8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Ислам ғұламалары / Хазреті Бахауддин Бұхари

Хазреті Бахауддин Бұхари

Адамдарға тура жолды көрсетіп, шынайы бақытқа қауыштырушы мүршиди кәміл және “Сілсілә-и алийа” (алтын шежіре) деп аталатын ұлы ғалым, ұлы әулиелердің он бесіншісі. Хазреті Мұхаммед Баба Саммаси және хазреті Әмир Кулалдың шәкірті. Бахауддин Бұхари 1318 (х.718) жылы Бұхараға 5 шақырым қашықтықтағы Қасри Арифан деген жерде дүниеге келді. 1389 (х. 791) жылы 3 рабиул-әууәл күні дүйсенбіде қайтыс болып, сол жерде жерленген. Есімі – Мұхаммед бин Мұхаммед. Лақабы – Бахауддин және Шайх Нақшибәнд. Көңілдерге Аллаһу та’алаға деген шынайы сүйіспеншілікті ұялатқаны, нақш еткені үшін “Нақшибәнд” деп аталып кеткен. Ислам ғалымдарының ең мәшһүрларынан болып тасаууфта ең жоғары дәрежелерге қауышқан. Заманында және өзінен кейінгі ғасырларда оның себебімен көптеген адам хидаятқа, иманға, дұрыс жолға қауышқан.

Ол әлі дүниеге келмей тұрып, сол заманның ұлы әулиесі хазреті Мұхаммед Баба Саммаси Қасри Арифанға келеді. «Бұл өлкеден бір ұлы тұлғаның иісі сезіліп тұр. Тариқаттың имамы болатын, теңдесі жоқ ұлы кісі осы жерден шығады» деп шәкірттерімен өзін жақсы көретін адамдарға сүйінші береді. Бахауддин Бұхаридің әкесі Сәйид Мұхаммед Бұхари былай деп айтып береді: «Бахауддин ұлым дүниеге келгеніне үш күн болғанда Хадже Мұхаммед Баба Саммаси шәкірттерімен бірге Қасри Арифанға келген еді. Менің ол кісіге деген сүйіспеншілігім мен құрметім өте зор еді. Жаңа туылған баламды алып, өзінен батасын, дұғасын алайын, рухани жәрдем сұрайын, осылайша ұлым оның файзына (көңілден құйылатын нұрына) қауышсын деп алдына бардым. Хадже Мұхаммед ұлымды қолына алып, бауырына басып: «Бұл бала – менің балам. Менің рухани балам ретінде оны қабылдадым»,- деді де шәкірттеріне бұрылып, араларындағы ең мәшһүрі болған Сәйид Әмир Кулалға: «Осы жерден ұлы ғұламаның иісі шығатынын айтып жүретінмін. Осында келе жатып, жақындаған сайын сол иістің арта түсетінін де айтқан едім. Міне мен айтқан мүбәрәк ғалым дүниеге келді. Мүбәрәк иіс дегенім осы қолымдағы періште баланың иісі. Бұл бала болашақта ұлы ғалым болса керек!» дейді. Осылайша, дүниеге келгеніне үш күн өтпей-ақ заманының ұлы әулиесі, кәміл мүршиді Хадже Мұхаммед Баба Саммаси хазреттің дұғасына, сүйіспеншілігіне, файзына қауышады. Жас кезінен-ақ әулиелік қасиетке тән нұрлары мен белгілері маңдайынан жарқырап, хидаят пен туралықты көрсету нышандары да бет-келбетінен айқындалып тұрды.

Хазреті Бахауддин Бұхариді дүниеге келер-келместен өзіне рухани ұл ретінде қабылдап, ол жайында сүйінші хабарлар берген алғашқы ұстазы – Хадже Мұхаммед Саммаси хазреті болды. Кейін ұстазы оны ең мәшһүр шәкіртіне, Сәйид Әмір Кулалға тапсырады. Жеті жыл Сәйид Әмир Кулал хазреттің сұхбатынан ілім нәрін сусындап, кейін оның рұқсатымен хазреті Мәуләна Ариф Дикгеранидің сұхбатына қатысады. Қасында жеті жыл қызмет етіп, кейін Құсам Шайх және Халил Атаның сұхбаттарында болады. Біршама уақыт Халил Атаның қасында қалады. Сонымен қатар Мәуләна Бахауддин Қишлақиден хадис ілімін үйренеді. Кейін хазреті Абдулхалиқ Ғиждуанидің руханиятынан файз алып, осылайша тасаууф пен басқада ілімдерде жетіліп, үлкен дәрежелерге қауышады.

Хазреті Сәйид Әмир Кулал хазреті Бахауддин Бұхаридің жетік білім алуына, оның тасаууфта үлкен дәрежелерге қауышуына себепші болды. Бір күні оған: «Ұлы мүршидім Хадже Мұхаммед Саммасидің сіздің тәрбиеңізге қатысты берген өсиетін орындадым. Сізді бұйырған деңгейінде жетілдірдім. Әрі хал жағынан, әрі ілім жағынан да үлкен мәртебелерге ие болдыңыз. Енді қайда қаласаңыз да бара аласыз. Кімнің сұхбатына қатыссаңыз да еркінсіз. Бізден сізге рұқсат. Біздегі болған хал мен мақамдарды сізге артығымен бердім. Бақшаны сіз үшін құрғаттым. Яғни кеудемдегі, жүрегімдегі болғандардың бәрін сізге бердім. Руханият құсын адам қалыбынан (тар нәпсінің қоршауынан) шығардым. Бірақ сіздің рухани құсың биіктерге самғап кетті. Қазірден бастап иджазат (диплом) алдыңыз»,- деді.

 

Хазреті Бахауддин былай дейді: «Менде тасаууф халдерінің көріне бастауының алғашқы күндерінде мүбәрәк бір кісімен жолықтым. Ол кісі маған:

- Сені Хақ та’аланың арифтерінің (достарының) қатарында көріп тұрмын,- дегенінде

- Сіздің тәуәжжух және көмегіңізбен арифтердің қатарында боламын деп ойлаймын,- дедім.

- Қалауларыңның алдында нәпсіңмен не жағдайдасың?

- Тапсам шүкір етемін, таба алмасам сабыр етемін.

- Бұл оңай іс. Негізгі іс нәпсіңді бір жерге қамап, нан су бермей, оны құтыра алмайтын, мойын иетін халге келтіру керек,- деп бұйырды. Бұдан кейін ол кісіге жалындым, менің сондай халге қауышуым үшін маған тәуәжжух етуін сұрадым. Сонда маған былай деді:

- Олай болса нәпсіңнің халықтан үмітсіз және жалғыз қалатын бір шөл далаға барасың. Үш күн сонда боласың және Аллаһу та’алаға ғибадат етесің, төртінші күні бір тауға барасың алдыңнан атқа мінген бір кісі шығады. Оған сәлем беріп өт. Үш адым өткеннен кейін “Ей жігіт тоқта саған нан берейін” дейді. Сен еш бұрылмай нанды да алмай жүре бересің,- деді.

Бұл кісінің айтқанындай үш күн шөл далада қалып ғибадат еттім. Төртінші күні айтқан тауының етегіне бардым. Жолда айтқанындай атты кісіні көріп сәлем беріп өттім. Маған «Ей жігіт саған нан берейін» деді. Мен мүлдем кідірмей нанды алмай жүріп кеттім. Кейін маған осыларды орындауыма кеңес берген кісінің алдына бардым. Маған «Бұдан кейін адамдардың хал-жағдайымен шұғылданасың. Кедейлердің қызметінде боласың, әлсіздердің, мұңдылардың көмегінде боласың! Ілім үйрену жолында бүкіл күш жігеріңді саласың, ешкімі жоқ пақырларға жолдас болып оларға мейірім, ізет көрсетесің.» деді. Бұл әмірлерді де орындадым, ұзақ уақыт осы істердің жолында болдым. Сосын қайта алдына бардым. Ол кісі: «Бахауддин, бұдан кейін жануарларға қарайсың. Олар сені жаратқан Раббыңның махлұқтары. Егер жүк тартқан жануарлардың денесінде жара көрсең соларды емдейсің.» Бұл әмірге де мойынсұнып көп еңбектендім. Жолда егер алдымнан бір жануар келе жатса ол өткенге дейін күтіп тұрдым. Малдың алдын кеспейтінмін. Түндерде жануарлардың іздеріне бетімді қойып Аллаһу та’алаға жалбарынатынмын. Бүкіл бұлар ішімдегі нәпіс атты дұшпанымның езілуі, тәрбиеленуі үшін еді. Жеті жыл осылай өтті. Кейін баяғы кісіге қайта бардым. Ол кісі «Бахауддин, бұдан кейін жолдардың қызметімен шұғылданасың. Жолдарды сыпырып тазала, жолаушыларға зиян беретін нәрселерді жолдан алып таста. Жиіркенішті нәрселерді жолдан алып, көрінбейтін жерлерге таста. Жолдан өткендер қиналмасын, келеңсіз нәрселерден мазасызданбасын.» Бұл әмірге де мойынсұнып, біршама уақыт осы іспен айналыстым. Бұл кісі не айтқан болса, бүкіл ынтаммен бәрін орындадым. Бұл қызметтерді атқарғанда Аллаһу та’аланың ниғметтерімен ихсандары көптеп көрінді. Нәпсім қатты қиналып, тәрбиеге келді. Нәпстің қалауларынан, масиуадан Аллаһу та’аладан басқа барлық нәрседен құтылып, руханият дәрежесіне қауыштым. Осы арада маған Аллаһу та’аладан өте көп сырлар түсті.  

 

Хазреті Бахауддин Бұхари Шахи Нақшибәнд тасаууфтағы алғашқы халдерін тағы бірде былай деп айтып береді: «Тасаууф халдерінен жәзба халі көбейіп, тынышым бұзылған күндерде түнгі ай жарығында қабірлерді зиярат ететінмін. Бір түні қабірлерін үнемі зиярат етіп жүрген үш үлкен әулие кісілердің қабірлеріне көзім түсті. Әрбірінің қабірінде май шам жанып тұрды. Шамдардың майы да піліктері де бар болғанымен әлсін ғана жанып тұрды. Жарық жануы үшін піліктерін қозғалту керек еді. Шамдарға тимей Қожа Мұхаммед Уасидің қабіріне бардым. Онда маған Қожа Ахмет Әшқарнауидің қабіріне баруыма ишарат берілді. Ол жаққа барғанымда белдерінде қылыш асынған екі адам келді. Мені бір жануарға мінгізіп, бағытын Мәздаһин тарапына бұрып жіберді. Таңға жуық Мәздаһин мазаратына жеттім. Ол жерде де алдыңғы қабірлердегідей бір шам жанып тұрды. Бірақ ол да әлсін ғана жанып тұр еді. Қыблаға қарап отырдым. Сол кезде менде халдер пайда болып өзімнен кеттім. Қыбла тарапынан бір дуал көрдім. Дуал жарылып жасыл жабулармен безендірілген тақта бір мүбәрәк кісі отырған еді. Айналасында жиылған жамағаты болды. Ішінде Мұхаммед Баба Саммаси де бар еді. Тек қана оны танитын едім. Бұл кісілердің қайтыс болған осы жолдың ұлылары екендігін түсіндім. Бірақ күрсінің үстінде отырған кім екен деп ойлап отырғанымда жамағаттан бірі маған былай деді: “Күрсідегі мүбәрәк кісі хазреті Хадже Абдулхалиқ Ғиждуани. Айналасындағы жамағат оның халифалары (шәкірттері): Хадже Ахмет Сыддық, Хадже Әулийа Гулан, Хадже Ариф Риуәгери, Хадже Мұхаммед Инжирфағнауи, Хадже Әли Рамитани” Соңында ұстазым Мұхаммед Баба Саммасиді көрсетіп: “Оны сен тірі кезінде көрдің, ол сенің шайхың (ұстазың). Саған тәж берді, оны таныдың ба?” деді. “Иә ұстазымды таныдым бірақ қалдырған тәждің қайда екендігін білмеймін” дедім. “Ол сенің үйіңде. Оны саған кереметі ретінде берген еді, бір бәле келетін болса оның берекесімен бәле жойылатын еді.” деп сүйіншіледі. Жамағаттан бірі маған былай деп дауыстады: “Мұқият тыңда қазір саған хазреті Абдулхалиқ Ғиждуани насихат айтады! Ол насихаттан басқа нәрсемен Хақ жолында ілгерілеу мүмкін емес.” Хадже Абдулхалиқ Ғиждуани хазреттің қолын сүю үшін рұқсат сұрадым. Рұқсат беріліп орнымнан тұрып жақындадым. Сәлем беріп әдеппен қолын сүйдім. Кейін құзырында әдеппен түрегеп тұрдым. Тасаууфта ілгерілеу жөнінде былай деді: “Қабірлердің басындағы шамдардың саған әлсіз жарығымен көрінуі сенің бұл жолда қабілет иесі екендігіңнің белгісі. Бірақ қабілетіңді жандандыру үшін шамның пілігіндей оны да қозғау керек. Хақтың жасырын сырлары саған ашық болсын. Барлық жағдайда дініміздің жолымен жүру, азимет (ауыр) үкімдермен және сүннәти сәнийа бойынша жүру керек. Бұйрықтармен тыйымдарды орындау барысында истиқамат (әһли сүннет) жолымен жүресің. Бидғаттардан, пайғамбарымыз және сахабалары заманында болмай кейіннен шығып ғибадат ретінде жасалған нәрселерден және рұқсат (жеңіл) үкімдермен амал етуден ұзақ боласың. Хадис шәрифтерді үйреніп амал етесің.” Кейін жамағаттан маған былай бұйырылды: “Ертең Нәсәф тарапына барасың. Сәйид Әмир Кулалдың қызметінде боласың. Ол жаққа барар жолда қарт кісіге жолығасың. Ол саған ыстық шелпек береді. Нанды ал, бірақ ол кісімен сөйлеспе. Одан кейін жолда бір керуенге, кейін атты адамға кезігесің, ол адам сенің алдыңда тәубе етеді. Сен үйіңдегі мүбәрәк тәжді хазреті Әмир Кулалға алып бар.”

Бұл айтылғандардан кейін мендегі хал кетіп бұрынға халіме келдім. Дереу мазараттан шығып Зәйуартун тарапына кеттім. Үйіме барып маған қалдырылған тәжді сұрадым. Тәжді алып кигенімде халім өзгерді. Ерекше, өзгеше халдер қаптады. Тәжді алып жолға шықтым. Таң намазы уақытында Мәуләна Шәмсәддиннің мешітіне жеттім. Таң намазын сол жерде оқып ол күні Әйнә деген ауылда қонақтадым. Ертеңіне күн шығарда Нәсәф тарапына қарай беттедім. Жолда айтылғанындай бір қарт кісіге жолықтым. Маған нан берді. Нанды алып ешнәрсе айтпай жүріп кеттім. Кейін керуенге кезіктім. Керуен басшысы “Ей жігіт қайдан келе жатсың?” деді. “Әйнә ауылынан” дедім. Жолға қашан шыққанымды сұрағанында “таң атарда” дедім. Керуенмен сәске уақытында кезіккен едім. Олар менің бұл сөзіме қайран қалып “Әйнә ауылынан бұл жерге дейін төрт фәрсах, шамамен 24 км қашықтықта, таң атарда шыққанның өзінде ең ерте екіндіден кейін жетуге болады” деді. Керуеннен де өткеннен кейін атты адамға кезіктім. Маған “Сен кімсің? Сені көргенде ішіме қорқыныш ұялады” деді. “Сен менің алдымда тәубе етесің, мен сол үшін келген адаммын” дедім. Атты адам қасыма келіп тәубе етті. Шарап артқан аты бар еді. Атының үстіндегі шараптарды жерге төкті. Оны да өтіп ары қарай жүріп кеттім. Нәсәф маңындағы бір ауылға келдім. Сәйид Әмир Кулалдың сонда екенін білдім. Мүбәрәк тәжді ұсынғанымда бір мезет үнсіз тұрып “бұл тәж Хаджеган жолының үлкендеріне тән болған тәжі” деп бұйырды. “Иә ұстаз” дедім. “Бұл тәжді алуда екі шарт бар. Бірінші шарт мұны қорғау. Екінші шарт тәжіге ие болудың талаптарын орындау. Бұл екі шарт Хаджеганның жолында жүру және бізге қызмет етуден тұрады. Осы шарттарды мойныма алып тәжді қабыл еттім.” деп бұйырды.»

 

Шахи Нақшибәнд Бахауддин Бұхари иршад кеңістігін безендірген жұлдыздай жарқырап жетілді. Ілімімен марифаты ұшы-қиыры жоқ теңіздей мол болды. Қай жерде болмасын, надандықтың тұмшасында тұншыққан елді нұрымен сәулелендіріп, кірбің түскен көңілге медет беретін таусылмас қазына еді. Адамдарға абыройының асқақтығын дәлелдейтін көптеген нышандар көрсетті. Өлі жүректерді тірілтті. Рухтарға қуат беріп жандандырды. Көптеген кереметтері көрінді. Шығыс пен батыстың жүрегіне қуаныш ұялатты. Патшалар мен сұлтандар оның алдында әдеппен отырды, сәлем беріп, дұға сұрап келіп жатты. Шөлдегі жыртқыш жануарлар да жәрдем сұрап келді. . Хазреті Әмир Кулал қайтыс болғаннан кейін адамдарға тура жолды көрсетіп, шәкірт жетілдірді. Оның бірнеше сандық кітаптарды толтыратын кереметтерімен оқиғаларының бір қатары төменде келтірілді:

 

Шәкірттерінен Әмір Хусейн былай дейді: «Менің үйім Қасри Арифанда еді. Жиырма жасқа дейін егіншілікпен айналыстым. Намаз оқу, құлшылық етуден алшақ едім. Тек қана ішіп-жеу, жатудан басқа ісім жоқ. Жастық шақтың азғындығы, надандығы ішінде жүрген едім. Бахауддин Бұхари хазрет мешітке барар жолда, келер жолда да мені көргенде маған күлімдеп қарайтын. Бір күні хазреті Бахауддин Бұхариді түсімде көрдім. Мүбәрәк қолындағы айнасын маған берді. Айнаға қарағанымда, өзімді көрдім. Оянғанда өзімді басқа бір халдер қаптай бастады. Сол сәтте Бахауддин Бұхари хазреттің үйіне жетуге асықтым. Мені көргенде:

- Айнаны саған кім берді?-деп сұрады.

- Сіз бердіңіз.

- Неліктен намаз оқымай, Құран кәрім оқымай жүрсің?

- Құран кәрім оқуды білмеймін.

- Мен саған намазды да, Құран кәрімді де үйретемін,- деді.

Сол күннен бастап мені оқытып, тәрбиеге салды. Сансыз ихсан мен ниғметтерге қауыштырды.»

 

Бахауддин Бұхари пайғамбарымыздың сүннетіне толық мойынсұнатын еді. Расулуллах алейһиссаламның жасаған әрбір сүннетін орындауға тырысатын. Пайғамбарымыз бір күні сахабаларымен бірге нан пісірген екен. Расулуллаһ алейһиссалам мүбәрәк қолдарымен бір бөлік қамыр алып, тандырға салады. Біраз уақыттан кейін қараса, сахабалардың салған қамырлары пісіп, пайғамбарымыздың салған қамыры піспей, салынған күйінше қалады. Сондағы от пайғамбарымыздың мүбәрәк қолы тиген қамырға жанаса алмаған, әсер ете алмаған екен. Хазреті Бахауддин Бұхари де Расулуллаһ алейһиссаламның сүннетіне мойынсұну үшін, шәкірттерімен бірге нан пісіреді. Шәкірттерінің салған нандары пісіп, Бахауддин Бұхари хазреттің салған қамыры сол күйінше тұрады. Оның да мүбәрәк қолдары тиген қамырға от әсерін тигізе алмайды. Пайғамбарымызға деген мойынсұну дәрежесі осыншалықты үстем еді. Хазреті Имам Раббани де: «Әрбір ісінде пайғамбарымызға мойынсұнған адамға, оның кемелдігінен тиетін мол үлес бар» деп бұйырған.

 

Хазреті Бахауддин Бұхари Бұхара қаласының маңындағы бір ауылға барып, Шайх Хусрәу деген кісінің үйінде қонақтайды. Үй иесі кешкісін ауылдағы бүкіл ғалымдар мен үлкендерді үйіне шақырады. Барлығы тамақтанып болған соң, хазреті Бахауддин үй иесіне: «Есіктің алдында тұрған кім?»,- дейді. Есікті ашып қараса, қолында бір ыдыста алмұрты бар сол ауылдан Жүсіп атты кісі екен. Рұқсат алып ішке кіреді де ыдыстағы алмұртты Бахауддин Бұхаридің алдына қояды. Хазреті Бахауддин:

-         Бұл алмұрттарды қайдан алдың?,- дейді. Әлгі кісі алған жерін айтады. Хазреті Бахауддин біраз үнсіз тұрып кейін үй иесіне:

-         Мына алмұрттарды үлкен ыдысқа салып әкел!,- дейді. Үй иесі үлкен ыдысқа салып ортаға қояды. Хазреті Бахауддин Бұхари алмұрттардың ішінен біреуін алып Жүсіпке береді де қалғандарын отырғандарға таратуын әмір етеді. Алмұрт таратылып болған соң:

-         Ешкім алмұртын жемесін! Күтсін!,- дейді. Кейін Жүсіпке қарап:

-         Алмұрттарды қандай мақсатпен әкелдің?

-         Мырзам, ауылымызға кәшф және керемет иесі әулие келді дегенде, мен де сізді көру, сізбен жүздесу абыройына ие болу үшін алмұрт сатып алып, сізге сыйға тартуға келдім. Бірақ, әдепсіздік жасадым, бір алмұртқа белгі салып, ең астына қойдым да, бұл кісі әулие болса, осы алмұртты тауып берсін деп ойладым.

-         Олай болса, қолыңдағы алмұртқа қара!

-         Расында, дәл өзі, мырзам!,- дейді. Сонда хазреті Бахауддин:

-         Аллаһу та’аланың әулие құлын сынау дұрыс емес. Бірақ белгілеген алмұртыңды саған бермегенде, бізден алыстап, зиянға ұшырайтын едің. Расулуллаһ алейһиссаламның білдірген жолымен жүрген кісіні сынаудың қажеті жоқ,- дейді. Алмұртты әкелген кісі істеген ісіне өкініп, хазреті Бахауддин Бұхариден кешірім сұрайды.

 

Шәкірттерінің бірі былай дейді:

Қасри Арифанда бір бақша ектім. Суару уақыты келіп, бірақ су келмеген соң, бақшаны суара алмадым. Хадже хазрет сол күндерде бақшама келіп:

-         Бақшаңды суаратын кез келіпті,-деді.

-         Мырзам, бірақ су тоқтап тұр.

-         Жер мен көктерді жаратқан, саған су беруге де құдіретті. Сен су келетін жолдарды аш!,- деді. Мен дереу су жолдарын аштым. Сөйтіп таңға дейін күттім. Таңға жуық су келіп, бақшамды суарып алдым. Тіпті азғантай пияз бен сарымсақтарыма шейін суардым. Кейін су тоқтады. Тауға жаңбыр жауған екен деп ойлап, өзен жаққа барып қарасам, еш қандай судың ізін көрмедім. Шынында да, бұл судың қайдан келгенін түсіне алмадым. Сосын Хадже хазретіне бардым.

-         Бақшаңды суардың ба?- деді.

-         Иә, суардым.

-         Су тоқтағаннан кейін не істедің?

-         Өзен аңғарына барып қарасам, құп-құрғақ екен, судың қайдан келгенін түсіне алмай, таң қалдым.

-         Мұны сен ғана көрдің, ешкімге айтушы болма,-деді.

 

Тағы бір шәкірті былай дейді: Шахи Нақшибәнд бір күні біздің үйге келіп үйімізіді нұрға бөледі. Қатты қуанған едім. Базардан бір қап ұн әкелдім. Шахи Нақшибәнд ұнға қарап «Бұл ұнды бала-шағаңмен жеңдер, бірақ оның сырын ешкімге айтпаңдар» деп бұйырды. Ұстазымыз біршама шәкірттерімен екі айдай біздің үйде болды. Бала-шаға, ағайын-туыс бәріміз тіпті Шахи Нақшибәнд кеткеннен кейін де ұзақ уақыт осы қаптағы ұннан жедік. Ұн әлі де алғаш алған күнгідей бір қалпы тұрды, мүлдем азаймады. Кейін хазреті Бахауддин Бұхаридің айтқан мүбәрәк сөздерін ұмытып, бұл сырды бала-шағама айтып қойдым. Сол күннен бастап ұнның берекесі тоқтап, ұн азайып таусылды.

 

Бір шәкірті: «Хадже хазіреттің сұхбатына қатысу мәртебесіне қауышқан алғашқы күндерімде үлкен шәкірттерінің арасынан Шайх Шади маған көптеген насихат беріп, ұстазға деген әдеп, құрмет жайында айтып берген еді. Солардың бірі: Ұстазымыз хазреті Бахауддиннің үйі жағына қарай ешқайсымыз аяғымызды созбаймыз!- деген еді. Арадан көп уақыт өтіп, бірде күннің аптаған ыстығында Ғазйуттан ұстазымызды зиярат ету үшін Қасри Арифанға қарай жолға шықтым. Жолда бір ағаштың көлеңкесінде біраз дем алайын деп жатқанымда, бір жануар келіп, аяғымнан екі рет қатты тепті. Орнымнан атып тұрдым, аяғым қатты ауырып жатқан еді. Қайтадан қисайып жатқанымда, жаңағы жануар келіп, тағы да теуіп кетті. Содан жиналып отырып, себебін ойлай бастадым. Сонда Шайх Шадидің айтқан насихаты есіме түсіп, аяқтарымды ұстазымның үйі тарапына Қасри Арифанға қарай созып жатқанымды түсіндім.»

 

Бір кездері Қыпшақ шөлінің әскерлері Бұхараны қоршап алады. Бұхаралықтар өте ауыр күндерді бастан кешіреді. Көптеген адамдар өледі. Бұхараның әміршісі өзінің адамдарын хазреті Бахауддинге жіберіп: «Дұшпанға қарсы күресетін күшіміз қалмады. Жоспарларымыз бұзылды. Сіздің босағаңызға сыйынудан басқа амалымыз қалмады. Бізді бұл залымдардан сіз ғана құтқара аласыз. Мұсылмандардың бұл залымдардан құтылуы үшін Аллаһу та’алаға дұға етіңіз, жалбарыныңыз. Мүбәрәк дұғаңызбен, жәрдеміңізді беріңіз»,- деп өтінеді. Хазреті Бахауддин: «Бүгін түнде Аллаһу та’алаға жалбарынамыз. Не де болса Аллаһу та’аладан күтеміз»,- дейді. Таң атқанда оларға: «Алты күннен кейін бұл бәледен құтыласыңдар, әмірлеріңе осылай деп сүйінші айтыңдар!»,- дейді. Бұхаралықтар мұндай хабарға өте қатты қуанады. Хадже хареттің айтқанындай, алты күннен соң дұшпан әскерлері қаланы қоршаудан босатады.

 

Бір күні Шахи Нақшибәнд Ғазйут деген жерге барады. Шәкірттерінің біреуі тамақ әкеледі. Хазреті Шахи Нақшибәнд былай дейді: «Бұл қамырды илеген және тамақты пісірген адам, басынан аяғына дейін ашуға булығып пісірген екен. Біз бұл тамақтан жемейміз. Өйткені бұлай жасалған тамақтан ешқандай қайыр, береке болмайды. Бәлкім тамақ жасағанда жанында шайтан болған болар. Мұндай тамақты қалайша жей аламыз?! Пісірілген ас, дайындалған азық қандай да болса, не де болса ашу үстінде немесе қызбалықпен дайындалатын болса, ондай тағамнан қайыр, береке болмайды. Өйткені оған нәпіспен мен шайтан араласады. Мұндай тамақты жеген адамнан міндетті түрде жаман әрекет, жаман нәтиже шығады. Ғафлетсіз жасалған және Аллаһу та’аланы ойлап желінген халал және таза астан жақсы амалдар, дұрыс нәтижелер шығады. Адамдардың жақсы және салих амалдар жасай алмауының себебі ішіп-жеудегі осы мәселеге мән бермеуінің, немқұрайлы қарауының кесірі. Қандай жағдай болса да әсіресе намазды хушу және худумен (ықыласпен), беріліп оқи алу халал азық жеуге және тағамды Аллаһу та’аланы еске алып пісіру және тамақты Аллаһу та’аланың құзырында отырғандай болып жеуге байланысты. Денесіне харам азық араласқан адам намазының ләззатын ала алмайды.»     

Бір күні хазреті Бахауддин Бұхари өзен жағасындағы Шайх Сәйфуддин атты кісінің қабірі маңында жиылған жамағатқа сұхбат өтеді. Ол жамағаттың бір бөлігі Бахауддин Бұхаридің тасаууфтағы биік дәрежесін білмейтін. Әулиелердің халдері туралы айтылады. Ұзаққа созылған бұл сұхбатта, әулиелердің мәшһүрларынан Шайх Сәйфуддин мен Шайх Хасан Бұлғаридің арасындағы өткен кереметтері айтылады. Ішінен біреуі: «Бұрындары әулиелердің кереметі көп болған. Ал бұл заманымызда ондай әһли керемет әулиелер бар мекен?»,- дегенде хазреті Бахауддин Бұхари: «Бұл заманда ондай кісілер бар, анау өзенге кері қарай ақ десе, кері қарай ағады.» Бұл сөздер Бахауддин Бұхаридің мүбәрәк аузынан шығар-шықпастан алдарында ағып тұрған өзен кері қарай аға бастайды. Сонда хазреті Бахауддин Бұхари: «Ей су! Мен саған кері қарай ақ деп айтпадым ғой!»,- деп бұйырғанда, өзен қайта қалпына түсіп, төмен қарай аға бастайды. Бұл кереметіне куә болған көп кісілер Бахауддин Бұхари хазреттің ұлылығын түсініп, оған шәкірт болып бақытқа қауышады.

 

Бір күні хазреті Бахауддин Бұхариге біреу әдепсіздік етеді. Хазреті Нақшибәнд өзіне қарсы әдепсіздік танытқан кісіге еш ашуланбай, күлімдеп қана қояды. Бірақ әдепсіздік жасаған адам үлкен бір дертке шалдығып, өлердей халге түседі. Қателігін түсініп, тәубе етеді. Хазреті Бахауддин бір күні ол кісінің үйінің жанынан өтіп бара жатып, ішке кіріп хал-жағдайын сұрайды: «Аллаһу та’ала - шипа беруші, қорықпа жақсы болып кетесің» дейді. Ол кісі орнынан түрегеліп: «Мырзам сізге қарсы әдепсіздік еттім, сізді ренжіттім, мені кешіріңіз» дейді. Сонда хазреті Бахауддин Бұхари: «Жүрегіміз ол кезде жабырқағанымен, қазір көңіл айнамыз құлан таза. Есіңде болсын, мүршидтер – қынынан шыққан өткір қылыш. Алайда мүршидтер өте рақымды болғандықтан ешкімге қылышын сермемейді. Бәле іздеген бетбақтар өздері келіп қылышқа ұрылады.

 

Хазреті Бахауддин Бұхари бір сұхбатында былай дейді: «Біздің жолымызда жүрген адамдардың мына төмендегі әдептерді сақтаулары тиіс:

1. Аллаһу та’алаға алдындағы әдеп: яғни адамның іші мен сырты толық құлшылық ішінде болуы керек. Аллаһу та’аланың бүкіл әмірлерін орындап, тыйымдарынан сақтануы керек. Аллаһу та’аладан басқа барлық нәрсені, яғни масиуаны тәрк етуі керек.

2. Расулуллаһ алейһиссаламның алдындағы әдеп: бұл да іс-әрекеттерде және халдерде оған толық мойынсұну деген сөз.

3. Ұстазының алдындағы әдеп: Ұстазына құрметте кемшілікке жол бермеу керек. Өйткені шәкірттің пайғамбарымызға мойынсұнуына ұстазы себепші болады. Сондықтан да ұстазын ешқашанда ұмытпауы керек.»

 

Ғалымдардың бірі хазреті Бахауддин Бұхаридің шәкірттерінің бір тобымен Иракка барады. Оның айтып бергенінен үзінді: «Жолда Семнан қаласына келгенде, бұл жерде Сәйид Махмуд деген мүбәрәк кісінің бар екенін және ұстазымызды жақсы көретіндердің бірі екендігін естідік. Бәріміз онымен көрісіп, ұстазымызға деген сүйіспеншілігінің себебін сұрадық. Ол «Түсімде Расулуллаһ алейһиссаламды көрдім. Айналасы өте әдемі еді. Қасында айбынды, нұр жүзді кісі болды. Пайғамбарымызға қарапайымдылықпен, әдеппен жақындап: “Сұхбатыңызға қатысу құрметіне бөлене алмадым, берекелі заманыңызда қасыңызда бола алмадым, осындай теңдесі жоқ бақытты жіберіп алдым, енді не істесем болады?” дедім. Сонда маған: “Берекеме және мені көру мәртебесіне қауышқың келсе, Бахауддинге мойынсұн!” деп бұйырып жанындағы мүбәрәк кісіге ишарат етті. Одан бұрын Бахауддин Бұхариді көрмеген едім. Оянғанымда есімін, жүзінің сипатын бір кітаптың үстіне жазып қойдым. Біршама уақыт өтіп, бір күні мата дүкенінде отырғанымда, нұр жүзді бір кісіні көрдім. Сол дүкенге келіп ол да отырды. Жүзін көрген бойда түсімдегі кісі есіме түсіп, менде бірден ерекше халдер, өзгерістер көріне бастады. Ойымды жинақтадым да үйіме келуін, қонақ болып бізді қуантуын өтіндім. Шақыруымды қабылдап біздің үйге қарай беттедік. Ол алда, мен артта жүріп келдік. Біздің үйге жеткенше артына бұрылып қарамады. Одан көрген алғаш кереметім осы болды. Өйткені ол біздің үйдің қайда екенін білмейтін. Тура біздің үйге алып келді. Кейін кітаптарым тұған бөлмеме кірді. Көптеген кітаптарымның ішінен бір кітапты алды да маған беріп: «Мына кітаптың үстіне не жаздың?» деді. Осыдан жеті жыл бұрын көрген түсімді жазып қойған едім. Осы кереметінің алғаш сәтінде-ақ ішімде таңғажайып халдер пайда болды. Есімді жиғанымда маған жаны ашып шәкірттікке қабылдады.»

 

Хазреті Алауиддин Аттар былай дейді:

"Хазреті Бахауддин Бұхари өмірінің соңғы күндерінде маған қабірін қазуды бұйырды. Қабірін қазып болғаннан кейін жанына бардым. Сол кезде  "Өзінен кейінгі иршад (тура жолды көрсету) әмірін кімге береді екен" деген ой келді. Сонда мүбәрәк басын көтеріп: «Айтар сөзімді Хижаздағы сапарымда айтқан болатынмын. Кімде кім біз қайтыс болғаннан кейін бізге шәкірт болуды қаласа, Хадже Мұхаммед Парисаға жүгінсін»,- деп бұйырды. Ертеңіне дүниеден озды.

Хазреті Бахауддин Бұхаридің қайтыс боларында Ясин шәрифті оқып отырдық. Ол да бізбен бірге оқып жатты. Жартысына жеткенде айнала нұрға толып, кәлима таухидті айтып, дүниеден озды.»

Хадже Бахауддин Бұхари Қасри Арифанда жерленеді. Шәкірттері қабірінің үстіне көркем кесене орнатады. Кейіннен кесененің қасына кең көлемді мешіт салынды. Келген патшалар мешіттің күтімімен қажеттілігі үшін қорлар ашып, ол жердің мәртебесін білдіріп қамқорлық танытты. Нақшибәнд хазіретіне деген құрмет, сүйіспеншілік бүгінгі таңға дейін жалғасын тауып, зиярат етіліп мүбәрәк рухының құрметіне деп адамдар Аллаһу та’алаға дұға етуде.

 

 

 

1))Мақамати Мухаммәд Бахауддин Нақшибәнд (Сәлахуддин ибни Мубарек әл-Бұхари)

2))     Рәшахат, 78-бет.

3)     Хадиқатул Әулийа, 44-бет.

4)     Жами-у Кәраматил-Әулийа 1-т, 144-бет.

5)Там Илмихал Сәадәти Әбәдийа, 990-бет.

6)     Мужәмул-Муәллифин

7)     Қамусул-А’лам, 2-т, 1412-бет.

8)     Хадаиқул-Уәрдийа, 125-бет.

9)     Мәктубат (Имам Раббани), 3-т, 123-Мәктуб

10)  Нәфәһатул-Унс, 418-бет.

11)  “Rehber” энциклопедиясы 16-т, 33-бет.

12)  Ислам мәшһүрлары энциклопедиясы, 1-т, 439-459 бет.

13) Ислам ғалымдары энциклопедиясы, 10-т, 16-55 бет.