19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Иман / Жақсы көру мен қорқу қандай болу керек?

Жақсы көру мен қорқу қандай болу керек?

Сұрақ: Аллаһты қалай жақсы көру және Аллаһтан қалай қорқу керек?

Жауап: Жақсы көру сияқты, қорқу да әр түрлі болады. Аллаһты жақсы көру ата-ананы жақсы көруден, бала-шағаны жақсы көруден, жұбайын жақсы көруден, табиғатты жақсы көруден өзгеше. Аллаһтан қорқу мен дұшпаннан қорқу да тым өзгеше. Құран кәрімде «Аллаһтан қалай қорқу керек болса, солай қорқыңдар» деп бұйырылған. (Али Имран 102)

Аллаһу та'ала қалағанындай Аллаһтан қорқуға тақуалық делінеді. Тақуалық – Аллаһқа иман келтіріп, Оны жақсы көру, Оған құлшылық жасау, яғни Оның әмірлері мен тыйымдарына бағыну деген сөз. Дұшпаннан қорқу тақуалық емес. Дұшпан иман келтірілмейді. Дұшпанның жәннатқа және тозаққа кіргізу мүмкіндігі де жоқ. Дұшпанның тек зиян тигізуінен қорқады. Олай болса, екі қорқыныш арасында үлкен айырмашылық бар. Сондай-ақ «Егер иман келтірген болсаңдар, олардан (дұшпандардан) емес, менен қорқыңдар» делінген. (Али Имран 175)

Адам жақсы көргенін қандай да бір жолмен ренжітуден қорқады. Бізді жоқтан бар қылған және түрлі ниғметтер нәсіп еткен Раббымызды әлбетте қатты жақсы көруіміз керек, сондай-ақ, осы жақсы көруді жоғалтып алудан да қатты қорқуымыз қажет. Құран кәрімде былай делінеді:

«Аллаһтан қорқыңдар! Біліңдер, Аллаһтың азабы өте ауыр.» (Бақара 196)

«Аллаһтан қорқыңдар, сонда құтыласыңдар.» (Маида 100)

Аллаһтан қорқу залымнан қорқу сияқты емес! Бұл қорқу – құрмет пен сүйіспеншілік араласқан қорқу. Ғашықтардың сүйіктілеріне жазған өлеңдерінде осындай қорқынышта екенін білдіретін өлеңдері аз емес. Сүйіктісін өзінен жоғары деп білген ғашық өзін сол махаббатқа лайықты деп санамай, сезімдерін осындай қорқумен баяндауда.

Иман келтірмеген адамға қатысты Аллаһтан қорқу мәселесін қозғамауға да болады. Ал иман келтірген адамның иманның ләззатын табу үшін Аллаһу та'аланы қатты жақсы көруі және кәпір болудан қатты қорқуы керек. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Аллаһты және Расулын бәрінен қатты жақсы көрген, тек Аллаһтың сүйіктілерін жақсы көрген және күпірге түсу қорқынышы отта жану қорқынышынан көбірек болған адам иманның ләззатын табады.» (Бұхари)

Дүниедегі көптеген масқаралықтар, қылмыстар ұятсыздық кесірінен пайда болуда. Адамдардың көбі ұятсыздықтың жамандықтарын білетін болса да, өздерін осы жаман жолдарға түсуден тоқтата алмайды. Бұл күшті сезімнен оларды саламаттық жолына шығаратын шара – тәрбие мен ахлақ мәселесі. Дін – ахлақ деген сөз. Аллаһу та'аладан қорқатын адам ұятсыз бола алмайды. Олай болса, балаларымызға Аллаһтан қорқуды үйретуге тырысуымыз – біз үшін ең бірінші міндет.

Аллаһтан қорқу үшін Аллаһу та'аланы жақсы білу керек. Аллаһу та'аланы білу үшін Оның ұлылығын және сипаттарын үйренуге мәжбүрміз. Аллаһтан қорқу өзімен-өзі келмейді. Аллаһтан қорқу да білім, еңбек және талпыныс нәтижесі болып табылады.

 

Бақытқа жеткізетін қанат

Аллаһтан қорқу және Аллаһты жақсы көру адамдарды бақыт пен шаттыққа қауыштыратын екі қанат сияқты. Сүйікті пайғамбарымыз айтқан:

«Аллаһтан қорқатын адамнан бәрі қорқады. Аллаһтан қорқпайтын адам бәрінен қорқады.» (Әбушшәйһ)

«Ең ақылдыларың – Аллаһтан ең қатты қорқатын, әмір мен тыйымдарға ең жақсы мән беретіндерің.» (Ибн Мухбәр)

«Ақылдың көптігі Аллаһтан қорқудың көптігімен белгілі болады.» (И.Мәуарди)

Аллаһу та'аланың әміріне мойынсұнған мүмин Раббын қатты жақсы көреді. Құран кәрімде былай делінеді:

«Мүмин сондай адам, Аллаһтың есімі аталғанда жүрегіне қорқыныш түседі.» (Әнфал 2, Хадж 35)

Адамның білмейтін нәрсесін жақсы көруі және қорқуы мүмкін емес. Аллаһты қатты жақсы көрген және Оны жақсы таныған адам Аллаһтан қатты қорқады. Аллаһу та'аланы ең жақсы таныған адам – пайғамбарымыз алейһиссалам болғанына қарағанда, ең қатты қорққан адам да, әрине, Ол. Расында Ол былай деген:

«Араларыңда Аллаһтан ең қатты қорқатын менмін.» (Бұхари)

Пайғамбарлардан кейін Аллаһу та'аланы ең жақсы танығандар – олардың мұрагерлері болған ғалымдар және оларға жақын болғандар. Құран кәрімде де былай делінеді:

«Аллаһтан құлдары арасында тек ғалымдар ғана қорқады.» (Фатир 28)

«Аллаһқа және Расулына бағынып, Аллаһтан қорққан және сақтанғандар; қияметте құтылғандар міне осылар.» (Нұр 52)

Мүминун сүресінің «Раббыларының алдына шығатын болғандықтан, олардың жүректері қорқынышпен соғады» мағынасындаға 60-шы аяти каримасындағы адамдардың ұры ма, әлде қылмыскер ме екендігі сұралғанда, пайғамбарымыз жауап берді:

«Олар намаз оқитын, ораза ұстайтын, зекет беретін адам болып, енді ғибадаттарымыз қабыл болмады ма деп қорқады.» (Тирмизи)

 

Аллаһтан қорқу ризық үшін де өте пайдалы. Сүйікті пайғамбарымыз «Аллаһтан қорқуды өзіне капитал қылған адамның ризығы саудасыз және капиталсыз келеді» деп, (Талақ сүресінің) «Аллаһтан қорққан адамға Аллаһ шығу жолын нәсіп етеді, күтпеген жерден ризығын жібереді» (мағынасындағы 2-3) аяттарын оқыды. (Табарани)

Аллаһтан қорқу – мәңгі бақытқа қауыштыратын үлкен ниғмет. Аяти карималарда былай делінеді:

«Раббынан қорққан адамға екі жәннат бар.» (Рахман 46)

«Аллаһтан қорққан адам үгіт-насихат қабыл етеді.» (Ә'ла 10)

«Тек менен ғана қорқыңдар.» (Бақара 40)

«Адамдардан қорқпаңдар, менен қорқыңдар.» (Маида 44)

 

Хадис шәрифтерде де былай делінген:

«Аллаһтан қорққанынан жүрегі дірілдеген адамның ағаштан жапырақтар төгілгендей күнәлары төгіледі.» (Бәйһақи)

«Күнәларын есіне түсіріп жылаған адам есеп көрместен жәннатқа кіреді.» (И.Ғазали)

«Аллаһтан қорққанынан жылаған адам тозаққа кірмейді.» (Нәсаи)

«Аллаһтан дұрыстап қорққандарыңда надандықсыз білімге қол жеткізер едіңдер.» (Ибн Сүнни)

Аллаһтан қорқу иманның шарттарынан. Хадис шәрифтерде айтылғанындай:

«Иман – Аллаһты және Расулын бәрінен қатты жақсы көру деген сөз.» (И.Ахмед)

«Аллаһ пен Расулын бәрінен де қатты жақсы көрмегенше иман келтірілген болып саналмайды.» (Бұхари)