18 - Шәууал, 1445 жыл.
     27 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Қиямет және Ахирет" кітабы / УАҺҺАБИЛІКТІҢ БАСТАЛУЫ ЖӘНЕ ЖАЙЫЛУЫ (3)

УАҺҺАБИЛІКТІҢ БАСТАЛУЫ ЖӘНЕ ЖАЙЫЛУЫ (3)

38) 1210 [м.1796] жылы Әһли сүннет ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та'ала) уаһһабилерді жауап бере алмайтын жағдайға түсіргеннен соң, олай қисық сенудің мұсылмандықтан өзгеше жол екендігін, Ислам дұшпандарының және британдықтардың Ислам дінін іштен құлату үшін арамдықпен құрған тұзағы екендігін көрсететін аяти карималар мен хадис шәрифтер жазылып, Меккедегі Ислам ғалымдары қол қойды. Тәубе еткен үш уаһһаби де бұл құжатқа куә болды. Бұл құжат барлық мұсылман елдерге жолданды.

Меккедегі уаһһаби дін адамдары Дәрийяға қайтып, Абдулазизға барып, мат болғандарын, олай сенудің Исламға дұшпандық екендігі жазылып, жан-жаққа жіберілгенін айтты. Абдулазиз бин Мұхаммед бин Сауд және адамдары бұларды естігенде Әһли сүннетке өшпенділігі арта түсті. 1215 жылы Меккеге шабуылдады. Мекке әмірі шәриф Ғалиб бин Мусаид бин Саид оларға қарсы тұрды. Екі жақтан да өте көп қан төгілді. Шәриф Ғалиб оларды Меккеге кіргізбеді. Мекке айналасындағы араб тайпалары уаһһаби болды. Абдулазиздың ұлы Сауд 1217 жылы екі айттың арасында Таиф қаласына әскер жіберді.

Таифтағы мұсылмандарға көрсетілген зұлымдықтар және әйелдер мен балалардың жабайылықпен өлтірілгені Ахмед бин Дахланның «Хуласат-ул кәлам» кітабында және Әйюб Сабри Пашаның (рахимә-һумуллаһу та'ала) 1296 [м.1879] жылы басылған «Тарих-и Уаһһабиан» мен «Мират-ул-Харамәйн» кітаптарында кеңінен баяндалған. Жүрегі шыдай алатындар сол жақтан оқи алады. «Хуласат-ул-кәлам» 1395 [м.1975] жылы Стамбұлда басылған.

Таифқа кірген кездерінде әйелдерге, балаларға және бүкіл халыққа жасаған зорлық-зомбылықтары Осман-ул-Мудайықи деген бір Ислам дұшпаны, азғын уаһһабидің бұйрығымен жасалды. Ол адам Мухсин есімді біреумен бірге шәриф Ғалиб тарапынан Дәрийяға жіберілген болатын. Мәдинаға кірулерінің және мұсылмандарға қорлық көрсетулерінің алдын алу үшін әуелгі келісімді жаңартуға тырыспақшы еді. Бірақ ол екі жүзді мунафық, шәриф Ғалибтың қасында тыңшылық жасап жүрген еді. Жолда досы Мухсинді көп нәрселер уәде етіп алдады. Дәрийяға келгенде Сауд бин Абдулазизға бәрін жеткізді. Сауд олардың сенімді құл екендігін түсінгенде Дәрийя қарақшыларын олардың қоластына беріп, «Таиф» маңындағы «Абилә» деген жерге барды. Шәриф Ғалибқа хат жазып, Сауд та, олар да әуелгі келісімді мойындамайтындарын және Саудтың Меккені жаулауға дайындалып жатқанын айтты. Шәриф Ғалиб жауап жазып, жылы сөзбен насихат айтқан болса да, Ислам дұшпаны болған ол азғын хаттарды жыртып тастады. Әмір жіберген мұсылмандарға шабуылдап, қырып тастады. Шәриф Ғалиб Таиф қамалына шегініп, қорғаныс шараларына кірісті. Ол азғын уаһһаби 1217 [м.1802] жылының шәууәл айының соңында Таифқа жақын орналасқан «Мәлис» деген жерде ордасын құрды. Одан асқан тас жүрек және көңілі Ислам дұшпандығына толған «Бишә» әмірі Салим бин Шәкбан есімді оңбағанды да көмекке шақырды. Салимның қарамағында жиырма шақты шөл шайхы және әр шайхтың қасында бес жүз шақты уаһһаби қарақшысы бар еді. Салимның қоластында одан бөлек тағы мың адам бар еді.

Шәриф Ғалиб (рахметуллаһи алейһ) таифтықтармен бірге Мәлистегі қарақшыларға қайсарлықпен шабуылдады. Салим бин Шәкбанның мың бес жүз қарақшысын қылыштан өткізді. Салим мен қасында қалғандары қашып кетті. Бірақ, жиналып келіп, Мәлис деген жерді басып алды. Халықтың мал-мүлкін тонады. Шәриф Ғалиб көмек алу үшін Жиддаға кетті. Таифтықтар қорқып, көбісі бала-шағасын алып, қаладан тығылып қашты. Қамалда қалған Таифтықтар бірінен соң бірі келіп тұрған уаһһабилерге тойтарыс беріп қуған болса да, дұшпанға жәрдемшілер келгендіктен, қамалға ақ байрақ асты. Жанға және намысқа тиіспеу шартымен бағынатындарын мәлімдеді. Ол күні дұшпаннан да көп адам өліп, тарай бастаған еді. Келісу үшін таифтықтар жіберген оңбаған және қаны бұзық адам, дұшпанның қашқанын көре тұра, арттарынан айқайлай бастады: «Шәриф Ғалиб сендерден қорқып қашты. Таиф халқы да төтеп бере алатын жағдайда емес. Қамалды сендерге беріп, кешірім сұрап жатқандығын жеткізу үшін мені жіберді. Мен сендерді жақсы көремін. Кері қайтыңдар. Осыншама қандарың төгілді. Таифты жауламастан қайтып кетулерің обал-ғой. Сендерге ант етіп айтамын, таифтықтар қамалды бірден бере салады. Бүкіл талаптарыңды қабылдайды» деді. Таифтың осылай бостан-бос уаһһабилердің қолына өтуі шәриф Ғалибтың қателігі болды. Ол Таифта қалғанда мұсылмандардың басына бұл пәлекет келмес еді. «Сатқындар қорқақ болады» қағидасы бойынша уаһһабилер бұл сөздерге сене алмады. Бірақ, қамал үстінде ақ байрақ желбірегенін көріп, мән-жайды толық түсіну үшін қамалға адамдарын жіберді. Таифтықтар адамды жіппен қамалға тартып шығарды. Ол «Бағынатын болсаңдар, жандарыңды аман алып қалу үшін бүкіл мал-мүліктеріңді мұнда жинаңдар» деді. Ибраһим есімді мұсылманның бұйрығымен заттар әкелінді. «Бұл аз, мұндай аз мал-мүлікпен кешірімге лайықты бола алмайсыңдар. Тағы әкеліңдер» деді. Бір дәптер беріп, «Мал-мүлкін бермегендердің есімін мұнда жазыңдар! Еркектерің қалаған жағына кете берсін. Әйелдерің мен балаларың шынжырға байланады» деді. Жазаны сәл жеңілдетуін сұрап қанша жалынса да, уаһһаби азғындығы мен қаталдығын арттыра берді. Ибраһим бұған шыдай алмай, оны көкрегіне таспен бір ұрып өлтірді. Осыған орай уаһһабилер қамалға шабуыл жасады. Осылайша, қамал дуалы оқ пен зеңбіректен құтылды. Уаһһабилер темірлермен есіктерді бұзып, ішке кірді. Алдынан шыққандарын еркек, әйел, бала деп ажыратпастан, бәрін өлтірді. Тіпті бесіктегі бөпелерді де сойып тастады. Көшелерде қан өзендей ақты. Үйлерді басып, барлық жерді жайпап тастады. Күн батқанға дейін азғындап, құтырды. Қамалдың шығыс жағындағы тас үйлерге кіре алмады. Бірақ, оқ жаудырды. Араларынан бір оңбаған «Сендерді кешірдік. Бала-шағаларыңды алып, қалаған жерлеріңе кете беріңдер» деп айқайлады. Кетпекші болып жолға шыққандарды бір төбешікте жинады. Олардың көбісі әйелдер мен балалар еді. Оларды қоршап алып, он екі күн бойы аш және сусыз қалдырды. Олардың әрқайсысы таза жанұяда тәрбие көріп жетілдірілген мұсылмандар еді. Оларды сөзбен, таяқпен және таспен ұрып азаптады. Жеке-жеке шақырып, мал-мүліктерін сақтаған жерлерін сұрап ұратын еді. Мейірім сұрап жалынғандарға «Өлім күндерің жақын» дейтін еді.

[Әйюб Сабри паша 1308 м.1890 жылы қайтыс болды.]

Ибн Шәкбан тас үйлерді он екі күн қыспаққа алып, ішке кіре алмаған соң «Үйінен шығып, қаруын тастағандар кешіріледі» деп сөз берді. Мұсылмандар бұл сөзге сеніп, үйден шықты. Ибн Шәкбан олардың қолдарын арқаларына байлап, төбеде тұтқындалған мұсылмандардың қасына жіберді. Осылайша, үш жүз алпыс жеті еркекпен бірге төбешікте күтіп тұрған әйелдер мен балаларды қылыштан өткізді (рахметуллаһи алейһим әжмаин). Шәһидтерді күндер бойы жануарларға жем қылды. Жыртқыш жануарлар мен құстар жесін деп он алты күн ашық қалдырды. Мұсылмандардың үйлерін басып алды. Мал-мүлік, киім, заттар, не бар болса бәрін жинап, қамал есігінің алдындағы майданға таудай үйіп жинады. Осы жиналғандардың және жинаған ақшаларының, алтындарының бестен бір бөлігін Саудқа жіберді. Қалғандарын араларында бөлісті. Сатқындардың және жауынның ағызып кеткендерінен аман қалып Әһли сүннеттің қолына түскен қырық мың риял алтын мен өте көп құнды заттардан он мың риялы әйелдер мен балаларға таратылды. Заттар базарда өте арзан бағаға сатылды.

Уаһһабилер кітапханалар, мешіттер және үйлерден жинаған Құран кәрім, тәфсир, хадис кітаптары мен әртүрлі діни кітаптарды жыртып, аяқасты етті. Құран кәрімдердің және діни кітаптардың алтынмен әшекейленген былғары мұқабаларынан аяқ киім жасап, лас аяқтарына киді. Аяқтарындағы кітап мұқабасынан жасалған аяқ киімдерінде аяти карималар және қасиетті жазбалар бар еді. Құнды кітаптардың парақтары жерге көп тасталғаны соншалық, Таиф көшелерінде басатын жер қалмаған еді. Ибн Шәкбан Құран кәрімдерді жыртпауын әмір еткенімен, шөл даладан шапқыншылыққа жиналып келген уаһһаби қарақшылары Құран кәрімді танымағандықтан, қолдарына түскен Құран кітаптарының барлығын жыртып, бөлшектеп, шашып тастады. Үстінен таптап өтті. Үлкен Таиф қаласында тек қана үш Құран кәрім кітабы мен Бұхари кітабы бұл шапқыншылықтан аман қалды.

Мұғжиза: Шапқыншылық жасалған күндері ауа-райы тұрақты, тыныш еді. Мүлдем жел болмады. Қарақшылар кеткеннен кейін дауыл басталды. Жел жердегі Құран кәрім және әртүрлі діни кітаптардың парақтарының барлығын ұшырып алып кетті. Ұшқан қағаздардың қайда кеткендігі белгісіз қалды. Жерге бірде-бір қағаз түскені байқалмады.

Шәһидтердің денелері (рахметуллаһи алейһим әжмаин) әлгі төбеде он алты күн қалып, ыстықта шіри бастаған еді. Жан-жақты жағымсыз иіс қаптай бастады. Мұсылмандар Ибн Шәкбанға көп жалынды, күйініп жылады. Ақыр соңында рұқсат алып, екі үлкен шұңқыр қазды. Әкелерінің, аталарының, туыстарының, достарының, балаларының иістенген денелерін сол шұңқырға толтырып, көмді. Мәйіттердің арасында тануға болатын бүтін дене мүлдем жоқ еді. Кейбірлерінің жартысы, кейбірлерінің төрттен бірі қалған еді. Жыртқыш жануарлар мен құстар тасып, тастап кеткен адам бөлшектерінің иістері уаһһабилерді де мазалағандықтан, оларды жинауға да рұқсат берді. Мұсылмандар бүкіл айналадан іздеп, бәрін жинап шықты. Екі үлкен шұңқырға көмді.

Қарақшылардың шәһидтерді шіріп кеткенге дейін ашық қалдыруы мұсылмандардың өлілерін де қорлап, олардан өш алу үшін еді. Шумақ:

Көтерілудің себебі сол, құладым деп қайғырма,

Ғимаратты жөндейді ғой, тек қана қирағанда.

 

Мәйіттері ашық далада қалып, аңға-құсқа жем болған және шіріп иістенген шәһидтердің (рахметуллаһи алейһим әжмаин) Аллаһ алдындағы дәрежелері еселеніп артады.

Қарақшылар Таиф қаласындағы мұсылмандарды қылыштан өткізіп, заттарын, ақшаларын тонап бөліскеннен кейін айналаны аралап, сахабалардың, әулиелердің және ғалымдардың кесенелерін құлатып, жермен-жексен қылды. Сол күндерде сахабалардың ұлыларынан және пайғамбарымыздың ең қатты жақсы көргендерінің бірі Абдуллаһ ибн Аббас хазреттерінің қабірін ашып, мүбәрәк денесін шығарып, өртемекші болды, бірақ жерді қазбақшы болып алғаш күрек батырғанында айналаға жайылған хош иістен шошып кетті. «Бұл қабірде үлкен шайтан бар. Жер қазып уақыт өткізбейік. Динамитпен жарып жіберейік» десті. Көп мөлшерде оқ-дәрі алып келді. Қанша тырысса да, оқ-дәрі тұтанбады. Оқ-дәрі тұтанбағанынан бәрі сасып қалды. Осылайша бұл мүбәрәк қабір бірнеше жыл тегіс жер күйінде қалды. Кейіннен сәйид Ясин мырза үстін көрнекті етіп көтеріп, бұл қабірдің ұмытылып кетуінің алдын алды.

Сәйид Абдулхади және тағы көптеген әулиелердің (рахимәһумуллаһу та'ала) де қабірлерін қазбақшы болды, бірақ олардың әрқайсысы керемет көрсетіп, зиян тигізулеріне мүмкіндік бермеді. Осындай тосқауылдар шыққаннан соң олар бұл жаман ойларынан бастартты.

Осман Мудайықи мен Ибн Шәкбан малғұндары кесенелермен қатар мешіттер мен медреселерді де бұзуды әмір еткен еді. Әһли сүннет ғалымдарының ұлыларынан болған Ясин мырза «Жамағатпен намаз оқу үшін салынған мешіттерді неге бұзасыңдар? Егер Абдуллаһ ибн Аббастың (радиаллаһу анһума) қабірі орналасқандықтан бұзбақшы болсаңдар, оның қабірі – үлкен мешіттің сыртындағы кесенеде. Сондықтан, мешітті бұзуға қажеттілік жоқ» деді. Осман Мудайықи мен Ибн Шәкбан бұл сөзге жауап бере алмай қалды. Араларындағы Мату есімді дүмше «Күмәнді болған нәрселерді жою керек» деген ақымақша сөз айтты. Ясин мырза оған қарсы «Мешітте не күмәнің бар?» дегенінде жауап бере алмады. Ұзақ тыныштықтан кейін Осман Мудайықи «Екеуің айтқаныңды да істемеймін. Мешітке тиіспеңдер, кесенені бұзыңдар!» деген бұйрық берді.