12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Бір-бірлеріңмен тату болыңдар, араларыңа фитна кірмесін!

Бір-бірлеріңмен тату болыңдар, араларыңа фитна кірмесін!

Дінімізде өтірік айту харам, бірақ соғыста жауға қарсы халал. Тіпті кей кездері парыз болады. Мұсылмандарды зияннан құтқару үшін, дінді құтқару, исламның бір бұйрығын орындау үшін болса, сауап болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хадис шәрифте:

«Фитна ұйқыда, оны оятқан адамды Аллаһ лағнет етсін» деген.

Үлкен ислам ғалымы Хусейн Хилми бин Саид (қуддиса сиррух) бір уағызында былай деген:

Қазіргі заманда ең үлкен жиһад – фитнаға себеп болмау. Шәйх Сади Ширази хазрет «Гулистан» атты кітабында толықтай мінез-құлық туралы баяндаған. Сол жерде не жазғанын білесіз бе? «Фитна шығаратын шындық фитна шығармайтын өтіріктен әлдеқайда зиян». Сөз дұрыс, бірақ фитнаға себеп болады. Фитна шығармайтын өтірік сөз оншалықты зиянды емес. Бұл өте маңызды. Әсіресе дұшпандарға дұрыс сөйлегеннен гөрі мүлде сөйлемеу жақсырақ. Пайғамбарымыз иман келтірмеген бір тайпаның көсемін жылы сөзбен қарсы алды. Егер оған дөрекі сөйлесе, жәбірлесе, ол пайғамбарымызға ештеңе істей алмайтын еді, бірақ барған жерінде тайпасының арасындағы мұсылмандарды қорлайтын еді. Тек қана мұсылмандар қиналмасын деген оймен оған саясат қолданды.

Демек, әр сөзді айта бермейміз, алдымен ойланып, одан кейін сөйлеуіміз керек.

Мұсылмандардың алдында шын көңілмен күлімдеп, жылы сөз айтамыз, ал дұшпанға қарсы саясат қолданып, сыпайы көрінеміз, оларды да өзімізге дұшпан қылмаймыз. Өйткені сөз тартысу достың достығын азайтады, ал дұшпанның дұшпандығын арттырады.

Пайғамбарымыз алейһиссалам «Мудара, яғни дүниелікті беріп, ахиретті жақсарту үшін жіберілдім» деген.

Бір-бірлеріңмен тату болыңдар, араларыңа фитна кірмесін. Тарих бойынша қоғамдардың, мемлекеттердің бәрі іштен құлатылған. Фитна іштен шығады, сырттан келмейді. Біреу фитнаға себеп болатын бір сөз айтқан кезде кім оған «Доғар» десе, жүз шәһид сауабын алады. «Көп жақсылық жасаған ғой, соны айтпай, жасап қойған бір қатесін неге айтып отырсың?!» деп оны тоқтату керек.

Сахабалардың көбі қайтыс болғаннан кейін Мәдинада «Хурра оқиғасы» орын алды. Бүлікшілер бұл фитнада көп сахабаларды, табиинді шәһид етті. Язид үкімет басшысы болған кезде бұл оқиға орын алған. Язидтен кейін Уәлид зұлымдықты жалғастырды. Олар залым еді, зұлымдықтарымен аты шықты.

Пайғамбарымыз алейһиссалам «Фитна шыққан кезде үйлеріңнен көшеге шықпаңдар!» деген. Неліктен? Өйткені фитна сендерге де тиеді, тіпті өлімге дейін апаруы мүмкін. Фитнадан өте абай болып, қорқу керек...

Аллаһу та'ала біздерді фитнадан және бүлікшілерден қорғасын!