12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Са’д бин Муаздың шәйіт болуы

Са’д бин Муаздың шәйіт болуы

Са’д бин Муаз (радиаллаһу анһ) Бәни Қурәйза яһудилеріне қатысты үкімді бергеннен кейін оны қайтадан шатырына алып барды. Жарасы асқынып, жағдайы нашарлаған еді. Пайғамбарымыз оның қасына барып, оны құшақтап: «Аллаһым! Са’д сенің разылығың үшін сенің жолыңда жихад етті. Расулыңды да мақұлдады. Оған жақсылық бере гөр»,- деп дұға етті. Са’д бин Муаз (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздың бұл сөздерін естіп, көзін ашып: «Йа, Расулаллаһ! Сізді құрметтеймін. Сіздің Аллаһу та’аланың пайғамбары екеніңізге куәлік етемін»,- деді. Сосын Са’д бин Муаздың (радиаллаһу анһ) жақындары оны ол шатырдан Абдуләшхәл ұлдарының үйіне алып барды. Сол түні жағдайы қатты нашарлады. Жәбрейіл алейһиссалам пайғамбарымызға барып: «Йа, Расулаллаһ! Бүгін түнде сенің үмметіңнен қайтыс болып, оны періштелер сүйіншілеген адам кім?» деді. Осыған орай пайғамбарымыз сахабаларынан дереу Са’д бин Муаздың (радиаллаһу анһ) жағдайын сұрады. Оны үйіне апарғандарын айтты. Пайғамбарымыз қасына біраз сахабаларды ертіп, хазіреті Са’д бин Муаздың үйіне барды. Жолда тез жүргендіктен сахабалар «Шаршадық, йа Расулаллаһ»,- деді. Пайғамбарымыз: «Періштелер Ханзаланың жаназасына бізден бұрын барғаны сияқты Са’дтың жаназасына да бізден бұрын барып қоймасын. Жылдам болмасақ, олардан бұрын жете алмаймыз» деп, тез жүру себебін айтты. Пайғамбарымыз хазіреті Са’д бин Муаздың жанына барған кезде ол жан тапсырып қойған еді. Оның басына отырып, Са’д бин Муаздың (радиаллаһу анһ) атын атап: «Ей, Әбу Амр! Сен басшылардың ең жақсысы едің. Аллаһу та’ала саған бақыт, береке және ең қайырлы сыйды берсін. Аллаһу та’алаға берген сөзіңде тұрдың. Аллаһу та’ала да саған уәде еткенін береді» деді. Осы арада Са’д бин Муаздың анасы жылап, ұлының артынан оған арналған жоқтау өлеңін оқыды.

 

Әсләм бин Харис (радиаллаһу анһ) осы оқиға жайлы былай баяндаған: «Расулуллаһ Са’д бин Муаздың үйіне барды. Біз есіктің алдында күтіп тұрған едік. Пайғамбарымыз үлкен қадамдармен ішке кірді, біз де артынан ердік. Пайғамбарымыз белгі бергенде тоқтап, кері қайттық. Іште Са’дтың денесінен басқа ешкім жоқ болатын. Расулуллаһ іште біраз уақыт болғаннан кейін сыртқа шықты. Таңданыс білдіріп «Йа, Расулаллаһ! Неге үлкен үлкен қадам тастап жүрдіңіз?» деп сұрадым. Ол: «Үйдің ішіне періштелердің толып кеткені соншалық, аяқ басатын жер табуға қиналдым. Періштенің бірі мені қанатына алды, мен тек солай ғана отыра алдым» деді. Сосын Са’д бин Муаздың (радиаллаһу анһ) атын атап: «Саған мүбәрәк болсын йа Әбу Амр»,- деді.

 

Оның қайтыс болуы пайғамбарымыз бен сахабаларды қатты қайғыртты, көз жастарын төкті. Жаназасына барлық сахабалар жиналды. Пайғамбарымыз жаназа намазын оқытып, мәйітін көтерді. Сахабалар Са’д бин Муаздың (радиаллаһу анһ) табытын көтеріп келе жатып «Йа Расулаллаһ! Біз мұндай жеңіл табыт көтеріп көрмедік» десті. Сонда пайғамбарымыз: «Оның жаназасын көтерісу үшін көктен періштелер түсті»,- деді. Жаназасын алып бара жатқанда мұнафықтар да жамандау үшін «Масқара! Не деген жеңіл!» дегенде пайғамбарымыз «Са’дтың жаназасына көктен жетпіс мың періште түсті. Олар қазірге дейін жер бетіне осыншама көп болып түспеген еді»,- деді.

 

Әбу Саид Худри (радиаллаһу анһ) атасының былай дегенін жеткізген: «Са’д бин Муаздың қабірін қазғандардың бірі мен едім. Оған қабір қазуды бастаған кезде айналаға қабірден хош иіс тарады». Шурахбил бин Хасәнә былай дейді: «Са’д бин Муазды жерлеген кезде біреу қабірден бір уыс топырақ алған еді. Сосын ол топырақты үйіне апарғанда ол жұпар иіске айналды. Денесі қабірге қойылғанда пайғамбарымыз оның қабірінің басында отырып, көзіне жас алып, сақалын ұстап қатты қайғырды. «Са’д бин Муаздың өліміне Арш сілкінді» деді. Бір жолы пайғамбарымызға қымбат киім сыйға тартылған еді. Сахабалар «Қандай әдемі» деген кездерінде «Са’д бин Муаздың жұмақтағы бет орамалдары бұдан да әдемі» деген.

 

Хижреттің бесінші жылында орын алған кейбір маңызды оқиғалар мыналар: Пайғамбарымыз Думәтул-Жәндәлде тұратын және Шамға қатынайтын жолаушыларды мазалаған және Мәдинаға қауіп төндірген қауымдарға қарсы мың адамдық әскермен жорыққа шықты. Ислам әскерінің келгенін естіген жаудың тайпалары қаша жөнелді. Бұл жерде бірнеше күн болғаннан кейін Мәдинаға қайтты.

 

Пайғамбарымыз Зүл-қадә айында Зейнеп бинти Жахшпен (радиаллаһу анһ) үйленді. Сол жылы хиджаб аяттары түсті және мұсылман әйелдерге оранып жабынуы бұйырылды. Сондай-ақ, хазіреті Айша анамызға жала жабылды. Кейбір мұсылмандар осы жалаға сеніп қалған еді. Аяти кәримәлар келіп, мұнафықтардың жала жапқаны анықталып, хазіреті Айша (радиаллаһу анһа) мадақталды. Мәдинаға жақын жерде тұратын Мүзәйнә тайпасы елші жіберіп, мұсылмандықты қабылдады, сөйтіп мұхажирлердің қатарына қосылды. Және сол жылы зілзала мен ай тұтылу оқиғалары орын алды. Сондай-ақ, қажылық та осы жылы парыз етілді.