8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Исламның жайылуына қызмет ету

Исламның жайылуына қызмет ету

Сұрақ: Ислам діні дұрыс үйренілуі және сол білімдердің адамдарға жетуі тұрғысында ер-әйел барлық мұсылмандар жауапты ма?

Жауап: Бұл туралы Имам Раббани хазрет «Мәктубат» кітабының 1-ші томы, 193-ші хатында былай дейді:

«Қазіргі таңда мұсылмандар жалғыз қалды. Дін дұшпандары жан-жақтан тиісіп жатыр. Қазіргі кезде исламға қызмет ретінде бір теңге беру басқа уақытта берілген мың теңгеден сауаптырақ. Исламға жасалатын ең үлкен қызмет – Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарын алып, жастарға тарату. Бағы жанған қай адамға бұл қызмет нәсіп болса, сол қуансын, әбден шүкір етсін. Исламға қызмет ету әрдайым сауап. Бірақ ислам әлсіреп, өтіріктермен, жалалармен мұсылмандық жойылайын деп тұрған кезде әһли сүннет сенімін жаюға тырысу еселенген сауап болады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларына қарап айтқан:

«Сендер сондай заманда келдіңдер, Аллаһу та'аланың бұйрықтары мен тыйымдарының оннан тоғызын орындап, бірін орындамасаңдар, құрисыңдар, азапталасыңдар. Сендерден кейін сондай бір заман келеді, ол кезде бұйрықтар мен тыйымдардың тек оннан бірін ғана ұстанған адам құтылады».

Бұл хадис шәрифте айтылған уақыт – осы қазіргі заман. Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарын, сөздерін тарату үшін әулие болу, ғалым болу шарт емес. Әр мұсылманның осыны атқаруға атсалысуы қажет. Бұл мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Қияметте әр мұсылманнан осы сұралады. «Неліктен исламға қызмет етпедің?» деп сұрайды. Ешқандай сылтау, себеп қабылданбайды. Пайғамбарлар адамзаттың ең үстемдері бола тұра мүлде жайбарақат отырмаған. Күндіз-түні Аллаһу та'аланың дінін жаюға тырысқан. Сол кезде Аллаһу та'ала да оларға көмектесіп, мұғжиза жарататын. Біздің де әһли сүннет ғалымдарының кітаптарын, сөздерін таратуымыз және мұсылмандарға жала жабатындардың өтірікші екенін жастарға, достарға хабарлауымыз қажет. Осы жолда мал-мүлкімен, күш-қуатымен атсалыспағандар азаптан құтыла алмайды. Бұл жолда қиыншылық көруді үлкен бақыт, үлкен олжа деп білу керек. Пайғамбарлар Аллаһу та'аланың әмірлерін жеткізген кезде көп қиыншылық көрді. Олардың ең үстемі Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм):

«Мен көрген қиыншылықты, қорлықты басқа ешбір пайғамбар көрмеді» деген».