8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   


Қайтыс болуы

Хижреттің он бірінші жылы болатын. Жәбрейіл алейһиссалам осы жылы Пайғамбарымызға Құран Кәрімді екі рет басынан аяғына дейін оқыды. Алдыңғы жылдарда Құран Кәрімді бір рет оқыған болатын. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Жәбрейіл алейһиссаламның ең соңғы уағыздаған «Аллаһу та’аланың көмегі және жеңіс күні келіп, адамдардың Аллаһу та’аланың дініне (Исламға) ағым-ағым болып кіргенін көргенде Раббыңды мадақтап тәсбих айт. Ол тәубаларды әрдайым қабылдайды» деген мағынадағы «Наср» сүресін тыңдағаннан кейін «Йа, Жәбрейіл! Ішімнен өлімімнің жақындағанын сеземін» деді. Жәбрейіл алейһиссалам бұған мына аяттарды оқып жауап берді: «Ақырет сен үшін дүниеден қайырлы. Раббың саған разымын дегенге дейін әр қалағаныңды береді». («Духа» сүресі, 4,5)

Пайғамбарымыз сол күні Мәдинадағы барлық сахабалардың бесін намазында мешітке жиналуын бұйырып хабар жіберді. Пайғамбарымыз намазды оқытқаннан кейін бір хутба оқыды. Бұл хутбаны оқыған кезде оны тыңдаған жандардың жүректері тебіреніп, көздерден жас аққан еді. Сосын «Ей, адамдар! Сендер маған Пайғамбарларың ретінде қалай қарайсыңдар?» дегенде сахабалар «Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’ала сізге біздің тарапымыздан мол жақсылықтар бұйыртсын. Сіз біз үшін мейірімді әке, насихат айтқан бауыр сияқты едіңіз. Аллаһу та’аланың сізге берген пайғамбарлық міндетін орындадыңыз. Уаһи етілгендерді бізге жеткіздіңіз. Хақ жолға, Исламға даналықпен, көркем насихатпен шақырдыңыз. Аллаһу та’ала сізге ең жақсы және ең үстем қайтарымын берсін»- деді.

Пайғамбарымыз: «Ей, мүміндер! Аллаһ үшін, кімнің менде ақысы бар болса, келіп қияметтен бұрын осы жерде алсын» деді. Бірақ, ақысын алуға келген адам болмады. Расулуллаһ екінші, үшінші рет Аллаһу та’аланың атын айтып, «Ақысы болған адам келіп алсын» деді. Осы кезде жасы үлкен сахаба хазіреті Укашә орнынан тұрды. Расулуллаһтың жанына барды. Сосын «Ата-анам саған құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Тәбүк соғысында сізбен бірге жүрдім. Тәбүктен қайтқанымызда менің түйем мен сіздің түйеңіз қатар келген еді. Мен түйемнен түсіп, сізге жақындадым. Мақсатым – сіздің мүбәрәк денеңізді сүю еді. Сол кезде сіз менің арқамнан қамшымен ұрдыңыз. Не үшін ұрғаныңызды білмеймін.» деді.

Пайғамбарымыз: «Йа Укашә! Аллаһу та’ала сені Расулының әдейілеп ұрғанынан сақтасын. Йа, Біләл! Қызым Фатиманың үйіне бар. Әлгі қамшыны алып кел»- деп бұйырды. Хазіреті Біләл мешіттен шықты. Қолын басына қойып, «Расулуллаһ өзіне қысас жасатады» деп таңырқаған еді. Үйге барып, есікті қағып, «Ей Расулуллаһтың қызы! Маған Расулуллаһтың қамшысын бер»- деді. Хазіреті Фатима: «Йа Біләл! Қазір қажылықтың да, соғыстың да уақыты емес қой. Әкем қамшыны не қылады?» деп сұрады. Хазіреті Біләл (радиаллаһу анһ) «Ей, Фатима! Хабарың жоқ па? Расулуллаһ өзіне қысас (өш алу) жасатпақшы» деді. Фатима анамыз (радиаллаһу анһа) «Йа, Біләл! Расулуллаһтан қысаспен ақысын алуға кім разы болады? Егер қаласа берейін. Бірақ, Хасан мен Хусейнге айт, ақысын алатын адам ақысын солардан алсын. Расулуллаһқа еш қысас жасатпасын» деп хазіреті Біләлге қатаң ескертті. Хазіреті Біләл (радиаллаһу анһ) мешітке барып, қамшыны Расулуллаһқа, Ол хазіреті Укашәға берді.

Әбу Бәкір мен Омар мұны көріп, «Ей Укашә! Міне, біз қасыңда тұрмыз. Ақыңды бізден ал, Расулуллаһтан алмай-ақ қой» деп жалынды. Сонда Пайғамбарымыз хазіреті Әбу Бәкірге «Ей, Әбу Бәкір! Сен арамыздан былай тұр. Ей, Омар! Сен де былай тұр. Аллаһу та’ала сендердің жоғары дәрежелеріңді біледі»- деді. Сосын хазіреті Әли тұрып, «Ей Укашә! Расулуллаһты ұруыңа риза бола алмаймын. Кел, ақыңды менен ал. Қаласаң жүз рет ұр, бірақ Расулуллаһқа тиіспе» дегенінде пайғамбарымыз алейһиссалам: «Ей Әли! Сен де отыр. Аллаһу та’ала сенің де жоғары мәртебеңді, жағдайыңды біледі»- деді. Енді хазіреті Хасан мен Хусейн тұрды. «Ей Укашә! Сен біздің Расулуллаһтың немерелері екенімізді білесің. Сондықтан бізге қысас – Расулуллаһқа қысас деген сөз. Оның ақысын бізден ал, пайғамбарымызды ұрма» дегендерінде пайғамбарымыз оларға «Сендер де отырыңдар, ей екі көзімнің қуанышы!» деді. Сосын «Ей Укашә! Кел, ұр» деді.

Укашә «Йа Расулаллаһ. Сіз мені ұрған кезде менің денем ашық болатын» деген соң пайғамбарымыз мүбәрәк арқасын ашты. Осы кезде сахабалардың «Йа, Укашә! Расулуллаһтың мүбәрәк арқасынан ұрасың ба?» деген айқайлары естілді. Бәрі ренішпен күтіп тұрды. Хазіреті Укашә пайғамбарымыздың арқасындағы пайғамбарлық мөрін көріп, «Ата-анам саған құрбан болсын йа Расулаллаһ! Ақысын алу үшін сіздің мүбәрәк арқаңыздан ұрып, қысас жасауға кімнің күші жетеді, бұған кімнің батылдығы барады?» деп мөрді сүйіп алды. Сонда Пайғамбарымыз «Жоқ, я ұрасың, я кешіресің» дегенінде Укашә «Жаным саған құрбан болсын йа Расулаллаһ! Кешірдім. Ал Аллаһу та’ала мені қиямет күнінде кешіре ме?» деді. Пайғамбарымыз «Кім менің жәннаттағы досымды көргісі келсе, мына қартқа қарасын» деді. Расулуллаһтың бұл мүбәрәк сөзін естіген сахабалар оның екі көзінің ортасынан сүйе бастады. Барлығы «Қандай бақыттысың, қандай бақыттысың, йа Укашә! Расулуллаһпен бірге болу құрметіне, жұмақта жоғары дәрежелерге қол жеткіздің»- деді.

Сафар айының соңғы күндері болатын. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) солтүстіктегі Византия империясының мұсылмандар үшін үлкен қауіпке айналмастан бұрын оларды қайтадан Исламға шақырып, қабылдамаса соғысып және Ислам мемлекетінің қол астына қаратқысы келді. Осы мақсатта гректермен соғысу үшін сахабаларына дайындалуды бұйырды. Сахабалар (радиаллаһу анһум) дайындық істерін жүргізуге таралды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хазіреті Усамә бин Зәйдті шақырып, «Ей, Усамә! Шамға, Бәлка шекарасына, Палестинадағы Дарумға, әкең шәйіт болған жерге дейін Аллаһу та’аланың есімі мен берекесімен бар. Оларды аттармен тапта. Сені осы әскерге бас қолбасшы етіп тағайындадым. Убналықтарға тұтқиылдан шабуыл жаса. Баратын жеріңе хабар жетпейтіндей шапшаң бар. Қасыңа жол көрсетушілерді алып, алдыңнан тыңшылар жібер. Аллаһу та’ала жеңіс ихсан етсе, олардың арасында аз уақыт қана бол» деді. Журфте орда құруды бұйырып, мүбәрәк қолымен байрақты байлап тапсырды.

Мешітте мінберге шығып, «Ей сахабаларым! Усамәнің әкесі Зәйд қолбасшылыққа қалай лайықты және менің қасымда қандай сүйікті адам болса, оның баласы Усамә да қолбасшылыққа сондай лайық адам. Усамә менің алдымда адамдардың ең сүйіктілерінен»- деді.

Хазіреті Усамә басқарған, соғысуға бара жатқандардың ішінде хазіреті Әбу Бәкір, хазіреті Омар, хазіреті Әбу Убайда бин Жәррах, хазіреті Саад бин Әбу Уаққас сияқты танымал сахабалар бар болатын.

Бірақ, ертеңіне Пайғамбарымыз кенеттен науқастанып қалғандықтан әскер сапары пайғамбарымыз ақыретке кеткеннен кейінге қалдырылған еді. Сүйікті пайғамбарымыздың ыстығы барған сайын көтеріліп, ауруы асқына берді. Сәл жақсы болған бір түні төсегінен тұрды. Киініп кетуге дайындалды. Мұны көрген хазіреті Айша анамыз «Ата-анам, жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Қайда бара жатырсыз?» деп сұрады. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм «Бақи мазаратына жерленгендер үшін истиғфар ету әмірін алдым. Сол жерге бара жатырмын» деді. Қасына Әбу Мүуәйхиб пен Әбу Рафиді (радиаллаһу анһум) ертіп кетті. Мазаратта ұзақ дұға оқып, олардың кешірілуі үшін Аллаһу та’алаға жалбарды. Пайғамбарымыздың осынша жалбарғанына қасындағы сахабалар «Біз де осында жерленгенімізде ғой. Пайғамбарымыздың дұғасына ілінер едік»- деді. Сүйікті пайғамбарымыз хазіреті Әбу Мүуәйхибке қарап «Ей, Әбу Мүуәйхиб! Маған дүние қазыналары мен ақырет ниғметтерін таңдауда ерік берілді. Қаласаң дүниеде қал, сосын жұмаққа бар, қаласаң Аллаһу та’алаға қауышып, (Ликауллаһ) жұмаққа кір. Мен Ликауллаһты және содан кейін жұмақты таңдадым» деді.

Тағы бір күні Ухудта шәйіт болғандар үшін Аллаһтан ғафу тілеу үшін жолға шықты. Олар үшін Аллаһу та’алаға ұзақ жалбарынып, дұға етті. Сосын мешітке барып, сахабаларға «Мен сендердің Кәусар бұлағына ең бірінші қауышатындарың, қарсы алатындарың боламын. Сендермен кездесетін жеріміз сол жер... Мен сендерді менен кейін мүшріктікке қайтады деп қорықпаймын. Бірақ, дүниеге беріліп, сол үшін бір-біріңді көре алмай, өлтіріп, нәтижесінде сендерден бұрынғылардың жоқ болып кеткені сияқты, сендердің де жоқ болып кетулеріңнен қорқамын...»- деді. Сосын үйіне кетті.

Науқастығы асқынған еді. Мүбәрәк әйелдері сүйікті Пайғамбарымыздың хазіреті Айшаның үйінде болуын қалайтындықтарын білдірді. Расулуллаһ әйелдерінің осындай кеңпейілдігіне сүйсініп, олардың бәріне дұға етіп, одан кейінгі күндерін хазіреті Айшаның үйінде өткізе бастады.

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ыстығы қатты көтерілген еді. Денесінің ысығаны соншалық, төсегінде екі жағына кезек аударылып жатуға мәжбүр болды. Расулуллаһ осылай жатқанында сахабалар келіп, Оның тартып жатқан азабына олар да қиналатын. Әбу Саид Худри (радиаллаһу анһ) айтады: «Расулуллаһқа барған болатынмын. Үстінде бір жамылғысы бар еді. Оның денесінің ыстықтығы жамылғының сыртынан белгілі болып тұрды, ыстық болғандықтан қолымызды жамылғыға тигізе алмаған едік. Біздің де қынжылғанымызды көрген Пайғамбарымыз: «Ең ауыр бәле пайғамбарларға келеді. Соған қарамастан пайғамбардың келген бәлелерге қуануы сендердің берілген ихсандарға қуанғандарыңнан да күшті»- деді».

Үммү Бишр бин Бәра (радиаллаһу анһа) айтады: «Расулуллаһтың жағдайын сұрауға бардым. Мүбәрәк денесі оттай жанып тұрды. «Жаным саған құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Мен ешқашан да мұндай қатты ауру көрмедім...» дедім. Расулуллаһ: «Ей Үммү Бишр! Ыстығымның қатты көтерілуі сауабымның көп болғанындығынан. Бұл ауру Хайбәрде жеген улы еттің әсері. Сол еттің ащы дәмін әрдайым сезетінмін. Сол күні жеген у қазір қолқа тамырымды күйдіріп бара жатыр»- деді».

Сүйікті пайғамбарымыз Абдуллаһ бин Мәсуд хазреттеріне былай деді: «Ауруға шалдығып, Аллаһу та’ала оның күнә мен қателерін ағаштың жапырақтарын төккендей төкпеген мұсылман жоқ».

Ауруы күннен-күнге асқына берді. Сахабалар бұған қатты қайғырып, үйлерінде жәйбарақат отыра алмады. Барлығы мешітке жиналды. Жағдайын сұрау үшін хазіреті Әлиді Расулуллаһқа жіберді. Әлемдердің мырзасы ишарамен (ымдап) «Сахабаларым не дейді?» деп сұрады.

Ол «Расулуллаһ арамыздан кетіп қалса... деп қайғыруда» деп жауап берді. Сахабаларына деген мейірімі күшті болған пайғамбарымыз қатты ауырып тұрғанына қарамастан орнынан тұрып, хазіреті Әли мен хазіреті Фадл бин Аббасқа сүйеніп, мешітке барды. Мінберге шығып, Аллаһу та’алаға мадақ айтқаннан кейін сахабаларға «Ей сахабаларым! Менің өлетінімді ойлап, уайымдауда екенсіңдер. Ешқандай пайғамбар үмметінің арасында мәңгі қалмайды. Біліңдер, мен Раббыма қауышамын. Сендерге насихатым мухажирлердің үлкендерін құрметтеңдер. Ей мухажирлер! Сендерге насихатым - ансарларға жақсылық жасаңдар. Олар сендерге жақсылық жасады. Үйлеріне тұрғызды. Өздері әрең күнелтсе де сендерді өздерінен жоғары санады. Мал-мүліктеріне сендерді ортақ етті. Ансарды басқарған адам оларға көз қырын салып жүрсін, кемшілік жасағандарын кешірсін» деді. Сосын әсерлі насихаттар айтып, «Аллаһу та’ала бір құлына дүниеде қалу мен Раббына қауышу мәселесінде еркіндік берді. Ол құл Раббына қауышуды қалады» деді. Хазіреті Әбу Бәкір Расулуллаһтың бұл сөздерінен оның қайтыс болатынын сезіп, «Жанымыз саған құрбан болсын, йа Расулаллаһ!» деп жылай бастады. Мейірімділіктің дариясы болған пайғамбарымыз «Жылама, йа Әбу Бәкір!» деп, оған сабыр етуді бұйырды. Мүбәрәк көздерінен жас ағып тұр еді. «Ей сахабаларым! Ислам діні жолында шынайы және ықыласты түрде мал-мүлкін құрбан еткен Әбу Бәкірден разымын. Ақырет жолында  қасыма  жақын  бір дос алу қолымда болса, оны таңдар едім» деді де «Мешітке ашылатын есіктер ішінде Әбу Бәкірдікінен басқасының бәрін жабыңдар» деп бұйырды.

Сосын мінберден түсіп, хазіреті Айша анамыздың бөлмесіне қайтып келді. Сахабалар жылай бастағандықтан пайғамбарымыз хазіреті Әли мен Фадл бин Аббастың сүйемелдеуімен қайтадан мешітке келді. Мінбердің төменгі сатысында тұрып, сахабаларға былай деді: «Ей мухажирлер мен ансарлар! Уақыты белгілі болған нәрсеге жетуге асығудың пайдасы жоқ. Аллаһу та’ала ешқандай құлы үшін асықпайды. Бір адам Аллаһу та’аланың беретін тағдырын өзгертуге, оның құдіретінен үстем болуды қаласа оны құртады. Аллаһу та’алаға айла жасап, Оны алдағысы келген адамның істері бұзылып, өзі алданады. Біліңдер, мен сендерге мейірімдімін. Сендер де маған қауышасыңдар. Қауышатын жер Кәусәр хауызының басы. Жәннатқа кіргісі келетін, маған қауышқысы келетін адам бостан-бос сөйлемесін. Ей мұсылмандар! Кәпір болу, күнә істеу – ниғметтің өзгеруіне, ризықтың азаюына себеп болады. Адамдар Аллаһу та’аланың бұйрықтарына мойынсұнса үкімет басшылары, әмірлері, билеушілері оларға рақымшылық жасайды. Пасық болып, асып-тасушылық танытса, күнә іс істесе мейірімді билеушіге қол жеткізе алмайды. Менің өмірім сендер үшін қайырлы болғаны секілді өлімім де қайыр және рақымдылық. Егер біреуді орынсыз ұрған немесе жаман сөз айтқан болсам маған дәл соны істеп ақысын алуына, біреуден орынсыз бір нәрсе алған болсам кері қайтарып алуына разымын. Өйткені, дүниенің жазасы ақыреттің жазасынан әлде қайда жеңіл. Бұған шыдау оңай.» Алдында хазіреті Әбу Бәкірге разылығын білдіргені сияты, бұл хутбада хазіреті Омарға деген ризалығын білдіріп, «Омар менімен бірге, мен де онымен біргемін. Менен кейін ақиқат Омармен бірге» деді.

Расулуллаһ осы хутбадан кейін мінберден түсті. Намаздан соң тағы да мінберге шығып, уағыз-насихат айтып болғаннан кейін «Сендерді Аллаһу та’алаға тапсырдым» деп, бөлмесіне кетті.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ауруы қатты асқынған кезде сахабаларымен халалдасу (өткен ақыларын қайтару) үшін, ахиретке құл ақыларымен кетпеу үшін Біләл Хабәшиді (радиаллаһу анһ) шақыртып, оған «Халыққа айт! Мешітке жиналсын. Оларға соңғы насихатымды айтқым келеді...» деп бұйырды.

Хазіреті Біләл сахабаларды мешітке жинады. Пайғамбарымыз хазіреті Әли мен Фадлға сүйеніп мешітке барды. Мінберде отырып, Аллаһу та’алаға мадақ пен сәна айтқаннан кейін «Ей сахабаларым! Біліңдер, араларыңнан кететін уақытым жақындады. Кімнің менде ақысы бар болса менен алсын. Менің қасымда сүйікті болған адам менен ақысын алсын немесе оны маған халал етіп разы болсын, Раббыма оларды өтеп барайын»- деді. Сосын мінберден түсіп, бесін намазын оқыды. Намаздан соң мінберге тағы да шығып, алдында айтқанын қайталады.

Пайғамбарымыз қайтыс боларына үш күн қалғанда қатты қиналды. Мешітке барып, жамағатпен намаз оқи алмады. Жамағатпен оқи алмаған алғашқы намазы құптан намазы болатын. Хазіреті Біләл әдетінше есікке келіп, «Әс-салат, йа Расулаллаһ!» деді. Пайғамбарымыздың мешітке баратын шамасы жоқ еді. «Әбу Бәкірге айтыңдар. Сахабаларға намаз оқытсын» деді. Хазіреті Айша: «Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Әкем өте көңілшек және өте қайғылы. Ол сізді қасында көріп тұрмаса жылап, оқи алмайды. Имамдықты Омардың атқарғанын бұйырасыз ба?» деп сұрады. Пайғамбарымыз қайтадан «Әбу Бәкірге айтыңдар. Сахабаларға имам болып, намаз оқытсын» деді. Хазіреті Біләл Әбу Бәкір Сыддыққа (радиаллаһу анһ) жағдайды айтты. Хазіреті Әбу Бәкір михрабта пайғамбарымызды көре алмаған соң жүрегі езіліп, ақылынан айрылғандай болды, жылай берді, жылай берді. Сахабалар да жылай бастады. Пайғамбарымыз мешіттен шыққан бұл дауыстың не екенін сұрағанда хазіреті Фатима «Жаным сізге құрбан болсын йа Расулаллаһ! Сахабаларыңыз сізден айрылғандарына шыдай алмай жылауда» деді. Пайғамбарымыз бұған қатты әсерленді. Сахабаларын жұбату үшін қатты ауырып тұрғанына қарамастан әрең дегенде орнынан тұрды. Хазіреті Әли мен хазіреті Аббасқа сүйеніп, мешітке барды. Намаздан соң «Ей сахабаларым! Сендер Аллаһу та’аланың қорғауындасыңдар және сендерді Аллаһу та’алаға аманат еттім. Тақуалықпен айналысыңдар. Аллаһу та’аладан қорқыңдар. Аллаһу та’аланың бұйрығын орындаңдар және бағыныңдар. Мен енді бұл дүниеден кетемін»- деді.

Хазіреті Әбу Бәкір сахабаларға он жеті уақыт намаз оқытты. Бір жолы бесін намазын оқытып жатқан болатын. Сол кездері пайғамбарымыз өзін жеңіл сезініп, хазіреті Әли мен хазіреті Аббасқа сүйеніп, мешітке барады. Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздың келгенін сезіп, бір шетке ысырылмақшы болды. Пайғамбарымыз оған «Тұра бер» дегенді ыммен білдірді. Пайғамбарымыз хазіреті Әбу Бәкірдің сол жағында тұрып, сахабаларға соңғы рет намаз оқытты.

Пайғамбарымыз қайтыс боларынан үш күн бұрын Жәбрейіл алейһиссалам Расулуллаһқа барып, «Йа, Расулаллаһ! Аллаһу Та’ланың сізге сәлемі бар. Жағдайыңызды білсе де қалай екеніңізді, өзіңізді қалай сезінетініңізді сұрайды»- деді. Пайғамбарымыз «Қайғылымын» деді. Жәбрейіл алейһиссалам жексенбі күні де келіп сол айтқандарын қайталады. Пайғамбарымыз тағы да сол жауапты берді. Жәбрейіл алейһиссалам «Йеменде пайғамбар екендігін айтқан Әсад-и Ансидің өлтірілгенін хабарлады. Расулуллаһ оны сахабаларына айтты. Ауырмай тұрған кезінде бірнеше алтынды кедейлерге, бірнешесін хазіреті Айшаға берген болатын. Жексенбі күні Расулуллаһтың ауруы меңдей бастады. Қасына келген әскер қолбасшысы хазіреті Усамәға ешнәрсе айтпады. Бірақ, қолын көтеріп, оның үстінен сипады. Оған дұға еткендігі аңғарылды.

Пайғамбарымыздың бұл дүниеден кетіп, ахиретке көшетін күні дүйсенбі болатын. Ауырғанына он үш күн болған еді. Пайғамбарымыз сахабалар мешітте Әбу Бәкір Сыддықтың (радиаллаһу анһ) артында бамдат намазын оқып тұрғанда мешітке кіреді. Үмметінің саптан-сапқа тізіліп намаз оқып тұрғанын көреді. Қуанып, күлімсірейді. Өзі де Әбу Бәкірге ұйып, намаз оқиды. Сахабалар Пайғамбарымызды мешіттен көргенде аурудан айықты деп ойлап, қуанды. Расулуллаһ намаздан кейін хазіреті Айшаның бөлмесіне барып жатты. «Аллаһу та’аланың құзырына артыма дүниелік нәрсе қалдырмастан кеткім келеді, саған қалдырған алтындарды да кедейлерге тарат» деді. Сосын қызуы арта түсті. Біраздан кейін көзін ашып, хазіреті Айшадан алтындарды таратып-таратпағанын сұрады. Ол тарататынын айтты. Оны дереу таратуды қайта-қайта ескертті. Алтынның таратылғанын естігенде «Енді көңілім жайланды» деді.

Төсегінде біраз жатқаннан кейін қасына хазіреті Әлиді шақыртты. Басын оның құшағына қойды. Маңдайы тершіп, реңі өзгерген еді. Хазіреті Фатима әкесінің бұл халін көріп, қарап тұруға шыдай алмай, балалары хазіреті Хасан мен хазіреті Хусейннің қасына кетті. Олардың қолдарынан ұстап жылай бастады. «Ей, әкешім! Қызыңа кім қарайды? Хасан мен Хусейнді кімге аманат етесің? Әкешім! Жаным саған құрбан болсын! Сен кеткен соң менің жағдайым не болады?»

Пайғамбарымыз қызының осындай жүрек тебірентерлік сөздерін естіп, көзін ашып, оны қасына шақыртты: «Йа Раббым! Бұған сабыр бер» деп дұға еткеннен кейін «Ей Фатима! Ей, көзімнің нұры! Әкең жан тапсырар алдында...» дегенде ол одан сайын егіліп жылады. Хазіреті Әли «Ей Фатима! Тыныш, Расулуллаһты бұдан артық қайғыртпа» дегенінде пайғамбарымыз «Ренжітпе, йа Әли! Тиме, әкесі үшін көз жасына ерік берсін» дегеннен кейін көзін жұмып, есінен танғандай болды.

Сосын хазіреті Хасан атасына барып, «Йа, Атам! Сізден айрылуға кім шыдай алады? Жабырқаулы жүрегімізді кімге білдіреміз. Сізден кейін анама, әкеме, бауырыма кім шапағат етеді? Әйелдеріңіз бен сахабаларыңыз сіздің көркем мінезіңізді қайдан таба алады?» деп жылағанда пайғамбарымыздың әйелдері шыдап тұра алмады. Барлығы да көз жастарына ерік берді.

Сыртта уайыммен күтіп тұрған сахабалар Пайғамбарымыздың жағдайының нашарлағанын естіп, жүректері тебіренді. Көздерінен жас сорғалады. Соңғы рет Пайғамбарымыздың дидарын көру үшін «Есікті ашыңдар! Пайғамбарымыздың дидарын тағы бір рет көрейік» деп есіктің алдында тұрып, жалынды. Пайғамбарымыз сахабаларының бұлай тұрғанын естіп, «Есікті ашыңдар» деді. Беделді сахабалары ішке кірді. Пайғамбарымыз оларды сабырға шақырып, «Ей, сахабаларым! Сендер адамдардың ең беделді, қадірлісісіңдер. Сендерден кейін кім келсе де сендер бәрінен бұрын жұмаққа кіресіңдер. Дінді сақтап қалуда мықты болыңдар және Құранды жол көрсеткіш етіп алыңдар. Діннің үкімдерінен ұқыпсыздық танытпаңдар» деп көзін жұмды. Беті терледі. Хазіреті Әли оларға шығыңдар дегенді ымдап білдірді.

Олар кеткеннен кейін хазіреті Айша келіп насихат сұрады. Пайғамбарымыз «Ей, Айша! Үйіңнің бұрышында отырып, өзіңді қорға» деп, көзінен жас сорғалады. Пайғамбарымыз жылаған еді. Сол жердегілердің көңілдері жабырқап, бауырлары езілді. Хазіреті Үммү Сәләмә «Жаным сізге пида болсын, йа Расулаллаһ! Неге жылайсыз?» деп сұрағанда «Үмметіме мейірімділік танытылуы үшін жылаймын» деді.

Күн төбеге көтерілген еді. Уақыт жақындаған болатын. Пайғамбарымыз басын хазіреті Айшаның кеудесіне басып отырған болатын. Пайғамбарымыз соңғы сәттерін бастан кешіріп, «Қолдарыңдағы құлдарыңа жақсы қараңдар. Олардың үстіне киім кидіріңдер, қарындарын тойдырыңдар. Олармен жылы сөйлесіңдер. Намазды, намазды жалғастырыңдар. Әйелдерің мен құлдарың турасында Аллаһтан қорқыңдар. Ей Аллаһым! Мені жарылқа! Маған рақым ет!... Мені Рәфиқ-ул-аъла тобына қауыштыр» деген сөздерді айтты. Хазіреті Фатима көз жасына ерік беріп, езіліп жылады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оны қасына отырғызып, «Қызым, біраз сабыр ет, жылама. Өйткені Хамәлә-и Арш (періштелер) сенің жылағаныңа  жылап жатыр» деді.  Хазіреті Фатима көзінің жасын сүртті. Пайғамбарымыз оны жұбатып, Аллаһу та’аладан сабыр тілеп, қызына «Ей қызым, менің рухым алынады. «Иннә лилләһи уә иннә иләйһи ражиун» дерсің. Ей, Фатима! Келген қиыншылыққа міндетті түрде қайтарым беріледі»- деді. Біраз уақыт көзін жұмып, содан соң «Бұдан кейін әкеңе қайғы мен уайым жоқ. Өйткені, фәни әлемнен және қиындық орнынан құтылады»- деді. Сосын хазіреті Әлиге «Йа Әли! Мойнымда пәлен яһудидің мынанша мүлкі бар. Әскер дайындау үшін алғанмын. Оны төлеуді ұмытпа. Әрине қарызымнан құтқарасың және Кәусәр хауызы басында менімен кездесетіндердің біріншісі боласың. Менен кейін саған көп зиян келеді, сабыр етерсің, адамдар дүниені қалаған кезде сен ахиретті таңдарсың»- деді.

Усамә (радиаллаһу анһ) тағы да келді. Расулуллаһ «Аллаһу та’ала жәрдем етсін. Қане соғысқа аттаныңдар»- деді. Ол шығып, әскеріне барды да дереу қозғалуға бұйрық берді.

Пайғамбарымыз енді соңғы демін алып жатқан еді. Аллаһу та’ала Әзірейіл алейһиссаламға «Сүйіктіме ең жақсы кейіпте бар. Егер рұқсат берсе рухын ең жұмсақ және жеңіл түрде ал. Рұқсат бермесе кері қайт» деп уаһи берді. Әзірейіл алейһиссалам ең жақсы кейіпке, адам кейпіне еніп, пайғамбарымыздың үйінің есігінің алдына барып, «Ассаламу алейкум ей нубууәт үйінің иесі! Ішке кіруге рұқсат бересіз бе? Аллаһу та’ала сізге рақым етсін» деді. Хазіреті Айша пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қасында отырған хазіреті Фатимаға «Мына келген адамға сен жауап бер» деді. Ол есікке барып, қайғылы дауыспен «Ей, Аллаһу та’аланың құлы! Расулуллаһтың қазір жағдайы жоқ» деді. Әзірейіл алейһиссалам тағы да рұқсат сұрады. Тағы да сол жауап берілді. Үшінші ретте сәлемін қайталап, міндетті түрде кіруі керектігін қатты дауыстап айтқан кезде пайғамбарымыз мұны естіп, «Йа Фатима! Есіктің алдындағы кім?» деп сұрады. Хазіреті Фатима «Йа Расулаллаһ. Біреу ішке кіруге рұқсат сұрайды. Бірнеше рет жауап бердім. Бірақ үшінші сөйлегенінде денем түршікті» деді. Сонда пайғамбарымыз «Ей Фатима! Ол кім, білесің бе? Ол – ләззаттарды бұзатын, қоғамдарды талан-тараж ететін, әйелдерді жесір, балаларды жетім қалдыратын, үйлерді қаңыратып, қабірлерді көркейтетін өлім періштесі - Әзірейіл. Ей Әзірейіл, кір» деді. Сол кезде хазіреті Фатима адам айтып жеткізгісіз түрде қайғыға салынып, «Ах, Мәдина құрыдың» деді. Пайғамбарымыз хазіреті Фатиманың қолын ұстап, кеудесіне қойып, көзін жұмды. Сол жердегілер оның рухы алынды деп ойлады. Хазіреті Фатима шыдай алмай, әкесінің құлағына иіліп, жабыраңқы үнмен «Йа әкешім!» деді. Ешқандай жауап болмаған соң енді «Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Көзіңізді бір рет ашып, бір нәрсе айтыңызшы» деді. Пайғамбарымыз көзін ашып, қызының көз жасын сүртіп, оның құлағына қайтыс болатынын айтты. Одан соң хазіреті Фатима жылай бастады. Бұл жолы құлағына «Әһли бәйтімнен бірінші болып менің жаныма келетін – сенсің» деді. Ол сүйінші хабарға қуанып, жұбанды.

Хазіреті Фатима «Ей әкешім! Бүгін қоштасу күні. Енді сізге қашан қауышамын?» деп сұрады. Расулуллаһ «Қызым! Мені қиямет күні хауыздың жанынан табасың. Үмметімнің ішінен хауызға келгендерге су беремін» деді. Хазіреті Фатима «Егер сізді ол жерден таба алмасам не істеймін?» деп сұрады. Пайғамбарымыз «Мизанның қасынан табасың. Ол жерде мен үмметіме шапағат етемін» деді.

Хазіреті Фатима «Ол жерден де таба алмасам?» дегенінде Расулуллаһ «Сыраттың жанынан табасың. Мен ол жерде Раббыма «Йа Раббым! Менің үмметімді оттан сақта» деп жалбарынамын» деді.

Содан соң хазіреті Әли қайғылы дауыспен «Йа Расулаллаһ! Сіз рухыңызды тапсырғаннан кейін сізді кім жуындырады, немен кебіндейміз? Жаназа намазыңызды кім оқытады, қабірге кім қояды?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Ей, Әли! Мені сен жу, Фадл бин Аббас су құйып тұрсын. Жәбрейіл сендердің үшіншілерің болады. Жуындырып болғаннан кейін кебінімді жасаңдар. Жәбрейіл жәннаттан хош иіс алып келеді. Сосын мені мешітке апарыңдар да өздерің мешіттен шығыңдар. Өйткені, ең алдымен Жәбрейіл, сосын Микаил, сосын Исрафил, сосын басқа да періштелер топ-топ болып келіп намазымды оқиды. Содан кейін сендер кіріңдер, Сап-сап болып тұрыңдар. Ешкім менің алдыма шықпасын» деді.

Сосын күтіп тұрған Әзірейіл алейһиссаламнан «Йа Әзірейіл! Қонақ ретінде келдің бе, әлде рухымды алуға ма?» деп сұрағанда Әзірейіл алейһиссалам «Әрі қонақ ретінде, әрі тапсырмамен келдім. Аллаһу та’ала маған сізге рұқсатпен келуді бұйырды. Рухыңызды тек сіздің рұқсатыңызбен аламын. Йа Расулаллаһ! Рұқсат етсеңіз бұйрығыңызды орындап, рухыңызды аламын. Болмаса кері қайтып, Раббыма барамын» деді.

Пайғамбарымыз «Йа Әзірейіл! Жәбрейілді қайда қалдырдың?» деді. «Жәбрейілді дүние көгінде қалдырдым. Періштелер оған сіз үшін көңіл айтуда» деді. Осылай сөйлесіп тұрғанда Жәбрейіл алейһиссалам келді. Пайғамбарымыз «Ей бауырым Жәбрейіл! Енді дүниеден кететін уақыт келді. Аллаһу та’аланың құзырында мен үшін не бар? Маған соны сүйіншілеп айт, көңілім жайланып аманатты иесіне тапсырайын» деді. Жәбрейіл алейһиссалам «Ей Аллаһу та’аланың сүйіктісі! Мен көктің есігін ашып кеттім. Періштелер сапқа тізіліп сіздің рухыңызды сүйіспеншілікпен күтуде» деді. Пайғамбарымыз «Мадақ Аллаһу та’алаға тән. Сен маған сүйінші бер! Раббымның алдында мен үшін не бар?» деді. Жәбрейіл алейһиссалам «Йа Расулаллаһ! Сіз баратын болғандықтан жұмақ есіктері ашылған, жұмақтың өзендері аққан, жұмақтың ағаштары иілген, хор қыздары сәнденген» деді.

Пайғамбарымыз тағы да «Мадақ Аллаһу та’алаға тән. Сен маған басқа сүйінші айт йа Жәбрейіл» деді. Жәбрейіл алейһиссалам «Йа Расулаллаһ! Сіз қиямет күні алғаш шапағат ететін және алғаш шапағаты қабыл болатын адамсыз» деді. Пайғамбарымыз тағы да «Мадақ Аллаһу та’алаға тән. Йа Жәбрейіл! Маған басқа сүйінші айт» дегенде Жәбрейіл алейһиссалам «Йа Расулаллаһ! Сіз нені сұрайсыз?» деді. Сонда пайғамбарымыз «Менің бар уайымым мен қайғым менің артымда қалған үмметім» деді. Хазіреті Жәбрейіл «Ей Аллаһу та’аланың Хабибі! Аллаһу та’ала қиямет күні сіз разы болғанға дейін үмметіңізді кешіреді. Барлық пайғамбарлардан бұрын сізді, барлық үмметтерден бұрын сіздің үмметіңізді жұмаққа жібереді» деді. Пайғамбарымыз Жәбрейіл алейһиссаламға «Аллаһу та’аланың құзырында үш мұратым бар: Бірі – үмметімнің күнәһарларына мені шапағатшы етуі, екіншісі – дүниеде жасаған күнәларына байланысты оларды азаптамауы, үшіншісі – бейсенбі және дүйсенбі күндері үмметімнің әрекеттерінің маған білдірілуі»  “Егер әрекеттері жақсы болса дұға етемін, Аллаһу та’ала қабыл етеді. Жаман болса шапағат етіп, амал дәптерінен өшірілуін сұраймын” деді. Жәбрейіл алейһиссалам Аллаһу та’аладан осы үш тілегінің де қабыл болғандығы туралы хабар жеткізді. Осыдан кейін пайғамбарымыздың көңілі жайланды.

Аллаһу та’ала: «Ей хабибім! Үмметіңе осыншалықты сүйіспеншілік танытып, шапағат жасауды жүрегіңе кім салды?» деп уахи етті. Пайғамбарымыз «Мені жаратып, тәрбиелеген Раббым та’ала» деп жауап берді. Хақ та’ала «Сенің үмметіңе менің рақымым, мейірімім сеніңкінен мың есе артық. Оларды маған тапсыр» деді. Сонда пайғамбарымыз «Енді көңілім орнықты. Ей Әзірейіл! Саған бұйырылған тапсырмаңды орында» деді.

Әзірейіл алейһиссалам міндетін орындау үшін пайғамбарымызға жақындады. Пайғамбарымыз қасындағы су ыдысына екі қолын батырып, су қолымен бетін сүртіп, «Лә илаһә иллаллаһ! Ей Аллаһым! Рәфик-и Ала!...» деді. Әзірейіл алейһиссалам пайғамбарымыздың рухын ала бастады. Пайғамбарымыздың жүзі бір қызарып, бір сарғайды. Әзірейіл алейһиссаламға «Үмметімнің жанын да осылай қинап, зорлықпен аласың ба?» дегенде ол «Йа Расулаллаһ! Ешкімнің жанын бұлай оңай алған емеспін» деді. Соңғы сәтте де үмметін есінен шығармаған Расулуллаһ «Ей Әзірейіл! Үмметіме жасайтын қаталдығыңды маған жаса! Өйткені, олар әлсіз, шыдай алмайды...» деді. Сосын «Лә илаһә иллаллаһ! Рәфик-и Ала!» деді. Оның мүбәрәк рухы алынып, алә-и илаһиеге жеткізілді...

 

Әссалату уәссәләму

аләйкә  йа Расулаллаһ!

Әссалату уәссәләму

аләйкә йа Хабибаллаһ!

Әссалату уәссәләму

аләйкә йа Сәйидәл

әууәли-нә уәл-ахирин!

Шафаат йа Расулаллаһ!

Дахыйләк йа Расулаллаһ!

 

Жәбрейіл алейһиссалам пайғамбарымызға «Әссәләму алайкум ей Аллаһу та’аланың Расулы! Менің мақсатым, талабым сіз едіңіз. Енді жер бетіне келмеймін деп қоштасты.

Пайғамбарымыздың мүбәрәк рухы жоғары әлемге кеткенде хазіреті Фатима анамыз бен пайғамбарымыздың әйелдері (радиаллаһу анһуннә) дауыстарын шығарып жылай бастады.

Бір кезде бір дауыс келіп:

«Әссәләму алайкум йа Әһли бәйт! Уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһу» деп сәлем берді де «Біліңдер, барлық жанды нәрсе өледі. Және қиямет күні сендерге ақыларың толығымен беріледі» деген мағынадағы «Али Имран» сүресінің 185-аятын оқыды. Сосын оларға «Аллаһу та’аланың жақсылықтарына, сыйларына сеніңдер. Содан үміт күтіңдер. Қатты дауыстамаңдар. Негізгі қиындыққа ұшыраған адам – сауаптан махрұм қалған адам» деп жұбату айтты.

Бұл сөздерді сол жердегілердің барлығы естіп, сәлемге жауап қайтарды. Бұларды айтқан Хызыр алейһиссалам еді.

Пайғамбарымыздан өлім белгілері байқалғаннан кейін Үммү Әймән (радиаллаһу анһа) баласы Усамәге хабар жіберді. Усамә хазіреті Омар және Әбу Убайдә (радиаллаһу анһум) бұл хабарды алғаннан кейін әскерден шығып, Нәбәуиә мешітіне келді. Хазіреті Айша мен басқа әйелдердің жылап отырғанын көріп, сахабалар абдырап, не болғанын түсінбей қалды. Хазіреті Әли бір орында сілейіп тұрып қалды. Хазіреті Османның тілі тұтылды. Хазіреті Әбу Бәкір ол кезде үйінде болатын. Жүгіріп келді. Дереу ішке кірді. Пайғамбарымыздың бетін ашты. Қайтыс болғанын көрді. Оның денесі, жүзі, барлық жері нұрдай жарқырап жатқан еді. «Өліміңіз де, өміріңіз де қандай көркем еді, йа Расулаллаһ» деп сүйді. Көп жылады. Мүбәрәк бетін жапты. Үйдегілерге жұбату айтты. Мешіт шәрифке барды. Мінберге шығып, сахабаларға хұтба оқыды. Аллаһу та’алаға мадақ айтып, пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) салауат айтқаннан кейін «Кім Мұхаммед алейһиссаламға иман келтірсе білсін, Мұхаммед алейһиссалам қайтыс болды. Кім Аллаһу та’алаға табынатын болса Ол – хайи (тірі) және бақи (мәңгілік, өлмейді)» деді де «Мұхаммед алейһиссалам – расул. Одан бұрын да расулдар келген. Ол да қайтыс болады. Қайтыс болса немесе өлтірілсе діндеріңнен шығасыңдар ма? Дінінен шығатын адам бар болса, ол Аллаһу та’алаға зиян келтірмейді. Өзіне зиян келтіреді. Дінінен шықпағандарға Аллаһу та’ала сауаптар береді» деген мағынадағы «Али Имран» сүресінің 144-аятын оқыды. Сахабаларға насихат айтып, айналаны реттеді. Осылайша, барлығы Расулуллаһтың қайтыс болғанына көз жеткізді. Сахабалардың жүрегіне қайғы мен қасірет қанжардай қадалды. Барлығы көз жастарына ерік беріп, егіле жылады.

Сахабалар ең алдымен барлық істерді басқару үшін хазіреті Әбу Бәкірді халифа етіп сайлады. Оған ант беріп, бағынып, оның бұйрығы бойынша әрекет ете бастады.

Расулуллаһ хижреттің он бірінші жылында (м.632) рәбиул-әууәл айының 12-сінде дүйсенбі күні сәскеде ақыретке көшті. Ол кезде қамари жыл санауы бойынша 63, шәмси жыл санауы бойынша 61 жаста болатын.

Пайғамбарымызды хазіреті Әли, хазіреті Аббас, хазіреті Фадл бин Аббас, хазіреті Құсәм бин Аббас, хазіреті Усамә бин Зәйд, хазіреті Салих жуындырды. Жуындырған кезде денесінен керемет хош иіс шығып тұрды. Одан соң кебіндеді. Бір төсекке жатқызылып, мешітке апарылды. Пайғамбарымыздың өзі айтқанындай барлық адам мешіттен сыртқа шықты. Періштелер бөлек-бөлек келіп, жаназа намазын оқыды. Періштелер біткеннен кейін белгісіз бір дауыс «Кіріңдер, пайғамбарларыңның жаназасын оқыңдар» деді. Сахабалар ішке кірді. Расулуллаһтың жаназасын имамсыз оқыды. Сәрсенбі күні кеш қарайғанда зорға бітірді.

Сахабалар пайғамбарымыздың қабірінің қазылуы мәселесінде хазіреті Әбу Бәкір ескерткен мына хадис шәрифті негізге алды: «Пайғамбарлар рухтарын тапсырған жерге жерленеді». Әбу Талха Әнсаридің (радиаллаһу анһ) мазар түрінде қазған қабіріне сәрсенбі күні түннің ортасында жерленді. Хазіреті Аббастың баласы Құсәм (радиаллаһу анһ) қабірдегі қызметті бітіріп, ең соңынан шыққан еді. Ол былай деді: «Расулуллаһтың жүзін ең соңғы рет көрген адам – менмін. Оның еріндері қимылдап жатқан еді. Оған иіліп, құлақ тостым. Ол «Йа Раббым! Үмметім!... Йа Раббым! Үмметім!...» деп жалбарынып жатқан еді».

Сүйікті пайғамбарымыз ақыретке көшкен күні Абдуллаһ бин Зәйд хазреттері «Йа Раббым! Мен мына көзді Хабибіңнің нұрлы жүзіне қарау үшін қалайтын едім. Ол көрінбейтін болғаннан кейін енді не істейін. Йа Раббым! Көзімді ала гөр.» деп дұға етті. Көздері көрмей қалды...