8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Хазреті Әлидің қаһармандығы

Хазреті Әлидің қаһармандығы

Осы кезде еңісте күтіп тұрған, барлық мүмкіндікті пайдалануға тырысқан құрайыш садақшыларының қолбасшысы Халид бин Уәлид өткелдегі мүжахидтердің азайғанын көріп, қарамағындағы атты әскерлерді шабуылға шығарды. Икримә бин Әбу Жәхлмен бірге әп-сәтте Айнейн өткеліне келді. Абдуллаһ бин Жубәйр мен адал жолдастары сап құрап тізіліп тұрды. Садақтарындағы оқ таусылғанша дұшпанға оқ жаудырды. Сосын найзаларымен шайқасты, бетпе-бет келген кезде қылыштарымен «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар» деп ұрандап, шайқасты. Имандылар мен имансыздардың арасында бір адамға жиырма бес адамдай келетін жағдайда еді. Сахабалар пайғамбарымыздың бұйрығын орындау үшін соңғы қасық қандары қалғанша соғысты. Бірінен кейін бірі шәйіт болып, жерге құлап, рухтары жұмаққа ұшты. (радиаллаһу анһум)

 

Мүшріктер өшпенділікпен хазіреті Абдуллаһтың киімін жыртып, денесін найзамен тескіледі. Қарнын жарып, ішкі ағзаларын сыртқа шығарды.

 

Халид бин Уәлид пен Икримә өткелдегі мүжахидтерді шәйіт еткеннен кейін Ислам әскерінің артынан шабуылдады. Сахабалар арттарында бірден пайда болған жауды көргенде жиналуға мүмкіндік таба алмай қалды. Өйткені, біразы қаруларын да тастап қойған еді. Жағдай бірден өзгерген еді. Қашқан құрайыштық мүшріктер Халид бин Уәлидтің арқадан шабуылдағанын көріп, қайтадан оралды. Мүжахидтер екі оттың арасында қалған еді. Жау алдынан және арқасынан шабуылдап, мүжахидтерді қысымға ала бастады. Сахабалардың бір-бірімен байланысы үзілді. Таралуға мәжбүр болды.

 

Хазіреті Әли былай баяндайды: «Араларында Икримә бин Әбу Жәхл де болған мүшрік жасағының ортасында қалдым. Олар мені қоршап алды, көбісін қылышпен өлтірдім. Ажалым келмегендіктен маған еш нәрсе болмады. Бір кезде пайғамбарымыздан көз үзіп қалдым. «Ант етемін, ол соғыс майданын тастап, кететін адам емес. Аллаһу та’ала біздің жасаған орынсыз әрекетімізге байланысты Оны арамыздан алып, көтерген шығар. Маған да шайқасып өлуден басқа амал қалмады» деп қылышымды сілтей бердім. Мүшріктерге шабуылдап, оларды қыра бастағанымда пайғамбарымыздың солардың арасында қалғанын көрдім. Пайғамбарымызды Аллаһу та’аланың періштелермен қорғағанын түсіндім».

 

Дұшпан әскерлері пайғамбарымыздың жанына дейін жақындап барды. Өте қауіпті жағдай туған еді. Пайғамбарымыз әскери жасақ сияқты қарсы тұрып, орнынан қозғалмады. Бір жағынан жаумен шайқасып, екінші жағынан тарап кеткен сахабаларын жинауға тырысып, «Ей, пәленше! Маған қарай кел. Ей, пәленше, маған қарай кел. Мен Расулуллаһпын. Маған келген адамға жұмақ бар» деп жүрді. Хазіреті Әбу Бәкір, Абдуррахман бин Ауф, Талха бин Убәйдуллаһ, Әли бин Әби Талиб, Зубәйр бин Аууам, Әбу Дужанә, Әбу Убәйдә бин Жәррах, Саид бин Муаз, Сад бин Әбу Уаққас, Хаббаб бин Мүнзир, Усәйд бин Худайр, Сәхл бин Ханиф, Асым бин Сабит, Харис бин Симмә (радиаллаһу анһум) бір сәтте пайғамбарымыздың қасына жиналып, Оны қорғау үшін жанды бекініс болып қатар тізді.

 

Осы кезде Аббас бин Убадәнің (радиаллаһу анһ) тарап кеткен сахабаларды жинау үшін «Ей, бауырларым! Бұл ұшыраған қиындығымыз пайғамбарымыздың бұйрығын орындамаудың нәтижесі. Таралмаңдар! Пайғамбарымыздың қасына келіңдер. Егер біз қорғаушылардың қатарынан орын алмай, пайғамбарымызға бір зиянның келуіне себеп болсақ Раббымыздың алдында біз  айтатын сылтау қалмас» деді. Хазіреті Аббас бин Убадә қасында Харижә бин Зәйд және Әус бин Әркам (радиаллаһу анһум) болса да жаудың ішіне «Аллаһу әкбар» деп бас қойып, қылышымен ұмтылды. Пайғамбарымызды қорғау үшін бар күштерін салып шайқасты. Харижә бин Зәйд он тоғыз жерінен жарақат алған болатын. Қалғандарының жарасы да аз емес еді. Үшеуі де қатты аңсаған шәйіттік дәрежелеріне көтерілді.

 

Сахабалар осындай қауіпті сәтте пайғамбарымыздың қасына жайлап жинала бастады. Мүшріктер пайғамбарымыз бен оны қорғаған сахабаларды шеңбер түрінде қоршауға алды. Жан-жақтан жақындап, шеңберді тарылта бастады. Құрайыштықтардан бір топтың ішке қарай ұмтылғанын көрген пайғамбарымыз қасындағы жан беруге даяр сахабаларына «Мына жасақты кім күтіп алады?» дегенде Уәхб бин Кабус (радиаллаһу анһ) «Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Мен күтіп аламын» деп алға ұмтылды. Аллаһу та’аланың атын аузынан тастамайтын осы батыр қылышымен жаудың арасына кірді. Пайғамбарымыз «Саған жұмақ бар» деді. Оның дұшпан алдындағы ерлігін көргенде «Аллаһым! Оған рақымдылық жасай гөр. Оған мейірімділік таныт» деді. Мүшріктердің хазіреті Уәхбті орталарына алып, найзамен шәйіт еткендерін көрген Сад бин Әби Уаққас оған көмек беру үшін ішке ұмтылады, жаудың ортасына барып, кереметтей батырлық көрсетті. Бірнеше кәпірді саптан шығарды. Қалғандарын да кері лақтырып, пайғамбарымыздың жанына келді. Пайғамбарымыз хазіреті Уәхб үшін «Мен сенен разымын. Аллаһу та’ала да разы болсын» деп дұға етті.

 

Пайғамбарымыз мүжахидтердің шеңберін жарып, өзіне қарай бір мүшрік жасағының келе жатқанын көріп, хазіреті Әлиге «Оларға шабуылда» деп бұйырды. Хазіреті Әли шабуыл жасап, Амр бин Абдуллаһты өлтіріп, қалғандарын кері қайтарды. Қылышы сынып қалған соң пайғамбарымыз Зүлфиқарды соған берді. Тағы бір топ жасақ келе жатқанда пайғамбарымыз «Йа Әли! Мыналардың жамандығын қайтар» деді. Жанын пайғамбарымыздың жолына құрбан еткен Аллаһу та’аланың арыстаны дереу шабуылға көшті. Сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам келіп, пайғамбарымызға «Йа, Расулаллаһ! Әлиден ерекше ерлік, қаһармандық көрініс табуда» дегенде пайғамбарымыз «Ол менен, мен оданмын» деді. Жәбрейіл алейһиссалам «Мен екеуіңненмін» деді. Сол кезде «Әли сияқты ер жүрек жігіт, Зүлфиқар сияқты қылыш жоқ» деген дауыс келді.

 

Мүшріктер пайғамбарымыздың қасына жақындай алмайтынын түсініп, оқ ата бастады. Атылған оқтар үстінен, жанынан өтіп жатты. Дұшпанды тойтару үшін бар күштерін салған сахабалар бұл жағдайды көре сала пайғамбарымыздың алдына келіп, денелерін оққа төсей бастады. Пайғамбарымыз сахабаларына оқпен жауап беруді бұйырғаннан кейін сахабалар да жауға оқ жаудыра бастады. Пайғамбарымыз Са’д бин Әби Уаққасты алдына отырғызды. Өте мерген болған хазіреті Са’д жауға оқ ата бастады. Садағымен әр оқ атқанда «Йа, Раббым! Бұл сенің оғың. Онымен дұшпанды ұр» деді. Пайғамбарымыз да «Аллаһым! Са’дтың дұғасын қабыл ет! Аллаһым! Са’дтың оғын турала. Жалғастыр Са’д! Жалғастыр! Ата-анам саған құрбан болсын» деді. Осылайша, ол әр оқ атқанда пайғамбарымыз осы дұғасын қайталады. Хазіреті Са’дтың оғы таусылғаннан кейін пайғамбарымыз оған өз оқтарын берді. Са’д бин Әби Уаққастың әрбір оғы дұшпанға немесе оның атына тиіп жатты.

 

Мүшріктердің атқан оқтарына қарсы Әбу Талха пайғамбарымыздың алдына тұрып, оның алдына қалқаны мен денесін тосып, жеңісті ұрандап айқайлады. Пайғамбарымыз «Әскердің ішінде Әбу Талханың дауысы жүз адамнан қайырлы» деген. Әбу Талха мүмкіндігінше жауға оқ атудан тайсалмады, оның атқан барлық оғы нысанаға тиіп жатты. Атқан оқтарды көруге пайғамбарымыз басын жоғары көтергенде оқ тиеді деп қорыққан Әбу Талха (радиаллаһу анһ) «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Басыңызды көтермеңіз. Сізге жаудың оғы тиіп жүрмесін. Денем сізді қорған болып қорғасын. Мен өлмейінше сізге жете алмайды. Мен өлмейінше сізге ешнәрсе болмайды» деп пайғамбарымызды өз жанынан артық көрді.

 

Ухуд майданының барлық жерінде қырғын қақтығыс болып жатты, кейбірлері атпен, кейбірлері жаяу соғыстарын жалғастырды. Сахабалар әлі жинала алмаған болатын. Пайғамбарымыздың айналасында тек отыз шақты сахаба ғана айналшықтап жүрді, олар келген оқтарға, найзаларға, қылыштарға өз денелерін тосты. Бір ғана армандары пайғамбарымыздың бұйрығын орындау және Оны келетін барлық зарарлардан қорғау болды. Жігіттердің сардары хазіреті Хамза сол шайқаста пайғамбарымыздан ажырап қалып, екі қолындағы екі қылышымен жаудың ортасында соғысты. Оның «Аллаһу әкбар!» деген дауысы жаудың жүрегіне үрей салатын. Соған дейін жалғыз өзі отыз бір дұшпанды өлтіріп, біразының аяғын, қолын шапқан болатын. Айналасын қоршаған жауды қырған кезінде Сибаа бин Үммү Әнмар «Маған қарсы тұра алатын жігіт бар ма?» деп хазіреті Хамзаға қарсы шықты. Хазіреті Хамза «Бері кел, ей сүннетші әйелдің баласы! Демек, сен Аллаһқа және Расулына қарсы шықтың, солай ма?» деп, оның аяқтарынан ұстап жерге құлатты. Үстіне шығып, басын жұлып алғаннан кейін қарсы беттегі тастың ар жағынан Уахшидің өзін найзамен көздеп тұрғанын көрді. Дереу оған ұмтылған кезде аяғы шұңқырдағы балшыққа тайып арқасымен құлайды. Сол кезде сауытының алдыңғы жағы ашылған болатын. Осы сәтті пайдаланған Уахши найзасын лақтырады. Найза хазіреті Хамзаның денесіне қадалып, ар жағынан шықты. Ұлы қаһарман Хамза (радиаллаһу анһ) «Аллаһым!» деп сол жерде жерге құлады. Шәйіт болып, аңсаған мақсатына жеткен еді. Аллаһу та’аланың жолында, пайғамбары үшін жан тапсырған еді...

 

Осы кезде жау сапынан біреу «Ей, құрайыш жамағаты! Туыстық қатынастарды сақтамайтын, қауымымызды бөлген Мұхаммедпен соғысудан бас тартпаңдар. Егер Мұхаммед құтылса, мен құтылмайын» деп мүшріктерді пайғамбарымызға шабуылдауға шақырды. Бұл Асым бин Әбу Ауфтың дауысы болатын. Әбу Дужанә (радиаллаһу анһ) бұл дауысты естиді. Шайқаса келіп, Асым бин Әбу Ауфты тауып өлтірді. Бірақ, артындағы мүшрік Мабәд бар күшімен қылышын хазіреті Әбу Дужанәге сілтеді. Аллаһу та’аланың жақсылығымен кенеттен және шұғыл әрекетпен жерге құлаған Әбу Дужанә (радиаллаһу анһ) өлім соққысынан аман қалды. Дереу орнынан тұрып, Мабәдті қылышпен соғып өлтірді.

 

Құрайыштық мүшріктердің көздегені пайғамбарымыз болатын. Оған жақындау үшін бар күштерін салды. Бірақ, айналасында қоршап жүрген, бір зиян келеді деген қорқынышпен жандарын құрбан етуден тартынбаған ардақты сахабалдардан еш өте алмады. Осы ер жүрек отыз жігіт пайғамбарымыздың алдында «Йа, Расулаллаһ! Сіздің қасыңыздан кетпейміз, Біз сізге қалқан боламыз, сіз аман болсаңыз болды» деді. Мүшріктер топтасып шабуыл жасады. Пайғамбарымыз қасындағы сахабаларына осы топты көрсетіп, «Аллаһу та’аланың жолында денесін кім пида етеді?» дегенде мәдиналық бес сахаба алға шықты. Олар пайғамбарымыздың көз алдында тәкбірлер айтып, бар күштерін салып соғысты. Олардың төртеуі шәйіт болды. Бесіншісі он төрт жерінен жараланып, жерге құлағанда пайғамбарымыз «Оны менің қасыма әкеліңдер» деді. Денесінің барлық жерінен қан ағып тұр еді. Пайғамбарымыз отырып, аяғына басын жастанды. Осылай шәйіт болу құрметіне ие болған бұл бақытты сахаба Умарә бин Йәзид (радиаллаһу анһ) болатын.