7 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     10 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Мешітке бармауға үзір

Мешітке бармауға үзір

Сұрақ: Дінімізде қандай жағдайлар, қандай себептер мешітке жамағатқа бармауға үзір, яғни кешірімді себеп саналады?

Жауап: Мешітке бармауға рұқсат беретін жағдайлар кітаптарда былай жазылған:

Науқастың, денесі сал (паралич) адамның, бір аяғы шолақ кісінің, жүре алмайтын қарттың және соқырдың жамағатқа баруы қажет емес. Көмекшілері, көлігі бар болса да баруы қажет емес. Жаңбыр, батпақ, қатты суық және қараңғылық та үзірге, кешірімді себепке жатады. Қатты жел тек түнде ғана үзір саналады. Ұрлық және басқа бір себеппен мал-мүлкінен айрылу қаупі, кедейдің алашақтысынан қорқуы, жаны мен малы үшін залымнан қорқу, дәрет қысу, жолаушының көлігін жіберіп алу қаупі, науқас кісіге қарау, жақсы көретін тамағын жіберіп алудан қорқу, фиқһ ілімін үйренуді жіберіп алудан қорқу жамағатқа бармауға үзір, кешірімді себеп болып табылады. Имамның бидғатшы екені немесе дәреттің, ғұсылдың, намаздың шарттарына мән бермейтінін білу де үзірге жатады.

 

Сұрақ: Қатты немесе сұйық нәжісті әртүрлі сұйықтықпен тазалауға бола ма?

Жауап: Нәжісті барлық таза сумен, дәрет пен ғұсыл алынған сумен, сірке суы және гүл суы секілді сұйықтықтармен және сілекеймен тазалауға болады. Сүтпен және маймен тазаланбайды.

 

Сұрақ: Үйде ер кісі өзінің махрамы саналатын әйелдерге имам болып, жамағатпен намаз оқи ала ма?

Жауап: Үйде ер кісі махрамы саналатын әйелдерге имам болып, жамағатпен намаз оқуына болады. Бірақ бөтен әйелдер бар болса, оларға имам бола алмайды, себебі қылует болады. Егер жамағат арасында бір ер адам немесе имамның махрамы саналатын әйел болса, бөтен әйелдер де жамағатқа қосыла алады. Бұл жерде сүт және неке арқылы махрам саналатындардың жас болуы қылуеттегідей мәкрух. Мешітте қылует пайда болмайды, өйткені ол жер баршаға ашық. Жамағат ретінде тек бір әйел ғана бар болса, имамның дәл артында тұрады, қасында тұрмайды. Егер тағы бір ер адам бар болса, әйел ер адамның дәл артында тұрып, жамағатпен намазын оқиды.

 

Сұрақ: Қайтыс болған барлық адамға және кіші жаста көз жұмған балаларға да қабірде сұрақ сұрала ма?

Жауап: Бұл туралы «Сирадж» кітабында былай жазылған:

«Бүкіл адамдарға қабір сұрағы сұралатынын әһли сүннет ғалымдары бірауыздан хабар берді. Сәби кезінде өлген балаға болса Аллаһу та'ала жауаптарын айтқызып тұрады». Ибн Абдул Бәрр және Имам Суюти хазреттер «Мүмин және мұнафық болған әһли құбылаға сұрақ бар» деген. Хазреті Омарға қабір сұрағы сұралғанын және берген жауабын хабарлаған риуаяттар кітаптарда бар.