7 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     10 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Мұсылманның қарнын тойдырудың құндылығы

Мұсылманның қарнын тойдырудың құндылығы

Ахмед Ибнул Жәббаб Жәййани хазрет – хадис және Малики фиқһ ғалымы. 246 (860) жылы Әндулусте (Испания) Жәййанда (Хаэн) дүниеге келді. Әндулусте оқуын бітірген соң Мекке, Йемен және Мысырға барып, үлкен ғалымдардан фиқһ пен хадис үйренді. Әндулуске қайтқан соң шәкірт жетілдірді. 322 (м.934) жылы Куртубада (Кордоба) қайтыс болды. Ол былай риуаят еткен:

Ауызашар берудің сауабы өте көп. Жолда ораза ұстаған бір адамға бір құрма немесе бір зәйтүн берсе де, ауызашар берудің сауабын алады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Кімде-кім бұл айда ораза ұстаған адамға ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Оған сол ораза ұстаған адамның сауабындай сауап беріледі» деді, сонда кейбір сахабалар ауызашар беретіндей жағдайлары жоқ екенін айтты. Пайғамбарымыз оларға жауап ретінде: «Бір құрмамен ауызашар бергенге де, тек сумен ғана ауыз ашқызғанға да, біраз сүт бергенге де осындай сауап беріледі» деді. Тағы хадис шәрифте: «Рамазанда жолаушыға ауызашар берген адамға Сырат көпірін өту оңай болады» делінген.

Ас беру үлкен сауап. Әсіресе ораза ұстаған адамға ас беру одан көп сауап. Ораза ұстаушының сауабындай сауап беріледі, ораза ұстаушының сауабы азаймайды. Пайғамбарымыз: «Рамазан айында ораза ұстаған бір адамға сумен ауыз ашқызған кісі анасынан туылған күніндегідей күнәсіз болады» деді, сонда сахабалар «Су аз және қымбат кезде ме?» деп сұрады. Оларға жауап ретінде: «Өзеннің жағасында берсе де бірдей» деді. Ас беруді ниғмет деп білу керек! Хадис шәрифте былай делінген:

«Амалдардың ең құндысы – мұсылманның кемшілігін жасыру, қарнын тойдыру және қажеттілігіне көмектесу арқылы оны қуанту». Достар мен жора-жолдастарға ас беру садақа беруден абзал.

Хазреті Әли (радиаллаһу анһ): «Достарыма берген бір наным кедейлерге берген бес наннан құндырақ. Достарыммен бірге жеген асым құлды азат етуден сауаптырақ» деген.

Асқа шақырғанда да, асқа барған кезде де тек қана Аллаһ разылығын ойлау керек! Күнә істелетін жерге шақырған болса, ондай жерге баруға болмайды. Кедейлердің шақырғанына бармай, байлардың дастарханына бару тәкәппарлыққа жатады. Өзінен төмен болғандарға барып көңіл аулау қарапайымдылықтың, кішіпейілдіктің белгісі. Үйлену тойы асына шақырылғанда бару сүннет, басқа жерлерге шақырылғанда бару мүстаһаб амал. Ал кейбір ғалымдар «Үйлену тойы асына бару уәжіп, басқаларына бару сүннет» деген.

Мұсылманның мұсылман мойнындағы бес хақысының бірі – қонаққа шақырғанда бару. Яғни шақыруын қабылдап, міндетті түрде бару. Хадис шәрифте: «Шақырылған жерге барыңдар» делінген.