10 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     13 - Қазан, 2024 жыл.   


АЗАН БӨЛІМІ

64  Әй, ұлым! Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді: «Азан айтылғанда мына дұға оқылсын: "Уә әнә әшһәду ән ла илаһә иллаллаһу уаһдәһу лә шәрикаләһ уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә расулуһ уә радиту биллаһи раббән уә бил ислами динан уә би Мухаммадин саллаллаһу алейһи уә сәлләмә расулән нәбийя."»Дінімізге сай айтылған азанды естіген кезде құрметпен тыңдап, азаннан кейін мына дұғаны оқыған адамның күнәлары қаншалықты көп болса да, кешіріледі. Тағы былай деді: «Ей, менің үмметім және асхабым! Азан біткен кезде мына дұғаны оқыңдар: “Аллаһумма раббә хазиһиддәуәтиттаммәти уәссаләтил қа-имати әти Мухаммадәнил уәсиләтә уәл фәдиләтә уәддаражәтәррафиатә уә басһу мәқамән махмудәнилләзи уәадтәһу иннака лә тухлифул миад.”» Бұл дұғаны мәнерлеп оқыған адамға берілетін сауап өте үлкен.

65 – Дінімізге сай айтылған азанға тағзым мен құрмет көрсет! Азан – жер жүзінде айтылатын сөздердің ең дұрысы.

Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) [57 жылы Мәдинада, 65 жасында қайтыс болды] үнемі азанды тыңдайтын еді. Одан: «Ей мүминдердің анасы, неліктен азан айтылған кезде барлық тірліктеріңді тоқтатасың?» – деп сұралды.  «Мен Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) “Азан айтылып жатқанда басқа іспен айналысу – адамның дініндегі нұқсандық” дегенін естідім. Осы себептен азан айтылып жатқанда істерімді тоқтатамын» деп жауап берді.

Әбу Хафс Хаддад (рахимә-һуллаһу та’ала) [264 жылы, Нишапурда қайтыс болды] темірші ұста болатын. Қай уақытта азанды естісе де, балғаны жоғары көтерген болса, төмен түсірмейтін, егер балға төменде болса, жоғары көтермейтін еді. Біреумен сөйлесіп тұрған болса, бірден сөзін тоқтатып, азанды тыңдайтын еді. Бір күні осы кісі қайтыс болды. Достары табытын алып бара жатқанда азаншы мұнарадан “Аллаһу әкбар” деп азан айта бастайды. Табытты көтеріп бара жатқандар қадам баса алмай қалды. Қанша тырысса да, табытты көтеріп жүру мүмкін болмады. Ақыр соңында, азан біткеннен кейін табытты көтеріп, жүру мүмкін болды. Сүннетке сай айтылған азанды құрметтегендер, тағзым еткендер және оның әріптері мен сөздерін өзгертпей, бұзбай және әуендетпей, мұнараға шығып сүннетке сай айтқандар жоғары дәрежелерге ие болады. Ибн Абидин намаз бөлімінің басында былай деген: «Отырып, әуендетіп, мешіттің ішінде, уақытынан бұрын [және микрофонмен] айтылған азан – Ислам азаны емес.»  Мұндай азан қайтадан сүннетке сай айтылуы тиіс.

66 – Бір хадис шәрифте:  «Кімде-кім сүннетке сай айтылған азан дауысын естіген кезде азаншымен бірге жай дауыспен сөздерін қайталаса, әрбір әрпіне мың сауап беріліп, мың күнасы кешіріледі»делінеді.

67 – Азан-и Мухаммади, яғни сүннетке сай айтылған азан – үлкен ниғмет. Құрметтелуі қажет болған Аллаһу та’аланың үлкен бір мейірімі. Азан – Ислам дінінің әуел басында жоқ болатын. Сахабалар (радиаллаһу анһум әжмаин) пайғамбарымызға: «Йа Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Бізге намаз уақыттарын білдіретін бір нәрсе болса екен» дейді. Сол түні сахабалардан Билал Хабеши (радиаллаһу та’ала анһ) түс көрді, аспаннан екі кісі түсіп, дәрет алады. Бірі азан айтып, қамат түсіреді, ал екіншісі имам болады. Екеуі намаз оқиды. Содан соң аспанға қарай көтеріліп кетеді. Хазреті Билал бұл түсін Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтып берді. Расул-и әкрам сахабалар жиналып тұрғанында осы түсті айтып берді және сұрады: «Түсіңде көрген періштелер не деді?» СондаБилал (радиаллаһу та’ала анһ) жауап ретінде: «Ол періште екі қолын құлағына қойып, "Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ, әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ, әшһәду әннә Мухаммадән расулуллаһ, әшһәду әннә Мухаммадән расулуллаһ, хаййя-аләссаләһ, хаййя-аләссаләһ, хаййя-аләлфәлах, хаййя-аләлфәлах, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә илаһә иллаллаһ" деп айтты» деді. Хазреті Омар да (радиаллаһу та’ала анһ): «Мен де бүгін түнде осындай түс көрдім» деді. Сахабалардан да осындай түсті көргенін хабар бергендер болды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді: «Сендердің көргендерің – бауырым Жәбірейіл. Намаздың уақыттарын үйретті. Екіншісі – Микаил. Имам болып, екеуі намаз оқыды.»

Анықтама: Құрметтеудің бірінші дәрежесі – азанның кейіпі мен сөздерін өзгертпеу, оны бұзбау. Ибн Абидин (рахимә-һуллаһу та’ала) [1198-1252 жылдары, Шамда] былай деген: «Азан – белгілі сөздерді, білгілі бір түрде оқу деген сөз.» Азанды сазды аспаптарды шалып немесе сазды аспаптармен оқу жаиз емес.

Радиода және микрофонменмен азан айтудың жаиз емес екендігі«Сәадети Әбәдийа» кітабында, әуендету бөлімінде және «Жәннат Жолы Илмихалы»-нда ұзақ баяндалған. Ибн Абидин (рахимә-һуллаһу та’ала) намаз уақыттарын түсіргенде былай дейді: «Намаздың сахих болуы үшін намаз уақытының кіргендігін жақсы білу керек. Уақытының кіргеніне күманданып оқылса, кейіннен уақыты кіргеннен кейін оқығаны аңғарылса, оқып қойған намазы сахих болмайды. Уақыттың кіргендігі бір әділ мұсылманның айтқан азанымен белгілі болады. Азан оқыған адам әділ болмаса, уақыттың кіруін өзі анықтайды. Кіргендігін анықтап, көзі жеткеннен кейін оқиды. Діни амалдарда әділ мұсылманның сөзіне сеніледі. Мысалы, құбланың бағытын, бір нәрсенің таза немесе нәжіс екенін, халал, харам болғанын хабар берсе, сенуге болады. Хабар берген адам пасық (ашық түрде күнә істейтін күнәхар) болса немесе әділ-пасық екендігі беймәлім болса, дұрыс немесе қате айтқанын өзі анықтап, соған қарай әрекет етеді. Себебі қатты сену – жақсы білу деген сөз. Намаз уақытының кіргенін хабар беру – ғибадат. Бұл жерде де намаз уақытын білетін, ақылы кірген, балиғатқа толған, әділ бір еркектің азанына сенуге болады. Пасық болған муәззиннің, имамның хабар бергеніне сенуге болмайды. Уақытынан бұрын оқылған азан сахих (дұрыс) болмайды. Үлкен күнә болады. Азан – белгілі бір сөздерді, білгілі бір түрде оқып, намаз уақытының кіргенін білдіру деген сөз. Азанды биік жерге шығып айту сүннет болып табылады.»

Төртінші томда куәгерлігі қабыл етілмейтіндерді былай баяндайды: «Соқырдың, мүртәдтің (діннен шыққан адамның), жас баланың, дауысын көтеріп оқып, дауысын бөгде еркектерге естірткен әйелдердің, көп ант ішетін адамның, дүниелік пайда мақсатымен мазһаб ауыстырғанның [мазһабсыздың], шарап немесе басқа да алкогольді ішімдіктерді ішіп жүретін адамның, зауық үшін сазды аспап шалатын, басқалардың көңілін көтеру үшін өлең айтатын және осыларды тыңдайтын адамның, арсыздық, күнә істелетін жерде отырғанның, әурет жерлерін ашып жүретіннің, [әйелі, қызы және қарамағындағылардың жалаңаш жүруіне разы болғанның], нарды, карта және әр түрлі құмар ойындарды ойнайтындардың, намаз оқуға да уақыт ажыратпайтындай дәрежеде ойынға, жұмысқа салынғанның, пайыз жеумен аты шыққанның, кіші дәретін көшеде сындыратынның, көшеде ішіп-жеп жүретіннің, мұсылманды ашық түрде жамандайтынның куәгерлігі қабыл етілмейді. Өйткені бұлардың ешбірі әділ емес.»

[Мазһабсыздардың бір бөлігі әһли сүннет болған мұсылмандарды мүшрик деп жамандауы себебімен, басқа бір бөлігі сахабалардың (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) көбісін, үш халифаны, хазреті Айшаны (радиаллаһу та’ала анһа) ашық түрде жамандауы себебімен куәгерліктері қабыл болмайды.] Ашық түрде үлкен бір күнә істеген немесе үнемі кіші күнә істеп жүретін адам әділ болмайды. Оның куәгерлігі қабыл етілмейді. Күнәсі жасырын болған адамның әділдігі жоғалмайды. Жетпіс екі бидғат ағымның бірінде болу үлкен күнә болып табылады. «Дуррул-мухтар»-дың Тахтауи хашиясында былай делінеді: «Жетпіс екі бидғат ағымынан кәпір болмағандары – әһли құбыла болады. Осы үлкен күнәлары жүректерінде жасырын болғандықтан, олардың куәгерлігі қабыл етіледі. Бірақ, бұлардың арасындағы қулардың, яғни адасқан қате сенімін басқаларға жұқтыруды көздеген адамдардың куәгерлігі қабылданбайды.»

Үлкен күнәні бір рет істеген немесе кішілерін тоқтатпай, үнемі істеп жүретін азаншының айтқан азанына сенуге (қабылдауға) болмайды. Уаххабилердің, шиилердің, діндегі реформашылардың, мазһабсыздардың білдіруі намаз уақытының және Рамазан айының басталуына дәлел болмайды.

Азанның, қаматтың және намаз тәкбірлерінің радио және микрофон арқылы білдіруі де фиқһ кітаптары бойынша дұрыс емес. Өйткені ,бұлардан шыққан дыбыс – адамның дауысы емес. Адам дауысына өте қатты ұқсайтын және адамның әсерінен туындайтын басқа дыбыстар. Электро-магниттік толқыннан пайда болған дыбыс. Адамның дауысы микрофонның ішінде жоқ болып кетеді. Оның орнына индукция өрісі, бұдан магниттік толқындар және содан дыбыс толқындары пайда болады. Ибн Абидин (рахимә-һуллаһу та’ала) Тиләует сәждесін баяндап жатқанда былай дейді: «Оқудың сахих (дұрыс) болуы үшін оқыған адамның не оқып жатқанын түсінуі, ажырата білуі керек. Осы себептен жындының, ұйықтап жатқанның, оқығанының не екенін ажырата алмайтын жас баланың, құстың дауыстары және жаңғырықтан келген дыбыстар оқу болып саналмайды. Оқу – намаз оқу сияқты. [Яғни намаз оқуы сахих болған адамның айтқанына оқу делінеді.] Сәжде аятын естіген кезде сәжде етуі қажет болған адам, сәжде аятын оқыса, мұны естігендердің сәжде жасауы қажет болады. Яғни бұдан басқа дыбыстарға оқу делінбейді.

Тахтауи (рахимә-һуллаһу та’ала) «Мәракил фәлах» хашиясында былай дейді: «Құс пен үйретілген маймылдың шығарған дыбыстары және биік күмбездер мен таулардан жаңғырған дауыстар – адамның оқуы емес. Оқу емес, оқуға ұқсайтын дыбыстар. Себебі, бұл дауыстарды шығарғандарда ажырату, аңғару қабілеті жоқ.» Бұдан аңғарылып тұрғанындай, адам дауысының жаңғырығы, адамның әсерінен туындаған және адамның дауысына дәл ұқсаған болса да, бұған оқу делінбеген. Радиодан, репрадуктордан шыққан Құран мен азанның дыбыстары да, адамның әсерінен туындаған және айтқан адамның дауысына дәл ұқсайтын болса да, адамның өз дауысы емес. Бұлар Құран оқу мен азан айту болып саналмайды. Құран кәрім мен азанды радиода оқу, микрофонмен оқу сүннеттің тәрк етілуіне себеп болып жатыр, осылайша бидғат болуда.

Радиодан, репрадуктордан шыққан дыбыстар, адамның айнадағы көрінісі сияқты. Айнадағы бейне  адамға дәл ұқсаса да және адамның әрекетін дәл қайталаса да, адамның өзі емес. Бөгде әйелдің қолы мен бетінен басқа жерлеріне қарау харам болғанымен, айнадағы бейнесіне шәхуәтсіз (құмарлықсыз) қарау харам емес. Ибн Абидин (рахимә-һуллаһу та’ала) бесінші томда «Назар және қол тигізу» бөлімінің соңындағы анықтамалардың екіншісінеде былай дейді: «Бір адамның айнадағы, судағы көрінісі – сол адамның өзі емес, ұқсасы. Ал шынының артындағы және су ішіндегі адамның өзі көрінеді. Осы себептен, бөгде әйелдің айнадағы, судағы бейнесіне шәхуетсіз қарау харам емес.» Шамдағы Әһли сүннет ғалымдарының бірі, Сирияның бас қазысы – Ахмед Мәһди Хыдыр (рахимә-һуллаһу та’ала), 1382 [м.1962] жылы басылған «Фихрист Ибн Абидин» кітабының 127-ші және 284-ші беттерінде: «Әйелдердің кинотеатр перделерінде көрінген бейнелеріне қараудың үкімін Ибн Абидиннің осы жазбасынан табамыз» деп айтқан. Радиодан, репрадуктордан шыққан дыбыс оқыған адамның өз дауысы болмауымен қатар, жаңғырығы да, көрінісі де емес. Мүлдем басқа және металлдан шыққан бір дыбыс. Бұл дыбыстарды естіген адам имам мен азанды тыңдаған болмайды. Бұл дауыстардың өзін емес, ұқсасын естіген болады. Мұнарадан репрадуктордың дауысын естіген кезде «Азан айтылып жатыр» деп айтпау керек, «Намаз уақыты кіріпті» деу керек. Имамның немесе жамағаттың әрекеттерін көрмей, тек осы дауыстарға ұйып намаз оқылса, имамға ұйылған болып саналмайды. Имаммен оқыған намазы сахих болмайды. Керең болған және керең болмаған адамның құлақтық тағып естуі, репрадуктордан есту сияқты болады. Керең болған адамның, зәрулік болғандықтан, имамның дауысын құлақтық арқылы естіп оқыған намазы сахих болады. Имамның немесе жамағаттың қимылын көріп оқуы себебінен намазы сахих болады. Ал намазды микрофонмен оқыту – ешқашан зәрулік болмайды. Құран кәрімге және азанға ұқсас дыбыстарды да құрметтеу керек.

Фиқһ және пәтуа кітаптарының көбінде, мәселен «Қазихан»-да былай делінеді: «Азан айту сүннет. Ислам дінінің шиарынан, яғни ерекше белгілерінен болғандықтан, бір қалада, бір ауданда азан тәрк етілсе, яғни мүлдем айтылмай қойса, үкіметтің сол аймақтағы мұсылмандарды мәжбүрлеп айтқызуы керек. Муәззиннің (азаншының) құбыла бағыты мен намаз уақыттарын білуі қажет. Өйткені, азанды басынан соңына дейін құбылаға қарап айту сүннет. Азан намаз уақыттарының және ифтар (ауызашар) уақытының басталғанын білдіру үшін айтылады. Осы уақыттарды білмейтін адамның азан айтуы фитнаның (бүліктің) шығуына себеп болады. Ақылы кірмеген жас баланың, мастың, жындының, жүніп болғанның, пасықтың (күнәхардың) және әйелдің азан айтуы мәкрух болады. Муәззиннің қайтадан азан айтуы қажет болады. Отырып, дәретсіз, қалада жануардың үстінде азан айту мәкрух болса да, бұл азанды қайтадан айту қажет емес. Азан мұнарада немесе мешіттің сыртында айтылады. Мешіттің ішінде айтуға болмайды. Тәлһин, яғни сөздері бұзылатындай етіп созу, әуендету мәкрух болып табылады. Азанды арабшадан басқа тілде айтуға болмайды.» «Хиндийа»-да былай делінеді: «Муәззиннің дауысын шамасынан тыс көтеріп азан айтуы мәкрух болып табылады.» «Ибн Абидин» (рахимә-һуллаһу та’ала) былай деген: «Азанның ұзақтан естілуі үшін муәззиннің биік жерге шығып айтуы сүннет. Бірнеше муәззиннің бір азанды бірігіп айтуы жаиз.» Ғалымдардың осы жазғандарынан аңғаратынымыз, микрофонмен азан, қамат айту және намаз оқыту бидғат болады. Үлкен күнә болып табылады. Хадис шәрифте:«Бидғат жасаған адамның ешбір ғибадаты қабыл болмайды!»делінген. Микрофон арқылы шыққан дыбыс адамның дауысына қатты ұқсаса да, адамның өз дауысы емес. Магниттік толқынның әсерінен дірілдеген темір пластиналарынан пайда болған дыбыс. Биік жерге шығып, түрегеп тұрған адамның дауысы емес. Репрадукторларды мұнараның, шатырдың оң жағығына, сол жағына, артқы жағына қойып, дауыстың құбылаға қарап шықпауының өзі де бөлек күнә болуда. Дауыстың ұзаққа жетуіне және репрадуктордың миды тітіркететін, металлдық дыбысына да ешқандай қажеттілік жоқ. Өйткені, әрбір ауданға мешіт салу уәжіп. Әрбір ауданда азан айтылады, әр үйге өз ауданының азаны естіледі. Бұдан басқа «Азани жауқ» та жаиз. Бірнеше муәззиннің (азаншының) бір азанды бірігіп айтуына «Азани жауқ» делінеді. Бір жерден шыққан әсерлі, мұңды адам дауыстары ұзақтан естіледі, жүрек пен рухтарға әсер етеді, адамдарға рахаттыққа, сүйіспеншілікке бөлейді, имандарын тазалайды.«Ибн Абидин» (рахимә-һуллаһу та’ала) намаздың сүннетері баянының басында былай дейді: «Имамға дауысын шамадан тыс көтеру мәкрух болғанындай, муәззинге де мәкрух болады. Имамның дауысы жеткен кезде, тәкбірлерді муәззиннің де қайталауы мәкрух және жаман бидғат екендігін төрт мазһаб ғалымдары бір ауыздан білдірген.» Осыдан да аңғаратынымыз, имам мен муәззиннің микрофон қолдануы тахримән мәкрух, яғни харам және жаман бидғат. Бидғат істеу – үлкен күнә болып, ешбір ғибадаттың қабыл болмауына себепші. [Қоладан, яғни мыс қоспасынан жасалған тиындардың түсі мен түрлері алтын тиынға ұқсайтын және алтынның орнына қолданылатын болса да, бұлармен зекет берілмейді. Өйткені, зекет беру – ғибадат. Алтын ретінде берілуі керек. Себебі, ғибадатты өзгертуге болмайды. Бір адамның уәкілі соның атынан барлық істі атқарады. Алайда, оның намаздарын уәкілі оқи алмайды. Себебі, ғибадатты өзгертуге болмайды. Бір пасықтың, яғни күнде үлкен күнә істейтін адамның таза болып және әдеппен азан айтуы жаиз емес. Микрофон да күнә болған өлеңдерді, әйелдердің дауыстарын жаюда қолданылғандықтан, осындай күнә жаю құралымен азан айту да жаиз болмайды. Себебі, ғибадатты өзгертуге болмайды. Сазды аспапты мүлдем қолданбай, тек үйінде ұстаудың өзі жаиз емес. Микрофонмен азан айтудың жаиз емес екендігі осы мысалдардан да аңғарылады.]