Яһудилік
Қасиетті кітаптар, тарихи деректер мен қазірге дейін жеткен еңбектер зерттелетін болса, бір Аллаһқа иман келтіруді бұйыратын дін болған исламның Адам пайғамбардың кезінен бері бар екендігі аңғарылады. Адам (алейһиссалам) пайғамбардан Ибрахим алейһиссаламға дейінгі уақыт ішінде көптеген пайғамбар келген. Аллаһу та’ала оларға сухуфтар (кітапшалар) жіберген. Атақты жүз сухуфтың оны Ибрахим алейһиссаламға жіберілген. Тарихшылардың айтуынша, Ибрахим пайғамбар б.д.д. 2122 жыл бұрын Фырат (Евфрат) пен Дижле (Тигр) өзендері арасындағы бір елді мекенде туылып, 175 жыл өмір сүріп, Құдыс маңындағы Халилуррахман деген жерде дүние салған. Ибрахим алейһиссаламның өгей әкесі - Азар. Өз әкесі Тарух Ибрахим кішкентай кезде қайтыс болып кеткен. Азар пұт жасайтын шебер болған. Ибрахим бала кезінде-ақ пұттарға ғибадат жасауға болмайтынын түсініп, өгей әкесінің жасаған пұттарын сындырып, сол елдің, яғни Вавилонның билеушісі Намрудты иманға шақыра бастайды. Намруд өте залым билеуші еді. Аңыз бойынша Намруд өз аты емес, (Перғауын сияқты) атағы еді. Кішкентай кезінде мұрнына жыланның баласы кіріп кетіп, бет-әлпеті қисайып, түрі бұзылып кеткен еді. Әкесінің өзі оның түрін көруге шыдамай, өлтірмекші болады. Бірақ, анасы жалбарынып, оны бір шопанға береді. Шопан да оның ұсқынсыз түрін көруге шыдамай, бір таудың басына апарып тастайды. Тауда Намруд деген ұрғашы жолбарыс ол баланы емізіп, оның аман қалуына себеп болады. Намруд деген ат осыдан келеді. Әкесі қайтыс болғаннан кейін билікке келген Намруд өзін тәңір деп есептеп, халықтың өзіне табынғанын қалады. Ибрахим (алейһиссалам) осы жүзі суық, қаһарлы адамды ақиқат дінге шақырады. Халықты пұттар мен Намрудтан бас тартуға шақырады. Бірақ, олар иман келтірмейді. Ол кездегі Қалдани қауымының әдеті бойынша жылдың бір күнінде бір жерге жиналып, мереке өткізетін, сосын пұтханаға барып, пұттарға сәжде жасап табынып, үйлеріне қайтатын. Осындай мереке күні Ибрахим алейһиссалам пұтханаға кіріп, балтамен барлық кіші пұттарды қиратады-да балтаны ең үлкен пұттың мойнына іліп, кетіп қалады. Қалданилер бүкіл пұттардың қирап жатқанын көріп мұны жасаған адамды жазаламақшы болады. Ибрахимді алейһиссалам әкеліп, “мұны сен істедің бе?” деп сұрайды. Ибрахим алейһиссалам: «Өзі тұрғанда кіші пұттарға табынғанды қаламай мойнында балта ілініп тұрған үлкен пұт істеді. Сенбесеңдер өзінен сұраңдар» дейді. Халық: “Одан сұра дейсің, пұттар сөйлемейді ғой” дейді. Сонда Ибрахим алейһиссалам: «Олай болса сөйлей алмайтын, өздерін қираудан құтқара алмайтын пұттарға неге табынасыңдар» деп қауымын пұтқа табынудан қайтаруға ұрынса да пайдасы болмайды. Бұл жағдай Құран Кәрімде “Әнбия” сүресінің 52-аятының соңында айтылған. Бұл туралы Намрудқа хабарланады. Намруд Ибрахимді алейһиссалам шақыртады. Хазіреті Ибрахим Намрудтың сарайына барғанда оған сәжде жасамайды. Намруд неге сәжде жасамағанын сұрағанда «Мені жаратқан Аллаһу та’аладан басқаға сәжде жасамаймын» дейді. Намруд Ибрахим алейһиссаламның дәлелдеріне жауап бере алмай жоққа шығарып, қабылдамайды. Ибрахим алейһиссалам Аллаһу та’аланың бар, бір, мәңгі екендігін, барлық нәрсенің жаратушысы, иесі екендігін және күші жететінін, ал Намрудтың әлсіз бір пенде екенін айтады. Бұған қатты ашуланған Намруд қасындағылардың да қолдауымен оны отқа жағуға шешім қабылдайды. Құран Кәрімде Ибрахим алейһиссаламның Намрудпен сөйлескендігі туралы мәлімет берілген. “Бақара” сүресінің 258-аятында: «(Ей хабибім) Аллаһ өзіне мүлік, сұлтандық бергендіктен азғындап, Ибрахиммен Раббы туралы тартысқан адамның (Намрудтың) хабарын есітпедің бе? Ибрахим “Менің Раббым өлтіреді және тірілтеді” деген кезде (Намруд) “Мен де өлтіріп, тірілте аламын” деді. Ибрахим: “Аллаһ күнді шығыстан шығарады, сен батыстан шығар” деген кезде кәпір сасып қалды. Аллаһу та’ала зұлымдық жасаған адамдарды тура жолға салмайды» деп бұйырылған. Ибрахим алейһиссаламның отқа тасталуы Құран Кәрімнің “Саффат” және “Әнбия” сүрелерінде хабар беріледі. “Саффат” сүресінің 97-аятында: «Кәпірлер арнайы бір ғимараттың ішінде от жағып, Ибрахимді ішіне тастаңдар деді» делінген. Бірақ, ол отқа тасталған кезде от гүл бақшасына айналады. Бір аңызда айтылуы бойынша, ішінде от жанған ғимарат су айдынына айналған. Отындар да балықтарға айналған. Құран Кәрімде “Әнбия” сүресінің 68, 69 және 70–аяттарында: «Кәпірлер “Егер бір нәрсе істейтін болсаңдар, Ибрахимді отқа жағыңдар. Осылайша, құдайларыңа көмектесіңдер” деді. Біз “Ей, от! Ибрахимге салқын бол!” дедік. Олар Ибрахимге осылай тұзақ құрмақшы болды. Бірақ, біз олардың өздерін одан да ауыр зиянға ұшыраттық» деп көрсетілген. Құран Кәрімде Намруд деген ат кездеспейді. Бірақ, бұл есім Тәуратта (Қасиетті кітаптың «Ескі Өсиет» бөлімінде) бар. Қазіргі кезде Түркияның Урфа қаласы маңайында “Айн-и залиқа” немесе “Халилуррахман” деп аталатын 50 х 30 метр көлемінде бір су айдыны бар. Бұл жердің Ибрахим алейһиссаламның отқа тасталған жері екендігі, отындардың балыққа айналғандығы айтылады. Бұл жердегі балықтарға ешкім тиіспейді. Ибрахим пайғамбар екі рет үйленеді. Бірінші әйелі Сара жетпіс жасқа дейін балалы болмайды. Осыған байланысты Ибрахим алейһиссалам Мысырда перғауын сыйлаған Хажар деген күңді екінші әйел етіп алады. Одан Исмаил (алейһиссалам) туылады. Сара да Аллаһу та’аладан бала тілейді. Аллаһу та’ала оған да бір бала береді. Ол - Исхақ алейһиссалам еді. Исмаил алейһиссалам арабтардың, Исхақ (Ысқақ) алейһиссалам болса, ибранилердің бабасы болды. Яғни, арабтар мен ибранилер (яһудилер) әкесі бір, аналары бөтен бауырлар болып табылады. Ибрахим пайғамбар Мұхаммед алейһиссаламның аталарынан болып келеді. Ибрахим алейһиссаламға тоқсан жасында пайғамбар болғандығы білдірілді. Оның діні Аллаһу та’аланың бір екендігін көрсететін еді. Құран Кәрімде “Али-Имран” сүресінің 67-аятында: «Ибрахим (алейһиссалам) яһуди де, христиан да емес. Ол Аллаһу та’алаға сенген (ханиф) және берілген мұсылман болатын» делінген. Яһуди дінінің негізін уағыздаған адам – Мұса алейһиссалам шамамен б.д.д. 1705 жылы Мысырда Мемфис қаласында дүниеге келеді. Перғауын түсінде сол жылы туылатын бір ер баланың өзін өлтіретінін көріп, сол жылы туылған ұл балаларды өлтіруге бұйрық береді. Мұны естіп, Мұсаның анасы баласын ағаш сандыққа салып, Ніл өзеніне тастайды, оны Аллаһу та’алаға аманат етеді. Бұл сандықты перғауынның әйелі тауып алады. Перғауын да баланы көреді. Бірақ, сандықты су бетінен көрген кездегі әйелінің “сандықта мал болса сенікі, жан болса менікі” деген тілегін қабылдап, балаға ешнәрсе істей алмайды. “Мұса” сөзі “судан құтқарылған” деген мағынаны береді. Христиандар “Моше” және “Моис” (моисей) дейді. Мұсаның анасы өзін сүт ана ретінде перғауынның сарайына алдыртып, баласын өсіреді. Қырық жасқа келгенде Мұса туыстарына кетеді. Өзінен үш жас үлкен Харун пайғамбармен кездеседі. Мұса алейһиссалам ибранилерге қарсы жасалған зұлымдықтарға қарсы шықты. Оларды қорғады. Бір күні бір мысырлық кәпірдің бәни Исраилдың біріне зұлымдық жасап жатқанын көреді. Оны құтқарам деген кезде абайсыздықпен кәпір өледі. Мұса тек жәбір көрушіні кәпірдің зұлымдығынан құтқаруды ғана ойлаған еді. Осыған байланысты Мысырдан кетуге мәжбүр болады. Мадиан қаласына барып, сол жерде Шұғайып пайғамбарға он жыл қызмет жасайды. Оның қызы Сафураға (Tsippore) үйленеді. Он жылдан кейін қайтадан Мысырға қайтады. Жолда Тур тауына соғады. Сол жерде Аллаһу та’аланың сөзін есітеді. Осы кезде оған пайғамбарлық беріледі. Оған Аллаһу та’аланың бір екендігі, перғауынның тәңірі емес екендігі тағы көп нәрсе білдіріледі. Мысырдағы перғауынға барады. Оны дінге шақырады. Оған бір Жаратушыға сенуді уағыздайды. Бәни Исраилге еркіндік беруді сұрайды. Перғауын бұларды қабылдамайды. “Мұса үлкен сиқыршы. Бізді алдап, елімізді қолымыздан алғысы келеді” дейді. Жанындағы уәзірлерінен сұрайды. Олар: “Сиқыршыларды шақыр, оны жеңсін” дейді. Сиқыршылар келеді. Мысыр халқының алдында жіптерін жерге тастайды. Жіптер жыланға айналып, Мұсаға қарай жүреді. Мұса қолындағы аса таяғын жерге ұрған кезде ол үлкен жыланға айналып, жіптерді жұтады. Сиқыршылар таңданып, “Бұл адам шындықты айтуда” деп, оған сенеді. Бұл оқиға Құран Кәрімде “Аъраф” сүресінің 111-123- аяттарында хабар берілген. Перғауын бұған қатты ашуланады. “Ол сендердің ұстаздарың екен, қол-аяқтарыңды кесіп, сендерді құрма талына асамын” дейді. Олар: “Біз Мұсаға сендік. Оның Раббысына сыйынамыз. Тек сол Жаратушының мейрімділігін ғана қалаймыз” дейді. Перғауын Бәни Исраил қауымының Мысырдан кетуіне рұқсат бермейтін. Өйткені, Бәни Исраил Мысырдан кетсе, ол қызметшілерінен, құлдарынан айырылып қалар еді. Осындай зұлымдықтар нәтижесінде Құдайдың жазасы ретінде кәпірлердің сулары қанға айналады. Аспаннан құрбақа жауады, тері ауруы тарайды. Үш күн қараңғылық басады. Перғауын бұл мұғжизаларды көріп, қорқып, рұқсат береді. Мұса алейһиссалам Бәни Исраилмен Мысырдан шығып, Құдысқа бара жатқанда Перғауын райынан қайтып, әскерімен олардың артынан қуады. Суейш шығанағы тусында теңіз екіге жарылып, муминдер арғы бетке өтіп кетеді. Перғауын әскерімен бірге өтіп бара жатқанда теңіз қайта жабылып, бәрі суға батады. Мұса осы ұлы көш кезінде Тур тауында Аллаһу та’алаға көп жалбарынады. Аллаһу та’аланың өзін көргісі келеді. Аллаһу та’ала оның бұл тілегін қабылдамады. Бірақ, онымен Тур Синада тағы сөйлесті. Мұса “Тури Сина”да қырық күн және қырық түн қалып, ораза тұтты. Аллаһу та’ала оған Жәбірейіл арқылы Тәуратты ләухалар бетіне жазылған түрде жіберді. Өзіне иман келтіргендердің мойынсұнуы үшін он ләухаға жазылған он бұйрық берілді. Сол заманнан бергі яһудилердің кітаптарында және Тәураттың “Тәснийа” кітабының 5-бабының 6-аятында және «Хуруж» (шығу)дың 20-бөлімінің басында берілген “ауамири ашара” деп аталатын он әмір мыналар: 1- Сені Мысыр аймағынан, құлдық үйінен шығарған Аллаһ – менмін. 2- Менен басқа Тәңірің болмайды. Көктегі, жердегі, жердің астындағы нәрселердің ешқайсының суретіне, мүсініне табынбайсың. 3- Аллаһтың есімін бостан-босқа аузыңа алмайсың. 4- Аптаның алты күнінде жұмыс істеп, жетінші күні демаласың. Сенбі күнін қасиетті күн деп санайсың. 5- Ата-анаңды құрметтеп, олардың айтқанын істейсің. 6- Адам өлтірмейсің. 7- Зинақорлық жасамайсың. 8- Ешкімнің затын ұрламайсың. 9- Көршіңе жалған куәгер болмайсың. 10- Көршіңнің әйеліне, үйіне, егініне, құлына, күңіне, малына, ешнәрсесіне көз тікпейсің. Мұса пайғамбар Тур Синадан қайтып келгенде бауыры Харун алейһиссаламға аманат етіп қалдырған қауымының тура жолдан тайғанын, бір алтын бұзаудың мүсінін соғып, соған табынғандарын көрді. Мұса алейһиссалам көркем, айбатты, өткір көзді адам еді. Кездескен адамы үлкен әсерде қалатын. Бір жасында перғауынның маржандармен әшекейленген сақалын жұлып, оны ашуландырған еді. Әйелі Асияның шапағатымен өлтіруден бұрын оны сынақтан өткізеді. Ішіне алтын және от салынған екі ыдысты алдына қойған кезде, ол қолын алтынға созып бара жатқанда Жәбірейіл алейһиссалам оның қолын отқа қарай бұрып жібереді. Отты аузына апарып, тілінің ұшы күйіп, отты лақтырып жібереді. Сол себептен алғашқыда жақсы сөйлей алмайтын. Сол үшін халқына уағыз жүргізу талап еткен жағдайларда істі бауыры Харунға тапсыратын. Бірақ, пайғамбарлығы білдірілгеннен кейін тілі жазылып, Харун алейһиссаламнан да көркем сөйлейтін болады. Ол Тур Синада жүргенде Харун алейһиссаламның әсем сөздері қауымының тура жолдан ауытқуына кедергі бола алмаған еді. Мұса алейһиссалам қайтадан Тур тауына барып, Аллаһу та’аладан үмбетін кешіруі үшін жалбарынады. Үмбеті тәубе етті. Оларды ертіп, Аллаһу та’ала уәде еткен жер - арзи мау’удты табу үшін шөлге кетеді. 40 жыл Тих шөлінде болды. Шөлде Аллаһу та’ала оларды құдірет халуасы (ман) және бұлдырық етімен (салуа) азықтандырды. Мұса Арз-и мау’уд көрінетін Ариха қаласының қарсысындағы “Ниба” төбесіне дейін барып, 120 жасында қайтыс болады. Бауыры Харун алейһиссалам одан 3 жыл бұрын қайтыс болған еді. Арман еткен жер - Арз-и мау’удқа кіру өзінен кейін келген Юша пайғамбарға нәсіп болды. Ұлы Ислам тарихшысы және құқықшысы Ахмет Жевдет баша “Қисас-и әнбия” кітабында былай дейді: «Ибрахим алейһиссаламның ұлы – Исхақ алейһиссалам, оның ұлы – Яқуб алейһиссалам еді. Яқуб алейһиссаламның шын аты – Исраил еді. Оның тегінен шыққандар Бәни Исраил деп аталды. Бұл – “Исраил ұлдары” деген сөз. Яқуб алейһиссаламның он екі ұлының бірі - Юсуф та пайғамбар еді. Юсуф алейһиссаламнан кейін Исраил ұлдары Яқуб және Юсуфтың діндеріне мойынсұнып, Мысырда тұрды. Мысырдың бұрынғы халқы болған қыбтилар жұлдыздарға, пұттарға, мүсіндерге табынатын. Исраил ұлдарын құлдыққа пайдаланатын. Исраил ұлдары перғауындардың жәбірінен құтылып, ата-жұрты Кенанға кетуді қалайтын. Бірақ, перғауындар бұған рұқсат бермейтін. Өйткені, Исраил ұлдары ауыр жұмыстарды істейтін, оларға жаңа қалалар, ғимараттар салдыратын. Имран ұлы Мұсаны анасы сандыққа салып, Ніл өзеніне тастады. Перғауынның әйелі Асия оны тауып, бала етіп алды. Мұса бір қыбтиді қателікпен өлтіргеннен кейін Мысырдан кетіп, Мадиан қаласына барды. Ол жерде он жыл тұрды. Шұғайып пайғамбардың қызына үйленіп, Мысырға қайтты. Жолда Тур тауына соқты. Бұл жерде Аллаһу та’аламен сөйлесу бақытына ие болды, оған пайғамбарлық берілді. Перғауынды дінге шақыруы бұйырылды. Перғауын иман келтірмеді. Мұса алейһиссалам Исраил ұлдарын жинап, Мысырдан кетеді. Қызыл теңізден өтіп, Ариха аймағына қарай жүреді. Исраил ұлдары бара алмайтындықтарын, Амалиқамен соғыса алмайтындарын айтады. Мұса оларға теріс бата береді. Өзінен үш жас үлкен бауыры Харун алейһиссаламды олардың жанына қалдырып, Тур Синаға барады. Аллаһу та’аламен тағы да сөйлеседі. Оған Тәурат кітабы беріледі. Қауымы тәубе етіп, Лут көлінің оңтүстігіне келеді. Шариа өзенінің шығыс жағына Ариха қаласының қарсысына қоныстанады. Орнына Юша пайғамбарды қалдырып, қайтыс болады». “Мират-и каинат” кітабында былай делінген: «Мұса алейһиссалам үш рет Тур тауына барды. Бірінші барғанында оған рисалат берілді. (Пайғамбар болғандығы білдірілді). Екіншіде “Тәурати шәриф” пен “Он әмір” түсті. Тәурат 40 бөлімнен тұратын. Әр бөлімде мың сүре, әр сүреде мың аят бар болатын. Қазір қолдағы Тәураттарда онша аят жоқ. Өйткені Тәурат пен Інжілдің кейіннен өзгерістерге ұшырағанын, қайта жазылғанын Құран Кәрім көрсетіп отыр. Жәбірейіл алейһиссаламның Мұса алейһиссаламға әкелген Тәуратын тек Мұса, Харун, Юша, Узайр және Иса алейһимуссаламдар жаттаған болатын». “Қамус-ул-алам” кітабында былай делінген: «Ассирия билеушісі Бухтуннасар Құдысты алып, Ақса мешітін қиратқан кезінде Тәурат нұсқаларын өртеді. Жетпіс мың яһуди ғұламасын тұтқынға алып, Вавилонға жібереді. Олардың ішінде Даниал және Узайр пайғамбарлар да бар еді. (Узайрды яһудилердің “Азра” деп атайтыны “Мунжид” кітабында келген. Қазіргі Қасиетті кітаптың «Ескі өсиет» бөліміндегі “Азра” кітабын және басқа да кітаптарды жазған кісі - Узайр алейһиссалам емес, ибрани дін адамы Азра болатын.) Яһудилер Тәуратты ұмытты. Насихат жүргізуге жіберілген пайғамбарларына сенбеді. Көбісін шәйіт етті. Иран патшасы Бахман Кейхусрау ассириялықтарды қырғынға ұшыратты. Яһуди тұтқындар мен Даниал алейһиссаламды босатты. Масжиди Ақсада құлшылық жасайтындар көбейді. Ұлы Іскендір Құдысты алған соң яһудилердің арасынан Геродосты (Hirodes) басшы етіп тағайындады. Бірақ бұл қиянатшы яһуди Яхйа алейһиссаламды шәйіт етті. Халыққа көп зұлымдық жасады. Бұдан кейін Құдыс римдіктердің қолына өтті. Яһудилер көтеріліс жасаған соң 135 жылы Адриан Құдысты талқандап, яһудилерді қырды, қашқандар жан-жаққа тарады. Барған жерлерінде христиандардан көп жапа шекті. Ислам діні келген соң олар тыныштыққа, бейбіт өмірге қол жеткізді. Құдыс қаласы Византия императорлары тарапынан жөнделіп, “Илия” деп аталды. Қала мен Масжиди Ақсаны омеяд халифаларының бесіншісі Абдулмалик қайтадан салдырды. Христиандар крест жорықтарында оны қиратты. Салахиддин Айуби мешітті қайта көтерді. Кейіннен Осман халифалары жөндеп, безендірді». Яһудилердің Тәураттан кейінгі қасиетті кітабы – “Талмуд”. Мұса алейһиссалам Тури Синада Аллаһу та’аладан естігендерін Харун, Юша және Әл-Йазарға айтты. Олар кейіннен келген пайғамбарларға және қасиетті Яһудаға айтқан. Ол екінші ғасырда бұларды қырық жыл ішінде бір кітапқа жинастырған. Бұл кітап “Мишна” деп аталған. III-ғасырда Құдыста және VI-ғасырда Вавилонда Мишнаға бірер түсіндірме жазылған. Олар “Гамара” деп аталған. Екі Гамараның бірі мен Мишнаны бір кітап етіп, оны “Талмуд” деп атаған. Құдыс Гамарасынан жасалғаны “Құдыс Талмуды”, Вавилон Гамарасынан жасалғаны “Вавилон Талмуды” деп аталған. Христиандар бұл үш кітаптың жауы. Иса алейһиссаламды асу үшін дайындаған кресті көтерген және креске керу оқиғасына қатысқан Шамун “Мишна”ны риуаят еткендердің қатарында деп санайды. Христиандар “Қасиетті кітап” санап жүрген кітап “Ескі өсиет” (Ахди атик) және “Жаңа өсиет” (Ахди жәдид) деген екі бөлімнен тұрады. Яһудилер оның тек “Ескі өсиет” бөліміне ғана сенеді және оны “Китаби муқаддас” (қасиетті кітап) деп санайды. Оны “Ескі өсиет” деп айтуды қабылдамайды. Оны “Танах” деп атайды. Танахты да үшке бөледі. Оның бірінші бөлімін “Тәурат” деп атайды. Олардың “Тәурат” деген кітаптары бес бөлімнен тұрады: 1. Тәкуин (Genesis). 2. Хуруж (шығу, Exodus). 3. Левиликтер (Leviticus). 4. А’дад (сандар, Numeri). 5. Таснийа (Deuoronomium). (Бұл бес кітаптың жалпы атауы Pentateuch.)
Құран Кәрімнің “Исра” сүресінің 2-аятында: «Біз Мұсаға кітап бердік» делінген. Қазір қолымыздағы Тәуратта кейіннен қосылған көптеп сөздер бар. Олардың Мұса алейһиссаламға түскен ақиқат Тәуратпен қатысы жоқ. Хақ Тәуратта Аллаһу та’аланың “Мұхаммед” атты соңғы пайғамбар жіберетіндігі туралы жазылған. Мұса алейһиссаламның екінші рет Аллаһу та’ала жасаған мінәжатында жолдан адасқан қауымы үшін кешірім сұрағандығы “А’раф” сүресінің 155-157-аяттарында былай көрсетілген: «Мұса: “Раббым, егер қаласаң бұдан бұрын мені де олармен жояр едің. Арамыздағы нашар адамдардың жаман әрекеттеріне байланысты бізді жоқ етесің бе? Бұл сенің сынағыңнан басқа ешнәрсе емес. Онымен Сен қалағаныңды адастырып, қалағаныңды тура жолға саларсың. Біздің досымыз Сенсің. Бізді кешіре гөр! Бізге рақымдылық жаса! Сен кешірушілердің ең жақсысысың. Біз үшін бұл дүниеде жақсы мойынсұну мен өмір, ақыретте жәннатты бере көр! Біз күдіксіз саған тәубе еттік, саған бет бұрдық” деді. Аллаһу та’ала оған: “Қалаған адамымды азапқа ұшыратамын. Мейірімім шексіз. Ол тақуаларға (күпірлік пен күнәдан сақтанғандар), зекетін беретіндерге және біздің аяттарымызға иман еткендерге бұйырады. Олар сауатсыз пайғамбар болған расулға мойынсұнады. Ол расулдың (есімі мен сипаттарын) жандарындағы Тәурат пен Інжілде жазылғанын көреді. Ол пайғамбар жақсылықты, имандылықты бұйырып, жамандықпен күпірлікке тыйым салады. Таза нәрселерді халал, жаман нәрелерді харам қылады. Олардың жүктерін түсіреді және ауыр қиындықтарын жеңілдетеді. Осы пайғамбарға сенгендер, оған тағзым еткендер, оған көмектескендер, оған жіберілген нұрға (Құран Кәрімге) бағынғандар, міне солар мәңгілік бақытқа қауышатындар” деді.» Яһудилердің соңғы пайғамбарға сенгендігі және оның келуін күткендігі шындық, тіпті кейбір тәпсірлерде яһудилердің соғыста “Ей Рабби! Келетіні туралы бізге хабар берген соңғы пайғамбарыңның құрметіне бізге көмек бер” деп дұға еткендігі және ол соғыстарда жеңіске қол жеткізгендіктері туралы жазылған. Мұса алейһиссаламнан кейін ибранилерге келген пайғамбарлардың ішінде Дәуіт және Сүлеймен (алейһимессалам) хақ дінді таратты. |