Таиф жорығыПайғамбарымыз Таифке қашқан жауға шабуылдап, нақты нәтижеге қол жеткізгісі келді. Меккеге жақын орналасқан бұл бекініс кәпірлердің соңғы, бірақ мықты бекіністерінің бірі болатын. Пайғамбарымыз хижреттен бұрын Таифқа барып, бір ай оларға насихат айтқан болатын. Бірақ, таифтықтар пайғамбарымызға ақылға сыймас қастандықтар жасаған еді. Тіпті, аяғын қан жоса еткен еді. Пайғамбарымыз бұл жерде Зәйд бин Хариса екеуі өмірінің ең ащы, ауыр күндерін өткізген болатын. Пайғамбарымыз Халид бин Уәлидті (радиаллаһу анһ) алдын ала жіберді. Өзі сахабалармен бірге арт жақтан келді. Сақиф тайпасы мықты бекіністеріне бұрын мол азық-түлік жинап алған болатын. Сахабалардың келе жатқанын көріп, есіктерін жауып, қорғана бастады. Бекініске жақындап келген мүжахидтерді оқ атып қарсы алды. Соғыс осылайша жалғаса берді. Таифтықтар бекіністен шығып, жекпе-жек соғысуға бата алмады. Кейбір сахабалар бекіністің ішіне қалбағаймен (катапульта) тас атуды ұсынды. Пайғамбарымыз мұны орынды деп санап, қалбағайлар жасатты. Олармен жауға оқ аттырып, қоршауды жалғастырды. Сахабалар бар күштерін салып соғысып, тезірек бекіністі бағындыруға тырысты. Осы арада он төрт сахаба шәйіт болды. Бірақ, бекіністің мықты болуы бағындыруға кедергі келтірді. Қоршаудың жиырмасыншы күні түнде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) түсінде өзіне сыйға тартылған ыдыс толы майдың бір қораз тарапынан төгілгенін көрді. Мұны Таифтің бұл жылы бағындырылмайтынына жорып, қоршауды тоқтатты. Пайғамбарымыз осыдан жеті жыл бұрын өзіне қорлық көрсеткен таифтықтар туралы «Рұқсат етсең мына тауларды олардың бастарына төңкерсем» деген періштеге «Мен әлемдерге рақымдылық ретінде жіберілдім. Қалайтын жалғыз нәрсем – Аллаһу та’аланың бұл мүшріктердің зұлымдығынан Хақ та’алаға ешқандай серік қоспастан ғибадат ететін бір ұрпақ шығаруы» деген еді. Бұл жолы да мейірімділік танытып, «Ей, Раббым! Сақифтіктерге тура жолды көрсет! Оларды бізге әкел» деп дұға етті. Пайғамбарымыз (салаллаһу алейһи уә сәлләм) ардақты сахабаларымен бірге Таифтен кетіп, Хунәйнде қолға түсірілген тұтқындар мен олжалар жиналған Жиранеге келді. Алты мың тұтқынмен қоса жиырма мыңнан астам ірі қара мал, қырық мыңнан астам ұсақ мал және есепсіз әшекей бұйым олжа болып түскен еді. Оларды мүжахидтерге үлестірді. Сол кезде Хәуазин тайпасынан бір кеңестің жолыққысы келетіні туралы хабар келеді. Пайғамбарымыз оларды қабылдады. Бұл кеңес Хәуазин тайпасының мұсылман болғанын хабарлағанда пайғамбарымыз қатты қуанды. Осыған байланысты өзінің үлесіне түскен тұтқындарды босатып, азат етті. Сахабалар да солай жасады. Пайғамбарымыздың рақымдылығы бір сәтте алты мың тұтқынның азаттыққа қауышуына себеп болған еді. Бұл хабар Таифты паналаған Хәуазин тайпасының басшысы Малик бин Ауфқа жеткенде ол да келіп мұсылман болды. Пайғамбарымыз оған көп сый-сияпат көрсетті. Енді бұл жерде жасайтын іс қалмаған еді. Пайғамбарымыз жеңімпаз ретінде сахабаларымен Меккеге қайтты. Аттаб бин Әсидті (радиаллаһу анһ) Меккенің әкімі етіп тағайындады. Муаз бин Жәбәлді (радиаллаһу анһ) дін істерін үйретуге қалдырды. Қағбаны тауап етіп, умрасын жасағаннан кейін сахабаларымен қайтадан Мәдинаға жолға шықты. Бір жылдан кейін таифтықтар мұсылман болу үшін алты адамдық елшіні Мәдинаға пайғамбарымызға жібереді. Пайғамбарымыз бір жыл бұрын Таифтен кетіп бара жатқанда «Йа, Раббым! Сақифтіктерге тура жолды көрсет, оларды бізге әкел» деп дұға еткен болатын. Міне, енді сол сақифтіктер мұсылман болуға келіп тұр еді. Пайғамбарымыз олардың мұсылман болғандарына қатты қуанып, оларға біраз жеңілдіктер жасап, Таифқа қайтарды. Оларға Осман бин Әбул Асты басшы етіп тағайындады. |