2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Имам Ахмед Раббани

Хазреті Имам Ахмед Раббани Үндістаннан шыққан ең үлкен әулие және ғұлама. Арифтердің (білгірлердің) нұры, әулиелердің көсемі, Исламның сақшысы, мұсылмандардың панасы болған хазреті Имам Раббани мужәддид, мужтәһид және Исламның көзнұры болып табылады. Силсилә-и алийа деп аталатын шежіренің жиырма үшіншісі.

1563 жылы Үндістанның Сарханд (Сиһринд, Сирхинд) қаласында туылған. Имам Раббани деген атпен танылған. Раббани – хикмет пен ілім иесі, ілімімен амал еткен, ілімі мен амалы толық, мінсіз және кәміл, кемел ғұлама дегенді білдіреді. Хижри жылсанағымен екінші мың жылдықтың мужәддиді (жаңалаушысы) болғаны үшін Мужәддиди Әлфи Сани, шариғат пен тасаууфты біріктіргені үшін Сыла есімі берілген. Хазреті Омардың тегінен болғаны үшін және Сарханд қаласынан шыққаны үшін есіміне Фаруқи және Сарханди сөздері қосылып айтылады.

Бүкіл осы сипаттарымен бірге есімі – Имам Раббани Мужәддид Әлфи Сани Шәйх Ахмед Фаруқи Сарханди деп айтылады.

Әкесі мен аталары өз дәуірлерінің үлкен ғұламалары, салих және құрметті адамдары болған. Әкесі Абдулахад мырза – дін және жаратылыстану ғылымдарын толық меңгерген, тасаууфта ең биік дәрежеге қауышқан адам болатын.

Хазреті Имам Раббани ең алғашқы сабақтарын әкесінен алды. Бала кезінен араб тілін меңгеріп, Құран кәрімді жаттады. Ілімінің басым бөлігін әкесінен алған хазреті Имам Раббани сол дәуірдің әйгілі ғұламаларынан да дәріс алған. Әкесінен ілім алып жүрген уақыттарда әртүрлі ілімдерге тән кішкентай кітаптарды жаттап алатын. Әкесінен ілім алуды тәмәмдағаннан кейін Сиялкут қаласына барып Мәулана Кәмаладдин Кашмириден ілім үйренді. Мәулана Кәмаладдин Кашмири мәшһүр ғұлама Абдулхаким Сиалкутидің де ұстазы болған, сол заманның ең үлкен ғалымы еді. Хазреті Имам Раббани кейбір хадис кітаптарын Шәйх Яқуби Кашмириден үйренді.

Қазы Бәһлүл Бәдәхшаниден хадис, тәфсир және кейбір усул ілімдерінен ижазат (диплом) алды. Он жеті жасында ілімнің барлық түрінен ижазат алып, ілім үйренуді тәмәмдады. Ілім алып жүрген уақытында Қадири және Чәшти жолындағы әулие, ғалымдарының жүректеріндегі фәйз бен ләззатты әкесінен алды. Шәкірттерге ілім үйретуді әкесінің көзі тірісінде бастады.

Осы уақытта «Рисаләт-ут-тәһлилийа», «Рәдди Рәуафид», «Исбат-ун-нубуввә» атты еңбектерін жазды. Әдебиетке деген талабы, ділмарлығы, сөзшеңдігі, қабылдау қабілетінің күштілігі және зеректігі айналасындағылырды таң қалдыратын еді.

Мұнша ілімімен, барлығынан үстем жетілгендігі, қарапайымдылығымен бірге көңілі Ахрарийа, Нақшибандийа әулие-ғалымдарына деген сүйіспеншілікке өртеніп, осы жолда жазылған кітаптарды оқып жүрген еді. Әкесі қайтыс болғаннан бір жылдан кейін қажылық мақсатында жолға шықты. Осы сапарында Дели қаласына барып хазреті Мұхаммед Бақи Биллаһтың шәкірттерінің бірі және өзінің танысы Мәулана Хасан Кәшмиримен жолықты. Мәулана Хасан Кәшмири хазреті Имам Раббаниді ұстазының алдына апарып таныстырғысы келіп, ұстазы туралы былай деді: «Қазіргі уақытта Ахрарийа жолында бұл аймақта ол кісіден дәрежесі үлкен ешкім жоқ. Шәкірттердің оның бір назар аударуымен жеткен рухани дәрежелеріне күндер бойы шілдеге отырсаң да және нәпістің қалауларын жасамай бейнет шегу арқылы жету мүмкін емес.»

Бұдан бұрын хазреті Имам Раббани Ахрарийа жолындағылардың үлкен дәрежелері мен қадір-қасиеттерін мүбәрәк әкесінен естіген еді. Осы жолдағы ұлылардың кітаптарын оқып олардың қасиетті халдерін білгендіктен: «Бұл Хижаз жолында, мұндай үлкен ғалымнан ұлы әулиелер жолының зікір мен усулдарын үйренгеннен артық не бар?!» деді де хазреті Мұхаммед Бақи Биллаһтың алдына барды. Алдына барғанында жүрегін нұр қаптады. Магниттің инені тартатынындай тартылды. Көңілі бұл күнге дейін естіп-білмеген нәрселерге толды. Қажылықтан қайтқанда қайта келіп пайдалануды ниет етсе де, жүрегіндегі махаббат пен қалауы бой бермеді. Ертесі күні алдына келіп Ахрарийа фәйзіне қауышуға ынта-ықыласын білдірді де қызметінде қалды. Әдеппен, жан-тәнімен сөздеріне және халдеріне жабысты. Ұстазының ілтипатымен және мейірімімен екі айдың ішінде ешкімде көрінбеген халдерге қауышты.

Хазреті Имам Раббани хазреті Мұхаммед Бақи Биллаһты танығаннан кейін әдебімен, жан-тәнімен осы ұстазының сөзі мен халдеріне байланды. Бірнеше айдан кейін ұстазы оған ижазат берді. Осылайша тасаууф ілімі мен халдеріне қауышқаннан кейін, өзінің туған қаласы Сархандқа оралуы әмір етілді. Оған ұстазы шәкірттерінің басым бөлігін жетілдіруді тапсырып, артынан Сархандқа жіберді. Ұстазы хазреті Имам Раббани туралы былай баяндайды: «Жүректерге ем, жанға шипа болған бұл дәнді Самарқанд пен Бұхарадан әкеліп, Үндістанның берекелі топырағына ектім. Шәкірттердің жетіліп пісуі үшін тер төктім. Ол (Имам Раббани) барлық дәрежені асып, үстемдіктердің соңғы дәрежесіне жеткеннен кейін өзімді ортадан шетке алып, шәкірттерді оған қалдырдым.»

Хазреті Имам Раббани еліне келгеннен кейін ілім мен әдепті үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жетілдіре бастады. Атақ-даңқы барлық жерге жайылып оның ілімінен және фәйзінен пайдалану үшін ел-елден оны сүйгендер ағылып келіп жататын. Шәкірттеріне Бәйдауи тәфсирі, Сахих Бұхари, Мишқати Мәсабих, Әуарифул Мәариф, Усули Пәздәуи, Хидайа және Шәрһи Мәуақиф секілді көптеген діни кітаптарды керемет түрде оқытып, үйрететін еді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін шәкірттеріне ілім үйрететін және де бұған қатты мән беретін. Барлық адамның көңілін ілім мен нұрға толтырып Мұхаммед алейһиссаламның дінін жандандырып қуаттандырды. Өмір сүрген дәуіріндегі патшаларға, уәлаят басшыларына, қолбасшыларға, ғалымдар мен қазыларға көптеген өте әсерлі хаттарын жіберіп, дінге, сүннәти сәнийаға ынталандырып, көптеген ғұламалар мен әулиелер жетілдірді.

Имам Раббани хазреттері біраз уақыт Сархандта шәкірт жетілдірумен айналысып, адамдарға дұрыс жолды үйреткеннен кейін ұстазын зиярат ету үшін Делиге барды. Біраз уақыт қызмет етті және ұстазымен арасында көп сұхбаттар болды. Халдерін өзініңкінен әлдеқайда жоғарыға жеткізді. Осы жоғары халдерге, құндылықтарға қол жеткізуіне қарамастан, ұстазына жасалуы мүмкін болмаған әдеппен қарайтын еді. Мұхаммед Хашим Кәшми былай айтып берген: «Қожа Хусамеддин Ахмедтен естідім. Ұстазым Имам Раббаниді мақтағаннан кейін "Мәртебесі жоғары, құндылығы көп болуымен қатар, әдептілікте ұстазымыз Мұхаммед Бақи Биллаһ хазреттерінің шәкірттерінің ешбірі Имам Раббани сияқты емес еді. Сондықтан берекеттер бәрінен бұрын оған нәсіп болды" деді.»

Имам Раббани хазреттері былай айтып берген:

«Біз төрт адам ұстазымыз Мұхаммед Бақи Биллаһ хазреттеріне қызмет етуде басқалардан алда едік. Бәріміздің жеке байланысы, жеке ойлары бар еді. Бұл пақыр жақыннан білемін, осындай сұхбат пен жамиет, тәрбие мен жетілдіру қайнары сүйікті пайғамбарымыздың заманынан кейін дүниеде өте аз байқалған. Шынында адамдардың ең қайырлысы болған Расулуллаһтың заманында бола алмадық, сұхбатына қауыша алмадық, бірақ Мұхаммед Бақи Биллаһ хазреттерінің бақты сұхбаттарынан да мақрұм қалмадық. Сондықтан бұл үлкен ниғметтің шүкірін орындау керек. Оның алдында әркім өз байланысына, махаббатына қарай белгілі бір нәрселерге қол жеткізді.»

Имам Раббани хазреттері ұстазы Мұхаммед Бақи Биллаһ хазреттерінің екінші рет алдына барып, біраз уақыт қалғаннан кейін қайтадан еліне оралды. Белгілі бір уақыттан кейін тағы да шәкірттерге, қалаушыларға фәйз берумен айналысты. Осы кезеңдерде өте жоғары дәрежелерге қауышты. Бұл жағдайларын ұстазына хаттар жазып білдірді. Бұдан кейін үшінші рет ұстазын зиярат етіп барды. Бұл зияратынан кейін Делиден Сархандқа қайтып, бірнеше күн қалды да, Лахорға кетті. Лахор қаласында бәрі Имам Раббани хазреттерінің келуін үлкен ғанибет деп білді. Шәкірттерінің ең атақтыларынан болған Мәулана Мұхаммед Тахир, Қожа Мұхаммед, Мәулана Әсғар Ахмед және Мәулана Раух Хусейн сияқты кісілер осы кезде шәкірті болып, сұхбатында пісіп, үлкен дәрежелерге қол жеткізді. Имам Раббани хазреттері Лахорда тұрған кезде ол жердің атақты ғалымдары оған үлкен құрмет пен әдеп көрсетті. Түрлі білмей жүрген және шешілуі қиын мәселелерді одан сұрап, қанағаттандырарлық жауаптар алды.

Имам Раббани хазреттерінің Лахордағы сұхбаттары жалғасып жүргенде ұстазы Мұхаммед Бақи Биллаһ хазреттерінің қайтыс болғаны хабары келді. Жүректегі қуаныш пен шаттықтың орнына мұң мен қайғы басты. Бұл хабарды алып дереу Делиге барып, мүбәрәк қабірін зиярат етті. Балаларына және шәкірттерінің үлкендеріне көңіл айтты. Мұхаммед Бақи Биллаһ хазреттерінің шәкірттері қайғылары мен жүректеріндегі мұңды оның тәрбиелерінің және сұхбаттарының берекеттерімен кетіру үшін алдына келіп, Мұхаммед Бақи Биллаһ хазреттеріне көрсеткеніндей Имам Раббани хазреттеріне де махаббат, құрмет және бағынушылық көрсетті. Үлкен-кіші бәрі оны қабыл етіп, байланды.

Имам Раббани хазреттері Сархандқа қайтқаннан кейін Қадири тариқатының ғалымы Шах Кәмал Қадиридің руханиятынан да ижазат алу абыройына ие болды. Бұл ижазаты былай болған: Бір күні таңертең Имам Раббани хазреттері шәкірттерімен бірге зікір етіп отырғанында Шах Кәмалдың немересі және оның бүкіл кәмілдігінің өкілі болған Шах Ескендір Кехтелден келіп, Шах Кәмалдың берекетті шапанын Имам Раббани хазреттерінің мүбәрәк иығына жапты. Имам Раббани хазреттері көздерін ашқан кезде Шах Ескендірді көрді. Кішіпейілділікпен, қарапайымдылықпен оны құшақтады. Шах айтты: «Біраз уақыттан бері түсімде атам Шах Кәмалды көріп жүрмін. Маған шапанын сізге беруімді бұйырды. Бірақ оның осы берекетті шапанын үйден шығарып, біреуге беру маған өте ауыр келген еді. Бірақ қайта-қайта әмір еткеннен кейін бұйрығын орындау қажет болды.» Имам Раббани ол шапанды киіп, жеке бөлмесіне кетті. Біраз уақыттан соң бөлмесінен шыққанда ең жақын сырластарына, жақындарына былай деді: «Хазреті Шах Кәмалдың шапанын кигеннен кейін таңқаларлық, өте ерекше бір хал пайда болды. Шапанды кигенімде адамдардың және жындардың сәйиді Абдулқадир Гейланиді хазреті Шах Кәмалға дейін жалғасқан бүкіл халифаларымен бірге қасымда көрдім.

Хазреті Ғаус-и Раббани Абдулқадир Гейлани жүрегімді өз билігіне алды және жеке байланыстарының, жолдарының нұрлары және сырлары мені қаптады. Ал мен ол халдердің және нұрлардың теңізіне батып, сол теңіздің сүңгуірі болдым. Біраз уақыт осы күйде қалдым. Ол халдер мені қаптаған кезде көңіліме «Мені Ахрарийа ұлылары тәрбие етті және ісімнің негізі осы ұлылардың жолында болу, қазір басқаша болып жатыр» деген ой келді. Осылай ойлап тұрғанымда Ахрарийа жолының ұлыларынан Қожа Абдулхалиқ Ғиждуваниден ұстазым Қожа Бақи-Биллаһқа дейін бүкіл халифаларының келгенін көрдім. Менің ісім және еңбегім туралы сөйлесе бастады. Ахрарийа ұлылары «Оны біз тәрбиеледік. Біздің тәрбиемізбен зауыққа, халге және кәмілдікке жетті» деді. Қадири ұлылары (рахимәхумуллаһ) да: «Әлі бала кезінде біздің оған тәуәжжуһіміз бар еді. Ол біздің ниғмет дастарханымыздан дәм алған. Қазір біздің шапанымызды киюде» деді.

Олар осылай сөйлесіп тұрғанда Кубрәуийа, Чәштийа жолдарынан да бір-бір жамағат келді. Осылайша келісті, кейін осы екі қадірлі байланыстан да жүрегімде үлкен үлес, ынта байқадым.» Имам Раббани хазреттері тасаууфта бұл жолдардың барлығында шәкірт жетілдіріп, фәйз берді.

Хазреті Имам Раббани теңдесі аз, ерекше Ислам ғұламасы және дәрежесі биік мүршиди кәміл. Пайғамбарымыздың  (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) уақытынан мың жылдан кейінгі дәуір Ислам дұшпандарының дінге, иманға ынсапсыз шабуылдап жатқан дәуірі еді. Аллаһу та’ала құлдарына аяныш білдіріп, хазреті Имам Раббани секілді бір мүжәддидті жаратты. Оған терең ілім нәсіп етті. Хазреті Имам Раббани арқылы дін дұшпандарының үрейлі шабуылдарын тоқтатты. Ақиқатты жалғаннан ажыратты. Көптеген жүректерден жалғандарды тазалады. Бұл ұлы Имамның хаттары мен кітаптары адамдарды ықылассыздықтан оятты. Дүниеге жарық берді. Яғни Аллаһу та’ала оны пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мың жылдан кейін Ислам дінін жаңалау үшін және қуаттандыру үшін  жіберді.

Хазреті Имам Раббанидің дінге жылдар бойы жасаған бұл қызметтері дәйекті, көз жеткізерлік дәлелдермен бұзылған көзқарастарды жойып жатқанын, Әһли сүннет ақидасы мен дұрыс дін ілімдерінің жайыла бастағанын, бидғаттардың жойылып жатқанын көрген кейбір бұзылған адамдар оған қарсы шығып, күншілдікпен жала жаба бастады.

Осы себептен кейбір адамдар оған жапа шектіру, қинау және жала жабуды көздеді. Әр түрлі ғалымдардың, үстемдердің, кәмілдердің өз жолдарынан шығып, ұстаздарын қалдырып, оның айналасына жиналуы олардың көре алмаушылығын арттыра түсті. Имамды қауіпке түсіру үшін қулықтар жасай бастады. Мысалы, Жүнәйд Бағдади, Баязид Бистами сияқты үлкен шәйхтарды төмен көріп жатыр деп жариялап, сауатсыз халықты алдады. Үлкен ғалымдар білдірген уахдәт-и вужудты жоққа шығарып жатыр деп, алдын ойламайтын адамдарды имамнан суыта бастады. Оны жақсы көрушілерге «Мәшаих-и изамды жоққа шығарып жатыр, Аллаһу та'аланың марифетіне себепсіз қауыштым деп жатыр» деді. Әр түрлі жалалар жапты.

Сол заманның сұлтаны Сәлим Жиһангир ханның үкімет адамдары, тіпті үлкен уәзірі, бас мүфтиі және айналасындағылар Әһли сүннет дұшпандары еді. Алайда Имам Раббани хазреттерінің көптеген хаттары, әсіресе бөлек жазған Рәдди Рәуафид рисаласы Асхаби кирам дұшпандарына қарсы шығып, ондайлардың надан, ақымақ және төмен адамдар екенін атқан еді. Имам Раббани бұл рисаласын Бұхарадағы ең үлкен өзбек ханы Абдуллаһ ханға жолдаған еді. «Мұны Ирандағы Шах Аббас Сафәуиге көрсетіңіз! Қабыл етсе жақсы, қабыл етпесе, онымен соғысу жаиз болады» деген еді. Қабыл етпеді. Соғыс болды. Абдуллаһ хан Хиратты және Хорасандағы қалаларды алды. Бұл жерлерді әуелде Сафәуилер алған еді. Міне осыдан кейін Үндістандағы адасқан ағымдар, Асхаби кирам дұшпандары бірікті. Сұлтанға барып, Имам Раббани хазреттері жайында түрлі жалалар жауып, шағымданды. Сұлтан баласы Шах Жиһанды жіберіп, Имам Раббани хазреттерін, балаларын және жетілдірген шәкірттерін шақырып, бәрін өлтіруге шешім қабылады. Осыған орай Шах Жиһан бір мүфтиімен бірге оған барды. Сұлтанға сәжде жасау жаиз екенін көрсететін бір фәтуаны алып барды. Имам Раббанидің үстемдігін білетін еді. «Әкеме сәжде жасасаңыз, сізді құтқара аламын» дегенде Имам Раббани хазреттері бұл фәтуаның зәрулік кезінде рұқсат екенін, азимет пен дін тұтастығының сәжде етпеу екендігін, ажал келгенде өлімнен еш нәрсенің құтқара алмайтынын айтып, сәжде етуді қабылдамады.

Сөйтіп, балалары мен шәкірттерін қалдырып, сұлтанға жалғыз барды. Өзіне жабылған жалаларға қарсы сұлтанға қанағаттандыратын және тұшымды жауаптар берді. Сұлтан жоғары ақиқаттарды түсіне алатын адам болмаса да, қуанды да, еркін жіберіп, кешірім сұрады. Тіпті, сұлтанға өзіне жабылған жалалардың негізсіз екенін айқын дәлелдермен айтып беріп жатқанда, сол жерде болған отқа табынушы үнділердің бас қолбасшысы Имам Раббани хазреттерінің діндегі күш-жігерін, сөздерін, зауқы мен қадірін көріп, мұсылман болды.

Сұлтанның көнгенін байқаған жала жапқыш адасушылар «Оның адамдары көп. Бүкіл мемлекетте сөзі өтеді. Оны еркін жіберсек, алауыздық шығуы мүмкін» деп, ұзақ әңгімелерден кейін сұлтанды алдады. Сұлтан Имам Раббани хазреттерін мемлекеттің ең мықты және ең қорқынышты қамалы болған Гвалиор қамалына қамауын әмір етті және қамауға алынды. Бұл жағдайға қатты ренжіген шәкірттері сұлтанға қарсы шықпақшы болды. Бұған шамалары да жетіп тұрды. Бірақ Имам Раббани хазреттері оларға түсіне кіріп және өңінде де бұған тыйым салды. Сұлтанға қайырлы дұға етуін бұйырып, «Сұлтанды ренжіту бүкіл адамдарға зиян тигізеді» деді. Өзі де сұлтанға әрдайым қайыр дұға еткен еді. Сұлтанның уәзірі қарсылас болғандықтан, зынданда Имам Раббани хазреттерінің басына бауырын тағайындап, дөрекілікпен қарауын әмір етті. Ал бұл қызметкер одан түрлі кереметтер, мұңаюдың орнына жігерленуін, сабырын, тіпті қуанышын көріп, тәубе етті. Қате сенімін тастап, Әһли сүннетті таңдады және берілген шәкірттерінен болды. Қамалда қамаудағы мыңдаған кәпірлер оның берекеті және сұхбаты арқылы мұсылмандықпен қадірленді. Көптеген күнәхарлар тәубе етті. Тіпті кейбірлері үлкен ғалым болды.

Имам Раббани хазреттері қамауда үш жыл қалғаннан кейін сұлтан ісіне өкінді. Қамаудан шығарып, сый-сияпат көрсетті. Тіпті адал шәкірті және жақын досы болды. Біраз уақыт әскер арасында қалуын сұрады. Кейін еркін жіберіп, құрметпен отанына жіберді. Қамаудағы осы қиыншылықтардан және басына келген дерттерден кейін одан бұрынғы дәрежесінен әлдеқайда жоғары дәрежелерге көтерілген күйде үйіне қайтты. Имам Раббани хазреттері бұрын «Мен жеткен дәрежелердің үстінде әлі көп дәрежелер бар. Оларға көтерілу жәлал сипатымен, қатаң тәрбиемен жету мүмкін. Қазірге дейін мен жәмал сипатымен тәрбие етілдім» деген еді. Шәкірттерінің бір бөлігіне «Елу мен алпыс жас арасында маған дерттер, бәле-жала жауады» деген еді. Айтқанындай болды. Сол дәрежелерге жету нәсіп болды.

Мұсылмандардың әлсіреген, күпірдің, адасушылықтың, зұлымдықтың, пәлсәпашылардың және адасқан адамдардың барлық жерді қаптаған дәуірінде көптеген пасықтар мен мұнафықтар оның рухани халдерін көріп, сұхбаттарын тыңдап, тәубе етіп мұсылман болды. Ұзақтардан, жақындардан көптеген адамдар түсінде, өңінде оны көріп, оған қарай ағылып келіп жатты. Ғұлама-салихтар, жас-кәрі мыңдаған адам оны көріп, сұхбаттарына қатысқаннан кейін фәйз алды, көңілдері зікір ететін болды. Құзырындағы көптеген шәкірттерін рухани халдер мен үлкен дәрежелерге қауыштырды. Әркез кереметтері көрініп, фәйз бен береке жайды. Алты мыңнан астам керемет көрсеткендігі білдірілген.

Дәуірінің ғұламалары хазреті Имам Раббаниды Сыла деп атады. Сыла – біріктіруші деген сөз. Өйткені ол тасаууфтың Ислам дінінен бөлек нәрсе емес екендігін, Ислам дініне сай екендігін дәлелдеп, шариғат пен тасаууфты біріктірді. «Үмметімнен Сыла есімді бірі келеді. Оның шапағатымен көптеген адам жұмаққа кіреді» деп айтылған хадис шәриф оның келетінінен хабар берген. Бұл хадис шәриф имам Суютидің «Жәм-ул-Жәуами» атты кітабында бар. Хазреті Имам Раббани бір хатында: «Мені екі дария арасына Сыла еткен Аллаһу та’алаға хамд болсын» деп дұға еткен. Замандастары, шәкірттері және оны сүйгендердің арасында Сыла атымен мәшһүр болды. Хадис шәрифте сүйіншіленген Сыла есімін одан бұрын ешкім алмаған еді.

Хазреті Имам Раббани – Мүжәддид әлфи сани. Яғни хижра жыл санағымен екінші мың жылдықтың жаңалаушысы. Бұрынғы үмбеттер заманында әр мың жыл сайын жаңа дін әкелетін расулдар жіберілетін. Бұл әкелінген жаңа діндер алдыңғы дінді ауыстырып, кейбір үкімдер өз күшін жоятын. Әр жүз жылда бір нәби келіп, расулдың әкелген дінін ауыстырмай, оны қуаттандыратын еді. Ал бұл үмбетке әр жүз жыл сайын Ислам дінін қуаттандыратын бір ғұлама келетіндігі хадис шәрифте хабар берілген. Пайғамбарымыздан (алейһиссалам) кейін пайғамбар келмейтінін ескерсек, Одан мың жылдан кейін, Ислам дінін барлық жөнінен жандандыратын, дінге араласып кеткен бидғаттарды тазалап, сонау асри саадеттегі (бақыт ғасырындағы) жағдайына әкелетін, захири және батыни ілімдерде кәміл мұрагер, ғұлама және ариф адамның болуы керек. Хадис шәрифтер осыны білдіруде. Мұндай маңызды қызметті хазреті Имам Раббани жасады.

Бүкіл Ислам ғұламалары бұл адамның хазреті Имам Раббани екенін бірауыздан айтқан. Пайғамбарымыздан мың жылдан кейін ілім мен иршад мінберіне кәміл отырып, жаһанды Расулуллаһтың нұрымен жарқыратты. Бидғаттарды тазалап, Ислам дінін қайта жандандырды. Оның өмір сүрген дәуірінде Үндістанда, тіпті бүкіл Ислам әлемінде бой көтерген қате пікірлер, бұзық сенімдер жайыла бастап, үлкен фитналар туған еді. Бұдан бөлек, мұсылмандар арасында тасаууфтағы уаһдати вужудтың анықтамасы түрлі-түрлі пішінге еніп кетті. Мұндай үстем дәрежелі ілім түсініле алмады. Көптеген жаһилдер (сауатсыздар) ұлылардың сөздерін түсіне алмай, уақыт өте діннен шығып кетті. Ислам дініне қарсы болғандар бұл оңтайлы сәтті бос жібермей, мұсылмандарды тура жолдан тайдыруға тырысты. Осылайша тасаууф ілімі мен Ислам үкімдерінің арасында айырмашылық пен қарама-қайшылық бардай, екеуі екі түрлі нәрсе іспетті көрсетіліп, мұсылмандар түрлі атаулармен бір-бірлерінен бөлектене бастады және бір-біріне дұшпан етуге тырысылды. Имам Раббани хазреттері уаһдати вужуд ілімдерінен бастап, көптеген мәселелерді өте ашық түрде түсіндіріп, адамдардың зейіндері мен көңілдерін қате, бұзық сенімдерден тазалады. Хақты қателіктен ажыратып, пайғамбарымыздың хақ пен тура деп көрсеткен Әһли сүннет ақидасын барлық жерге жайды. Кәрі-жас болып барлық адам оның айналасына жиналды. Оған ең бірінші болып «Мүжәддиди әлфи сани» есімін берген заманының ең ұлы ғалымдарының бірі – Абдулхаким Сиалкути болған. Сол заманның қалған ұлы ғұламалары да оны мадақтап, мақтаған.

Қожа Мұхаммед Бақи-Биллаһтың шәкірттерінің ең үлкендерінен және ең жоғары ғалымдардан болған Сәйид Мир Мұхаммед Нуман айтады: «Имам Раббаниге бағынуды ұстазым маған айтқанда бұған қажеттілік жоқ екенін айту үшін «Жүрегімнің айнасы тек сіздің жарқыраған жүрегіңіздің нұрына қарап тұр» дедім. Ұстазым қатаң дауыспен: «Сен Ахмедті кім деп жүрсің? Оның күн болған нұры біз сияқты мыңдаған жұлдызды жауып тұр» деді.

Имам Раббани хазреттерінің шәкірттерінің атақтыларынан болған Мұхаммед Хашим Кәшми былай айтып берген: «Бір күні хазреті Имамның алдында отырған едім. Ол марифеттерді жазып отырған еді. Әп-сәтте дәрет қысуы себебімен орнынан тұрып, дәретханаға кетті. Бірақ дереу тез сыртқа шықты. Сондай жылдамдықпен дәретханаға кіріп, бірден асығып сыртқа шыққанына таңқалдым. «Мұның себебі не?» деп сұрадым. Дәретханадан шыға салып құмғанды сұрады да, сол қолының бас бармағының тырнағын жуды, ысқылады. Кейін қайтадан дәретханаға кірді. Біраз уақыттан кейін шыққан кезде былай деді: «Дәрет қысты, асығып дәретханаға кірдім, отырдым. Көзім тырнағымның үстіне түсті. Бетінде бір қара нүкте бар еді. Бұл нүкте қалам жазып тұр ма деп тексергенімде қалған еді. Алайда ол нүкте Құран кәрімнің әріптерін жазғанда қолданылды. Ол жерде отыруды дұрыс деп санамадым, әдепсіздік болады деп ойладым. Дәрет қысып тұрғаны үшін қиналған болсам да, бұл қиналуым бір әдепті тәрк етудің беретін қиындығының қасында өте аз болып көрінді. Сыртқа шықтым. Сол қара нүктені жудым және қайтадан ішке кірдім.»

Бір күні қарилардың бірі Имам Раббани хазреттерінің көрпешесінен төмендеу болған көрпеше қойып, үстіне отырып Құран кәрім оқи бастады. Имам Раббани хазреттері бұл жағдайды байқап, дереу отырған биік көрпешесін шетке қойып, жерге отырды. Ешқашан Құран кәрім оқып жатқан қаридан жоғары отырмайтын еді.»

Имам Раббани хазреттерінің фиқһ мәселелерінде білімі жоғары еді және әр мәселеге сол сәтте жауап бере алатындай дәрежеде еді. Усул-и фиқһта да маман еді. Бірақ аса ықтиятты болғаны үшін көбінесе құнды фиқһ кітаптарына қарайтын еді. Сапарға шықса да, шықпаса да, кейбір құнды фиқһ кітаптарын өзімен алып жүретін еді. Ол фиқһ ғалымдары бір ауыздан білдірген фәтуаларға әрдайым сай болуға тырысатын еді. Кейбір фиқһ ғалымдары жаиз деген, кейбірлері мәкрух деген бір істе ол мәкрух деген тарапты таңдап, ол амалды істемейтін еді. «Бір мәселенің істелуінде және істелмеуінде, халал және харам болуында келіспеушілік бар болса, істелмеу және харам тарапын таңдауды мүмкін болғанша қолдан жіберіп алмау керек» дейтін еді.

Мұхаммед Хашим Кәшми былай айтып берген:

«Сәйидтерден бір жас жігіт медреседе шәкірт еді. Онымен дос едік. Бір күні жылап қасыма келді де, басынан өткен бір оқиғаны айтып берді. Имам Раббани хазреттерінің бір үлкен кереметін көрген екен. Былай айтып берді: «Хазреті Әлиге қарсы соғысқандарды, әсіресе хазреті Муауияны жақсы көрмейтін едім. Бір түні сенің ұстазың Имам Раббанидің Мәктубатын оқыдым. Оқыған жерімде: "Имам Әнас бин Малик айтқан: "Хазреті Муауияны жақсы көрмеу, оны жамандау хазреті Әбу Бәкірді және хазреті Омарды жақсы көрмей жамандаумен бірдей. Хазреті Муауияны балағаттаған адамға оларды балағаттаған адамға берілетін жазаны беру керек" деп жазылған. Мұны оқығанда ішім қысылып, орынсыз жазу жазған екен дедім де, Мәктубатты жерге тастадым. Төсегіме жатып, ұйықтадым.

Түсімде сенің үлкен ұстазың ашулы күйде маған келді. Екі мүбәрәк қолымен құлақтарымнан тартты да: «Ей, надан бала! Сен біздің жазғанымызды ұнатпайсың, кітабымызды жерге тастайсың. Менің жазуымды оқығанда таңқалып, сенбедің. Онда жүр, сені сондай адамға апарайын, өзің көр! Расулуллаһ алейһиссаламның сахабаларын жақсы көрмегенің үшін алданғаныңды одан тыңда» деді. Мені сүйретіп, бір бақшаға алып барды, мені есік алдында тастап, ары қарай өзі жүрді. Алыста көрінген үлкен бір бөлмеге қарай барды. Ол жерде нұрлы жүзді бір ұлы тұлға отырған еді. Ұялып, құрметпен ол кісіге сәлем берді. Алдында тізерлеп отырды. Одан бір нәрселер сұрап, мені көрсетті. Алыстан маған қарағандарынан мен туралы сөйлесіп жатқаны аңғарылды.

Біраздан соң сенің үлкен ұстазың Имам Раббани орнынан тұрды. Мені шақырды. «Мына отырған кісі – хазреті Әли. Оны жақсылап тыңда! Қара, не дейді екен» деді. Қасына барып сәлем бердім. «Абайла! Расулуллаһ алейһиссаламның сахабаларына қарсы жүрегіңде реніш сақтама! Ол ұлылардың ешбірін ешқашан жамандама! Арамызда соғыс ретінде байқалған әрекеттеріміздің қандай жақсы ниетпен жасалғанын біз және сол бауырларымыз біледі!» деді. Сенің үлкен ұстазыңның атын атап «Осы кісінің жазуларына да қарсы келуші болма!» деді. Бұл насихатты тыңдағаннан кейін жүрегіме назар салдым. Осыған қатысты күмән мен суықтықтың жүрегімнен шықпағанын байқадым. Бұл жағдайымды бірден түсініп қойды. Ашуланды. Сенің үлкен ұстазыңа қарап: «Мынаның жүрегі әлі тазаланбады, жақсылап тұрып шапалақ бер!» деді. Шәйһ хазреттері қатты шапалақ ұрды. Таяқ жегеннен кейін өз-өзіме «Оны жақсы көргенім үшін оларды дұшпан деп білген едім. Алайда оның өзі оларға дұшпан болғаныма осыншалықты ренжіп жатыр. Бұл жағдайдан бастартуым керек!» дедім. Жүрегіме назар салдым. Дұшпандық, реніш қалмапты, тап-таза екен. Сол сәтте оянып кеттім. Қазір де жүрегім сол кекшілдіктен тазаланыпты. Сол түстің, сол сөздердің мәні мені басқа халдерге жеткізді. Жүрегімде Аллаһтан басқа ештеңеге деген сүйіспеншілік қалмады. Сенің үлкен ұстазың Имам Раббаниге және ол жазған марифеттерге сенімім әлдеқайда артты.»

Хазреті Имам Раббани 1615 жылы елу үш жас шамасында өзінің қатты жақсы көретін шәкірттеріне: «Маған менің өмірім алпыс үш жыл екені илхаммен білдірілді» деді. Өзі бұған қатты қуанды. Өйткені Пайғамбарымызға (алейһиссалам) бағынғаны соншалық, жас жөнінен де сай келетін еді. Сонымен қатар бұл тұрғыдан хазреті Әбу Бәкірге, хазреті Омар мен хазреті Әлиге де бағынған болды.

1623 жылы Әжмирде болғанында «Қайтыс болуымның жақындағанына қатысты белгілер, ишаралар байқала бастады» деді. Сархандтағы қадірлі балаларына хат жазып: «Өміріміздің бітуі жақын» деді. Әкелеріне деген сағыныштан, айрылудан күйініп тұрған, әулиенің көзінің нұры болған қадірлі балалары бұл хатты алған кезде дереу әкелерінің қасына барды. Алдына келгенде бір күні жоғары дәрежелі ұлдарын жеке бөлмесіне шақырды. Оларға айтты: «Құрметті ұлдарым, бұл дүниеге ешқандай назарым, байланысым қалмады. Ана дүниеге өтуім керек, кету және жолаушылық белгілері көріне бастады.»

Имам Раббани хазреттері Әжмир сапарынан Сархандқа қайтқанда үйінде жеке қалды. Бес уақыт намаз бен жұма намазынан басқа үйден сыртқа еш шықпады. Нұр мен сырлар қайнары болған жеке бөлмесіне Мұхаммед Хашим Кәшмиден, балаларынан, шәкірттерінен және қызметшілерінен 2-3 адамнан басқа өзгелердің кіруі өте сирек болатын. Қылуетті (жеке қалуды) таңдаған күндерінің бірінде терең тыныс алып: «Шәйһ-ул-исламның (Әбу Әли Дәккактың) болмысы қатты көтерілгенде мәжілісінде адам қалмады» сөзін айтты. Бұл жерде болғанындай, өмірінің соңына қарай Имам Раббани хазреттерінің болмысы да жоғарылағаны соншалық, шәкірттерінің ең жоғары дәрежелілерінің өзі оның жанында мектепті енді бастаған кішкентай балалардай қалған еді.

Имам Раббани хазреттерінің шәкірттерінің бірі былай айтып берген:

«Имам Раббани хазреттерінің өмірінің соңғы күндерінде аурып жатқан кезінде алдына барып, бірнеше күнге үйіме барып қайтуыма рұқсат сұрадым. «Бірнеше күн күт!» деді. Кейін қайтадан кіріп: «Тез барып-қайтамын» дедім. «Бірнеше күн сабыр ет!» деді. Бірақ «Барып, ең қысқа уақытта сізге ораламын» дегенімде рұқсат берді және «Сен қайдасың, біз қайдамыз, көктем қайда?» шумақтарын оқыды. Бұл сөзінен бірнеше күннен кейін қайтыс болды.

Осы арада көп садақа берді және көп қайырымдылық жасады. Сырластарының, жақындарының бірі осы садақа мен қайырымдылықтардың көптігін көргенде: «Осы қайырымдылықтардың бәрі бәле-жаланың кетуі үшін бе?» деп сұрады. Сонда: «Жоқ, бәлкім, қауышуға деген ынтамнан бұларды істедім» деді де, мына шумақты оқып, көздерінен қуаныш жастары ақты:

«Қауышу күні сырласым, әлемге құшақ жаяйын,

Бұл дәулеттің, бұл ниғметтің қуанышын шашайын.»

 

Мухаррам айының он екінші күні былай деді: «Маған бұл дүниеден ана дүниеге кетуіме қырық немесе елу күн қалғаны білдірілді. Мазарымды да көрсетті.» Бұл сөздерді естігендер таң қалып, мұңайып қалды. Кеуделеріндегі қайғы жанданды. Сол күндерде баласы Мұхаммед Саид бір күні Имам Раббани хазреттерінің жылап жатқанын көрді, себебін сұрады. Жауабы ретінде: «Аллаһу та'алаға қауышудың қуанышынан жылап жатырмын» деді. Баласы тағы: «Аллаһу та'ала бұл істі бұл дүниеде қатты жақсы көргендерінің қалауына қалдырады. Сіз осыншалықты қалайды екенсіз, әлбетте аттанасыз» деді. Бұл сөзді айтқан баласында өзгеріс байқады да: «Мұхаммед Саид! Аллаһу та'аланың ашуына тиіп жатырсың!» деді. Баласы: «Өзімнің жағдайыма мұңаюдамын» деді де, шынайы сөздерімен дерт пен қайғыға толы жүрегін сыртқа ақтарып: «Ей, көңлімнің қуанышы әкешім! Бізге жасаған мейірімсіздігіңіз бен аямауыңыз неліктен?» деп айтты. Сонда: «Аллаһу та'ала сендерден сүйіктірек. Сонымен қатар, біздің сендерге қамқорлық пен жәрдемдеріміз қайтыс болғаннан кейін бұл дүниедегіден көбірек болады. Өйткені бұл дүниеде адами сипаттар себебінен қаласақ та, қаламасақ та, жәрдем мен тәуәжжуһ толық болмайды. Алайда өлгеннен кейін адами сипаттардан толық айрылу бар» деді. Осыны айтқан күнінен бастап, сол күндерді санай бастады. Сапар айының жиырма екінші түні көңілдері жаралы достарына «Бүгін айтқан күндерімнің қырықыншы күні өтті. Осы жеті-сегіз күні не шығатынын көрейік» деді. Балаларына тағы былай деді: «Осы арада шыққан бірнеше күндік денсаулықта Аллаһу та'ала сүйіктісіне бағынышты болған адамда болуы мүмкін болған барлық кәмілдікті маған нәсіп етті.» Балаларының бұл сөздерден кейін жүректері бөлшектенді. Өйткені бұл сөздерде хазреті Әбу Бәкір Сыддықтың «Бүгін діндеріңді толықтырдым» аяти каримасы келгенде көңілдеріне келген, яғни пайғамбарымыз қайтыс болады деген илхамнан бір ишарат бар екенін түсінді.

Сапар айының жиырма үші, бейсенбі күні дәруиштерге өз мүбәрәк қолдарымен киімдерін таратты. Өзінің үстінде жылы киімі қалмағандықтан, күннің суықтығы әсер етіп, қайтадан безгек ауруына шалдықты да, қайтадан төсекке жатып қалды. Пайғамбарымыз аурудан құтылып, аз уақыттан кейін қайтадан ауырып қалған және қайтыс болған еді. Имам Раббани хазреттері осы мәселеде де пайғамбарымызға ұқсады. Бұл аурудан бұрын қызметшілерінің біріне «Ошаққа пәленше ақшаға көмір ал!» деді. Біраздан соң қайтадан оны шақырып: «Айтқанымның жартысындай көмір ал, өйткені бір дауыс жүрегіме ол көмірлерді жағатындай уақытың қалмады деп жатыр» деді. Көмірдің бір бөлігін өзіне алып, қалғанын балаларына жіберді. Өзіне ажыратылған бөлігі қайтыс болған күні толық біткен еді. Бұл ауру уақытында жоғары ілімдерді өзінің жоғары дәрежелі балаларына көп түсіндірді. Бір күні ақиқаттарды егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысқаны және бұл үшін көп сөйлегені соншалық, қадірлі ұлы Қожа Мұхаммед Саид «Хазретіңіздің ауруы осыншалықты сөйлеуіңізге лайықты емес, бұл марифеттерді басқа бір уақытқа қалдырып баяндасаңыз қалай болады, әкешім?» деді. Бұған жауап ретінде: «Ей, ұлым! Басқа уақытымыз бен мүмкіндігіміз бар ма? Біліп тұрмын, басқа кезде бұларды айтуға да күш-қуат таба алмай қаламын» деді.

Бұл күндерде ауруы қатты болуына қарамастан, жамағатпен бірге намаз оқуды үзбеді. Тек соңғы төрт-бес күн жалғыз өзі намаз оқыды. Дұғаларды, тәсбихтерді, салауаттарды, зікірді ешбір кемшіліксіз толық орындайтын еді. Дініміздің және ұстаздарының жолдарының ерекшеліктерінен ешбірін тәрк етпейтін еді. Бір түні түннің үшінші бөлігінде тұрып, дәрет алды. Тәһәжжуд намазын түрегеп оқыды және «Бұл біздің соңғы тәһәжжудіміз» деді.

Қайтыс болуынан біраз уақыт бұрын есінен тану жағдайы байқалды. Үлкен баласы бұл есінен тану жағдайының көптігі аурудың асқынуынан ба, әлде истиғрақ (нұрларға көмілу) себебінен бе деп сұрады. Жауап ретінде: «Истиғрақ себебінен. Өйткені өте жоғары халдер көрініп жатыр. Осы себептен оларға назар салып жатырмын, бәрін болғанындай көре алайын және бұлар арқылы барлық нәрсем толық және кәміл болсын» деді. Бұл терең сырлардан қысқаша балаларының құлақтарына сыбырлады. Осы есінен тану жағдайынан құтылғанда көңілдері босаған, қайғыланып жүрген шәкірттеріне қоштасу сөзін еске түсіретін өсиетін айта бастады. Бұл өсиеттердің көбі пайғамбарымызға бағынуға шақыру, сүннетке жабысу, бидғаттан сақтану, зікірді жалғастыру жайында еді.

Ол: «Сүннетке өте қатты жабысу керек» деді. Бұл сөздері арқылы да пайғамбарымызға ұқсауды қалаған еді. Өйткені сүйікті пайғамбарымыз қайтыс болатын кезінде осылай насихат айтқан. Аббад бин Сариядан Тирмизи және Әбу Дауд былай риуаят етеді: «Расулуллаһ алейһиссалам бізге уағыз айтып жатты. Бұл уағыздан көңілдер босап, көздер жасқа толып жатты. Біз айттық: «Йа, Расулаллаһ! Бұл сөздеріңіз қоштасу уағызына ұқсап тұр, бізге өсиет айтыңыз.» Расулуллаһ алейһиссалам айтты: «Сендерге өсиетім болсын: Аллаһтан қорқыңдар, тіпті бір құл болса да, Аллаһу та'аланың әмірін білдірсе, оны тыңдаңдар және орындаңдар. Тірі қалатындар көп нәрселер көреді. Сол кезде менің және Хулефа-и рашидиннің сүннетін қатты ұстаныңдар, оны жіберіп алмаңдар. Дінде бидғаттан қатты сақтаныңдар. Өйткені бүкіл бидғаттар – адасушылық.»

Имам Раббани хазреттері өсиетін жалғастырып былай деді: «Дініміздің иесі Расулуллаһ алейһиссалам насихаттардың ең ерекшелерін де "Дін насихат" хадис шәрифі талап еткендей тәрк етпеді. Дініміздің құнды кітаптарынан толықтай бағыну жолын үйреніңдер және онымен амал етіңдер.»

Қайтыс болған сапар айының жиырма тоғызыншы сейсенбі күнінде түнде оған қызмет еткен қызметшілеріне «Көп әуреге түстіңдер, бұл сендердің соңғы қызметтерің» деді.

Кереуеттің үстінде жатқанда сүннетке сай оң қолын оң бетінің астына қойып, зікірмен айналысты. Үлкен баласы Мұхаммед Саид әкесінің жиі тыныс алғанын байқағанда «Жағдайыңыз қалай, әкешім?» деп сұрады. «Жақсымын, оқыған сол екі рәкат намазым жеткілікті» деді. Бұдан кейін еш сөйлемеді. Тек Аллаһу та'аланың есімін айтты және біраздан кейін қайтыс болды. Пайғамбарлардың ұлыларының көпшілігінің соңғы сөздері намаз болған. Бұл мәселеде де пайғамбарлардың ең ұлысына ұқсады. Қайтыс болуы 1624 жылы сапар айының жиырма сегізі, күн есебі бойынша жиырма тоғызы, сейсенбі күні сәске уақытында орын алды.

Ол ай жиырма тоғыз күндік еді. Пайғамбарымыздың өмірден озған айы болған Рабиул әууәл айының алғашқы түні пайғамбарымызға қауышты. Ауру және безгек тартқан күндері жасының жыл санындай болып алпыс үш күн еді. Хадис шәрифте «Бір күндік безгек – бір жылдың кафараты (өтемі)» делінген. Тартқан ауруы осы хадис шәрифтің мағынасына сай болды.

Имам Раббани хазреттерінің нұрлы денесі жуу тақтайының үстіне қойылып, киімдері шешілгенде сол жердегілер хазреті имамның намазда тұрғандай қолдарын байлағанын көрді. Оң қолының бас бармағы мен кіші саусағын сол қолдың білегіне байлаған. Алайда балалары қайтыс болуынан кейін қолдарын түзетіп созған еді. Жуу тақтайына жатқызғанда күлімдеді және біраз уақыт сол күйде қалды.

Жуындырушы мүбәрәк қолдарын ашып түзетті. Сол тарапқа жатқызды, сол тарапын жуды. Оң тарапына жатқызып, сол тарапын жуатын кезінде сол жердегілер әулиелік күшінің белгісі ретінде жай әрекетпен қолдарының қимылдағанын, қосылып, бұрынғыдай қайтадан оң қолының бас және кіші саусақтарымен сол қолының білегін байлағанын көрді. Алайда оң жаққа жатқанда оң қолдың сол қол үстіне келмеуі қажет болар еді. Сонымен қатар, сол қолын бекем ұстағаны соншалық, ажырату мүмкін емес еді. Кебіндеген кезде тағы қолдарының байланғаны байқалды. Бұл жағдай екі-үш рет орын алды. Соңында сол жердегілер мұнда терең мағына және жасырын бір сыр бар екенін түсініп, қолдарын ашуға тырыспады. Баласы Қожа Мұхаммед Саид: «Құрметті әкем осыны қалап тұр екен, осылай қалдырайық» деді. Пайғамбарымыз алейһиссалам хадис шәрифте «Өмір сүргеніндей өледі» деген. Бұл Аллаһу та'аланың үлкен сыйы. Қалағанына нәсіп етеді. Оның ихсаны мол.

Хазреті Имам Раббанидің жаназа намазын баласы Қожа Мұхаммед Саид оқытты. Алпыс үш жасында қайтыс болды. Сархандта үйінің жанына жерленді. Кейінгі уақытта Ауғанстан патшасы Шах Заман оның қабіріне көркем кесене салдырды.

Үлкен баласы Мұхаммед Саид былай деген:

«Жоғары дәрежелі әкемді қайтыс болғанынан кейін түсімде көрдім. Аллаһу та'аланың оған берген ниғметтері жайлы қуанышпен айтып берді және мұны мақтан тұтты. Оған «Жан әкем, шүкір дәрежесінен нәсіп берді ме?» деп сұрадым. «Иә, мені шүкір етушілерден қылды» деп жауаптады. «Құран кәрімде «Шүкір етуші құлдар» делінеді. (Сәбә сүресі, 13) Бұл аяти каримадан аңғарылғаны – бұл жамағаттың пайғамбарлар екендігі. Немесе пайғамбарлардың ең үлкен дәрежелі сахабалары. Хазреті Әбу Бәкір сияқты» дегенімде: «Иә, солай. Бірақ мені ерекше сияпат және қамқорлықпен сол жамағатқа қосты» деді.

 

Еңбектері:

1) Мәктубат: Ислам әлемінде Имам Раббанидің Мәктубатындай құнды кітап әлі жазылмаған. Мәктубат үш томнан құралып, бес жүз жиырма алты хаттың жиынтығынан құралған. Кәлам және фиқһ білімдерін, тасаууфтың марифеттерін баяндаған шексіз көлдей теңдессіз туынды.

Мәктубаттың бірінші томы 1616 жылы шәкірттерінің атақтыларынан болған Жар Мұхаммед Жәдиди Бәдахши Талқани тарапынан жинақталған. Бірінші томда 313 хат бар. Бұл томның соңғы хаты Мұхаммед Хашим Кәшмиге жазылған. Имам Раббани хазреттері бірінші томның соңғы хатын жазғанда «Мұхаммед Хашимге жіберілген бұл хат арқылы расулдардың, дін әкелген пайғамбарлардың және Асхаби Бәдірдің санына сай болғаны үшін үш жүз он үші хатпен бірінші томды осы жерде бітірейік» деген.

Ал екінші томы 1619 жылы тағы да шәкірттерінен Абдулхай Путни тарапынан жинақталған. Бұл томда Әсма-и хусна, яғни Аллаһу та'аланың хадис шәрифте өткен тоқсан тоғыз есімі санындай 99 хат бар.

Үшінші том Имам Раббани хазреттерінің қайтыс болуынан кейін 1630 жылы шәкірттерінен Мұхаммед Хашим Кәшми тарапынан жинақталып, бұл томда да Құран кәрімдегі сүрелердің санындай жүз он төрт хат бар. Үш томда бәрін қосқанда 526 хат бар еді. Имам Раббани хазреттерінің қайтыс болуынан кейін тағы он хат үшінші томға қосылған. Осылайша бәрін қосқанда хаттар саны 536 болды.

Мәктубатдағы хаттардың бірнешеуі араб тілінде, қалғандарының бәрі парсы тілінде. Түрлі уақыттарда басылып шығарылған. (Мәктубаттың бірінші томы «Сүйіншілеуші хаттар» атымен Хақиқат кітап үйі тарапынан шығарылған. Екінші және үшінші томдарындағы хаттардың бір бөлігі Хақиқат кітап үйінің басылымы болған Сәадати Әбәдийа кітабында жарияланған. Бұл құнды туындыларды www.hakikatkitabevi.com адресіненен оқуға болады, тапсырыс беруге де мүмкіндік бар.

2) Рәдди Рәуафид: Парсы тілінде жазылған, Рафизилерге қарсы жазылған бұл кітаптың түрікшесі «Хақ сөздің дәлелдері» кітабында бір бөлім болып Хақиқат кітап үйі тарапынан жарияланған. Арабшаға да аударылған.

3) Исбатун-Нубуввә: «Пайғамбарлық деген не?» атымен түрік тіліне аударылған. Хақ сөздердің дәлелдері кітабының ішінде бір бөлімі жарияланған. Сондай-ақ арабшасы ағылшын және француз тілдеріне де аударылған.

4) Мәбде уә Мәад.

5) Адаб-ул-Муридин.

6) Талиқат-ул-Ауариф.

7) Рисала-и Тәһлилийа.

8) Шәрһ-и Рубайиат-и Абдил-Бақи.

9) Мәарифи Ләдунийа.

10) Муқашәфати Ғайбийа.

11) Жәзба және Сүлук Рисаласы.