7 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     10 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Адам не үшін жаратылды

Адам не үшін жаратылды

Сұрақ: Адам не үшін жаратылды, міндеті қандай?

Жауап: Имам Раббани хазреттері былай деген:

Бүкіл болмыстардың негізі, өзегі болған адам, зауық үшін, ойын-сауық, ішіп-жеу, қыдыру, жатып рахаттану үшін жаратылмады. Құлдық міндетін орындау үшін, Раббына бағынушылығын, қарапайымдылығын, қуатсыздығын, мұқтаждығын көрсету, Оған сыйыну және жалбарыну үшін жаратылды.

Мұхаммед алейһиссалам білдірген ғибадаттардың бәрі адамдарға пайдалы болған амалдар. Бұл әмірлер адамдарға пайдалы болғандықтан бұйырылған. Әйтпесе ешбір ғибадаттың Аллаһу та'алаға пайдасы жоқ. Шын көңілмен шүкір етіп, ғибадаттарды ынтамен орындау керек, әмірлерді орындауға және тыйымдардан сақтануға тырысып, толығымен мойынсұну керек. Аллаһу та'ала ештеңеге мұқтаж болмаса да, пенделерін әмірлер мен тыйымдарды бұйыру арқылы қадірлі етті. Барлық нәрсеге мұқтаж болған біз сияқты құлдардың осы үлкен сыйға өте көп шүкір етуіміз, ал шүкір ету үшін әмірлерді орындауға жан-тәнімізбен берілуіміз керек. (73-ші хат)

Аллаһу та'ала барлық нәрсенің себепсіз, шартсыз иесі, бәріміздің иеміз. Барлық адамдар – Оның құлдары. Құлдарына берген әрбір әмірді және барлық нәрсені Ол қалағандай қолдануы өте орынды және пайдалы. Мұнда зұлымдықтың болуы мүмкін емес. Қызметкерлер бастықтарынан, құлдар егесінен бұйрықтардың, істердің себебін сұрай алмайды. Ақылға сай, бұдан айқын басқа ештеңе жоқ.

Егер Жаратқан Иеміз бүкіл адамдарды тозаққа тастап, мәңгі азаптайтын болса, кімнің не нәрсе айтуға ақысы болар еді? Өйткені Ол өзі жаратқан, жетілдірген мүлкін қолданып жатыр. Оның мүлкіне араласатын және зұлымдық дей алатын басқа ешкім жоқ қой. Адамдардың қолданып, мақтанып жүрген мал-мүліктері, шын мәнінде, олардың мүлкі емес, бәрі Аллаһу та'аланың мүлкі. Біздің бұларға араласуымыз, ақиқатында, зұлымдық. Аллаһу та'ала бұл дүниенің тәртібі үшін және кейбір пайдаларға жол ашу үшін бұл заттарды бізге уақытша мүлік қылып берді, дегенмен ақиқатында бәрі Оның мүлкі. Олай болса, біздің бұларды шынайы иесі рұқсат берген мөлшерде қолдануымыз орынды болады. (266-шы хат)

(Тіпті қазіргі таңда да Аллаһу та'аланы жоққа шығаратын, Ислам дінін жақтырмайтын, надандықтан туындаған батылдық және бетпақтықпен мақтанып жүрген қоғамдардың Аллаһу та'аланың бұйрықтарының көбін өзіндік қылып жүргені өкініш тудыруда. Бүкіл адамдардың, дін ахлақынан ұзақтаған сайын, күнкөріс қиыншылығына, кедейлікке, қиыншылыққа қарсы күресіп жүргені байқалуда. Техника, мәдениет таң қаларлықтай дамыған болса да, әлемдегі бақытсыздық, адамзаттағы қиыншылықтар азаймай, керісінше артып жатқаны ғибрат беруде.)

 

«Сендерді бекер жараттық па?»

Сұрақ: Бір досым: «Еш нәрсе өздігінен пайда бола алмағандықтан мен Құдайға сенемін, бірақ діндерге, пайғамбарларға, ахиретке сенбеймін» дейді. Оған ахиреттің бар екендігін қалай сендірсем болады?

Жауап: Досыңыз айтқан сөзінде шыншыл емес. Өйткені, Қожа Насырдың «Қазанның туғанына сенесің де, өлгеніне неге сенбейсің» дегеніндей, «Мен оқушымын, бірақ мұғалімге, сабаққа, емтиханға сенбеймін» деуге болады ма? «Мен заңды қабылдаймын, бірақ прокурорды, сотты қабылдамаймын» деуге болады ма?

Кейбірлерін санамағанда, барлық ғылым адамдары бұл әлемнің өздігінен пайда болмағанын, бір жаратушының бар екендігін ауыз бірлігімен айтып кеткен. Ғылым қанша ілгерілесе де, адамдар бір құмырсқаны, бір құсты, бір арпа дәнін жарата алмайды. Ақылды және білімді бір адам әлемге қараса, тәртіппен, жүйелілікпен жаратылғанын көреді. Мұның өздігінен туындамағанын түсінеді.

Еркін жаратылмаған адамның не істеуі керек екенін пайғамбарлары арқылы, кітаптар жіберіп білдірген. Соңғы пайғамбар болған Мұхаммед алейһиссаламға жіберілген кітабы – Құран кәрім. Құран кәрім қысқа, бірақ көп мағыналы келте қайырылатын стильде болғандықтан, пайғамбарымыз мұны хадис шәрифтер арқылы айқындаған.

Хадис шәрифтер де басқа адамдардың сөздеріне қарай келте айтылғандықтан, біз сияқтылар оңай түсіне алу үшін, ғалымдар бұларды түсіндіріп айқындаған. Бұл нәрсе, дәрігер және дәріханашының дәріні науқасқа берерде аш немесе тоқ қарынға, таңертең-кешке бір данадан, сумен іш, сүтпен ішпе деген сияқты анықтамаларына ұқсатуға болады. Құран кәрімде адамның не себеппен жаратылғаны білдірілген:

«Жындар мен адамдарды тек маған құлшылық жасасын деп жараттым.» (Зарият 56)

Аллаһу та'ала «Әміріме бағынған жәннатқа, ал бағынбаған тозаққа кетеді» деді. Ғибадаттардың пайдасы Аллаһу та'алаға емес, әркімнің өзіне тиеді. Айлыққа жұмыс істейтін бір дәрігер бір науқасқа дәрі берсе, «Дәрінің дәрігерге пайдасы жоқ» деп сол дәріні ішпеуі ақылға сай емес. «У ішсем, дәрігерге қандай зияны болады» деп у ішу де ақымақтық. Міне, «Күнәларымның Аллаһқа ешқандай зияны жоқ екен» деп әр түрлі күнәларды істеу ақылды адамның істейтін тірлігі емес. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Ақылды адам – Аллаһқа және пайғамбарына сенген және ғибадаттарын орындайтын адам.» (И.Мухбәр)

Өлгеннен кейін басына не келетінін ойламайтын, өзін мәңгілік қауіпке тастаған адамға ақылды деуге болады ма? Құран кәрімнің көптеген жерінде «Ойланбайсыңдар ма?» деп ескертілуде. Хадис шәрифте «Ақылы болмаған адамның діні де жоқ» делінген. (Тирмизи)

Әр адамның жасаған ғибадатынан пайдасы өзіне тиеді. Құран кәрімде былай делінеді:

«Кімде-кім (ғибадаттарын орындап, күнәлардан) тазаланса, пайдасы өзіне тиеді.» (Фатир 18)

«Аллаһтың менің ғибадатыма қажеттілігі жоқ» деп қате ойлайтын адам емделмейтін науқасқа ұқсайды. Дәрігердің өзі бұл ауруға қарсы емделуге кеңес беріп жатыр. Ал бұл адам «Емделмесем дәрігерге ешқандай зияны жоқ» деп емделмейді. Иә, дәрігерге зияны болмайтыны рас, бірақ өзіне зиянын тигізуде. Дәрігер өзіне пайдасы тисін деп емес, оның аурудан жазылуы үшін емделуіне кеңес береді. Дәрігердің кеңесін орындаса, жазылады. Орындамаса өледі. Дәрігерге бұдан ешқандай зиян болмайды. Осы сияқты «Аллаһтың менің ғибадаттарыма қажеттілігі жоқ» деп ғибадаттан қашатындар да тозаққа кетеді.

Мұхаммед Масум хазреттері былай деді:

«Аллаһу та'ала адамдарды білгенін істесіндеп жаратпады. Қалағанын істеуге рұқсат бермеді. Нәпістерінің қалауларына еруін, осылайша пәлекетке жетуін қаламады. Рахаттық пен бақытта өмір сүруі және мәңгі бақытқа қауышуы үшін қажет болатын пайдалы амалдарды орындауын бұйырды. Зиянды нәрселерді істеуге тыйым салды. Бақытқа қауышқысы келген адам дінге мойынсұнуға мәжбүр. Нәпісінің және табиғатының дінге қайшы болған қалауларын тәрк етуі керек. Дінге мойынсұнбаса, жаратушысының ашуына, азабына душар болады. Дінге мойынсұнған пенде бақытты, рахат болады. Иесі оны жақсы көретін болады.

Дүние – егістік жері. Егістікке ештеңе екпей, ұрықтарды ішіп-жеп, зауықтанып, рахат өмір сүрген адам егін алудан мақрұм қалады, дәл осылай дүние өмірінің өткінші ләззаттарымен, нәпістің қалауларын орындаумен өмірін өткізген адам да мәңгі ниғметтерден, шексіз зауықтардан мақрұм қалады. Бұл жағдай ақыл-есі дұрыс болған адам қабылдайтын нәрсе емес. Ақылды адам мәңгі ләззаттарды жіберіп алуға себеп болатын өткінші және зиянды ләззаттарды таңдамайды. Дінге мойынсұну үшін әуелі Әһли сүннет ғалымдарының Құран кәрімнен және хадис шәрифтерден түсініп жеткізген Ақидаға (сенімге) сай иман келтіру, кейін харам етілген, тыйым салынғандарды үйреніп, бұлардан сақтануы, содан соң орындалуы бұйырылған парыздарды үйреніп, бұларды істеуі керек. Осыларды орындауға Ғибадат жасау делінеді. Харамдардан сақтануға Тақуа делінеді.» (2 том, 11 хат)

 

Жаратылудың мақсаты

Сұрақ: Аллаһ әлемді және адамдарды не үшін жаратты? Неліктен бір бөлігін жәннатқа, бір бөлігін тозаққа жібереді?

Жауап: Аллаһу та'ала дүниені және бүкіл әлемді адам үшін жаратты. Өсімдіктерді, жануарларды, су, тас, топырақ, металл сияқты барлық нәрселерді адамның пайдалануы үшін жаратты. Ал адамдарды Оны тануы және Оған ғибадат жасауы үшін жаратты. Осы танудың және ғибадаттың пайдасы да адамдарға тиеді. Имам Раббани хазреттері былай деді:

Аллаһу та'ала ешбір нәрсе үшін ештеңеге мұқтаж емес. Жаратылумен біз қадірлендік, құрметтелдік. Зарият сүресінің «Адамдар мен жындарды маған ғибадат жасауы үшін жараттым» деген 56-шы аяти каримасындағы «Ғибадат жасауы үшін» тіркесі «Мені тануы үшін» деген сөз. Яғни Аллаһу та'аланы тану, сену үшін жаратылдық. Хадис құдсиде «Мені танысын деп бүкіл нәрсені жараттым» деуі «Мені танумен қадірленуі үшін» деген мағынаны береді. (1/266)

Жәннат пен тозақ та адамдардың амалдарына қарай жаратылды. Иман келтіріп, жақсы амалдар істегендер жәннатқа, иман келтірмегендер тозаққа кетеді және бәрі ол жақта мәңгі қалады. Ешкімге зұлымдық жасалмайды, ол жерде әркім өз амалының қайтарымын көреді.

 

Жаратылу себебі

Сұрақ: Аллаһтың «Адамдарды мені танумен қадірленуі үшін жараттым» дегені білдіріледі. Кәпірлер Аллаһқа сенбегендіктен таныған болмайды. Егер танымайтын болса, онда жаратылуының себебі неде?

Жауап: Құран кәрімде «Адамдарды маған құлшылық жасауы үшін жараттым» делінген. Сенгендер құлшылық жасап қадірленеді. Кәпірлер сенбегендіктен, бұл қадірленуден мақрұм қалады. Осылайша емтиханнан құлаған болады. Кәпір де ахиретте Аллаһты таниды, бірақ бұл тануы мұсылманның тануынан өте өзгеше болады. Мұсылман Аллаһу та'аланы көру арқылы құрметтің, ниғметтің ең үлкеніне қауышады. Ал кәпір көргенде азаптардың ең ауырына ұшырайды. Кәпірлердің қияметте Аллаһу та'аланы көруі тозақтың азабынан әлдеқайда ауыр болады.