, хазіреті Талха қолын ашып тұра қалды. Оқ оның алақанына тиіп, қолын жаралады. Саусақтарының барлық жүйке тамырлары кесілді, қолының сүйектері сынды. Мұны пайғамбарымыз көріп, «Егер (мені қорғау үшін қолыңды оққа созарда) бисмилләһ дегеніңде адамдар саған қарап тұрғанда періштелер сені көктерге көтерер еді» деген.

Меккелік мүшріктерден Абдуллаһ бин Қамиа, Үбәй бин Халәф, Утбә бин Әби Уаққас, Абдуллаһ бин Шихабы Зүхри деген төрт мүшрік пайғамбарымызды өлтіруге келісіп, ант ішкен болатын. Осындай қысылтаяң сәтте пайғамбарымыз қасында бірнеше сахаба бар болса да жаумен қызу шайқасып жатты. Пайғамбарымыздың алдында ту ұстаушы Мусаб бин Умәйр бар болатын. Хазіреті Мусаб киген сауытымен пайғамбарымызға қатты ұқсап қалған болатын. Ол да оң қолына Исламның туын ұстап, мүшріктермен шайқасып жүрген болатын. Осы кезде сауытқа оранған Ибн Қамиа атымен ортаға жақындады. Бар даусымен «маған Мұхаммедті көрсетіңдер. Оны өлтірмесем өзім өлейін» деп айқайлап, пайғамбарымызға қарай атын бағыттады. Хазіреті Мусаб пен Насиба ханым оған қарсы тұрып, денелерімен пайғамбарымызды қорғап, жаумен шайқасты. Бұл кәпірге қанша қылыш салғанмен киген сауытына қылыш батпады. Ибн Қамиа Насиба ханымды қылышпен ұрып, иығын жаралады. Сосын хазіреті Мусабтың ту ұстаған оң қолына қылышын сілтеді. Оң қолы кесілген Мусаб бин Умәйр жанынан артық көретін Ислам туын жерге түсірместен сол қолына алды. Сол сәтте ол «Мұхаммед алейһиссалам расул. Одан бұрын да расулдар келген» деген аяти кәримәны оқыды («Али Имран» сүресі, 144). Ибн Қамиа бұл жолы қылышын сол қолына сілтеді. Сол қолы да кесілген ол, туды жерге түсірмей, туды білегімен кеудесіне қысып, желбіретті. Ибн Қамиа бұл жолы найзасын сахабаның денесіне қадады. Мусаб (радиаллаһу анһ) басқа бауырлары сияқты шәйіт болып, ақыретке көшті.

Хазіреті Мусаб жерге құлап бара жатқанда Исламның туы жерге түсірілмеген, оны дереу хазіреті Мусабтың кейпіне енген бір періште қолына алған болатын. Пайғамбарымыз «Ілгері, йа Мусаб! Ілгері» дегенде туды ұстаған Мусаб «Мен Мусаб емеспін» деді. Сол кезде пайғамбарымыз оның періште екенін түсініп, туды хазіреті Әлиге берді.

Ибн Қамиа болса хазіреті Мусабты пайғамбарымыз деп ойлап, тез мүшріктерге барып, «Мұхаммедті өлтірдім» деп айқайлай бастады. Мұны естіген мүшріктер көздеген мақсатқа жеттік деген қуанышпен одан да құтыра түсті. Оқиғаның мән-жайын білмеген сахабалардың қайғыдан аяқ-қолдары істемей қалады. Ортада азалы көңіл-күй орнай бастады. Хазіреті Омардың да қолдары салбырап, достарымен тұрған жерлеріне отырып қалды. Әнәс бин Надр (радиаллаһу анһ) оларды көріп «Неге отырсыңдар?» деп сұрады.

Олар «Расулуллаһ алейһиссалам шәйіт болыпты» деп жауап берді. Хазіреті Әнәс «Расулуллаһ шәйіт болса Оның Раббысы (Аллаһу та’ала) мәңгілік. Расулуллаһтан кейін біз тірі қалып не істейміз? Қане, тұрыңдар! Пайғамбарымыз соғысып, жанын құрбан еткен нәрсе үшін біз де жанымызды пида етейік» деп, қылышын қынабынан суырып, «Аллаһу әкбар» деп жаудың ортасына қарай ұмтылды. Бірнеше кәпірді өлтіріп, өзі шәйіт болды. Бетінде жетпіс жара бар болатын. Денесіндегі жарақаттың көптігінен оны қарындасынан басқа ешкім тани алмады.

Сахабалардың көпішілігі тарап кетіп, көпшілігі шәйіт болған еді. Олардың осылай таралғанын пайдаланған мүшріктер пайғамбарымыздың айналасына жиналды. Таспен, қылышпен пайғамбарымызды шәйіт етуге тырысты. Расулуллаһтың үстінде екі сауыт болғандықтан соққылар әсер етпеді. Утбә бин Әбу Уаққастың атқан тастары пайғамбарымыздың бетіне тиіп, астыңғы ерні жараланды. Астыңғы жақтағы күрек тісі сынды. Сол кезде Ибн Қамиа деген мүшрік те келіп, қылышын пайғамбарымыздың басына сілтеді. Пайғамбарымыздың дулығасы жарылып, екі жағы самайына кірді. Және де Ибн Қамиа иығынан ұрып жарақаттағанында, пайғамбарымыз мұсылмандарды құлату үшін Әбу Амирдің қазған шұңқырына бір жағымен құлады. Пайғамбарымыз Ибн Қамиа үшін «Аллаһу та’ала сені масқара етсін» деді. Ибн Қамиа қатты қуанып, «Мұхаммедті өлтірдім. Мұхаммедті өлтірдім» деп айқайлап, Әбу Суфйанның жанына барады. Мүшріктер мақсаттарына жеткен болатын. Енді олар пайғамбарымызға назар салмады. Пайғамбарымыздың жатқан шұңқырынан кетіп, сахабалармен шайқасуға кірісті.

Пайғамбарымыз шұңқырға құлаған кезде жағы қанап тұрған болатын. Қолымен бетін сүрткен кезде қолы мен сақалының қанға боялғанын көрді. Бір тамшы қанын жерге түсірмеу үшін Жәбрейіл алейһиссалам мүбәрәк қанын ұстап: «Йа, Хабибуллаһ! Аллаһу та’алаға ант етемін, егер осы қан жерге түскенде қияметке дейін жерге шөп шықпас еді» деді. Пайғамбарымыз «Егер менен бір тамшы қан жерге тамса, көктен азап түседі. Йа, Раббым! Қауымымды кешір. Өйткені, олар білмейді» деп, өзін өлтіруге тырысқан, денесіне қылыш сілтеп, тісін сындырған, бетін қанға бояған адамдардың тура жолға түсуін тіледі.

Осы кезде Ка’б бин Малик (радиаллаһу анһ) «Ей, мұсылмандар! Сүйінші! Расулуллаһ мұнда!» деп айқайлады. Бұл дауысты естіген сахабалар қайтадан өздері тірілгендей қуанып, сол жерге қарай жүгірді. Хазіреті Әли мен Талха бин Убәйдуллаһ (радиаллаһу анһ) дереу сол жерге барып, пайғамбарымызды шұңқырдан шығарды. Хазіреті Әбу Убәйда бин Жәррах пайғамбарымыздың самайына кірген дулығаның алқаларын тісімен шығарды. Осы темір бөлшектерді шығарған кезде алдыңғы екі тісі де шықты.

Сахабалардан Малик бин Синан (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздың бетінен аққан қанды жерге тамбауы үшін тілімен жалап алды. Пайғамбарымыз «Қаным қанына араласқан адамға тозақтың оты тимейді» деді.

Мүшріктер тағы да шабуылдай бастады. Ардақты сахабалар (алейһимурридуан) пайғамбарымызға қауышу қуанышымен тағы да оны қоршап, оған ешқандай мүшрікті өткізбеді. Пайғамбарымызға енді ешнәрсе істей алмайтындықтарын түсінген мүшріктер таудың төбесіне шыға бастады. Пайғамбарымыз Са’д бин Әбу Уаққасқа «Оларды кері қайтар» деді. Хазіреті Са’д «Йа, Расулаллаһ! Менде бір ғана оқ бар. Онымен қалай кері қайтарамын» деп сұрағанда пайғамбарымыз тағы да сол бұйрығын қайталады. Осыған орай мергендердің басшысы Са’д бин Әбу Уаққас оғын атты. Нысанаға тиген оқ бір мүшрікті құлатты. Ол қолын жебенің ыдысына тағы да салғанда тағы бір оқтың пайда болғанын көрді. Бұл осының алдындағы оқ екенін байқады. Тағы бір мүшрікті өлтірді. Осылайша бірнеше рет қайталады. Пайғамбарымыздың бір мұғжизасы ретінде хазіреті Са’д әр атқанында сол баяғы оқты көрді. Адамдарының бірінен соң бірінің өліп жатқанын көрген құрайыштықтар тауға шығудан бас тартты. Төмен түсіп, кері шегінді.

Олардың ішінен Үбәй бин Халәф атын пайғамбарымызға қарай бұрып, «Қайда, пайғамбармын деген адам? Шықсын да менімен шайқассын» деп айқайлады. Сахабалар оған қарсы шыққысы келсе де пайғамбарымыз рұқсат бермеді. Харис бин Симмә найзасын алып, ілгері шықты. Үбәй атын тебініп, «Ей Мұхаммед! Сен өлмесең мен өлейін» деп жақындады. Бастан аяқ сауыт киінген болатын. Пайғамбарымыз қолындағы найзасын Үбәйге лақтырды. Найза ұшып барып, дулыға мен сауыттың жағасының арасынан мойнына қадалды. Үбәй атынан жерге құлап, қабырғасы сынды. Мүшріктер оны көтеріп, алып кетті. Жолда «Мұхаммед мені өлтірді» деп айқайлап жатып жан тапсырды.

Пайғамбарымыз жанындағы сахабаларымен Ухуд жағалауына қарай жүре бастады. Құздардың жанына барғаннан кейін жоғары шыққысы келді. Қатты шаршағандықтан, екі сауытты қабаттап кигендіктен және денесіне жетпістен астам қылыш ұрылғандықтан шыдап тұра алмады. Сөйтіп, Талха (радиаллаһу анһ) пайғамбарымызды арқалап алып құздың үстіне шығарды. Пайғамбарымыз «Талха Расулуллаһқа көмектескен кезде жұмақ оған уәжіп болды» деді. Ешқандай күштері қалмағандықтан бесін намазын отырып оқыды.

Таудың етегінде сахабалар арыстанша мүшріктерге шабуылдады. Пайғамбарымызға қылыш сілтегендерді азаптады. Бір кезде Хатиб бин Бәлтәа (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздың қасына барып, «Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Мұны сізге кім істеді?» деп сұрады. Пайғамбарымыз «Утбә бин Әбу Уаққас, маған тас лақтырып, бетімнен ұрды, күрек тісімді сындырды» дегенде хазіреті Хатиб «Йа, Расулаллаһ! Ол қай жақа кетті?» деп сұрады. Пайғамбарымыз оның кеткен жағын көрсетті. Хазіреті Хатиб сол жаққа қарай жүгірді. Іздеп жүріп Утбәні тауып, атынан түсіріп алып, басын шауып пайғамбарымызға келіп оны өлтіргенін айтты. Пайғамбарымыз «Аллаһу та’ала сенен разы болсын! Аллаһу та’ала сенен разы болсын!» деп дұға етті.

Мүшріктер жиналып шабуылға көшкен сахабаларға қарсы төтеп бере алмады. Жетпіс адамдарынан айрылып, соғыс алаңын тастап, Меккеге қарай бет алды. Пайғамбарымыздың қайтыс болғаны туралы өсек Мәдинаға жеткен болатын. Хазіреті Фатима, хазіреті Айша, Үммү Сүләйм, Үммү Әймән, Хамнә бинти Жахш, Қуайбә сияқты әйелдер Ухудқа қарай жүгірді. Хазіреті Фатима әкесінің жаралы екенін көріп жылады. Пайғамбарымыз оны жұбатты. Хазіреті Әли қалқанымен су әкелді. Фатима (радиаллаһу анһа) ол сумен пайғамбарымыздың бетін, қанын жуды. Бірақ бетінің қаны тоқтамады. Хазіреті Фатима бір қамысты өртеп, күлін жараға басқанда қан тоқтады.

Сөйтіп соғыс алаңына түсті. Алдымен жаралыларды анықтап, жараларын таңды. Мүшріктер кейбір шәйіттерді адам танымастай жағдайға жеткізген еді. Құлақ, мұрын және басқа да ағзаларын кесіп, қарындарын жарған болатын. Абдуллаһ бин Жахш (радиаллаһу анһ) та осылардың арасында болатын. Бұл жағдайды көрген пайғамбарымыз бен сахабалар қатты ренжіді. Ең таңдаулы сахабалары шәйіт болып, Ухудтың топырағын қанға бояп, жұмаққа ұшқан еді. Алайда, шәйіттерге жасалған бұл әрекет адам төзгісіз болатын. Пайғамбарымыз бен сахабалар бұл іске қатты ашуланды. Осы көрініске қарап, пайғамбарымыздың көзінен жас парлады. Көзінен жасы ағып тұрып «Мен бұл шәйіттердің Аллаһу та’аланың жолында жандарын пида еткендеріне қиямет күні куәгер боламын. Оларды қандарымен көміңдер. Уаллаһи, қиямет күні махшарға жаралары қанап келеді. Қандарының түсі қанның түсіндей, иісі хош болады» деді.

Пайғамбарымыз «Хамзаны көре алмай тұрмын. Оның жағдайы не болды?» деп сұрады. Хазіреті Әли оны іздеп тапты. Пайғамбарымыз ол жерге барып, ақылға қонбайтын көрініске тап болды, хазіреті Хамзаның құлақтары, мұрны және басқа мүшелері кесіліп, беті адам танымастай жағдайға жеткізіліп, өкпелері сыртқа шығарылған еді. Пайғамбарымыз жылап тұрып хазіреті Хамзаға қарап, «Ей, Хамза! Ешқашан да, ешкім де сен сияқты қиыншылық көрген жоқ және көрмейді. Ей Расулуллаһтың көкесі! Ей Аллаһу та’аланың және Расулының арыстаны Хамза! Ей, қайырлы істер жасаған Хамза! Ей Расулуллаһтың қорғаушысы болған Хамза! Аллаһу та’ала саған рақымдылық жасасын!» деді.

Осы кезде қарсы беттен бір әйелдің жанталасып келе жатқанын көрді. Бұл пайғамбарымыздың әпкесі хазіреті Сафийә болатын. Ол да басқа әйелдер сияқты пайғамбарымыз қайтыс болды деген жалған хабарды естіп, бар нәрсені тастай сала жүгіріп Ухудқа келген болатын. Пайғамбарымыз әпкесін көріп, шәйіттердің түріне шыдай алмас деген оймен баласы Зубәйр бин Аууамға (радиаллаһу анһ) «Анаңды кері алып кет, бауырының денесін көрмесін» деді. Хазіреті Зубәйр жүгіріп, анасының жанына барды. Сафийә ханым «Балам пайғамбарымыз туралы айт» деді. Олардың қасына хазіреті Әли де барған болатын. Ол «Пайғамбарымыз әлхамдулилләһ жақсы» дегенінде, тыншыды, бірақ «Оны маған көрсетіңдер» деуден өзін тия алмады. Хазіреті Әли пайғамбарымызды ишарамен көрсетті. Хазіреті Сафийә пайғамбарымыздың тірі екенін көргенде қуанып, Аллаһу та’алаға шүкіршілік етті. Енді бауыры хазіреті Хамзаның жағдайын білу үшін ары қарай жүргісі келді. Баласы Зубәйр (радиаллаһу анһ) «Анашым! Расулуллаһ кері қайтуыңызды бұйырды» дегенде хазіреті Сафийә «Егер оған жасалғандарды маған көрсетпеу үшін кері қайтарсаңдар мен онсыз да бауырымның денесінің паршаланғанын білемін. Ол бұл жағдайға Аллаһтың жолында жүріп душар болды. Біз бұл жолда одан бетеріне де разымыз. Сауабын тек Аллаһу та’аладан күтеміз. Иншаллаһ сабырлылық етеміз» деді. Зубәйр бин Аууам (радиаллаһу анһ) осыны айтқаннан кейін пайғамбарымыз «Олай болса жібер, көрсін» деді. Хазіреті Сафийә (радиаллаһу анһа) хазіреті Хамзаның денесінің қасына отырып, үнсіз жылады.

Хазіреті Сафийә (радиаллаһу анһа) келген кезде өзімен екі шапан әкелген болатын. Оларды шығарып «Бұларды бауырым Хамзаға әкелдім. Соған ораңдар» деді. Шәйіттердің мырзасы болған хазіреті Хамзаны осы шапанның бірімен кебіндеді.

Пайғамбарымыз ту ұстаушы Мусаб бин Умәйрдің (радиаллаһу анһ) бас жағына барды. Мусабтың қолдары кесілген, бірнеше жерінен жарақат алған болатын. Айналаның бәрі қанға боялғанды. Пайғамбарымыз бұл жерде де қатты қайғырып, осы қадірлі шәйіттерге арнап, «Ахзаб» сүресінің 23-аятын оқыды. Мағынасы: «Мүміндерде сондай жігіттер бар, Олар Аллаһу та’алаға берген сөздерінде тұрады. Олардың кейбірі шәйіт болғанша соғысатыны туралы берген сөздерін орындады (шәйіт болды). Кейбірі шәйіт болуды күтуде. Олар берген сөздерінен шықпады». Пайғамбарымыз содан соң: «Аллаһу та’аланың Расулы да куә, сендер қиямет күні Аллаһу та’аланың құзырында шәйіт болып жиналасыңдар» деді. Сосын қасындағыларға қарап, «Бұларды зиярат етіңдер. Оларға сәлем беріңдер. Аллаһқа ант етемін, кім оларға бұл дүниеде сәлем берсе қияметте осы қадірлі шәйіттер оларға жауап сәлем қайтарады» деді.

Мусаб бин Умәйрге (радиаллаһу анһ) кебін жасайтын ештеңе табылмады. Өзінің сыртқы киімі денесін толық жауып тұрмайтын. Бас жағын жапса аяқ жағы, аяқ жағын жапса басы ашық қалатын. Пайғамбарымыз «Бас жағын жабыңдар, ал аяқтарын ызхыр шөбімен жабыңдар» деді. Өз өмірін Исламға қызметпен өткізген және осы жолда шәйіттік дәрежеге көтерілген осы сахаба дүниемен жарты кебінмен қоштасты.

Қалған шәйіттердің жаназалары оқылып, қанды киімдерімен екі-үштен бір қабірге қойылып, жерленді. Ухуд соғысында жетпіс адам шәйіт болған еді. Олардың алпыс төрті ансардан, алтауы мұхажирлерден болатын.

Сахабалардың көпшілігінің туыстары шәйіт болған еді. Қалғандарды жұбату үшін пайғамбарымыз былай деді: «Уаллаһи, сахабаларыммен бірге мен де шәйіт болып, Ухуд тауының бауырында түнеуді қатты қалар едім. Бауырларың шәйіт болған кезде Аллаһу та’ала олардың рухтарын жасыл құстардың жемсауына салды. Олар жұмақтың өзендеріне барып, суынан ішеді. Жемістерінен жейді. Жұмақтың барлық жерін аралайды. Гүл бақшаларында ұшады. Сосын қасиетті Арштың астына ілінген алтын шырақтардың ішіне кіріп түнейді. Олар осындай тағамдар мен сусындардың кереметтігін көргенде «Әттең, Аллаһу та’аланың бізге нелер бергенін бауырларымыз көрсе ғой, жихадтан тартынбаса, соғысудан қорқып, жаудан тайсалмаса» дейді. Аллаһу та’ала «Мен сендердің жағдайларыңды оларға білдіремін» деді. (Және мағынасы мынадай аяти кәримә түсірді:) «Аллаһу та’аланың жолында шәйіт болғандарды өлді деп санамаңдар. Расында олар Раббыларының алдында тірі. Аллаһу та’аланың өздеріне берген шәйіттік мәртебесіне барлығы да қуанып, жұмақ ниғметтерімен ризықтанады. Арттарындағы шәйіттікке әлі жетпегендер туралы «Оларға ешқандай қорқыныш жоқ және олар қайғырмайды» деп сүйіншілегісі келеді. Олар Аллаһу та’аладан келген ниғметпен, тіпті одан да артығымен қуанады. Аллаһу та’аланың мүміндерге деген сыйын жоймайтыны туралы хабарға қуанады» («Али Имран» сүресі, 169-171)...Аллаһу та’ала оларға көрініп, «Ей, құлдарым! Жандарың нені қаласа сендерге оны артығымен берейін» дейді. Олар «Ей Раббымыз! Сенің бізге берген ниғметтеріңнен артық ниғмет жоқ, соны қалаймыз. Біз жұмақта қалаған нәрсемізді жеудеміз. Біз қаласақ, тек рухтарымыздың денемізге қайтарылып, дүниеге қайтарылуымызды және сенің жолыңда соғысып, қайтадан өлтірілуді қалаймыз» дейді».

Енді бұл жерде істейтін ешнәрсе қалмаған еді. Барлығы жиналды. Аллаһу та’аланың дінін тарату үшін келген Ухудта тарихтың теңдессіз бір соғысы болған еді. Сахабалардың асқан ерліктеріне, қаһармандықтарына куә болған кәпірлерге тағы бір сабақ болған еді.

Пайғамбарымыз сахабаларымен нұрлы Мәдинаға қарай бет алды. Харрә деген жерге келген кезде сахабаларын сапқа тізіп, қолын көтеріп, Аллаһу та’алаға жалбарынып, былай дұға ете бастады: «Аллаһым! Барлық мақтау Саған тән. Аллаһым! Сенің адастырғаныңды тура жолға салатын, тура жолдағыңды адастыратын ешкім жоқ. Аллаһым! Бізге иманды сүйгіз. Жүрегімізді иманмен безендір. Бізді күпірліктен, азғындықтан, асып-тасушылықтан жирендір. Дініміз бен дүниемізге зарарлы нәрселерді білетіндерден, тура жолдағылардан ет. Аллаһым! Бізді турашылдар мен жақсылардан ет. Өйткені, олар қадірлері мен беделдерін жоғалтпағандар, діндерінен шықпағандар. Аллаһым! Сенің Расулыңды теріске шығарған, сенің жолыңнан тайған, пайғамбарыңмен соғысқан кәпірлердің жазасын бер. Оларға хақ және ақиқат болған азабыңды бер. Әмин!» Сахабалар да «Әмин» деп, бұл дұғаға қосылды.

Пайғамбарымыз сахабаларымен бірге Мәдинаға жақындап қалған болатын. Мәдинада қалған әйелдер, балалар жолға шығып, алаңдап, қайғырып, келе жатқан әскердің ішінен пайғамбарымызды көруге тырысты. Оның нұрлы жүзін көргенде Аллаһу та’алаға шүкіршілік етті. Сосын әскердің ішінен өз туыстарын іздеді. Оларды көре алмағандар көз жастарына ерік берді. Сахабаларының осындай қайғылы сәтін көрген пайғамбарымыздың көзінен де жас парлады.

Бір кезде Са’д бин Муаздың (радиаллаһу анһ) анасы Кәбшә ханымның пайғамбарымызға бара жатқаны байқалды. Ухудта баласы Амр шәйіт болған болатын. Пайғамбарымызға барып, «Жаным сізге пида болсын йа, Расулаллаһ! Аллаһқа шүкір сіздің аман екеніңізді көрдім. Сіз аман болсаңыз басқа қайғылар маған түк емес» деді. Жан баласы туралы сұрамады. Пайғамбарымыз оның баласына көңіл айтқаннан кейін «Ей, Са’дтың анасы! Саған және оның отбасына сүйінші болсын! Олардан шәйіт болғандардың барлығы да жұмаққа жиналды және бір-біріне жолдас болды. Олар отбасыларына да шапағат етеді» деді. Кәбшә ханым «Аллаһу та’аладан келген барлық нәрсеге разымыз, йа Расулаллаһ. Осындай сүйінші хабардан кейін олар үшін кім жылайды. Сіз артында қалғандарға дұға етіңіз» деді. Пайғамбарымыз «Аллаһым! Оларды қайғыларынан арылт. Артында қалғандарын да ең қайырлылардан ет» деп дұға етті.

Пайғамбарымыз сахабаларына қарап, тәндік қалаулармен күресуді меңзеп, «Ей, сахабаларым! Кіші жихадтан қайттық, енді үлкен жихадты бастаймыз» деді. Сосын барлығын үйлеріне демалуға, жараларын таңуға жіберді. Өзі де жаралы болатын. Тіке үйіне кетті.