14 - Шәууал, 1445 жыл.
     23 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ИМАМ ЗӘЙНӘЛ АБИДИН ӘЛИ БИН ХУСЕЙН (радиаллаһу анһ)

ИМАМ ЗӘЙНӘЛ АБИДИН ӘЛИ БИН ХУСЕЙН (радиаллаһу анһ)

• Хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) ұлы. Он екі имамның төртіншісі. Есімі Әли, күнясі Әбу Мұхаммед және Әбул Хасан. Лақаптары Сәжжад және Зәйнәл Абидин. Хижреттің отыз үшінші жылы Мәдинада дүниеге келді. Анасы Шәһри Бану сол заманның парсы патшасының қызы және Нуши Рауан Адилдің ұрпағы. [Соңғы Сасани патшасы Яздәжәрдің қызы. «Саадати Әбәдия» кітабының 1126-бетіне қараңыз!]. Имам Зәйнәл Абидин хижреттің тоқсан төртінші жылы, мухаррам айының он сегізінде қайтыс болды. Хижри тоқсан бесінші жылы қайтыс болғаны да айтылған.

Оны Зәйнәл Абидин деп аталуының себебі мынадай: Бір түні тәһәжжуд намазын оқыған еді. Шайтан айдаһар кейіпіне еніп, оны әурелегісі келді. Ол еш мән бермеген соң аяқ саусағын тістеп алды. Саусағы қатты ауырса да, намазын бұзбай жалғастыра берді. Аллаһу та'ала айдаһардың шайтан екенін аянмен білдірген соң оны ұрып, «Аулақ бол, ей, малғұн!» деді. Шайтан кетіп қалды. Ғибадатын толықтыру үшін тұрғанында көзге көрінбейтін біреу үш рет «Сен Зәйнәл Абидинсің», яғни «ғибадат етушілердің сәнісің» деді.

Ол әр дәрет алған сайын реңі сарғайып, денесі дірілдей бастайтын. Бұл жағдайының себебін сұрағандарға «Кімнің алдына шығатынымды білесіз бе?» дейтін. Бір күні үйінде намаз оқып жатқанында үйі өртене бастады. Ол сәждеде болатын. «Ей, Расулуллаһтың немересі, өрт шықты, өрт шықты!» деп бәрі айқайлай бастады. Ол басын сәждеден еш көтермеді. Соңында өрт сөнді. Бұған куә болғандар «Сіздің мына өртке мән бермеуіңіздің себебі және оны сізге байқатпай тұрған нәрсе не?» деп сұрады. Жауап ретінде: «Ахирет өртін, тозақтың отын ойлау» деді. Оның кереметтері мен ғажайыптары көп.

• Зухри (рахметуллаһи алейһ) былай айтып берді: «Халифа Абдулмәлик бин Мәруанның бұйрығымен Зәйнәл Абидин Әли бин Хусейннің (радиаллаһу анһ) аяқтары ауыр арқанмен, ал қолдары мен мойны шынжырмен байланған болатын. Басына күзетшілер қойылған еді. Мен онымен көрісуге рұқсат сұрадым. «Сәлемдесіп, қош айтысайын» дедім. Маған рұқсат берді. Алдына бардым. Шатырдың астында еді. Оны сол күйде көріп жыладым. «Әттең, сіздің орныңызда мен болсам ғой, сіз сау-саламат болсаңыз ғой» дедім. Маған: «Ей, Зухри, сен мені мына арқанмен байланып, қиналып жатыр деп ойлайсың ба?! Қаласам, бұдан құтылып кетемін. Бірақ саған және сен сияқтыларға да осындай қорлық жасалса, Аллаһу та'аланың азабын ойлағанда бұлар оңай көрінеді» деді. Кейін аяқ-қолын шынжырдан босатты да, «Мен мына шынжырмен екі тұрақтан ары кетпей-ақ құтылып кетемін» деді. Арадан төрт күн өтті. Бір қарасам, оны күзетумен міндеттелген қарауылдар Мәдинаның төрт бұрышын кезіп, оны іздеп жүрген еді. Сол күзетшілердің бірі: «Біз бір жерде тұрақтадық, бәріміз оны қоршап алып, таңға дейін көз ілмей күзетіп тұрдық. Таңертең оны тордың ішінде жоқ екенін байқадық» деп айтып берген. Зухри сөзін жалғастырып былай деген: Кейін Абдулмәлик бин Мәруанға бардым. Менен Зәйнәл Абидинді (радиаллаһу анһ) сұрады. Білгенімді айттым. Абдулмәлик бин Мәруан «Зәйнәл Абидин Әли бин Хусейнді адамдарым осында маған әкелді. Ол менен «Арамызда не болды?» деп сұрады. Мен «Қасымда қал, осында тұрасың» деп едім, «Бұл жерде тұрмаймын» деп шығып, кетіп қалды. Одан қорыққанымнан және айбатынан ештеңе айта алмадым» деп айтып берді».

Зухри (рахметуллаһи алейһ) ол туралы айтқан кезде жылап, «Ол Зәйнәл Абидин еді» дейтін.

• Сенімді адамдардан бір кісі былай айтып берген: Бір күні Зәйнәл Абидин Әли бин Хусейннің (радиаллаһу анһума) үйіне бардым. Есік алдына келіп, айқайлап шақырайын деп тоқтадым. Ол сыртқа шықты. Сәлем бердім, сәлеміме жауап берді. Бір дуалдың түбіне бардық. Менен «Мына қабырғаны көріп тұрсың ба?» деп сұрады. «Иә, көріп тұрмын» дегенімде былай айтып берді: «Бір күні осы қабырғаның түбінде дуалға сүйеніп отырған едім. Алдыма сұлу жүзді, әдемі киінген біреу келді. Маған қарап, «Ей, Әли бин Хусейн, сені мұңды көрдім. Егер мұңың дүние үшін болса, ризық дайын. Жақсы-жаман әркім ризығын жейді» деді. Мен «Жоқ, дүние үшін қайғырмаймын, дүние дегенің өзің айтқандай ғой» дедім. «Егер мұңың ахирет үшін болса, ол да бір шынайы уәде, Аллаһу та'ала ол жақта үкім береді» деді. «Мұңым ахирет үшін де емес, ахирет те айтқаныңдай» дедім. Ол «Олай болса, не үшін қайғырудасың?» деп сұрады. Мен «Зубәйр ұлының фитнасынан қорқамын» дедім. Ол «Ей, Әли, сен Аллаһу та'аладан қорқатын және Аллаһу та'ала оның ісін оңғармайтын адамды көрдің бе?» деп сұрады. Мен «Жоқ» деген соң ол кісі көзден ғайып болды. Маған ол кісінің Хызыр алейһиссалам екендігі және ақиқатты айтқандығы білдірілді».

• Жоғарыдағы оқиғаны хабарлаған кісі тағы былай айтып берген: «Бір күні Зәйнәл Абидинге (радиаллаһу анһ) бардым. Бір топ торғай келіп, айналамызға қонды да, ұшып кетті. Менен «Мына торғайлардың не дегенін білесің бе?» деп сұрады. «Жоқ, білмеймін» деп едім, «Ризықтарын беретін Аллаһу та'аладан бүгінгі ризықтарын сұрап жатыр» деді».

• Бір түні Бақи мазары тарапынан «Ей, дүниеге мән бермей, ахиретке бет бұрғандар» деген дауыс естілді. Бірақ кім айтқанын ешкім көрмеді. Бұл сөз Зәйнәл Абидинге (радиаллаһу анһ) айтылған еді.

• Бір күні Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) балаларымен және қызметшілерімен бірге жазыққа шыққан болатын. Олар таңғы ас дайындады. Бір киік келіп, қастарында тұрды. Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) киікке қарап: «Мен Әли бин Хусейн бин Әли бин Әби Талибпын. Анам (әжем) Расулуллаһтың қызы хазреті Фатима (радиаллаһу анһа). Кел, бізбен бірге тамақтан» деді. Киік жақындап, олармен бірге тамақтанды. Кейін кетіп қалды. Қызметшілердің бірі «Киікті тағы шақырсаңыз, тағы келсін» деп өтінді. «Оған тиіспейтіндеріңе сөз берсеңдер шақырамын» деді. Бәрі тиіспейтіндеріне сөз берді. Тағы әуелгідей киікті шақырды. Киік келіп, олармен бірге тамақтана бастады. Дастархан басында отырғандардың бірі киікті ұстағысы келіп қолын киікке тигізді. Киік үркіп қашып кетті. Зәйнәл Абидин (рахметуллаһи алейһ) «Айтқанымды істемейтін және сөздеріңде тұрмайтын болсаңдар, сендермен сөйлеспеймін» деді.

• Бір күні бір түйе жолда жүргісі келмей тоқтап қалды. Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) оны шөктіріп, қамшысы мен аса таяғын көрсетті де «Тез жүр, әйтпесе сені мынамын ұрамын» деді. Одан кейін түйе тез жүре бастады және мүлде жалқауланбайтын болды.

• Бір күні жазық далада отырған еді. Бір киік қастарына келіп, аяқтарымен жерді теуіп, бір дауыстар шығарды. Имам Зәйнәл Абидиннен адамдар «Киік не дейді?» деп сұрады. Сонда ол: «Кеше құрайштық біреу мына киіктің лағын ұстап алған екен. Кешеден бері балама сүт бермедім деп жатыр» деді. Сол құрайштық адамды шақырып алды. «Мына киіктің лағын ұстап алған екенсің. Кешеден бері сүт емізе алмаған екен. Лақты осында әкел, сүтін берсін» деді. Құрайштық кісі киіктің лағын әкелді. Киік лағын емізіп болған соң Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) әлгі адамнан киіктің лағын босатуын өтінді. Ол босатып жіберді. Киік баласымен бірге дауыс шығарып кетіп қалды. Ол жердегілер «Киік не дейді?» деп сұрағанда: «Аллаһу та'ала сіздерге жақсылық пен қайыр берсін» деп дұға етті» деді.

• Имам Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) қайтыс болатын түні ұлы Мұхаммед Бақырдан (радиаллаһу анһ) дәрет алуға су сұрады. Су әкелген соң «Мына судың ішінде жануар өлген» деді. Шамның жарығымен суға мұқият қараса, судың ішінде өлген тышқан бар екен. Тағы басқа су әкелген соң ол дәрет алып, «Қайтыс болатын уақытым жақындап қалды» деп өсиетін қалдырды.

• Имам Зәйнәл Абидиннің (радиаллаһу анһ) бір түйесі бар еді. Соған мініп Меккеге барды. Ұрудың қажеті болмағандықтан, қамшысы ер-тоқымда асулы тұратын. Мәдинаға оралған соң Имам Зәйнәл Абидин қайтыс болды. Сол түйесі қабіріне келіп, кеудесін қабірге басып, ыңырсыды. Имам Мұхаммед Бақыр (радиаллаһу анһ) түйеге «Аллаһу та'ала саған берекет берсін, тұра ғой» деді. Түйе тұрмады. Сонда «Оны тұрғызып әуре болмаңдар, түйе осында өледі» деді. Үш күннен кейін түйе сол жерде өлді.

• Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) шәһид етілген соң Мұхаммед бин Ханафия (радиаллаһу анһ) Имам Зәйнәл Абидинге (радиаллаһу анһ) келіп, «Мен сенің көкеңмін, менің жасым сенен үлкен. Имамдыққа саған қарағанда мен лайықтырақпын. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қаруын маған бер» деді. Имам Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) «Көкешім, Аллаһу та'аладан қорық, хақың болмаған нәрсені сұрама» деді. Сұрап қоймаған соң «Онда қазыға барайық» деді. Мұхаммед бин Ханафия (радиаллаһу анһ) «Ол қазы кім?» деп сұрағанда «Хажәр-ул әсуәд тасы» деді. Сөйтіп екеуі Хажәр-ул әсуәд тасының алдына барды. «Ей, көке, имамдыққа кімнің лайық екенін сұра» деді. Мұхаммед бин Ханафия (радиаллаһу анһ) сұрады, ешқандай жауап келмеді. Имам Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) қол жайып, Хажәр-ул әсуәдтің тілге келуін тілеп Аллаһу та'алаға дұға етті. Кейін Хажәр-ул әсуәд тасына қарап, «Хазреті Хусейннен (радиаллаһу анһ) кейін имамдыққа кімннің лайықты екенін айт» деді. Хажәр-ул әсуәд тілге келіп, анық сөзбен «Хазреті Хусейннен (радиаллаһу анһ) кейін имамдық Зәйнәл Абидиннің хақысы» деді.

• Қағбаны тауаф ету барысында бір ер және бір әйел кісінің қолдары Хажәр-ул әсуәд тасына жабысып қалды. Адамдар қанша тырысса да қолдарын босата алмады. Сол кезде Имам Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) сол жерге келді. Мүбәрәк қолын оларға тигізді. Бірден қолдары босап, өз жолдарымен кетті.

• Абдулмәлик бин Мәруан Хажжажға «Абдулмутталиб ұлдарын өлтіруші болма! Әбу Суфянның туысқандары осы мәселеде шектен шыққан болатын. Олардың билігі тез бітті» деп хат жазып, жасырын түрде жолдады. Бұл жайт Имам Зәйнәл Абидинге (радиаллаһу анһ) мәлім болып, Абдулмәлик бин Мәруанға «Пәлен күні, пәлен уақытта сен Хажжажға осындай хат жаздың. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған осы ісіңнің Аллаһу та'аланың разылығына себеп болғанын, мүлкіңді сенде қалдыратынын және сенің патшалық мерзіміңнің тағы біраз ұзағанын хабар берді» деп хат жазып жіберді. Хатты қызметшісіне беріп, өз түйесімен жолдады. Абдулмәлик бин Мәруан хатты алып, хаттағы уақытты өз хатының уақытымен бірдей екенін көріп, хабардың рас екеніне сенді. Түйеге көтере алғанша сыйлықтар жүктеп, Имам Зәйнәл Абидинге (радиаллаһу анһ) жіберді.

• Минхал бин Амр былай айтып берген: «Қажылыққа барған болатынмын. Зәйнәл Абидин Әли бин Хусейнге (радиаллаһу анһ) кірдім. Менен Хузәйма бин Кахил әл-Әсәди туралы сұрады. «Куфада кезімде тірі еді» деп жауаптадым. Қол жайып «Аллаһым! Хузәймаға темірдің және оттың ауыртпалығын сездір» деп дұға етті. Куфаға қайттым. Мұхтар бин Әби Убайд менен бұрын жолға шыққан еді. Онымен бұрыннан дос едім. Оған жетіп алдым. Жолды бірге жалғастырдық. Жолда бір жерде тоқтады. Біреуді күтіп тұрды. Сол кезде бір адамдар Хузәйманы алып келді. Мұхтар бин Әби Убайд «Аллаһу та'алаға шүкір, сені ұстап алдым» деді. Кейін баскесерді шақырды. Бұйрық бергенде Хузәйманың аяқ-қолдарын шауып тастады. От жағуын бұйырды. Бір құшақ қамыс әкеліп, өртеп, Хузәйманы отқа тастады. Ол оңбаған отта жанды. Бұл жағдайды көріп «Субханаллаһ» дедім. Мұхтар маған «Неге олай айттың?» деп сұрады. Мен Зәйнәл Абидиннің (радиаллаһу анһ) дұғасын айтып бердім. «Сен мұны өзің естідің бе?» деп сұрады, «Иә, өзім естідім» дедім. Мұхтар дереу екі рәкат намаз оқыды және ұзақ сәжде жасады. Кейін орнынан тұрды. Кейін бірге жолымызды жалғастырдық. Біздің үйдің алдынан өтіп бара жатқанда Мұхтар бин Әби Убайдқа «Үйге кір, тамақ жейік» дедім. Маған «Ей, Минхал, әрі Аллаһу та'ала Зәйнәл Абидин Әли бин Хусейннің (радиаллаһу анһ) дұғасын қабыл еткенін айтасын, әрі тамақ жейік дейсің. Бұл күні соның шүкірі ретінде мен ораза ұстадым» деді».