7 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     8 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Убайдуллаһ Ахрар

Убайдуллаһ Ахрар хазреттері Түркістанның үлкен әулиелерінен. Силсилә-и алийаның он сегізіншісі. 1403 жылы Ташкентте туылды. 1490 жылы Самарқандта қайтыс болды. Қабірі сол жерде.

Туылғанынан бастап үстем халдері байқалды. Анасы нифастан тазарғаннан кейін емуді бастаған. Жүзінде сондай нұр жарқырады, көргендер қайран болып, оған дұға ететін еді. Тілінен Аллаһу та'аланың есімі еш түспейтін еді. Атасы да ғалым және әулие еді. Қайтыс болатын кезінде немерелерімен жеке-жеке қоштасты. Убайдуллаһ Ахрар ол кезде өте кішкентай болатын. Оны көргенде құшағына алды. Құшақтап жылады да: «Мен бұл баланың үлкен әулие болған кезінде тірі болмаймын. Ол Ислам дініне қызмет етеді. Әлем патшалары оның сөзін тыңдайды» деді.

Тасаууфта үлкен дәрежелерге қауышқаннан кейін халалдан табыс табу үшін егіншілікпен айналысты. Қысқа уақытта байып кетті. 1300-ден астам егістігі бар еді. Әрбірінде үш мың шаруа жұмыс істейтін еді. Аллаһу та'ала оның өніміне сондай берекет берді, әр жылы 800 мың батман (700 тонна) өнімді ушр ретінде беретін. Қоймаларына кіргізген өнім шығарылғанда көбірек шығатын. Өзі бұл жайында: «Біздің мүлкіміз кедейлер үшін. Осыншама мүліктің ерекшелігі осы себепте» дейтін еді.

Жақындарынан бір адам бір түні біреуді өзіне шарап алып келуге жіберді. Әлгі адам шарапты алып келгенде үйінің алдына келіп, шарап ыдысын жоғарыдан түсірген себетке салды. Ол себетті жоғары тарта бастады. Тартып жатқанда себет қабырғаға ұрылып, жіптен құлап, ыдыс сынды. Шарап сұраған адам ешкім білмесін деп таңертең ерте тұрып, сынған ыдыстың бөлшектерін жинады. Убайдуллаһ Ахрар хазреттері ол адамның үйіне келді. «Түнде жоғары тартқан ыдысыңның дыбысы құлағыма келді. Егер ол ыдыс сынбағанда еді, менің көңілім сынып, ренжитін едім және сенімен кездесуім еш мүмкін болмас еді» деді.

Осы шәкірті айтып берген:

Сапарда едік. Түн ортасында маған «Дереу тұр, киімдеріңді жина, тез сыртқа шық!» деді, өзі де шықты. «Осы айналадағыларды да оят. Менің соңымнан жүріңдер» деді. Қырға қарай жүрді, біз де бірден жиналып, артынан жүрдік. Қырға шыққанда тоқтады. Біз де қасына келіп тұрдық. Бір бөлігі келмеген еді. Біз қырда тұрған кезде бірден үрейлі сел ағып келді. Алдынан шыққан ағаш, жартас, дуал, не бар болса, бәрін ағызып жатты. Біз шыққан үй де селдің ортасында қалды, келмегендер суда қалды. Селден құтылғандар Убайдуллаһ Ахрар хазреттерінің осы кереметін көріп, оның үлкен әулие екенін тағы бір рет түсінген болды.

Ол айтатын еді:

«Жүректің қарайған болуының белгісі – күнәлардан қайғырмауы, күнәні тоқтатпауы. Жасаған күнәларының кесірінен жүрегі соншалықты қараяды, оған насихат әсер етпей қалады, ғафлеттен ояна алмайды.»

«Егер біз ұстаздықпен айналысатын болсақ, заманымыздың ешбір ұстазы өзіне шәкірт таба алмас еді. Алайда бізге басқа іс міндеттелді. Біздің ісіміз – мұсылмандарды зұлымдықтан қорғау.»

«Тасаууф – уақытты ең құнды болған нәрсеге жұмсау деген сөз.»

«Тасаууф – бәрінің жүгін тарту және ешкімге өз жүгін артпау деген сөз.»

«Тасаууфтың мақсаты – өзін қинамай әр сәтте Аллаһу та'аланы ойлап тұру.»

«Адамның қадірі ақылының осы жолдың әулиелерінің ақиқаттарын түсінгені шамасында.»

«Бәле-жалаға сабыр ету, тіпті шүкір ету керек. Өйткені Аллаһу та'аланың бірі бірінен ауыр пәлекеттері бар.»

«Адамның жаратылуының мақсаты – құлшылық жасауы. Ал құлшылықтың мақсаты – барлық жағдайда Аллаһу та'аланы ұмытпау.»

«Барлық кереметтерді бізге берсе, бірақ сеніміміз Әһли сүннет болмаса, жағдайымыз жаман. Егер барлық жамандықты берсе, бірақ сеніміміз Әһли сүннет болса, еш мұңаймаймыз.»