2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ИМАМ ХУЖЖӘТ МҰХАММЕД БИН ХАСАН (радиаллаһу анһ)

ИМАМ ХУЖЖӘТ МҰХАММЕД БИН ХАСАН (радиаллаһу анһ)

Имам Әскери Хасан бин Әлидің ұлы. Он екі имамның он екіншісі. Есімі Мұхаммед. Күнясі Әбул Қасым. Лақаптары Хужжәт, Қаим, Мәһди, Мунтазыр және Сахибуззаман. Оған Хужжәт лақабын берген Имамия ағымы еді. Оның он екі имамның соңғысы және хижри екі жүз алпыс бес немесе екі жүз алпыс алтыншы жылы Серменрайда жер астында жоғалды, анасы оны күтсе де шықпады деген сенімде.

Анасы Үмми уәләд күң еді. Анасының есімі Сәусән, Нәржим немесе басқа екені айтылған. Ол хижреттің екі жүз елу сегізінші жылы рамазан айының жиырма үші күні Серменрайда дүниеге келді. Хижреттің екі жүз елу бесінші жылы шабан айының ортасында туылғаны да айтылған.

• Имам Әскери Әбу Мұхаммед Зәкидің (радиаллаһу анһ) нағашы әпкесі былай айтып берген: «Бір күні Имам Әскериге (радиаллаһу анһ) барған едім. Маған «Әпке, бұл түні біздің үйде қалыңыз. Аллаһу та'ала бізге орынбасар болатын, орнымызға өтетін перзент береді» деді. «Ұлың кімнен туылады, жұбайың Нәржис жүкті адамға ұқсамайды ғой?» деп сұрадым. Ол «Әпке, Нәржис жүктіліктің ауыртпалығын сезбейді, тек туатын кезде ғана белгілі болады» деп жауап берді. Сол түні сонда қалдым. Түннің екінші жартысында тұрып тәһәжжуд намазын оқыдым. Нәржис те тәһәжжудке тұрды. Ішімнен «Таң жақындап қалды, Әбу Мұхаммед айтқан босанудың белгілері әлі байқалмады» деп ойладым. Сол кезде Әбу Мұхаммед Имам Әскери бөлмесінен маған «Әпке, асықпаңыз, Нәржистің бөлмесіне барыңыз» деді. Ол бөлмеге бардым, Нәржис мені қарсы алды. Денесі дірілдеп тұрған еді. Оны құшақтадым. «Ихлас», «Қадір» сүрелерін және «Аятул күрсиді» оқыдым. Нәржистің туылатын баласы да құрсағында оқып жатқан еді. Кейін бөлме жарқырады. Бала туылып, жерде жатқан еді. Дереу көтердім. Сол мезетте Имам Әскери бөлмесінен «Әпке, баламды әкеліңіз» деп айқайлады. Баланы орап, алып бардым. Ол баланы алып, мүбәрәк тілін аузына тигізіп, «Аллаһу та'аланың рұқсатымен сөйле» деді. Бала «Бисмиллаһир Рахманир Рахим» деді және «Ал біз ол жерге әлсіз күйде түсірлгендерге мейірім танытайық, оларды көсем қылайық, оларды (басқалардың) орнына қояйық деп қалаған едік» деген «Қасас» сүресінің 5-ші аятын оқыды. Сол кезде айналамызды жасыл түсті құстар қаптады. Имам Әскери (радиаллаһу анһ) олардың бірін шақырды. «Мынаны ал, Аллаһу та'аланың әмірі орындалғанға дейін сақта» деді. Ол құстың айналасындағы құстардың кім екенін сұрап едім, «Ол құс кейіпінде көргеніміз Жәбрейіл алейһиссалам, ал қалғандары рахмет періштелері» деп айтты. Кейін «Баланы анасына апарыңыз» деді. «...Осылайша біз оны көзі ашық болсын, қайғы көрмесін және Аллаһтың уәдесінің шын екенін білсін деп анасына қайтардық. Бірақ сонда да көбісі (мұны) білмейді» деген «Қасас» сүресінің 13-ші аятын оқыды. Мен оны алып кеттім. Туылған кезінде кіндігі кесілген және сүннеттелген еді. Оң қолында «...Ақиқат келді, қате жойылды. Онсыз да қатенің бәрі ақыр соңында жойылады» деген «Исра» сүресінің 81-ші аяты жазулы еді. Туылғанында ол тізерлеп отырып, сұқ саусағын көтерді. Кейін түшкіріп, «Әлхамдулиллаһ» деді».

• Басқа біреу былай айтып берген: «Бір күні Имам Әскеридің (радиаллаһу анһ) алдында отырған едім. «Сізден кейінгі орынбасарыңыз кім, орныңызға кім өтеді?» деп сұрадым. Ол бөлмесіне кіріп кетті де, құшағында айдың он төртіндей жарқырап тұрған шамамен үш жасар бір баламен бірге шықты. Маған «Егер сен Аллаһу та'аланың алдында қадірлі адам болмағаныңда, бұл ұлымды саған көрсетпейтін едім. Оның есімі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) есіміндей, күнясі де Оның күнясі секілді. Зұлымдыққа толы жер жүзі оның дәуірінде әділеттікке толады» деді».

• Басқа бір адам былай айтып берген: «Бір күні Әбу Мұхаммед Имам Әскеридің (радиаллаһу анһ) алдында отырған едім. Оң жағында бір бөлме көрдім. Есігі пердемен жабылған еді. «Сізден кейін сіздің міндетіңізді атқаратын мұрагеріңіз кім болады?» деп сұрадым. Маған «Мына бөлменің есігіндегі пердені көтер» деді. Пердені көтергенімде іштен нұрлы жүзді бір бала шықты. Оң бетінде қал бар және шашы ұзындау еді. Келіп, Имам Әскеридің тізесіне жақындап отырды. Имам Әскери хазрет «Белгілі бір уақытқа дейін мына бөлмеге кір» деді. Ол бөлмесіне кіріп бара жатқанында мен оған қарап тұрдым. Кейін маған «Тұр, бөлмені көр, ішінде кім бар екен?» деді. Бала бөлмеге кірген соң Имам Әскеридің бұйрығы бойынша бөлменің ішіне қарадым. Ішінде ешкім жоқ еді».

• Тағы бір кісі былай айтып берді: «Халифа Мүтәдид мені екі кісімен бірге шақырды. Имам Әскери Хасан бин Әлидің (радиаллаһу анһ) қайтыс болғанын айтты. Серменрайға барып, үйін құлатуды, үйінен кімді тапсақ, басын әкелуімізді бұйырды. Серменрайға барып, Имам Әскеридің (радиаллаһу анһ) үйіне бардық. Жаңадан соғылғандай өте әдемі, тап-таза үй еді. Үйінде перде бар еді. Пердені көтердік, алдымыздан қойма шықты. Қойманың арғы жағында теңіз көрдік. Келбетті бір кісі судың үстіне алаша төсеп, үстінде намаз оқып тұрған еді. Бізге мән бермеді. Қасымдағы екі досымның бірі біраз алға жүргісі келді, бірақ суға батып кетті. Оны қолынан тартып құтқарып алдым. Екінші досым да алға жүргісі келді, ол да батты. Оны да әрең құтқарып алдық. Мен бұл жағдайға таңырқап, не істерімді білмей қалбалаңдадым. «Ей, үйдің иесі, біз қайда келгенімізді біле алмадық. Аллаһу та'аладан кешірім, сенен ғафу өтінеміз» дедім. Бізге мүлде мән бермеді. Кері қайтып, халифа Мутәдидке бардық. Оқиғаны толықтай айтып бердік. Халифа «Бұл сырды жасырыңдар. Ешкімге айтпаңдар. Әйтпесе бастарыңды шабамын» деді».

Шиилердің Имамия ағымы Имам Хужжәттің ғайып болуының екі түрлі нұсқасын айтады. Біріншісі, туылуынан міндетінің, имамдығының соңына дейінгі қысқа уақыттық ғайып болуы. Екіншісі, ұзақ ғайып болуы, міндетінің, имамдығының аяқталуынан Аллаһу та'ала қайтадан оны шығаруын қалаған уақытына дейінгі ғайып болуы. Олардың айтуынша, Имам Хужжәттің (радиаллаһу анһ) қысқа ғайып болуында екі елшісі бар. Олар адамдардың қажеттіліктерін кетіруде және сұрақтарына жауап беруде Имам Хужжәт пен адамдар арасындағы арашы. Елшілік Әли бин Мұхаммед есімді адаммен тоқтаған. Ол адам хижри үш жүз жиырма алтыншы жылы қайтыс болған еді. Риуаят бойынша, Мұхаммед бин Хасан Әскери (радиаллаһу анһ) қайтыс болуынан алты күн бұрын Әли бин Мұхаммедке: «Бисмиллаһир рахманир рахим. Ей, Әли бин Мұхаммед! Аллаһу та'ала саған көп сауап жазсын. Сен алты күнде өлесің. Жұмыстарыңды бітір және мансабыңды ешкімге тапсырма! Өйткені нағыз көзден ғайып болатын уақытың келді. Имамдық бұдан кейін тек Аллаһу та'аланың рұқсатымен ғана шығады. Бұл дүние өміріне берілуден, жүректер қарайғаннан, жер жүзі жамандыққа толғаннан кейін орын алады. Ол кезде маған бағынатындардың бірі келеді. Кім Дәжжал шықпай тұрып және адамдар зарламай тұрып оны көргенін айтса, ол өтірікші және жалақор. Лә хаула уәлә қууата илла биллаһил алийил азыйм» деп жазды және Әли бин Мұхаммед алты күннен кейін ешкімге өсиет қалдырмай қайтыс болды. Олар сол уақыттан бастап Аллаһу та'ала қалаған уақытқа дейін ұзақ ғайып болу басталғанына сенеді. Бұл ағымның ғайбәти касри (қысқа ғайып болу) уақытында Имам Хужжәт хазретке қатысты көп хикаялары бар.

Имамия ағымы айтатын бір оқиға мынадай: Халле аумағының халқынан Исмаил есімді біреуде жара шықты. Бағдаттың бүкіл емшілері оны емдей алмады. «Мұны тек кесіп тастау арқылы емдеуге болады, кеспесе болмайды. Бірақ жараны кесу де өте қауіпті. Өйткені тамырларға жақын тұр. Ол кесілсе өледі» десті. Сол адам айтып берген: «Емшілерден үмітімді үзіп, Серменрайда Мәшһәди шәрифке бардым. Имамдардың қабірлерін зиярат еткен соң Имам Хужжәт ғайып болды деген жерге кірдім. Аллаһу та'алаға дұға етіп, жалбарынып, имамдарды тәуәссул (арашы) еттім. Олардың құрметіне дертіме шара сұрадым. Түндерді намаз оқып өткіздім. Күндер бойы сонда қалдым. Бір күні Дижлә өзенінің жағасында ғұсыл құйындым. Таза киім киіп, Мәшһәди шәрифке бардым. Ол жақта төрт атты кісі көрдім. Қылыш асынып алған еді. Бірі қолында найза ұстап тұрған еді. Бірі шапан киген еді. Оларды Мәшһәд адамдары деп ойладым. Қасыма келіп сәлем берді. Сәлемдеріне жауап бердім. Қолында найзасы бар адам шапан киген адамның оң жағына тұрды. Қалған екі адам сол жағына тұрды. Шапан киген кісі маған «Сен ертең өз еліңе, отбасыңа қайтпақшысың ба?» деп сұрады. Мен «Иә» деп едім, «Бері жақында, жараңды көрейін» деді. Жақындағанымда қолын жарамның үстіне қойып, қысты. Қатты ауырып қиналдым. Кейін найза ұстаған кісі «Құтылдың, ей, Исмаил» деді. Есімімді қайдан білді екен деп таңқалдым. «Біз де, сіздер де, иншаллаһ құтылдық» дедім. Найза ұстаған кісі шапан киген кісіні меңзеп «Бұл кісі имам» деді. Мен дереу оған жүгіріп, құшақтап, мүбәрәк тізесін сүйдім. Кейін олар кетіп қалды. Мен де олардың артынан бардым. Маған «Кері қайт» деді. «Сіздерден айрылғым келмейді» дегенімде «Кері қайт, бұған рұқсат жоқ» деді. Мен «Сонда да сіздерден айрылғым келмейді» дедім. Найза ұстаған кісі «Ұялмайсың ба, имам саған кері қайт деді, сен қарсы шығудасың» деді. Амалсыз тоқтап тұрдым. Олар кетті, кейін мүбәрәк жүзін маған бұрып «Бағдатқа барғаныңда халифа Мунтасыр сені шақырады. Одан ештеңе қабылдаушы болма» деді. Олар көзден ғайып болғанша сол жерде тұрдым. Кейін Мәшһәдке бардым. Сол төрт атты адам туралы сұрадым. Адамдар «Бұл аймақтың таңдаулы құрметті адамдары» десті. «Бірі имам еді» дегенімде «Имам қолында найза ұстаған ба еді, әлде шапан киген бе еді?» деп сұрады. Мен «Шапан кигені имам еді» деп жауап бердім. «Оған жараңды көрсеттің бе?» дегенінде «Иә, көрсеттім. Мүбәрәк қолымен қысты» деп оң санымды ашып көрсеттім. Жараның ізі де қалмаған еді. Бірден таңқалып, «Әлде сол санымда ма еді?» деп оны да аштым. Ешқандай ізі жоқ еді. Халық бұл жағдайды көріп, маған құрмет көрсетіп, айналама жиналды. Көйлегімді жыртып бөліп алды. Адамның көптігінен өлетіндей болдым. Мәшһәдтің қызметшілері мені құтқарып алды. Кейін Бағдатқа бардым. Бұл хабар Бағдатта тарап кетті. Ол жақта да халық маған құрмет көрсету үшін айналама жиналды. Қайтадан өліп кете жаздадым. Мені халифа Мунтасырға апарды. Ол менен болған оқиғаны сұрады. Бәрін айтып бердім. Маған мың динар берді. Мен «Алмаймын, өйткені имам маған сізден ештеңе алмауымды өсиет еткен» дедім. Мунтасыр жылап жіберді. Кейін ол жақтан шығып кеттім, одан ештеңе қабылдамадым».

«Жамиул усул» кітабында қиямет күні және қиямет белгілері туралы Ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ) былай риуаят еткені жазылған: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Дүниенің тек бір күн ғана өмірі қалса, Аллаһу та'ала ол бір күнді ұзартып, Әһли бәйтімнен есімі менің есіміммен, әкесінің есімі менің әкемнің есімімен бірдей адамды шығарады. Оған дейін зұлымдыққа толы болған сол дүниені әділеттікке толтырады» деді». [«Саадати Әбәдия» кітабының 62-ші бетіне қараңыз!].

Тағы «Жамиул усул» кітабында жазылғаны бойынша, Әбу Исхақ (радиаллаһу анһ) былай риуаят еткен: «Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) хазреті Хасанға (радиаллаһу анһ) қарап: «Бұл менің балам – сәйид. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) солай айтты. Жақында оның ұрпағынан бір кісі келеді. Есімі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) есіміндей болады. Денесі мен түрі де ұқсайды. Бірақ мінезі ондай дәрежеде болмайды» деді. Кейін «Жер жүзін әділеттікке толтырады» қиссасын айтты. Мұны Әбу Дауд (рахметуллаһи алейһ) хабар берді. Бірақ қиссаны хабар бермеді.

«Футухат-ул Меккия» кітабының авторы Мухиддин Араби (рахметуллаһи алейһ) Мәһди (алейһиррахмә) туралы жазғанда былай дейді: «Мәһдидің (алейһиррахмә) қасында рижалуллаһтан кемел және өте білімді үш жүз алпыс адам болады (әйядәкәллаһу уә ияна). Аллаһу та'ала жер жүзінде халифа жаратады. Жер жүзі зұлымдыққа толы кезде ол жер жүзін әділеттікке толтырады. Егер дүниенің бір күн өмірі қалса, Расулуллаһтың ұрпағынан бір кісі шыққанша Аллаһу та'ала ол күнді ұзартады. Ол кісі хазреті Фатиманың (радиаллаһу анһа) тегінен. Есімі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) есімімен, күнясі Оның күнясімен бірдей болады. Оның атасы Хасан бин Әли (радиаллаһу анһума). Қағбада Хажәр-ул әсуәд пен мақамы Ибраһим арасында Оған адамдар бағынады. Оның жаратылысы, дене бітімі Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ұқсайды. Бірақ мінезі ондай дәрежеде болмайды. Ешкім мінез-құлық тұрғысында Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дәрежесіне жете алмайды. Өйткені Аллаһу та'ала [«Қаләм» сүресінің 4-ші аятында] «Күмәнсіз сен үлкен мінезге иесің» деді. Ақиқат иелері, кәшф пен шуһуд иелері арифтер (әулиелер) оған бағынады. Аллаһ адамдары оның шақырғанына келіп, оған көмектеседі. Мемлекеттің мәселелерін шешуде және Аллаһу та'ала оған жүктеген жауапкершілікте оған көмектеседі. Аллаһу та'ала өзгеден жасырған, кәшф пен шуһуд жолымен ақиқатқа жеткізген құлдарын оған уәзір, көмекші қылады. Ол да олармен ақылдасып, дұрыс шешім шығарады. Өйткені Олар ақиқатты білетін арифтер (әулиелер). Мәһдиге де (алейһиррахмә) қажетті шамада барлық нәрсе Аллаһу та'ала тарапынан білдіріледі. Өйткені ол ақиқат білдірілген халифа. Ол жан-жануардың сөйлегенін түсінеді. Оның әділеттігі адамдар мен жындар арасында тарайды».

Шәйх Алауддәулә Ахмед бин Мұхаммед Сәмнани (қуддиса сиррух) әбдал мен құтыб туралы түсіндіргенде былай дейді: «Мұхаммед бин Хасан әл-Әскери (радиаллаһу анһу уә ан абаиһилкирам) пәк әһли бәйт имамдарының бірі. Ол құтбият мәртебесіне жеткен. Жасырынған кезде әбдал қоршауына кірген. Дәрежесі көтеріліп, ең үстем болуға дейін жетті. Ол кезде құтыб Әли бин Хусейн әл-Бағдади еді. Ол қайтыс болғанда Шунизәйһ деген жерге жерленді. Жаназа намазын Мұхаммед бин Хасан Әскери оқыды (радиаллаһу анһума). Оның орнына отырды. Он тоғыз жыл құтыб мәртебесінде өткізген соң қайтыс болды. Жаназа намазын Осман бин Яқуб және шәкірттері оқыды. Мәдинада жерленді. Оның орнына Осман бин Яқуб әл-Жувәйни әл-Хорасани өтті.

Осман бин Яқуб әл-Жувәйни парсы өлкесінде қайтыс болғанда жаназа намазын Абдуррахман бин Ауфтың (радиаллаһу анһ) ұрпағы Ахмед Күчүк оқыды және оның орнына өтті. Қабірінің үстінде кесене жоқ еді. Олардан басқа ешкім оның қабірін білмейтін еді. Жыл сайын зиярат етіп тұратын».

Риуаят етілген хадис шәрифте және хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) сөзінде Мәһдидің (алейһиррахмә) ақыр заманда келетіні, зұлымдыққа толы жер жүзін әділеттікке толтыратыны хабар берілді. Мәһдидің есімі Мұхаммед, әкесінің есімі Абдуллаһ болады. Хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) тегінен болады, күнясі хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) күнясі секілді Әбу Мұхаммед болады.

Аллаһу та'алаға шүкір, он екі имамның (радиаллаһу анһум әжмаин) кейбір сөздерін, жағдайларын, ғажайыптары мен кереметтерін айтуды, баяндауды нәсіп етті. Енді Асхаби кирамның (сахабалардың) (алейһимурридуан) кейбірлерінің жағдайларын баяндаймыз. Он екі имам (радиаллаһу анһум әжмаин) әулиелікте, кемелдік пен құндылықта өте биік. Олар ақиқаттың жол көрсетушісі болған. Бірақ бүкіл кереметтердің, үстемдіктердің оны екі имаммен шектелетінін ойламау керек. Әһли бәйт арасында өте үстемдер келген. Мысалы, олардың бірі Имам Мұхаммед Идрис Шафии. Олардың біразы атақты болған, ал біразының аты шықпаған. Олардан кейін келген атақты тұлғалардың біразын Молла Абдуррахман Жами хазрет «Нәфәхат-ул үнс» кітабында табақат-и софияда баяндаған. Ибраһим Сад Алеуи, Сәйид Абдулқадир Гейлани (қуддиса сиррух) секілді кейіннен келген әулиелер осылар.

«Шәуаһид-ун нубуввә» кітабын парсы тілінен аударған Ламии Челеби былай жазған: «Нубуввәт (пайғамбарлық) бақшасының жемісі, футуввәт (қайырым) шырағының жарығы, дін мен дүниенің сұлтаны, әнбиялардың мұрагері Сәйид Мұхаммед Мәһди Мисбаһ-ул Харәм Әли бин Сәйид-ул Харәм Абдуллаһ бин Сәйид Жәлаләддин Бұхари (қаддәсаллаһу рухаһу) хижри жеті жүзінші жылдың соңында Анадолыға келіп, Бурсаға орналасқан. Османлы патшаларынан Сұлтан Баязид ханның қызы Хунди ханыммен үйленді. Сегіз жүз отыз екінші жылы қайтыс болды. Мүбәрәк қабірі Бурсада орналасқан. Алыстан, жақыннан келген көп адамдар оны зиярат етіп, фәйз алуда. Мен Ламии Челеби ол туралы қысқаша жазған күні кешке тұмауратып қалғанымды байқадым. Түн ортасында оянып кеттім. Тамағым ісіп кеткен, өз түкірігімді де жұта алмаған едім. Дәрі іштім, бірақ көмектеспеді. Ұзақ уақыт солай отырған соң ұйықтап қалыппын. Түсімде бір адам тамағымды сипаған еді. Оны мен көре алмадым. Біреу менен «Тамағыңды сипап жатқан адамның кім екенін білесің бе?» деп сұрады. «Білмеймін, кім?» деп едім, «Сәйид Мұхаммед Бұхари (қуддиса сиррух)» деп жауап берді. Ол адамды да көре алмадым. Сол күйде ояндым. Тамағымда ешқандай ауру жоқ, жазылған еді. Таңқалғанымнан «Тамағымның ауырғаны да түсімде ме еді? Сондай түс көрдім бе?» деп ойланып қалдым. Қасымдағы қызметші оянғанымды байқаған болса керек, «Тамағыңыз қалай болды?» деп сұрады. Хазреті Әмірдің кереметі орын алғанын түсіндім. Ол хазреттің кереметтері мен ғажайыптары әйгілі және халық арасында кеңінен тарағаны сонша, айтып жеткізу мүмкін емес».

«Шәуаһид-ун нубуввә» аударушысы Ламии Челеби бұл кітапты аударуды оған әмір еткен ұстазы Сәйид Ахмед Бұхари (қуддиса сиррух) туралы былай айтады:

«Кейіннен келген үлкен әулиелердің бірі – Сәйид Ахмед Бұхари хазрет. Біздің заман оның иршадымен (білім беруімен) қадірленді. Аймағымыз оның аяқ басуымен бақ тапты. Ол Стамбұл халқына үлкен ниғмет болды. Ауамдар да (қарапайым халық), хауастар да (әулиелер), барша жұрт оның сұхбат мәжілісіне асығатын. Нағыз ықыласпен оның алдына келгендер мұратына жетіп, Аллаһу та'ала разы болған құл болатын еді. Өйткені ол тасаууф жолдарының жетекшісі, ақиқат әлемінің қолбасшысы еді. Аллаһу та'аланың мейірімімен көркем мінезге және қасиеттерге ие еді. Кутб-ул иршад, Ғаусул әутад еді. Оның жолы сүннет-и сәнияны ұстануға негізделген еді. Сыртқы көрініске мән бермеу, азиматпен амал ету, үздіксіз зікір ету, халықтан ұзақ болу, халуәт дәр әнжумән (шілдеге отыру), сәфәр дәр уатан, хош дәр дәм, назар бәр қадәм негізінде жетілген. Осы себепті оның үстем қарамағындағы әрбаби сафа, әрбаби уәфа болған шәкірттерінің көңілдері Аллаһқа деген махаббатпен нұрланып, дүниелік мақсаттардан толықтай бет бұрған болатын. Әрбірі менмендікті қойып, қолындағы барын беру жағдайына жеткен еді. Аллаһу та'аланың [«Фәтх» сүресінің 29-шы аятында] «...Олардың жүздерінде сәжденің ізінен белгі бар...» деген аяти карима бойынша кім оның мәжілісіне қатысса, жоғары әдептілік және көркем мінезін, ықыласы мен салмақтылығын көріп, Аллаһу та'аланың сүйіктілерінің бірі екенін аңғаратын.

Бұл пақыр (Ламии Челеби) Сәйид Ахмед Бұхари хазреттің шәкірті болған күнімнен бері өз көзіммен көрген және оны жақсы көретін сенімді адамдардан естіген кереметтерін және ғажайыптарын жазсам, үлкен кітап болар еді. Бірақ өз заманында бұларды жазғаныма ол разы болмайды деп қысқаша жазып өттім. Өйткені мақсатым оның разылығын алу еді. Бұл «Шәуаһид-ун нубуввә» кітабын аударуға кірісуім және басқа құнды кітаптардан қосымша жасауға тырысуым тек қана ұстазымның ишарасының, қолдауының және оған бағынуымның нәтижесінде жүзеге асты. Бұл еңбекті жазуым ұстазымның рухани көмегінің арқасында болды. Бұл еңбекті мен өзім жаздым деген ой туындамасын.