18 - Шәууал, 1445 жыл.
     27 - Сәуір, 2024 жыл.   


БЕСІНШІ БӨЛІМ (Екінші тарау)

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болғанынан кейін пайғамбарлығына дәлел болатын мұғжизалары:

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өзінен кейін хазреті Әбу Бәкір Сыддықтың (радиаллаһу анһ) халифа болатынын хабар берген. Бір күні бір әйел Расулуллаһқа келіп, бір нәрсе сұрады. Ол «Біраздан соң кел» деп бұйырды. Әйел «Йа, Расулаллаһ, келгенімде сізді таппай қалсам не істеймін?» деп сұрап еді, «Мені таппасаң, Әбу Бәкірге бар. Менен кейін ол халифа болады» деді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір адамға бірнеше түйенің жүгіндей құрма берді. Ол адам «Йа, Расулаллаһ! Сізден кейін мұндай сыйлықты маған ешкім бермейді» деді. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Беретіндер болады» деді. Әлгі адам «Кім болады?» деп сұрағанда «Әбу Бәкір береді» деді. Адам мұны хазреті Әлиге (радиаллаһу анһ) айтты. Хазреті Әли оған «Расулуллаһқа барып, Әбу Бәкірден кейін кім береді деп сұра» деді. Ол барып сұрап еді, «Омар бин Хаттаб» деп жауаптады. Сонда хазреті Әли ол адамға «Тағы барып сұра, Омар бин Хаттабтан кейін кім болады» деді. Ол барып Расулуллаһтан тағы сұрады. «Осман және Әли (радиаллаһу анһума) болады» деді. Хазреті Әли мұның естіген соң ештеңе айтпады.

• Бір бәдәуи Мәдинаға сату үшін көп қылыш апарды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол қылыштарды ақшасын кейін беру шартымен сатып алды. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) ол адамды көріп, «Қылыштарды не істедің?» деп сұрады. Ол «Расулуллаһқа саттым, ақшасын кейін береді» дегенде, «Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір нәрсе болса, қылыштардың ақшасын кімнен аласың?» деп сұрады. Ол «Білмеймін, Расулуллаһтан сұрап келейін» деп барып сұрап келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған «Сенің тауарыңның құны өтеледі, менің қарызымды өтейтін және уәдемді орындайтын Әбу Бәкір» деді. Ол хазреті Әлиге барып осыны айтып берді. Хазреті Әли «Егер Әбу Бәкірге (радиаллаһу анһ) бір нәрсе болса, ақшаңды кімнен аласың?» деп сұрады. Әлгі адам «Мұны сұрамаппын, сұрап келейін» деп барып сұрады. Бұл жолы Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Менің және Әбу Бәкірдің басына бір нәрсе келсе, менің қарызымды өтеп, уәдемді орындайтын адам Омар бин Хаттаб» деп жауап берді. Адам мұны да хазреті Әлиге айтып берді. Хазреті Әли «Мейлі, ал Омар бин Хаттабқа да (радиаллаһу анһ) бір нәрсе болса, не істейсің?» деп сұрады. Сонда әлгі адам Расулуллаһқа барып, мұны да сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Маған, Әбу Бәкірге және Омарға бір нәрсе болса, онда сен құрыдың деген сөз» деді.

• Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге бір үйде отырған едік. Есік жабық еді. Біреу келіп есікті қақты. Расулуллаһ маған «Ей, Әнәс, кім екен, қара» деп бұйырды. Шығып қарадым, Әбу Бәкір Сыддық келген екен. Ішке кіріп, Расулуллаһқа хабар бердім. Есікті аш, келген адамға жәннатты сүйіншіле және менен кейін халифа болатынын айт» деді. Кейін тағы біреу келіп есікті қақты. Расулуллаһ: «Ей, Әнәс, есікке қара» деп бұйырды. Барып қарадым, хазреті Омар-ул Фаруқ келген екен. Расулуллаһқа хабар бердім. «Есікті аш, келген адамға жәннатты сүйіншіле және Әбу Бәкірден кейін халифа болатынын айт» деді. Кейін есікті тағы біреу қақты. «Ей, Әнәс, кім екенін қара» деп бұйырды. Шығып қарадым, хазреті Осман Зиннурәйн еді. Расулуллаһқа хабар бердім. «Есікті аш, оған жәннатты сүйіншіле және Омар бин Хаттабтан кейін халифа болатынын айт, Ол шәһид болады, сабыр етсін» деді».

• Сәфина (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мешіт құрып жатқан еді. Бір тас қойды және Әбу Бәкірге (радиаллаһу анһ) «Мен қойған тастың қасына бір тас қой» деп бұйырды. Кейін хазреті Омарға (радиаллаһу анһ) «Сен де тасыңды Әбу Бәкірдің тасының қасына қой» деп бұйырды. Артынша «Олар менен кейінгі халифаларым» деді.

• Хунәйн соғысында шайқас қызған кезде Жүндәб (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп, «Йа, Расулаллаһ, соғыс қызып жатыр, сахабалардың біреуін таңдаңыз, егер сізге бір нәрсе болса, оны таңдайық. Егер болмаса, онда оның таңдаулы екенін білейік» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Міне, Әбу Бәкір, егер маған бір нәрсе болса, оны менің халифам ретінде сайлаңдар. Омар бин Хаттаб менің досым. Ол менің тілімнен дұрысты айтады. Осман бин Аффан менен, мен де оданмын. Әли бин Әби Талиб менің дүниедегі және ахиреттегі бауырым және жолдасым» деді» (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин).

• Сәфина (радиаллаһу та'ала анһ) былай риуаят еткен: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтты: «Менен кейін халифалық мерзімі отыз жыл. Одан кейін патшалар билік құрады». Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) екі жыл, Омар (радиаллаһу анһ) он жыл, Осман (радиаллаһу анһ) он екі жыл және Әли (радиаллаһу анһ) алты жыл халифалық жүргізді.

• Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әбу Бәкір, хазреті Омар, хазреті Осман, хазреті Талха, хазреті Зубәйрмен (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) бірге Хира тауында отырған еді. Бір кезде тау шайқалды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тауға қарата «Тыныштал, сенің үстіңде бір пайғамбар, бір сыддық және шәһидтер бар!» деді.

• Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) былай деген: «Бір күні Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Рұқсат беріңіз, мен қайтыс болған соң сіздің қасыңызға жерленейін» дедім. Сонда: «Сені менің қасыма қалай жерлейді, қабірімнің қасында Әбу Бәкірдің, Омардың (радиаллаһу анһума) және Иса бин Мәриямның (алейһиссалам) қабірлерінен басқа қабір болмайды» деп жауаптады».

• Тағы хазреті Айша (радиаллаһу анһа) былай айтып берді: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні хазреті Османға (радиаллаһу анһ) қарады да, «Аллаһу та'ала Османға рақым етсін, ол шәһид болады» деді. Кейін хазреті Әлиге (радиаллаһу анһ) және Зубәйрге (радиаллаһу анһ) қарап, «Сендер бір-бірлеріңмен соғысасыңдар! Зубәйр, сен қарсы шығатындардан боласың-ау» деді. Кейін Талхаға (радиаллаһу анһ) қарап, «Аллаһу та'ала мұны шәһид еткенге рақым етсін» деді».

• Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) былай айтып берді: «Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Сахабаларымның бірінің мұнда келгенін қалаймын. Оған біраз айтатыным бар» деді. Мен «Әбу Бәкірді (радиаллаһу анһ) шақырайын ба?» деп сұрап едім, ештеңе демеді. Сонда оған айтатын сөзі жоқ екенін түсіндім. «Омарды (радиаллаһу анһ) шақырайын ба?» деп сұрадым, тағы ештеңе демеді. Сұрағаны ол емес екенін де түсіндім. Кейін «Осман бин Аффанды (радиаллаһу анһ) шақырайын ба?» деп сұрап едім, «Иә, шақыр, келсін» деді. Хазреті Османды (радиаллаһу анһ) шақырып келдім. Ол Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп отырды. Расулуллаһ оған біраз нәрсе айтты. Хазреті Османның түрі өзгерді. Тағы бір нәрселер айтты. Түрі бұрынғы қалпына келді. Хазреті Османның үйі қоршауға алынған кезде одан «Неге соғыспайсың?» деп сұралды. Сонда ол «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған көп нәрсе айтты. Бұл қиындыққа сабыр етемін» деп жауап берді. Хазреті Османды шақырып келгенімде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған үйі қоршауға алынатынын және шәһид етілетінін айтты деп ойлаймын».

• Аммар бин Ясер (радиаллаһу анһ) былай деген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әмир-ул мүминин Әлиге (радиаллаһу анһ): «Ей, Әли, саған Салих (алейһиссалам) пайғамбардың түйесін бауыздаған бетбақ адамдар туралы хабар берейін бе? Олардың бірі сенің басыңды қылышпен ұрып, жүзіңді қанмен бұлғаған адам» деді».

• Әбул Әсуәд Дуәли былай риуаят етті: «Әмир-ул мүминин Әлиден (радиаллаһу анһ) естідім, былай деді: «Бір күні Мәдинадан шықтым. Атыма мініп жолға шығайын деп аяғымды аттың үзеңгісіне қойған кезімде Абдуллаһ бин Сәлам шыға келді. Менен «Қайда барасың?» деп сұрады. Мен «Иракқа барамын» деп жауаптадым. Сонда ол: «Абайла, егер сен Иракқа барсаң, басыңды қылышпен шабады-ау» деді және ант етіп, мұны Расулуллаһтан естігенін айтты.

Әмир-ул мүминин Әли (радиаллаһу анһ) Янбуда ауырып қалды. Қасындағылар: «Неліктен мұнда қалдың? Қайтыс болсаң, бұл ауылдың адамдары сенің жаназа жұмыстарыңды атқармайды. Мәдинаға барсаң, сол жақтағы бауырларың жаназалық қызметтерін атқарды» десті. Сонда хазреті Әли (радиаллаһу анһ): «Мен бұл жерде қайтыс болмаймын. Әрі басымның қаны жүзіме және сақалыма ақпайынша қайтыс болмаймын. Өйткені Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған солай хабар берді» деп жауап берді».

• Әмир-ул мүминин Әли (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге бір бақшаға кірдік. Мен «Йа, Расулаллаһ! Қандай керемет бақша» дедім. Сонда маған: «Йа, Әли! Жәннатта сенің бақшаң бұдан да керемет болады» деді. Осылай жеті бақшаға кірдік. Мен бәрінде «Қандай керемет бақша» дедім, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әр кезінде «Жәннаттағы сенің бақшаң әлдеқайда әдемі» деп жауаптады. Кейін жылай бастады. Мен «Йа, Расулаллаһ! Жылауыңыздың себебі не?» деп сұрап едім, «Адамдардың жүректерінде саған кек сақтағанына жылап жатырмын. Оны мен қайтыс болған соң шығарады» деді. «Йа, Расулаллаһ! Дін саламаттықпен жалғаса ма?» деп сұрағанымда «Иә, саламаттықпен жалғасады» деп жауап қайтарды».

• Айша (радиаллаһу анһа) былай деген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Талханы (радиаллаһу анһ) бір жерге бара жатқанында көріп қалды. Ол туралы: «Жер бетінде кетіп бара жатқан шәһид» деді».

• Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жұбайларына былай деді: «Сендерден маңдайында жүні бар түйенің иесі Хау’абтың иттері оған үретін жерге дейін барады. Көп адам оның оң жағында, көп адам сол жағында өлтіріледі. Өзі де әрең құтылады» деді. Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) Жәмәл оқиғасында Иракқа бара жатқанда Бәни Амир иелігіндегі бір судың жанына барды. Сол жерде иттер үре бастады. Ол судың аты қандай екенін сұрады. «Хау’аб» деген жауап алғанда хазреті Айша (радиаллаһу анһа) «Мен кері қайтамын» деді. Ибн Зубәйр (радиаллаһу анһ) «Кері қайтпа, Аллаһу та'ала сен арқылы екі адамды татуластырады» деді. Ол «Жоқ, кері қайтамын. Өйткені Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан» деп Расулуллаһтың жұбайларына айтқандарын айтып берді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Жәмәл оқиғасын меңзеп «Бір қауым шығады, құриды. Олар оңбайды! Олардың көсемі әйел, ол жәннатқа кіреді» деген.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жұбайларына (радиаллаһу та'ала анһуннә) «Менен кейін сендерге көмектесетін сөзі дұрыс және амалы жақсы біреу болады» деді. Кейін «Йа, Раббым, Абдуррахман бин Ауфты жәннат бұлақтарының суына қандыр» деп дұға етті. Расулуллаһтың қайтыс болуынан кейін Абдуррахман бин Ауф (радиаллаһу анһ) мал-мүлкінің бір бөлігін қырық мың динарға сатып, әзуаж-и тахиратқа (Расулуллаһтың жұбайларына) үлестірді.

• Бір күні әмир-ул мүминин хазреті Әли Зубәйрмен (радиаллаһу анһума) оңаша сөйлесіп отырған еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлиге «Зубәйрмен бетпе-бет сөйлесіп отырсың. Бірақ ол саған қарсы соғысады» деді. Жәмәл оқиғасы орын алғанда хазреті Әли (радиаллаһу анһ) осыны Зубәйрдің (радиаллаһу анһ) есіне салды. Зубәйр (радиаллаһу анһ) соғысудан бастартып, кері қайтты. Артынша біреу келіп Зубәйрді (радиаллаһу анһ) шәһид етті. Қылышын хазреті Әлиге әкелді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Зубәйрді өлтірген адам тозақта» деді.

• Хандек (ор) қазылған күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолымен Аммар бин Ясердің (радиаллаһу анһ) басын сипап, «Сені көтеріліс жасайтын бір топ шәһид етеді» деді. Сыффин соғысы қызған сәтте Аммар бин Ясер (радиаллаһу анһ) ант етіп, «Бүгін Расулуллаһтың маған уәде еткен күні» деді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) үндеместен еш жауап бермеді. Тағы бір рет солай айтты. Хазреті Әли қайтадан жауап бермеді. Аммар бин Ясер үшінші рет ант етіп солай айтқанда хазреті Әли «Иә, ол күн – осы күн» деді. Аммар бин Ясер тәкбір айтып, «Бүгін жағымды жел есе бастады. Бүгін Мұхаммед алейһиссаламға және Оның жақындарына қауышамын» деді. Кейін соғысқа кірісіп кетті. Хазреті Муауияның (радиаллаһу анһ) жақтастарынан бірнеше адамды құлатты. Сол кезде шөлдеп, су сұрады. Оған сүт араласқан су берілді. Суды көріп «Аллаһу әкбар» деді де, ант етіп, «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған «Сені көтеріліс жасағандардан бір топ шәһид етеді. Шәһид болуың Жәбрейіл мен Микаил (алейһимассалам) періштелер арасында болады. Оның белгісі, ол кезде сен су сұрайсың, саған сүт араласқан су беріледі» деген» деді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Абдуллаһ бин Амр бин Асқа (радиаллаһу анһ): «Аммарды өлтірген адамға тозаққа кіретінін айт!» деді. Сыффин оқиғасында Аммар бин Ясер (радиаллаһу анһ) шәһид етілді. Екі адам оның басын хазреті Муауияға (радиаллаһу анһ) әкелді. Екеуі де оны өзі шәһид еткенін айтқан еді. Хазреті Муауия «Оны шәһид еткен адамға бір әмиян күміс беремін. Мұны анықтау үшін Абдуллаһ бин Амр бин Асты төреші қыламын» деді. Абдуллаһ бин Амр әлгі екі адамның бірінен «Оны қалай өлтірдің?» деп сұрады. Ол «Шабуыл жасап өлтірдім» деді. Абдуллаһ бин Амр оған «Жоқ, оны сен өлтірмедің» деді. Кейін екіншісінен қалай өлтіргенін сұрады. Ол: «Бір-бірімізге шабуылдадық. Мен күшті соққы жасадым, атынан жерге құлады. Тізерлеп отырып «Жәбрейіл мен Микаил (алейһиссалам) арасында өкінетін адам оңбасын» деді. Кейін жан-жағына қарады. Қасына жақындап басын кестім» деді. Сонда Абдуллаһ бин Амр оған «Мына күмістерді ал және тозаққа кететініңді біл» деді. Ол «Өлсек те құрыдық, өлтірсек де оңбадық» деді де, күмістерді жерге тастап «Инна лиллаһ уә инна илайһи ражиун» аятын оқыды. Хазреті Муауия Абдуллаһ бин Амрдан не болғанын сұрады. Сонда Абдуллаһ бин Амр былай деді: «Мен куәлік етемін, мешіт құрылған кезде бәрі бір-бір тастан әкелді. Аммар бин Ясер екі тас әкелді. Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) естідім, «Ей, Аммар! Сені көтеріліс жасағандардың бір тобы шәһид етеді» деді. Кейін маған қарап, «Ей, Абдуллаһ, Аммарды өлтірген адамға тозақтың отын сүйіншіле» деген» деп айтып берді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлиге (радиаллаһу анһ) «Жуырда сенің және Айшаның (радиаллаһу анһ) араларыңда бір оқиға орын алады» деді. Бұл Жәмәл оқиғасына ишара еді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Бұл мәселе сахабалар арасында тек маған ғана қатысты ма?» деп сұрап еді, «Иә, ей, Әли» деді. Хазреті Әли «Онда мен сахабалардың ең жаманы болған екенмін» деді. Бұған «Жоқ, олай болмайды. Бірақ ол оқиға орын алады. Сен жеңіп шығасың, оны өз мекеніне жібересің» деді. Шынымен де Жәмәл оқиғасында хазреті Әли жеңіп шықты. Хазреті Айшаға құрмет пен сый көрсетіп, оны Мәдинаға жіберді.

• Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Йеменнен біршама алтын жіберді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол алтындарды Нәжид халқына үлестірді. Ансар және мухажир сахабалар (радиаллаһу анһум әжмаин) «Йа, Расулаллаһ! Бізді тастап Нәжид халқына алтын тараттыңыз» десті. Расулуллаһ «Мұсылмандармен тату болып, жақсы тұрсын деп алтындарды оларға тараттым» деді. Сол сәтте шашы, сақалы ұйпа-тұйпа, денесін қыл басқан және көздері ішке кіріп кеткен бір адам келді. «Йа, Мұхаммед! Аллаһтан қорық» деді. Расулуллаһ «Мен Аллаһқа қарсы амал етсем, Аллаһу та'аланың әмірін кім ұстанады?» деп жауап берді. Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) «Йа, Расулаллаһ, рұқсат берсеңіз мына адамды өлтірейін» деді. Расулуллаһ рұқсат бермеді. Әлгі адам кетіп қалды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтты: «Бұл адамның ұрпағынан бір қауым шығады. Құран кәрім оқиды. Бірақ оқығаны тек аузында қалады. Олар мұсылмандарды өлтіреді. Пұтқа табынатындарға тиіспейді. Олар садақтан атылған оқтай ислам діннен шығады». Шынымен де харижилер (адасқан ағым) осы қауымнан тараған. Осы себепті олар «Марикин» (діннен шыққандар) деп аталып кетті.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Әсма бинти Умәйсқа (радиаллаһу анһа): «Сені үмбетімнен үш кісі өзіне әйел қылады. Олар Жафәр бин Әби Талиб, Әбу Бәкір бин Кухафә және Әли бин Әби Талиб (радиаллаһу анһум әжмаин). Олардың біреуін таңда, жәннатта сенің күйеуің сол болады» деді. Әсма бинти Умәйс (радиаллаһу анһ) Жафәр бин Әби Талибты (радиаллаһу анһ) таңдады. Өйткені Расулуллаһтың бұйрығымен бәрінен бұрын онымен тұрмыс құрған болатын. Жафәр бин Әби Талиб қайтыс болған соң онымен хазреті Әбу Бәкір некелесті. Хазреті Әбу Бәкір қайтыс болғаннан кейін хазреті Әли некесіне алды (радиаллаһу анһум әжмаин).

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлиге (радиаллаһу анһ) «Сен діннен шыққан бір топ адаммен, яғни харижилермен соғысасың. Олардың арасында бір қолы бір кесек ет болған, иығының басында әйелдің омырауындай бір ісігі бар, ол ет кесегінің үстінде жабайы егеуқұйрықтың құйрығындай қылдары бар бір адам болады» деді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) харижилермен соғысып, жеңіп шыққанда өлілер арасында сипатталған адамды іздеді. Бірінші іздегеннен табылмады. Хазреті Әли: «Мен өтірік сөйлемеймін, мұны маған хабар беруші де өтірік сөйлемейді. Тағы іздеңдер» деп бұйырды. Тағы іздеген соң сипатталған адамның өлігі қырық өліктің астынан табылды.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлиге (радиаллаһу анһ) «Сенің қолыңа Бәни Ханифа тұтқындарынан бір күң түседі. Одан бір ұлың туылады. Оның есімін Мұхаммед деп қой да, оны менің лақап атыммен шақыр» деп бұйырды. Хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) халифа кезінде Ямама жаулап алынды. Бәни Ханифадан тұтқындар түсті. Хазреті Әбу Бәкір тұтқындардың арасынан Хаула бинти Жафәр бин Қайс-ил Ханафия есімді күңді хазреті Әлиге жіберді. Одан хазреті Әлидің Мұхаммед есімді ұлы дүниеге келді. [Мұхаммед бин Ханафия осы кісі. Хижри 21-ші жылы 71 жасында қайтыс болды].

• Ямамадан бір әйел басында жарасы бар бір баланы Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алып келді. Расулуллаһ баланың басына мүбәрәк аузының суын жақты. Жара жазылып кетті. Ол баланың ұрпағынан сондай жара шыққаны мүлде байқалмады. Дәл сол әйел басында жарасы бар басқа баланы өзін пайғамбар жариялаған өтірікші Мүсәйләмә-тул Кәззабқа апарды. Мүсәйләмә түкірігін баланың басына жақты. Баланың басы тақыр болып қалды. Ұрпағында да осы ауру жалғасты.

• Әбу Зәр Ғифари (радиаллаһу анһ) әмир-ул мүминин хазреті Осман халифа кезінде Мәдинадан Рәбзәға көшіп кетіп, сонда қоныстанды. Қайтыс болуынан бұрын қатты ауырды. Анасы тоқтамай жылаған еді. Одан «Анашым, неге жылайсыз?» деп сұрап еді, «Қайтыс болуың жақындады! Үйде кебін жасайтын бір қиық матамыз да жоқ» деді. Анасына «Оны уайымдамаңыз. Бір күні бір жамағатпен бірге Расулуллаһтың алдында отырған едік. Ол «Араларыңнан бірің айдалада қайтыс болады. Ислам ұстанушы бір жамағат оның жаназасына қатысады» деген. Сол кезде ол мәжіліске қатысқандардан менен басқа бәрі қайтыс болып кетті. Қазір сіз қырға шығып қарап көріңіз, Расулуллаһ айтқан жамағат келуі керек» деді. Анасы «Ұлым, қажылардың келіп-кететін уақыт өтті. Қазір кім келеді?» деді. Шығып қарауын қоймай сұраған соң анасы қырға шығып қарады. Түйелеріне мінген бір топ адамның келе жатқанын көрді. Оларды қол бұлғап шақырып еді, қасына келді. Оларға «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабасы Әбу Зәр қайтыс болайын деп жатыр, қасына барыңдар» деді. Келгендер «Оған ата-анамыз пида болсын» деп қасына жиналды. Әбу Зәр (радиаллаһу анһ) оларға Расулуллаһтың айтқандарын айтты. Кейін «Менің кебінім жоқ. Басшы, әмір немесе әкім болып көрген біреудің маған кебін бергенін қалаймын» деді. Бір ансар сахаба жігіт «Көке, мен айтқандарыңызды істеп көрмедім. Бірақ өзіммен бірге анам зығырдан иіріп тоқыған екі киім бар» деді. Әбу Зәр (радиаллаһу анһ) ол жігітке қайыр дұға етіп, кейін қайтыс болды. Келген жамағат денесін жуып, жаназа намазын оқыды. Олардың бірі Абдуллаһ ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ), бірі Малик бин Әштәр еді.

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Бір күні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбатында бір жамағатпен бірге отырған едім. Расулуллаһ «Араларыңнан бірінің тісі қиямет күні тозақта Ухуд тауынан да үлкен болады» деді. Ол күні ол мәжілісте отырғандардың бәрі уақыт өте қайтыс болды. Тек мен және Рижал ғана қалған еді. Мені қорқыныш басты. Рижалдың жағдайын сұрап тұратынмын. Соңында оның мүртәд болғанын (діннен шыққанын) және Мүсәйләмә-тул Кәззабқа ергенін естідім. Содан соң қорқынышым біраз басылды.

• Ухуд соғысында Рафи бин Худәйжтің (радиаллаһу анһ) кеудесіне оқ қадалды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп: «Йа, Расулаллаһ! Кеудемдегі оқты тартыңыз» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ей, Рафи, қаласаң оқты темірімен бірге шығарайын, қаласаң темірі іште қалсын, оқтың өзін ғана шығарайын, қиямет күні сол темірді куә ретінде көрсетіп, саған куәлік етейін» деді. Рафи (радиаллаһу анһ): «Йа, Расулаллаһ, оқты тартыңыз, темірі іште қала берсін, қиямет күні куәлік етіңіз» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оқты шығарды. Оқтың темірі хазреті Рафидың денесінде қалды. Ол хазреті Муауияның (радиаллаһу анһ) халифалық кезіне дейін өмір сүрді. Кейін жарасы қайта қозып, сол жараның себебімен қайтыс болды (радиаллаһу анһ).