27 - Шәууал, 1445 жыл.
     6 - Мамыр, 2024 жыл.   


ҚОРЫТЫНДЫ (СОҢҒЫ БӨЛІМ)

Әулиелердің кереметтері Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұғжизаларының бір түріне жатады. Сондай-ақ Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қарсы шыққандардың, исламға қарсы әдепсіздік жасағандардың басына келген пәлекеттер мен жазалар да Оның мұғжизалары саналады. Осындай оқиғалардың кейбірлері:

Насрани бір адам мұсылман болған еді. «Бақара» және «Али Имран» сүрелерін оқыды және келген уахиларды қағазға жазып жүрген еді. Кейіннен мүртәд болды. Мұсылмандықтан шығып, бұрынғы дініне қайтты. «Мұхаммед (алейһиссалам) менің жазып бергендерімнен басқа ештеңе білмейді» дейтін еді. Бір күні ол өліп, жерленді. Ертеңіне таңертең денесі сыртта жатқан еді. Жер оны қабылдамай, сыртқа шығарып тастаған еді. Оның жақтастары «Мұны Мұхаммедтің (алейһиссалам) сахабалары істеді» десті. Сөйтіп оған терең қабір қазып, қайтадан көмді. Ертеңіне таңертең оны жер тағы сыртқа шығарып тастады. Үшінші мәрте шамалары жеткенше терең қабір қазып, оны сонда көмді. Таңертең топырақ оны қабылдамай, қайтадан сыртқа шығарып тастапты. Бұдан кейін мұны адам істемегенін түсініп, оны сол күйде қалдырды.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Періштелер білім алушылардың бұл амалына разы болғандықтан қанаттарын жерге (олардың жүрген жолдарына) жаяды» деген болатын. Дүмшелердің бірі мұны естігенде «Мен ол періштелердің қанаттарын сындырамын» деп, аяқ киімінің астына темір шегелер қақты. Малик бин Әнәстің (радиаллаһу анһ) дәрісіне қарай барды. Бара жатқанда аяғына киген шегелі аяқ киімдерімен жерді теуіп, «Періштелердің қанаттарын сындырып жатырмын» деген еді. Сол кезде кенеттен аяғы шалынып, жерге құлады да, тұра алмай қалды. Адамдар оны үйіне апарды. Екі аяғында ауру пайда болып, аяқтары қатты ауырды. Кейін аяқтарын кесіп тастады. Өлгенше мүгедек болып қалды. Бұл оқиғаны риуаят еткен адам: «Мен ол адамды оған дейін көрген едім. Киік секілді тез жүретін. Кейін өмірінің соңына дейін мүгедек болып қалғанын да көрдім» деген.

«Әсма-и Сахаби» кітабының авторы және басқа да көптеген еңбегі бар әрі хадис ілімінде имам болған Ибн Мәндә Исфәһани (рахметуллаһи алейһ) былай айтып берген: «Шамдағы хадис ғалымдарының біріне хадис шәриф тыңдау үшін барған едім. Оның алдында перде ілініп тұрған еді. Оның жүзі көрінбейтін. Сол жерге барып отырдым. Перденің артынан ол хадис шәриф оқи бастады. Ішімнен «Не себепті алдына перде ілген екен?» деп таңқалдым. Ол хадис шәриф оқып болды. Менің Ибн Мәндә екенімді біліп, маған «Ей, Әбу Абдуллаһ, менің перденің артында отыруымның себебін білесің бе?» деп сұрады. Мен «Жоқ, білмеймін» дедім. «Сен білімді адамсың және хадис ілімімен айналысатындардың бірісің. Саған айтып берейін» деп былай айтып берді: «Бір күні хадис ілімінде имам болған ұстаздарымның бірінің алдында отырған едім. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Басын имамнан бұрын көтерген адам Аллаһу та'ала басын есектің басына айналдыруынан қорықпай ма?» деген хадис шәрифін оқыды. Бұл хадис шәрифті әртүрлі риуат етушілердің шежіресімен риуаят етті. Ішімдегі надандықтың кесірі болса керек, «Бұл қалай болғаны?» деп ішімнен күмәндана бастадым. Сол түні ұйықтадым. Таңертең оянғанымда басым есектің басына айналған еді. Осы себептен білім мәжілістерінен мақұрым қалдым. Білім алуға келген шәкірттер алдыма келгенде олармен осылай перденің артында отырып сөйлесемін. Сенің білімдегі және діндегі дәрежеңді білгенім үшін бұл сырды саған айттым. Бірақ мен тірі кезде мұны ешкімге айтпа. Мен қайтыс болған соң айт, адамдар бұдан ғибрат алсын, хадис шәриф тыңдағанда әдепті болып отырсын және жүректерінде күмән келтірмесін» деді. Мұны ешкімге айтпайтыныма Аллаһу та'алаға ант еттім. Кейін ол кісі пердені ашып, өзін маған көрсетті. Денесі адамның денесі, ал басы есектің басы еді. Бұл жағдайды ол тірі кезде ешкімге айтпадым. Бүкіл нәрсенің дұрысын ең жақсы білетін Аллаһу та'ала».

Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) сәләфтан бір кісінің былай айтып бергенін риуаят етеді: «Сапарда жолда едім. Бір жерде жаназа бар еді. Соған адамдар қабір қазып жатқан еді. Оларға көмектесейін деп қастарына бардым. Сол кезде шашы-сақалы ағарған хош иісті қария ақ есекке мініп келді. «Бұл кімнің жаназасы?» деп сұрады. Ол жақтағылар «Бір мұсылман кісінің жаназасы» деп жауап берді. «Оның жақыны бар ма?» деп сұрағанында олар бір кісіні көрсетіп, «Бұл адам оның құлы» деді. Қария құлдан «Сенің қожайының бір қауымға көсем болды ма немесе патшалар жасайтын бір іс жасады ма?» деп сұрады. Құл «Оны білмедім, бірақ бұл кісі олжа болып келген мүлікке қиянат ететін» деді. Ақ шашты қария «Оның намазын оқымаңдар» деді. Біз жаназа оқуға тұрдық. Әлгі қария бұрылып кетіп қалды. Оны одан кейін көрмедік. Мәйітті қабірге түсірдік. Қабір ішінде бір күрек ұмытыппыз. Құл «Мен ол күректі біреуден аманат қылып алған едім, жерлеп болған соң қайтаруым керек еді» деді. Күректі алу үшін қабірді аштық және жерлеген адамымызды қабірде отырған күйде, күректің алқасы мойнына киілген және күректің сабын қолына алған күйде көрдік. Оны сол күйде қалдырдық. Күректің егесіне жағдайды түсіндіріп айттық. Ол да біздің көргенімізді көрді».

Тағы Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) бір адамнан былай риуаят еткен: «Қажылық күндерінің бірінде Мекке аудандарын кезіп жүрген едім. Мекке халқының бір жерге жиналғанын көрдім. Мен де сол жерге бардым. Жер бір қара адамды тартып жұтып жатқан еді. Халық күрекпен оны құтқаруға тырысып жатқан еді. Бірақ ешкім бұған бөгет бола алмады. Сөйтіп үміттерін үзді. Халық «Сен осындай жаза алатындай қандай жаман амал істедің, бізге айт, біз ол амалдан аулақ болайық» десті. Қара адам еш жауап бермеді. Жер оны беліне дейін жұтты. Ол жылап жатқан еді. Халық қоймай «Сен қандай жаман амал істеп бұл жазаға лайық болдың? Айт, бәрімізге насихат және ғибрат болсын» десті. Ол адам еш жауап бермеді. Кеудесіне дейін батқанда: «Мен Харам шәриф мешітінің көгершіндерін аулап, жеуді әдетке айналдырған едім» деді».

Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) былай риуаят еткен: «Бір топ адам қажылыққа бара жатқан еді. Харам шәриф мешітіне жетіп, бір жерге тұрақтады. Сол кезде бір киік келді. Араларынан біреу киікті аяғынан ұстап алды. Достары қанша жібер десе де күліп жібермей ұстап тұрды. Киік қорыққанынан кіші және үлкен дәретін сындырды. Кейін ол киікті жіберді. Ол адам түскі уақытта ұйықтады. Бір жылан келіп, қарнына жатып алды. Достары оған «Қимылдама, қарныңда жылан жатыр» деп айқайлады. Ол адам қорыққанынан астына үлкен және кіші дәретін жіберіп қойғанша жылан үстінен кетпеді. Осылайша ол киікке жасағанының жазасын көрді».

Тағы Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) былай айтып берді: «Бір топ адам Харам шәриф мешітінде бір ағаштың көлеңкесінде тұрақтаған еді. Нандары және тамақтары жоқ еді. Араларынан бірі садағын шығарып, бір киік аулады. От жағып, киіктің етін пісірді. Ет пісірген қазандарының астынан үлкен өрт шығып, оларды өртеді. От олардың киімдеріне, малдарына және көлеңкелеген ағаштарына зиян тигізбеді».

Мутазила ағымы ұшыраған жазалар:

Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) сәләфтан бір кісіден былай риуаят еткен: «Менің бір көршім бар еді. Құран кәрімді жаттап алған болатын. Бір күні  біреумен сөз таласып жатқанда «Егер Құран кәрім жаратылыс болмаса, Аллаһу та'ала оның аяттарын жүрегімнен өшірсін» деді. Түнде ұйықтағанда Аллаһу та'ала оның жүрегінен Құран кәрімнің аяттарын өшірді. Таңертең тұрғанында Құран кәрімнің не екенін де ұмытып қалған еді. Оған «Құран кәрім оқы» дегенде тілін жыбырлатып, бір дауыстар шығаратын. Бірақ не айтқанын ешкім түсінбейтін. Жанұясы және жақындары оның бұл жағдайына ұялатын еді. Соңында оны біреулер қылқындырып өлтірді».

Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) сәләфтан бір кісінің былай айтып бергенін риуаят еткен: «Анамның әкесі қабір азабына сенбейтін еді. Бұл мәселеде қаншама талқы жүрген болса да, райынан қайтпады. Бір түні онымен бір бөлмеде ұйықтаған едім. Түнде қиналып, мені шақырып оятты. «Тұр, шырағданды жақ» деді. Мен тұрып, шырағданды жағып әкелдім. «Табаныма қара» деді. Қарасам, аяғы күйіп, қабыршықтанып кеткен екен. Маған «Түсімде мазарға кірдім, аяғым бір қабірдің ішіне кіріп кетті де, күйіп қалды. Мына аяғымдағы күйік пен қабыршықтар сол күйгеннің әсері» деді. Бұл оқиғадан кейін қабір азабына сенетін болды және мүлде қарсы шықпады».

Халифа Мутәуәккил бір күні шыныдан жасалған асты мен үстінен су ағатын жылыжайдың ішіне кірді. Жақын адамдары, достары, сұхбаттастары да қасында еді. Отырып, әңгімелесіп отырғанда халифа Мутәуәккил күлді. Кейін «Неге күлгенімді сұрамайсыңдар ма?» деді. Қасында отырғандар «Аллаһу та'ала күлкіңізден айырмасын, ей, мүминдердің әмірі, күлуіңіздің себебі не?» деп сұрады. Халифа жақын адамдарына қарап, «Уасық та жақын достарымен отырған бір мәжілісте Құран кәрімнің жаратылыс болуы туралы көп ойландым. Бұл мәселеде өте мұқият болдым. Халықты осы пікірге шақырдым. Бір бөлігі менің мал-мүлкіме және абыройыма қарап мұны қабылдады. Кейбірлері соққыға алынып, қамалып, көп зорлық көрген соң ғана қабылдады. Ал бір бөлігі діндегі және тақуалықтағы беріктігі себебімен қабылдамады. «Бұл мәселеде жүрегіме күмән түсті. Бұл сенімді қойып, осы мәселемен айналысқым келеді» дедім.

Құран кәрімді жаратылыс деп сенген және бұл мәселеде табан тіреп тұрған Ибн Әбу Дауд та сол жерде еді. Ол бұл мәселеге қатты кірісіп кеткен болатын. «Ей, мүминдердің әмірі, ұстанып жүрген сеніміңізді сөндіргіңіз келді ме?» деді. «Сізге дейін ешкім жасамағанды сіз жасадыңыз. Осы мәселеде берік болғаныңыз үшін Аллаһу та'ала сізге қайырлы марапат берсін» деді де, бұл мәселені әбден талқылады. Уасықтың бұл мутәзила сенімінен қайтуынан қорықты. Кейін Уасық «Ендеше осы мәселеде Аллаһу та'алаға ант етейік» деді. Сонда Ибн Әбу Дауд «Егер Құран кәрім жаратылыс болмаса, Аллаһу та'ала мені өлмей тұрып бүкіл денемді сал қылсын» деді. Сол жерде отырғандардың бірі «Құран кәрім жаратылыс болмаса, менің денеме темір шегелер қадалсын» деді. Басқа бірі «Егер Құран кәрім жаратылыс болмаса, Аллаһу та'ала менің денеме сасық иіс берсін. Танитын танымайтын бәрі менің осы иісімнен қашсын» деді. Тағы бірі «Егер Құран кәрім жаратылыс болмаса, Аллаһ қараңғы бір жерде мені құртсын» деді. Ал Уасық «Егер Құран кәрім жаратылыс болмаса, Аллаһу та'ала менің денемді дүниеде де, ахиретте де өртесін» деді».

Халифа Мутәуәккил осыны айтып берген соң «Осы есіме түсіп, соған күлдім» деді.

Құран кәрімді жаратылыс деп адасқан сенімдерінде табан тіреген және Аллаһу та'алаға ант еткендердің әрбірі өздері айтқандай болды. Ант еткендері бастарына келді. Ибн Әбу Даудтың денесі сал болды. Басқасының денесін темір шегемен шегелеп тастады. Біреуі өлім ауруында терледі. Оның тері сасығаны сонша, ешкім оған жақындай алмады. Қанша хош иіс сеуіп, әдемі иісті шөп түтеткен болса да, пайда бермеді. Біреуі бір аршын биіктікте бір жер жасады, соның ішінде өлді. Басқа біреуі Дижлә өзенінде тұншығып өлді. Ал Уасық ауырып қалды. Дәрігерлер оған мынадай шара тапты: «Уасыққа зәйтүн ағашынан іші шоққа толғанша тандыр жағу керек, кейін тандырды босатып, ішін кебекке толтырып, Уасықты сол тандырдың ішінде үш сағат жатқызу керек. Тандырдан шыққанда ауа оған әсер етіп, ауруы асқынатындықтан, ол қайтадан тандырға кіргісі келеді. Тандырға кіргізбесе өлуі мүмкін» деді. Дәрігерлер айтқанындай тандыр жағылып, ішіне Уасық жатқызылды. Оны тандырдан шығарған кезде сиырдай ақырып «Мені тандырға кіргізіңдер» деді. Жақындары мен қызметшілері оны аяп, қайтадан тандырға кіргізді. Сол кезде үні өшті. Денесінде қабыршықтар пайда болып, кейін бәрі жарылды. Денесі көмірдей болыпы күйді. Оны тандырдан тағы сыртқа шығарған кезде бірден өлді.

Исламға қарсы шыққандардың соңының жаман болуы және ұшыраған жазалары көп болғаны сонша, жазумен, айтып берумен бітпейді. Әр дәуірде, әр өлкеде түрлі күнәһарлар, залымдар мен қатыгездер және сүннеттен, Мұхаммед алейһиссаламның дінінен алыстаған (дінде реформа жасағысы келген) адамдар ұшыраған ауыр жазаларға, пәлекеттерге халық куә болған.

Жүрегі иман нұрымен нұрланған адам өз хәлін біраз ойласа, жақсылық, ғибадат жасау мен күнә істеп, қарсы шығудың арасындағы айырмашылықты көріп түсінеді. Өйткені ғибадаттың нәтижесі зауық, бақыт, шаттық, көркем мінез және жақсы амалдар. Ал қарсы шығудың, күнә істеудің нәтижесі қайғы-қасірет, бақытсыздық, жаман мінез және жаман істер. Күмәнсіз ғибадаттың және жақсы амалдың марапаты сауап алу. Жаман істердің және күнәлардың кесірі азап пен жаза.

Аллаһу та'ала бізге және барша мұсылмандарға нәтижесі сауапқа қауышу болған ғибадаттарды орындауды нәсіп етсін. Нәтижесі азап пен жаза болған жамандықтардан сақтасын!

Уәлхамдулиллаһилләзи һәдәнә лихазә уә мә куннә линәһтәдия ләула ән һәдәналлаһу. Уәссалату алә Расулиһилләзи урсилә иләл аләмин. Лилинтибаһ уә алә алиһил изам уә асһабиһил кирам кулләма зәкәраһуззакирун уә ғафәлә ан зикриһил ғафилун.

[Бұл істе бізді жетістікке жеткізген және хидаятқа түсірген Аллаһу та'алаға әрдайым мақтау болсын. Ол бізге жетістік пен хидаят бермесе, біз хидаятқа жете алмас едік. Әлемдерге хидаят жетекшісі және ескертуші ретінде жіберілген Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), отбасына, сахабаларына (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин) әрдайым дұға мен сәлем болсын!].

Имам Раббани хазрет «Мәктубат» кітабының 1-ші том, 275-ші хатында былай дейді:

«Сіздің бұл ниғметке қолжеткізуіңіз ислам білімдерін үйрету және фиқһ үкімдерін тарату арқылы болған. Ол жерлерге сауатсыздық орныққан және бидғат тараған болатын. Аллаһу та'ала сүйіктілеріне деген сүйіспеншілікті сізге нәсіп етті. Ислам дінін жаюға сізді арашы қылды. Олай болса, діни білімдерді үйренуге және фиқһ үкімдерін жаюға қолыңыздан келгенше талпыныңыз. Бұл екеуі бүкіл бақыттардың басы, жоғарылаудың құралы және құтылудың себебі. Көп күш салыңыз! Дін ғалымы ретінде ортаға шығыңыз! Ол жақтағыларға әмри маруф және нәхий мүнкәр жасап (дінді уағыздап), тура жолды көрсетіңіз! «Мүзәммил» сүресінің он тоғызыншы аятында «Раббының разылығына қауышқысы келгендерге бұл әлбетте насихат» делінген».