10 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     13 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Қайғылардың азаюы үшін...

Қайғылардың азаюы үшін...

Адамдар әлсіз болып жаратылған. Ауру немесе осыған ұқсас бір қиыншылық басына келген кезде шектен шығып шырылдап кетеді. Дүниеде рахаттықтың жоқ екендігін есіне түсірсе, осыншама қайғырмайтын еді...

Дүниенің ниғметтері де, қиыншылықтары да өткінші. «Мәңгі емес қайғы да, қуаныш та» деген мәтел бар.

Үлкен Ислам ғалымдарының бірі – Хасан Басри хазреттері былай деген: «Дүниеде рахаттық күтпе, дүние бұл үшін жаратылмады. Рахаттық жәннатта. Адам алейһиссалам дүниеге қуғынмен жіберілді, дәрежесі көтеріліп келген жоқ. Егер бір рахаттық пен бақытқа кенелген болсаң, мұны олжа деп біл! Жолда ақша тауып алғандай...»

Дүниеде рахаттықтың жоқ екендігінің ең айқын дәлелі – ешкім өзіне сенімді емес, дені сау адам ауырып қалу қауіпін ойлап жүреді. Бай адам кедейліктен қорқады. Өлім – бәріміздің басымызға келеді.

Сүйіктілеріміздің өлімі, басқа келген қиыншылықтар бізге өмірдің рахатын сездірмейді.

Дүниеде рахаттық болғанда, бұл пайғамбарларға нәсіп болар еді. Алайда, олар көрген қиыншылықтар, басқаларға қарағанда, әлдеқайда көп.

Адам баласы әр қалаған нәрсесіне жете бермейді. Үйдегі есеп-қисабымыз базардағы бағаға сай келмей қалады. Желқайықтың қаламаған жағынан жел тұруы мүмкін. Бай адам өлгеніне дейін байлығын қорғай алмауы мүмкін. Бұлардың бәрі қайғыға себеп болуда.

Қайғыларымыздың азаюына ең пайдалы дәрі – тағдырға иман келтіру және Раббымыздың тағдырына разы болу. Біз одан разы болсақ, ол да бізден разы болады. «Тағдырға сенген адам қайғыдан құтылады» деген мәтел бар.

Ибрахим бин Әдхам хазреттері бір адамның қайғырып отырғанын байқайды, оған үш сұрақ қояды:

«Дүниеде болып жатқан барлық нәрселер Аллаһу та'аланың тағдыры болмай орындала алады ма?» – деп сұрайды. Әлгі адам «Жоқ» деп жауап береді.

Екінші «Саған ажыратылған ризықты басқа біреу жей алады ма?» деген сұрағына да «Жоқ» деп жауап береді.

Үшінші сұрағы: «Саған берілген өмір қысқаруы мүмкін бе?» Бұл сұраққа да «Жоқ» деп жауаптайды.

Сонда Ибрахим бин Әдхам хазреттері әлгі адамға «Онда неге қайғырып отырсың?» дейді.

Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) былай деді: «Басыма бір қиыншылық келген кезде үш нәрсеге шүкір етемін. 1) Дініме келмегені үшін. Ең үлкен қиыншылық – дінге келгені, кейін денеге, кейін мал-мүлікке келгені. Дінге келгені ахиреттік өмірге байланысты. Мысалы, бір уақыт намазды біліп қазаға қалдыру ең ауыр ауруға шалдығудан да жаман. 2) Одан да үлкені болмағаны үшін шүкір етемін. Қиыншылық қандай болса да, одан да үлкені келуі мүмкін еді. Яки оның қасында тағы басқа бір қиыншылық болуы да мүмкін еді. Бір баласын апатта жоғалтқан адам екеуінен де айрылып қалуы мүмкін еді. 3) Басымызға келген қиыншылықтарға сабыр сақтасақ, бұл күнәларымыздың өтемі болады.»

Істеген күнәларымыздың жазасын тартамыз. Раббымыз сүйіктілерінің жазасын осы дүниеде береді, себебі дүниедегісі оңайрақ. Ал сүймейтіндерінің жазасын ахиретке қалдырады.

Пайғамбарымыз алейһиссалам бір кісіге көңілін сұрап барады. Сөйтсе әлгі кісінің жүдеп кеткені соншалық, бір тері мен сүйек қана қалыпты. Одан сұрайды:

- Сен дұға еткенде не дейсің?

- Йа Раббым, менің жазамды дүниеде бер, ахиретке қалмасын, - деймін.

Мұны естіген Расул-и Әкрам пайғамбарымыз былай дейді:

- Сен оның дүниедегі жазасына да төзе алмайсың. Сен «Раббана әтина...» дұғасын оқы! Әрі дүниеде, әрі ахиретте жақсылықтардың берілуін сұра!

Науқас бірнеше күн осы дұғаны оқыды, жазылды, намаздарын мешітте жамағатпен оқи бастады. Біз де осы дұғаны көп оқиық...