2 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     4 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сауда-саттық / Сатылатын заттың кемшілігін жасыру

Сатылатын заттың кемшілігін жасыру

Сұрақ: Кейбір сатушылар жарамсыз, бұзылған тауарларын жақсыларымен араластырып сатып жатыр, дінімізде олай істеу дұрыс па?

Жауап: Бұл туралы «Кимя-и саадат» кітабында былай жазылған:

«Сатып алушыдан тауардың кемшілігін жасыруға болмайды, бәрін өз күйінде көрсету керек. Кемшілікті жасыру қиянат саналады. Тауардың жақсы жерін көрсету, қараңғыда көрсету зұлымдық және қулық болады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бидай сатып тұрған біреудің бидайына мүбәрәк саусағын тығып, арасының сулы екенін байқап:

- Мынау не? – деп сұрады.

- Жаңбырдан суланып қалыпты, - дегенінде:

- Неліктен көрсетпей жасырып қойдың? Қулық жасағандар бізден емес, - деді.

Біреу үш жүз дирхам күміске түйе сатқан болатын. Түйенің аяғында ақау бар еді. Сахаба Уасилә бин Әсқа хазрет сонда еді. Бірақ сол кезде байқамай қалып, түйенің сатылғанын кейіннен біледі. Сатып алушының соңынан жүгіріп:

- Мына түйенің аяғында ақау бар, - деді. Әлгі адам түйені кері беріп, ақшасын қайтарып алды. Түйені сатқан адам:

- Неге саудамды бұздың? – деп наразылық білдірді.

- Расулуллаһтан алейһиссалам естідім: «Сатылатын заттың кемшілігін жасыру халал емес. Сол кемшілікті біліп тұрып айтпау ешкімге халал емес», - деді де, «Біз мұсылмандарға насихат етеміз, оларға қамқор боламыз деп Расулуллаһқа сөз бердік. Заттың кемшілігін жасыру насихат етпеу болып саналады» деді.

Сатушылардың кемшілік жасырмауы өте қиын. Бұл үлкен жиһадқа жатады. Бұл жиһадты жеңу үшін зат сатып аларда мұқият болып, кемшілікті зат алмау керек. Егер кемшілікті зат алса, сатып алушыға айтуға ниет ету қажет. Егер ол алданса, зиянға ұшыраған болады. Өзгелерді де зиянға түсірмеу қажет. Өзі біреуге ренжісе, біреудің де өзіне ренжуіне жол беруге болмайды.

Қулықпен ризық артпайтынын жақсылап біліп алған жөн. Бәлкім заттың берекеті кетеді. Қулықпен аз-аздан жинаған мүлкі кенеттен келетін пәлекетпен бәрі бірден құрып, артынан тек күнәлары қалады. Кезінде бір сүт сатушы сүтке су араластырып сатады екен. Бір күні кенеттен сел келіп, сиыр суға тұншығып өледі. Сатушы не істерін білмей ойланып тұрғанда кішкентай баласы:

- Біздің сүтке қосқан суларымыздың бәрі жиналып, сиырымызды өлтірді, - деген екен.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Саудаға қиянат араласса берекеті кетеді» деген. Берекет дегеніміз – аз заттың көп пайда тигізуі, көп нәрсеге жарауы деген сөз. Аздаған мүлік берекетті болса, көп адамның кәдесіне жарап, көп жақсы амалдарды жүзеге асырады, пайдалы болады».