ҮстемдіктеріӨнегелі мінез-құлқы Аллаһу та’ала сүйікті пайғамбарына саллаллаһу алейһи уә сәлләм берген игіліктері мен ихсандарын айтқан кезде, Оны ең жақсы, ең көркем мінездермен безегенін бір-бір санап, «Сен жақсы мінезді болып жаратылдың» деген. Хазреті Икримә былай дейді: «Абдуллаһ ибн Аббастан естідім. Бұл аяти кәримадағы «хулуқы азим», яғни жақсы мінездер Құран Кәрімнің білдірген мінездері болып табылады. Аяти кәримада «Сен хулуқы азим бойынша жаратылдың» (Қалам сүресі, 4) делінген. Хулуқы азим – Аллаһу та’аламен арасында құпия, жасырын нәрселері болу, ал адамдармен жақсы мінезді болу дегенді білдіреді. Көптеген адамның ислам дініне кіруіне Расулуллаһтың көркем мінезі себеп болған. Сөздері тәтті болатын, көңілдерді жаулап алып, рухтарды бағындыратын. Ақылдылығы соншалық, Араб түбегінде қатал, қыңыр адамдар арасында туылып, өте жақсы басқарып, олардың көрсеткен жәбірлеріне сабыр етіп, оларды жұмсартып, бағындырды. Көпшілігі діндерін тастап, мұсылман болды және ислам жолында өз әкелеріне, өз балаларына қарсы соғысты. Оның жолында мал-мүліктерін, отандарын құрбан етіп, қандарын төкті. Негізінде олар мұндай істерге әдеттенген емес-тін. Пайғамбарымыздың мінезі, жұмсақтығы, кешірімшілдігі, сабырлылығы, игілігі, ихсаны барлық адамды таң қалдыратын. Оны көріп, сөздерін естігендер өз еріктерімен қуана-қуана мұсылман болатын. Ешқандай әрекетінде, ешқандай ісінде, ешқандай сөзінде, ешқашан, ешқандай жаман нәрсе, ешқандай кемшілік байқалмаған. Өзіне қатысты мәселеде ешкімге ренжімейтін, бірақ дін дұшпандарына, дінге тіл мен қол тигізгендерге қатал болған. Мұхаммед алейһиссаламның мыңдаған мұғжизасы көрілген, мұны дос та дұшпан да айтқан. Бұл мұғжизалардың ең құндысы - әдепті және көркем мінезді болуы еді. Әбу Саид Худри хазреттері былай дейді: «Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләм малға шөп беретін. Түйені байлайтын. Үйін сыпыратын. Қойын сауатын. Аяқ киімінің жыртылған жерін тігетін, киімін жамайтын. Қызметшісімен бірге отырып тамақтанатын. Қызметшісі диірмен тартып, шаршаған кезде оған көмектесетін. Базардан анау-мынау алып, дорбаға салып, үйіне әкелетін. Кедеймен, баймен, үлкенмен, кішімен кездесіп қалған кезде бірінші болып сәлемдесетін. Олармен амандасу үшін мүбәрәк қолын бірінші болып созатын. Құлға, беделді адамға, мырзаға, қара адамға, ақ адамға, барлығына тең қарайтын. Кім шақырса да шақырылған жерге баратын. Алдына қойылған нәрсені аз болса төмен санамайтын. Кештен азанға, азаннан кешке тамақ қалдырмайтын. Өте жақсы мінезді еді. Жақсылық жасағанды жақсы көретін, барлық адаммен жақсы байланыс жасайтын. Жылы жүзді, жылы сөзді болатын, сөйлеп тұрғанда күлмейтін. Қайғылы сияқты болып көрінетін. Бірақ, қату қабақты емес-тін. Кішіпейіл, қарапайым. Айбатты болатын, адамда құрмет пен қорқыныш ұялататын. Бірақ, дөрекі емес еді. Нәзік және жомарт еді. Ештеңені ысырап етпейтін, орынсыз жерге ештеңе бермейтін, барлық адамға жанашырлықпен қарайтын. Мүбәрәк басын алдына қарай иіп жүретін. Ешкімнен ештеңе күтпейтін. Бақытты, тыныш өмір сүргісі келген адам Сол сияқты болуы керек». Әнәс бин Малик былай дейді: «Расулуллаһқа он жыл қызмет еттім, бір рет те «уф» деген емес. «Мынаны неге былай жасадың, мынаны неге жасамадың» деген емес.» Әбу Хурайра: «Бір соғыста кәпірлердің жойылуы үшін дұға етуін сұрадық. «Мен лағнет айту үшін, адамдардың азап шегуі үшін жіберілмедім. Мен барлық адамға жақсылық жасау және адамдардың бақытқа қауышуы үшін жіберілдім» деді. Аллаһу та’ала «Әнбия» сүресінің 107-ші аятында: «Сені әлемдерге рақымдылық, жақсылық үшін жібердік» делінген. Әбу Саид Худри былай дейді: «Расулуллаһтың ұяты абыройлы Ислам қыздарының ұятынан да көп болатын». Әнәс бин Малик былай дейді: «Расулуллаһ біреумен амандасқан кезде ол адам қолын тартпайынша мүбәрәк қолын одан бұрын тартпайтын. Ол адам бетін теріс бұрмайынша мүбәрәк жүзін одан теріс бұрмайтын. Біреудің қасында отырған кезде тізерлеп отыратын, оған құрмет көрсету үшін аяғын созып отырмайтын». Жабир бин Сумурә былай дейді: «Расулуллаһ аз сөйлейтін. Керек кезде немесе біреу бір нәрсе сұрағанда ғана сөйлейтін. Бұдан әрбір мұсылманның пайдасыз, бос сөздер айтпауы керек екендігі аңғарылады. Сөйлегенде анық, түсінуге оңай түрде, жеңіл, орнымен сөйлейтін. Әнәс бин Малик былай дейді: «Расулуллаһ ауырған адамның көңілін сұрауға баратын. Мәйіттің артынан жүретін. Шақырылған жерге баратын. Есекке де мінетін. Расулуллаһты Хайбәр соғысында көрдім. Жүндері төгілген бір есекке мінген еді. Расулуллаһ бамдат намазынан шыққан кезде Мәдинаның балалары мен жұмысшылары су толы ыдыстарын оған алып барып, Одан мүбәрәк саусақтарын суға батыруын сұрайтын, қыста су суық болса да олардың көңілін қайтармай, қолын батыратын». (Мәдиналықтар оның мүбәрәк қолы тиген суды ішіп берекеттенетін.) Тағы да Әнәс хазреттері айтады: «Бір кішкентай қыз Расулуллаһтың қолынан ұстап, бір іске алып барса, сонымен еріп барып ісін көретін». Жабир хазреттері былай дейді: «Расулуллаһ алейһиссаламнан бір нәрсе сұралғанда «жоқ» дегені есітілмеді». Пайғамбарымыз ұяттылық, инабаттылық тұрғысынан да барлық жаратылғандардың үстемі болатын. Орынсыз нәрселерге қарамайтын. Ешкімді ол адам жақтырмайтын сөзбен шақырмайтын. Хазреті Айша анамыз айтады: «Расулуллаһқа біреудің бір жағымсыз ісі туралы айтылғанда ол адамның атын айтпастан жалпылап, «Неге олай жасайды?» дейтін. Осылайша ол адамның атын атамастан-ақ ондай істерден алыстататын». Әнәс бин Малик айтып берген: «Бір күні пайғамбарымыздың алдына бетіне сары бірдеңе жағылған бір адам келді. Оған еш нәрсе демеді. Оны ренжітетіндей ештеңе айтпады. Ол шыққаннан кейін «Бетіндегісін сүртуді айтқандарыңда болар еді» деді.» Расулуллаһ алейһиссалам қауымдарды біріктіруші еді. Оларды бір-біріне айдап салмайтын. Әр қауымның үлкеніне сый-сияпат көрсетіп, оны төрге отырғызатын. Ешкімді өзінің мүбәрәк дидарынан махрұм етпейтін. Сахабаларын іздеп, келмегендерді сұрап отыратын. Қасында отырғандарға насихат айтып, олардың нәсібін беретін. Әрекетінен бірін басқасынан артық көреді деген ой ешкімде туындамайтын. Шағым айтып келген адамды сабыр етіп, тыңдайтын. Келген адам өзі кетпейінше оны тастап кетіп қалмайтын. Көркем мінезі мен ахлағын барлық адамға бірдей етіп ұсынатын. Ол үшін құқық пен әділдік тұрғысынан барлық адам тең еді. Ешкімнің ешкімнен артықтығы, айырмасы жоқ еді. Хазреті Айша анамыз айтады: «Расулуллаһ алейһиссалам сияқты көркем мінезге ие адамды көрмедім. Сахабаларының немесе әһли бәйтінен бірі Оны шақырса «Ләббәйк» деп тұратын. Пайғамбарымыз сахабаларын ең жақсы есімдерімен шақыратын, ешкімнің сөзін бөлмейтін. Сөйлескен адамы сөзін аяқтамастан бұрын немесе кетуге тұрмаса сөзін бөлмейтін. Оның жақсы мәмілесі, шапағаты, мейірімділігі туралы Аллаһу та’ала «Тәубе» сүресінің, 128-ші аятында: «Сендердің қиналуларың Оны ренжітеді және қайғыртады. (Ол) Сендерді қия алмайды, мүміндерге өте мейірімді, оларға көп жақсылық тілейді» деген. Және «Әнбия» сүресінің 107-ші аятында: «(Ей хабибім!) Сені әлемдерге тек рақымдылық үшін жібердік» деген. Пайғамбарымыз үмметіне қатысты біраз нәрселерді қиын болады деп жеңілдететін. «Егер үмметіме қиындық келтірмейтін болсам, әр дәрет алғанда мисуак қолдануды бұйырар едім» деген. Сөзінде тұру мәселесінде де адамдар арасында пайғамбарымыздан асқан адам жоқ. Абдуллаһ бин Әбил-Хамса айтып берген: «Пайғамбарымызбен оған әлі пайғамбарлығы білдірілмей тұрғанда сауда жасасқан едім. Өз есебінде бір қалдық қалған болатын. Оған пәлен уақытта кездесуге уәде беріп, оны ұмытып кетіппін. Үш күннен кейін берген уәдем есіме түсіп сол жерге жүгірдім. Оның үш күннен бері сол жерде күтіп тұрғанын көріп, таң қалдым. Маған «Жігіт! Мені шаршаттың. Мен сені осы жерде үш күннен бері күтіп тұрмын» деді. Пайғамбарымыздың саллаллаһу алейһи уә сәлләм кішіпейілділік қасиеті ешкімде, тіпті ешқандай пайғамбарлардың (алейһимуссәләм) өзінде болмайтындай дәрежеде теңдессіз еді. Тәкәппарлық сезім Онда ешқашан болмаған. Пайғамбарымызға «қожайын (билеуші) пайғамбар» немесе «құл пайғамбар» болуды таңдауда еркіндік берілгенде құл пайғамбар болуды таңдаған. Осыған орай, Исрафил алейһиссалам пайғамбарымызға «Күмәнсіз, Аллаһу та’ала кішіпейілділік көрсеткен сол қасиетті де сізге берген. Өйткені, қияметте сіз Адам ұрпағының ең ұлысысыз. Қабірден тұратын алғашқы адам сізсіз. Алғашқы болып шапағат ететін де сізсіз.»- деді. Пайғамбарымыз хазреті Айша анамызға былай деді: «Маған Меккенің тасының, топырағының алтын болуы ұсынылды. Жоқ, йа Раббым дедім. Бір күн аш, бір күн тоқ болайын. Аш қалған күні саған жалбарынып дұға етемін. Тоқ болған күні саған мадақ айтамын» дедім». Жәбрейіл алейһиссалам пайғамбарымызға келіп, «Аллаһу та’аланың сізге сәлемі бар. «Қаласа мына тауларды Оған алтын етейін. Қайда барса да сол алтын таулары Онымен бірге болады»- деді. Пайғамбарымыз: «Ей, Жәбрейіл! Дүние – үйі жоқтың үйі. Және (ол) – мүлкі жоқтың мүлкі. Оларды ақылы жоқ адам жинайды»- деді. Содан соң Жәбрейіл алейһиссалам «Йа Мұхаммед (алейһиссалам)! Аллаһу та’ала сізді нақты сөзбен тура еткен»- деді. Хазреті Айша анамыз: «Бір ай үйімізде тамақ пісіру үшін от жақпаған күндер болды. Тек құрма мен су болатын»- деген. Ибни Аббас хазретері: «Расулуллаһ пен әһли бәйті бірнеше түн кешкі ас ішпестен жататын. Кешке жейтін ештеңе таппайтын»- деген. Айша анамыз айтады: «Расулуллаһ алейһиссалам ешқашан тамақты тойып жемеген. Бұл туралы ешкімге шағым да жасамаған. Қажеттілік Ол үшін байлықтан артық болатын. Түні бойы аштықтан азаптануы, таңертең тұрып ораза тұтуына кедергі болмайтын. Ол қаласа Раббысынан жер бетінің барлық қазыналарын, тағамдары мен рахат өмірді сұрар еді. Ант етемін, Оның бұл жағдайын көргенде жаным ашып жылайтынмын. Қолыммен мүбәрәк қарнын сипап, «Жаным сізге құрбан болсын, Сізге қиындық әкелетін мына дүниеден біраз нәрсе алсаңыз болмай ма?» дейтінмін. Ол: «Ей, Айша! Мен дүниені не істеймін? Улул азмдан болған пайғамбар бауырларым, бұдан да ауыр азаптарға шыдады. Бірақ, сол халдерімен өмір сүрулерін жалғастырды. Раббыларына қауышты. Сол себептен Раббылары олардың Өзіне қайтуын керемет түрде жүзеге асырды, сауаптарын арттырды. Мен сәулетті өмір сүруге ұяламын. Өйткені, ондай өмір мені олардан кері қалдырады. Мен үшін ең жақсы және тамаша нәрсе – бауырларыма, достарыма қауышу және олардың қатарына қосылу»- деді. Расулуллаһ осы сөзінен бір айдан кейін қайтыс болды.» Пайғамбарымыздың жомарттығы да дастанға айналған. Бұл тұрғыда да ешкім Онымен теңесе алмайды. Ибни Аббас былай дейді: «Расулуллаһ алейһиссалам жақсылық жасау тұрғысынан адамдардың ішіндегі ең жомарты болатын. Рамазан айында және Жәбрейіл алейһиссаламмен кездескен кезде үлкен жомарттық танытатын»- деген. Әнәс бин Малик айтады: «Расулуллаһпен бірге келе жатқан болатынмын. Үстінде йемендік шапан (Бүрди Нәжрани) бар болатын. Артынан бір адам келіп, жағасынан тартқаны соншалық шапанының жағасы мүбәрәк мойнын жырып, із қалдырды. Расулуллаһ бұл адамға жайғана күліп, оған бір нәрсе берілуін бұйырды». Расулуллаһтың бір кәрі әйел көршісі бар болатын. Ол қызын Расулуллаһқа жіберіп «Намаз оқығанда киетін киімім жоқ. Маған намазда жамылатын бір киім жібер» деп жалбарынды. Расулуллаһ алейһиссаламның дәл сол уақытта артық киімі жоқ еді. Үстіндегі «әнтари»-ды (ұзын көйлек) шешіп, сол әйелге жіберді. Намаз уақыты келген кезде киімсіз болғандықтан мешітке бара алмады. Сахабалар мұны естіп, «Расулуллаһ соншалықты жомарт, киімсіз қалып мешітке келе алмай отыр. Біз де барлық нәрсемізді кедейлерге таратайық» деді. Аллаһу та’ала «Исра» сүресінің 29-шы аятын жіберді. Алдымен хабибіне «Сараңдық жасама, ештеңе бермей тұрма» деп, одан соң «Қиналатындай және намаздан қалатындай, ренжитіндей деңгейде де таратпа! Садақада орта жолды ұстан» деп бұйырды. Сол күні намаздан кейін хазреті Әли Расулуллаһтың қасына келіп, «Йа Расулаллаһ! Бүгін бала-шағам үшін сегіз дирхам күміс қарыз алған едім. Оның жартысын сізге берейін. Өзіңізге әнтари (киім) алыңыз» деді. Расулуллаһ базарға барып, екі дирхамға бір әнтари сатып алды. Қалған екі дирхамға азық-түлік алуға бара жатқанда бір соқыр адамның отырғанын көрді. Ол «Аллаһ ризалығы үшін және жаннат киіміне қол жеткізу үшін кім маған көйлек береді?» деп отырды. Алған киімін соған берді. Соқыр адам киімді қолына алған кезде хош иісті сезінді. Мұның Расулуллаһ алейһиссаламның мүбәрәк қолынан келгенін түсінді. Өйткені, Расулуллаһтың бір рет киген нәрсесі ескіріп, сетінесе де хош иіс аңқып тұратын. Соқыр адам «Йа Раббым! Осы көйлектің құрметіне менің көздерімді аша гөр» деп дұға етті. Сол сәтте екі көзі ашылды. Расулуллаһ ол жерден кетті. Бір дирхамға бір киім сатып алды. Қалған бір дирхамға азық-түлік алуға бара жатқанда бір қызметші қыздың жылап тұрғанын көріп, «Қызым, неге жылайсың?» деп сұрады. Ол «Бір яһудидің қызметшісімін. Қожайыным маған бір дирхам беріп, жарты дирхамға шыны, жарты дирхамға май сатып алуымды бұйырды. Соларды алып бара жатқан болатынмын. Қолымнан түсіп кетіп, шыны сынды, май да кетті. Енді не істейтінімді білмеймін» деді. Расулуллаһ соңғы дирхамын қызға беріп «Мынаған шыны мен май ал» деді. Қыз «Үйге кеш барғаным үшін яһуди мені ұрады деп қорқамын» деді. Пайғамбарымыз «Қорықпа, сенімен бірге барып, саған тиіспеуін сұраймын» деді. Яһудидің үйіне барып, есікті қақты. Яһуди есікті ашып, Расулуллаһты көріп таң қалды. Расулуллаһ яһудиге болған жағдайды айтып, қызға тиіспеуін сұрады. Яһуди Расулуллаһтың аяғына жығылып, «Мыңдаған адамның бас тәжі болған, мыңдаған арыстан орындау үшін бұйрығыңызды күткен ей ұлы пайғамбар! Бір қызметші қыз үшін мен сияқты бір міскіннің үйінің есігін абыройландырдыңыз. Йа Расулаллаһ! Бұл қызды сіздің құрметіңізге азат еттім. Маған иманды, исламды үйретіңіз. Сіздің алдыңызда мұсылман болайын»- деді. Расулуллаһ алейһиссалам оған мұсылмандықты үйретті. Ол мұсылман болды. Үйіне кірді. Бала-шағасына болған жәйтті айтты. Барлығы мұсылман болды. Бұлардың барлығы Расулуллаһтың көркем мінезінің берекесімен жүзеге асты. Расулуллаһтың жақсы қасиеттері өте көп. Әрбір мұсылманның оларды үйреніп, содан үлгі алуы керек. Осылайша, дүниеде және ахиретте пәлекеттерден, қиыншылықтардан құтылу, пайғамбарымыздың шапағатына қауышу нәсіп болады.
|