18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Адамдардың ең жақсысы және ең жаманы

Адамдардың ең жақсысы және ең жаманы

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Бір адам адамдардың ойындағын түсіне алатын болса, жоғалған нәрселердің қайда екенін білсе, әр жасаған дұғасы қабыл болса, бұл таңғажайып жағдайлар Аллаһу та'аланың жақсы көретіндігінің белгісі емес. Иманы, сенімі дұрыс па? Харамдардан сақтанады ма? Парыздарды, сүннеттерді орындайды ма? Яғни дінімізге мойынсұнады ма? Міне Аллаһу та'аланың жақсы көретіндігінің белгісі осылар. Әйтпесе таңғажайып жағдайлар көрсеткен әр адамға әулие делінбейді. Мұндай жағдайлар егер кәпірлерде, жаман адамдарда байқалса, "истидраж" деп аталады. Мұсылмандарда байқалса, "керемет" деп аталады. Истидраж да, керемет те, екеуі де риязат, яғни көп қиыншылық тартқандарда болады. Қиыншылық көрмегендерде де байқалуы мүмкін.

Шынайы ғалым Әһли сүннет ғалымдарының кітаптары бойынша әрекет етеді, фиқһ кітаптарына сай сөйлейді. Ал әулие кісі фиқһ кітаптарымен қатар, ұстаздарынан келген фәйздерге, марифеттерге де сай сөйлейді.

Зұлымдықпен және азаппен өлген мұсылман шәһид болады және жәннатқа кіреді. Кәпірлер жәбірленумен өлсе де шәһид бола алмайды. Шәһидтік тек мұсылмандарға тән. Жәннаттың есігі – иман, иманы болмаған адам жәннатқа кіре алмайды.

Құран кәрімге өздігінен мағына беретін адамдарға еру, оларды тыңдау жаиз емес. Сүйікті пайғамбарымыз «Кімде-кім Аллаһтың сөзіне өз ақылымен, өзінің ойынша мағына бере бастаса, өз ақылынан тәпсір жасаса, ол адам кәпір болады» деген.

Құтылу жолы – Әһли сүннет ғалымдарының жолы. Имам Раббани хазреттері «Әһли сүннет жолынан қылдай айрылған адам тозаққа түседі» деген. Әһли сүннет ғалымдарының жолынан қыл шамасындай айрылған дін адамдарына "ғалым" емес, "дін-иман қарақшысы" делінеді. Пайғамбарымыз «Адамдардың ең жақсысы – ғалымдардың жақсылары. Адамдардың ең жаманы да – ғалымдардың жамандары» деген. Ғалымдардың жамандары – өз ақылдары бойынша фәтуа беретіндер, өз көзқарасын дінге қосатындар.

Дүниедегі ең үлкен ниғмет – дұрыс иман. Сондай- ақ, қолжеткізу ең қиын болғаны да – дұрыс иман, яғни Әһли сүннет сенімінде болу. Өйткені пайғамбарымыз «Менің үмбетім 73 ағымға бөлінеді. Олардың 72-сі тозаққа түседі. Сенімі дұрыс болғандықтан, тек бір жол ғана құтылады. Осы құтылғандар – менің жамағатыма және сүннетіме бағынғандар» деген. Бұл жердегі жамағат – Асхаби кирам (сахабалар) деген сөз. "Сүннет" сөзі сөйлемде жалғыз қолданылған кезде "Ислам діні" дегенді білдіреді. Әһли сүннет уәл жамағат тіркесі осыдан туындаған.